Жыл сайын шамамен 3 мыңдай кәмелетке толмаған қыз жүкті болып қалады, үлкен бөлігі аборт жасатады немесе түсік тастайды. Соңғы 20 жылда алғаш рет бала туу көрсеткіші айтарлықтай құлдырап отыр. Демографияға арналған жеке, жаңа тұрпатты бағдарлама жағдайды өзгерте ме?
Қазақстанда мақтаныш нысаны болған «беби-бум» немесе демографиялық дүмпу аяқталды. Соңғы 20 жыл ішінде алғаш рет өмір есігін ашқан перзенттер саны бірден 9,5%-ға азайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы 403,9 мың бала дүниеге келді (2021 жылы 446,4 мың сәби туған болатын). Оның 51,5% – ұл, 48,5% – қыз. 241,4 мың бала немесе жалпы санының 59,8%-ы қалалық, 162,4 мыңы немесе 40,2% – ауылдық.
Туудың жалпы коэффициенті де қатты құлдырады: 2021 жылы ол көрсеткіш 1 000 адамға шаққанда 23,50 нәрестені құраса, 2022 жылы 20,57 нәресте ғана болды. Былтыр ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1 000 тұрғынға шаққанда 28,53 бөбек), Түркістан (27,67) облыстарында және Шымкентте (27,13) тіркелді. Ең төмен туу көрсеткіші – СҚО (10,96), Қостанай (12,42) және Шығыс Қазақстан облыстарында (12,96).
Қазақстандық әйелдер бала көтеруді кейінге ысыра бастады: 2022 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы 31,5 жасқа дейін ұлғайды. Салыстырсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш – 29,5 жасты, 2020 жылы 29,3 жасты құраған. Осы құбылыс пен үрдіс қалалық аналарға да (2021 жылғы 29,9 жастан былтыр 31,9 жасқа артты), ауылдық аналарға да (2021 жылғы 29,1 жастан 2022 жылы 31 жасқа ұлғайды) тән. Қазақстанның басым өңірінде бала туу кезіндегі әйелдердің орта жасы республикалық деңгейден жоғары болды.
Бала туу кезіндегі әйелдердің ең жоғары орташа жасы Астанада – 32,5 жас және Алматыда – 32,3 жас. Ең төменгісі Түркістан облысында – 30,2 жас. Бұл ретте алғаш босанғандардың орташа жасы 26,8 жасқа жеткен.
Өзге көрсеткіштер де төмендеді. Елде 15-49 жас аралығындағы бір әйелге республика бойынша 2021 жылы 3,32 баладан келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,05 баладан болды. Көпбалалы аналар қатары күрт кеміді. Қалалық жерде бұл көрсеткіш 2021 жылғы 3,08 баладан 2022 жылы 2,76 балаға, ал ауылдық жерде 2021 жылғы 3,75 баладан 2022 жылы 3,59 балаға дейін азайды. Демографтар ескертіп жүргендей, егер көрсеткіш екіге түссе, яғни әр отбасында негізінен тек 2 баладан болса, мемлекет демографиялық құрдымға құлады деген сөз.
Егіздер саны 2021 жылғы 4 216 сәбиден былтыр 4 063 сәбиге дейін азайды. 2021 жылы – 43, 2022 жылы 50 үшем дүниеге келді.
Ұлт саулығы бала денсаулығынан басталады
Қынжылтатыны сол, құлдырау тренді биыл да жалғасты. 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 93,5 мың бала ғана өмірге келді. Салыстырар болсақ, 2021 жылғы үш айда – 100,4 мың, 2022 жылы 95,6 мың бала туған. Биылғысының 48,4 мыңы – ұлдар, 45,1 мыңы – қыздар. Туу коэффициенті – 1 000 адамға шаққанда небәрі 19,06.
3 айда 1 жасқа дейінгі 728 нәресте қайтыс болды. Әрбір мың туу дерегіне шаққанда нәресте өлімінің коэффициенті 7,78 деректі құрады.
Медицина ғылымдарының кандидаты, ғалым Бақыт Тоққұлиеваның айтуынша, ана мен баланың денсаулығын қорғау мемлекеттің №1 міндеті болуы тиіс. Өйткені халық санының өсуі, азаматтардың өмір жасының ұзақ болуы, мемлекеттің жұмыс күшінен тарықпауы және өзгесі осыған байланысты.
