Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, аталған сайыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген боз кілем шеберлерімен қатар қырғыз елінің, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен Израильдің үздік 164 спортшысы 3 күн бойы өзара сынға түсті.
«Бұл жарыстың біз үшін орны ерекше. Оның ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқаны қуантады. Келесі жылы бұдан да көп ел қатысуы үшін оның мерзімін жылдың басына ауыстыру керек болады. Оны Халықаралық күрес федерациясының күнтізбесін ескере отырып, бекітуіміз қажет. Мысалы, осы жарысқа Өзбекстан құрамасы біраз мықты балуандарын жібере алмады. Себебі онда қазір ел чемпионаты өтіп жатыр. Ал Әзербайжан мен Қырғыз Республикасы құрамасы негізгі құраммен келді», – деді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов.
Бұл турнирде қазақ балуандары арасынан Айбек Айтбеков (55 келі), Олжас Ерғали (77 келі), Ислам Евлоев (82 келі), Нұрасыл Аманалы (87 келі), Нұртас Қыдырбаев (97 келі) және Жохар Узаров (130 келі) өз салмағында чемпион атанды. Қазақстандық спортшылар жарысты 6 алтын, 5 күміс, 14 қола медальмен аяқтады.
«Жазда Азия чемпионатына баратын ұлттық құрама балуанда.ры өз деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Еліміздің өңірлерінен Ақтөбе облысы жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы 2 айда біз үшін жауапты жарыстар бар. Алдағы күндері Әзербайжан құрамасымен бірлесіп, дайындықтың бірінші кезеңіне кірісеміз. Олардың көздегені – Еуропа чемпионаты», – деп мәлім етті Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қонысбек Түкенов