«БҰҰ-ның сәбилердің өлім-жітімі деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде (Child Mortality Report 2022) Қазақстан былтыр 96-орынға дейін құлдырады. 2010-жылдары 54-орында болған. Әлеуметтік, экономикалық жағдайы ұқсас өзге елдерге қарағанда бөбектердің өлім-жітімі деңгейі Қазақстанда әлдеқайда жоғары болып тұр. Балалардың өлім-жітімінің құрылымы көрсеткендей, жас ұрпақтың денсаулығына бірінші кезекте қоршаған ортаның зиянды факторлары теріс ықпал етеді. Мемлекет сол залалдан арылуға баса мән бергені жөн. Жаңа туған нәрестелер арасындағы аурушаңдық көрсеткіші жоғары болып тұр. Мерзімінде туған, денесінің салмағы қалыпты балалардың жиі көз жұма бастағаны педиатр дәрігерлердің және акушер-гинекологтардың ерекше алаңдаушылығын туғызады», – деді ғалым.
Бақыт Болатқызының айтуынша, жеке адамның және бүкіл ұлт пен популяцияның денсаулығы бала шақта қалыптасып, дамиды. Ендеше әр елдегі балалардың денсаулығына қарап, бүкіл ұлттың болашағын болжауға, перспективадағы өрлеу сценарийлерін құруға болады.
Әзірге бұл сценарий көңілге кірбің түсіретіндей көңілсіз болып тұр. Тіпті, тіксінтетін жайттар жетерлік. Ғалымның байламын Денсаулық сақтау министрлігі растады.
«Қазақстанда соңғы 10 жылда аналар өлімі 2,4 есеге төмендеді. 2009 жылы тірі босанған 100 мың адамға шаққанда 36,8-ден 2019 жылы 13,7 дерекке дейін кеміді. Бұған тиімді перинаталдық технологияларды, жаңа клиникалық хаттамаларды ендіру, сондай-ақ перинаталдық көмекті халыққа жақындату және шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру арқылы қол жеткізілді. Алайда 2020 жылдан бастап ана өлімі көрсеткішінің өсуі байқалды. Бұған пандемия салдары әсер етті. 2021 жылдың қорытындысында Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші бірден 22%-ға ұлғайды және тірі босанған 100 мың әйелге шаққанда 2020 жылғы 36,5-тен енді 44,7-ге дейін өсіп шыға келді. Белгіленіп отырған стратегиялық мақсат – 2030 жылға қарай ана өлімін аман босанған әрбір 100 мың анаға шаққанда 13-ке дейін және нәресте өлімін 1 000 тірі туғанға шаққанда 4,3-ке дейін төмендету», – деп хабарлады денсаулық сақтау ведомствосы.
Ана өлімінің «түп төркіні» неде?
Бұл зұлматқа тосқауыл қою үшін оның себептерін анықтаған жөн. Министрліктің мәліметінше, пандемия кезінде ана өлімі себептерінің 70%-ын пневмония және коронавирус инфекциясы құрапты. 2023 жылғы 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреисус 1 150 күнге созылған жаһандық COVID-19 пандемиясы аяқталғанын жариялады. Әрине, бұл коронавирустың толық жойылғанын білдірмейді, тек дүниежүзілік пандемия мәртебесі алып тасталды, ал вирус өзге аурулар қатарында адамзат арасында айналымда қалады.
Денсауминінің түсіндіруінше, аналар өлімінің тікелей себептерінің құрылымында «акушерлік қан кетулер» басым: оның үлесі – 37%. Бұған жатыр атониясы, бала жолдасының патологиясы, босану кезіндегі жарақат себепкер. Сондай-ақ босануға дейін бақылау мен күтімнің сапасыз болуына байланысты ауыр преэклампсия, эклампсия асқынуларынан болатын өлім төмендемей тұр.
Мұның сыртында әйелдің жасы да акушерлік тәуекел дәрежесіне айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Соңғы жылдары 40 жастан асқан әйелдердің жүкті болу үрдісі артты. Бұл жастағы қолайсыз соматикалық фон, асқынған акушерлік анамнез жүктіліктің күрделену қаупін күшейтеді.
15-19 жаста ерте жүкті болу анемияның, мерзімінен бұрын босанудың және преэклампсияның жоғары қаупін туындатады. Әлеуметтік, медициналық зерттеулер қазір қазақстандық жасөспірім қыздардың жыныстық өмірді ерте бастайтынын, бұл олардың репродуктивті денсаулығының жай-күйінде көрініс беретінін көрсетті. Атап айтқанда, жыныстық жетілуі бұзылады, ерте жүктілікке немесе түсік тастауға апарады.
Жыныстық жолмен берілетін дерттерге душар болады. Үш жылда жасөспірімдер арасында мерез-сифилис жұқтырудың жаңа деректері – 2,5 есеге, соз-гонорея – 1,6 есеге, трихомониаз – 1,5 есеге, хламидиоз 1,4 есеге кеміді. Бірақ атын естісе адамзат шошитын АИТВ инфекциясының 15-19 жастағылар арасындағы жаңа жағдайлары 39-дан 53 дерекке, 30-39 жас аралығында 1 141-ден 1 304 дерекке өсті.
Жастардың репродуктивті және жыныстық денсаулығына жүргізілген зерттеу көрсеткендей, 2010-2020 жылдар аралығында 15 пен 19 жас аралығындағы оқушы қыздар арасында туу көрсеткіші 1 000 әйелге шаққанда 28,3-тен 22,9-ға дейін төмендеген. «Әрбір әйел – әрбір бала» бағдарламасы аясында жасөспірімдер арасындағы жүктілікті 2030 жылға қарай 15-17 жас аралығындағы 1 000 қызға шаққанда 1,9 дерекке дейін барынша төмендету жоспарланған.
Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы бала туу 14%-ға азайды: бес жыл бұрын 3 778 қыз мектеп жасында перзент сүйсе, бертінде бұл біржылдық сан 2 699 қызға кеміді. Сонымен қатар осы жастағы қыздар арасында түсіктер көрсеткіші 2 есеге: әрбір мың қызға шаққанда 5,8-ден 2,7 дерекке төмендеді.
Зерттеу қорытындысында Қазақстанда жасөспірімдер 16,5 жаста жыныстық қатынасты бастайтыны анықталды. Бұл ретте 15-19 жас аралығындағы бойжеткендердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болған. Соның ішінде 62%-ы босанған, 22%-ы жасанды түсік жасатқан. Тағы 16%-ында жүктілік түсік тастаумен аяқталған.
Бұдан бөлек, тұтастай алғанда, Қазақстанда жүктілік пен босанудың жаман аяқталуына ықпал ететін келесі факторлар әшкереленді. Біріншісі – ұйымдастырушылық және әдістемелік фактор: жүкті әйелдерді медициналық қамтудың, бақылау және маршрутизацияның нашарлығы, білікті кадрлардың тапшылығы және басқасы. Мысалы, Қазақстандағы 10 млн 151 мыңнан астам әйелге бүкіл ел бойынша 240 денсаулық қорғау және босандыру ұйымы ғана қызмет етеді. Оның ішінде бірінші деңгейде 143 аудандық аурухана бар. Екінші деңгейде 58 перзентхана мен олардың бөлімшелері, ал үшінші деңгейде 37 перинаталдық орталық пен көпбейінді ауруханалардың акушерлік бөлімшелері жұмыс істейді.
Әйелдер өз болмысына қатысты жоғары білікті медициналық көмекті тек 2 мемлекеттік республикалық мекемеде ала алады, олар – Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы және Астанадағы University Medical Center (UMС) корпоративтік қорының құрамындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы. Мұның бәрі аналарды қорғау үшін аздық етеді.
Екінші фактор – әлеуметтік-демографиялық: ірі қалаларда көші-қонның артуы, әйелдердің әлеуметтік жағдайының, тұрмысының төмендігі, отбасыда зорлық-зомбылық көруі және өзгесі. Үшінші фактор – халықтың үлкен бір бөлігінің жауапсыздығы: емханадағы тіркеуге уақытылы тіркелмеуі, ұдайы қаралмауы немесе тым кеш тексерілуі, дәрігердің кеңестерін орындамауы. Мұның бәрі ақыр соңында аяғы ауыр ананың ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.
Жаңа бағдарламаның жаңалығы қандай?
Президенттің тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі 2023-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасын әзірледі. Бағдарлама тек бір тақырыпқа – ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін дамытуға, осы саланы реформалауға бағдарланады.
Елімізде ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін түрлі бағытта шаралар қабылданып жатыр. Барлық жастағы әйелді бақылау сапасын арттыру мақсатында министрлік Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартын жетілдірді. Бала көтере алатын фертильді жастағы әйелдерді зерттеп-қарау және динамикалық байқау алгоритмі мен тәртібі бекітілді. Акушерия және гинекология бойынша диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамалары қабылданды. Негізгі бағыттар бойынша 3 Жол картасы жүзеге асырылуда.
Балалар гинекологиясы қызметін үйлестіру үшін министрліктің Бас балалар гинекологі тағайындалды. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында «Қыздар мен жасөспірімдерге гинекологиялық көмек көрсету жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы» құрылды. «Балалар гинекологиясын жетілдірудің 2022-2026 жылдарға арналған Жол картасы» әзірленді, елімізде балалар гинекологтарының кәсіби даярлығын арттыру шаралары қабылдануда.
«Әрбір әйел – әрбір бала» бағдарламасы жобасының аясында 2023 жылдан бастап балалар гинекологиясына қатысты жалпы практика дәрігерлерін, акушер-гинекологтарды даярлау және үздіксіз оқыту қарастырылған. «Келешек» Жол картасын әзірлеу жоспарланған.
Бұған қоса, «Сенім» арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыру көзделген. Ол қыздар мен ұлдардың жыныс мүшелерінің дамуындағы туа біткен ауытқуларды ерте диагностикалауға, уақытылы хирургиялық түзетуге, репродуктивті функциясын қалпына келтіруге бағытталады. Мамандар соның аясында ұл балаларды сүндетке отырғызуды мемлекет өз мойнына алуы қажет деп ұсыныс айтты. Онсыз көптеген отбасы бюджетінің аздығына қарай, ер кіндікті перзенттерін сүндеттеуді арзан ақы сұраған мамандарға тапсырады. Дұрыс жүргізілмеген бұл процедура қауіпті салдарларға соқтыруы ықтимал.
1 жасқа дейінгі бөбектерді проактивті бақылаумен және скринингтермен қамту 94%-ға дейін ұлғайтылмақ.
Жас ұрпақтың сексуалдық сауаттылығын арттыруға қадам жасалады. Бұрын оны мемлекет «Валеология» пәні аясында жүзеге асыруға талпыныс жасады, бірақ оны ұят санаған ата-аналардың қуатты қарсылығына ұшырады. Енді жаңа бағдарлама жобасында 2024 жылдан бастап қыз бен ұлдың дене физиологиялық өзгерістері, гигиенасы, жыныстық қарым-қатынас мәдениеті, контрацепция, инфекциялардың алдын алу, саламатты өмір салты туралы оқушылар мен студенттерге арналған жеке білім беру бағдарламаларын енгізу ұсынылды.
Серіктестік босану саны ұлғайтылады, босану кезінде жүкті әйелдерге қолдау көрсету үшін «Бірге босану» жобасы жүзеге асырылады. Сондай-ақ биылдан ересектерге арналған «Жоспарлы жүктілік» арнайы бағдарламасын, «Болашақ ата-аналарға арналған check-up» бағдарламасын қабылдау, «Отбасылық ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты» жаңа жобасын енгізу, бала туа алатын жастағы әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамтуды ұлғайту және басқа да шаралар жоспарланып отыр.
Әділетті қоғам құру үшін саламатты, дені сау ұлт қажет. Әлемде талантты тұлғалардың басым көпшілігі көпбалалы отбасында туғаны анықталды. Ендеше мемлекеттің ана мен бала денсаулығын қорғап, қазақ халқының санын қарқынды өсіруге бағытталған жеке тұжырымдама-бағдарламаны қолға алғаны көп үміт күттіреді.
Елдос СЕНБАЙ