Иә, жазушы Ғалымбек Елубайдың шығармаларына қысқалық тән. Қысқа болса да, оның әңгімелерінде ерекше бір мұң бар. Ол не? Құбылыс па? ХХІ ғасыр әдебиетінде төңкеріс жасау мүмкін бе? Ғалымбекпен айтар әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.
– ХХ ғасырдағы әдебиеттің атқарған функциясы белгілі. ХХІ ғасырда оқырманды немен таңғалдыруға болады?
– Заман озған сайын оқырмандарды таңғалдыру да қиындай бермек. Жұрт баяғыдай алданышын әдеби кітаптардан іздемейді. Бос уақытында сарп қылар ермектері де көп. Меніңше, оқырмандарды таңғалдырудан гөрі олардың жүрегіндегі бос орынды толтырған дұрыс секілді. Және тамыршыдай тап басу керек. Әр адамның ішінде ұйықтап жатқан сағынышы, махаббаты, ғадауаты болады. Соны оята білу керек. Сол арқылы сен өзіңді, ол өзін табады. Сонда ғана әлгі сағымдай жүз беріп, көрген түстей көлкіп өте шығатын мағынасыз ақпараттан өзін аршып алады. Діндарлар айтады ғой: «адам құдайын іздейді» деп. Адам шын мәнінде жүрегіндегі жасырынған жалғыздығымен алысады. Соған серік, сырлас іздейді. Егер осыны дәл тауып, төбесінен түсіп бере алсаңыз, сіз оны таңғалдырушы ғана емес, жақын досына айналасыз.
– Бүгінгі шығарманың көтерген жүгі қандай болуы керек?
– Өткенді жазсаң – тарих. Келешекті жазсаң – фантастика. Мен өз заманымды жазам. Егер сіздің шығармаларыңыздың көтерген жүгі жеңіл болса, уақыт ағысы жұтып кетеді. Ешкім де жазған, жасаған еңбегімнің салмағы жеңіл тартса екен демейді. Сіз жаныңыз ыңыранып артқан жүк, көтерген тақырып бір күндері күресінде көміліп қалуы ғажап емес. Бәріне уақыт төреші.
– Сіздің әңгімелеріңіздің бәрі қып-қысқа. Чеховша айтқанда, «краткость – сестра таланта» дегенді ұстанып жүрген жоқсыз ба?
– Жоқ! Шығарманың ұзын-қысқалығы сіздің талантыңыздың дәрежесіне өлшем бола алмайды. Алайда қысқа жазуды жаным жақсы көретіні рас. Мүмкін бұл менің артықшылығым да, кемшілігім де шығар. Біздің ауылда екі кісі болды. Біреуі бір гектар жерге, екіншісі бес гектар жерге бидай егетін. Бір қызығы, күз келгенде екеуі де бірдей өнім алатын. Сол сияқты барлық әңгімелерімнің көлемін далитпай, барынша сығымдап жазуға тырысатыным шын.
– Әдебиетте қысқа жанрды пайдаланған жазушылар бар. Қып-қысқа әңгімесімен-ақ үлкен ойды жеткізген шығармаларды білеміз. Сіздің жанрдың ерекшелігі неде?
– Қазір, шынын айтқанда, адамдардың уақыты тығыз. Нағыз әдебиетпен ауыратындар болмаса, роман оқып отыратындар санаулы ғана. Бұл әңгімелер ешкімнің уақытын ұрламайды. Есесіне оқыған адамның есінен көтерілмеуге тиіс. Жалпы, мендегі жанр мен стильдің атқарар міндеті: ұмыт бола бастаған, ұлттық сана мен мінез суретінің шаңын қайта сүрту. «Шығарма жазу үшін аса бай тілдің қажеті жоқ! Айтар ойыңды жеткізсең болғаны» деген қағидаға қарсылық. Күн сайын тіл қазанына түсіп, санамызды қойыртпақтап жатқан терминнен ада әдебиет жасау. Ұзақ жылдар бұрын ата қазақпен бірге жер қойнына тапсырылған қайран сөздерді қайта көкейіне салу. Мен қатып қалған дәстүршіл адам емеспін! Алайда біздің жоғалған тіл бояуымыз түр бояуымызға, ұлттық болымысымызға тікелей әсер ететінін айтқым келеді. Егер кімде-кім шығармаға қазақы тілдің қайырымы жетпейді, ұрпақ ауысып, тіл жаңарып кетті десе қателеседі. Ол мейлі қаланың, мейлі даланың қазағы болсын, өз тамырынан су ішпеген ағаш. Ондай ағашты кез келген жерге отырғыза беруге және кез келген жерден жолықтыруға болады.
– Жазушы Несіпбек Дәутайұлының шығармаларының атауы қызық, тосын келетін еді. Сондай дүниені сізден де байқап жүрміз: «Шала бауыздалған ақ ешкі», «Бүйі қаптаған жаз», «Құралай тышқанның құмалағы» және т.б. Осылай кете береді. Мұның сыры неде?
– Шығармаға ат қою балаға ат қойған секілді. Әке ретінде оған ең әуелі дұрыс ат қоюың керек болады. Ешкім де жаңа туған баласын көптің бірі болады деп ойламайды. Одан үлкен нәрселер күтеді. Баласын ұстап тұрған әрбір адам өзінің қолында дүниені өзгертетін кілт тұрғандай сезінеді. Бұл да сондай сезімнен туған дүние болса керек.
– Көп әңгімелеріңізді әлеуметтік желіге жариялайсыз. Неге?
– Басқа қайда болуы мүмкін?! Мен әуелі өзім үшін жаздым. Жазған сайын жеңілдеп қалатын едім. Мен осыған дейін жаныма маза бермей келген аласапыран ойлардың соққысынан жазу арқылы ғана арылу керек екенін білдім. Біртіндеп мені оқитындардың саны арта бастады. Жекеме шығып, келесісін қашан жазатынымды сұрай бастады. Мен оған дейін жазғандарымды жасырып ұстайтынмын, болмаса жыртып тастайтын едім.
– Кей шығармаларыңызға корректор мен редактор қажет деп санамайсыз ба?
– Орынды сұрақ. Әбден қажет. Бұл – менің ең жанды жерім.
– Соңғы кездері қазақ жазушыларының арасында Нобель сыйлығына ұмтылу бар секілді. Жалпы, жазушы сыйлыққа не болмаса байқауға арнап жазғаны дұрыс па?
– Нобель туралы тартысты сұрақ көп. Ұмтылғаны жақсы. Нобель әдебиеттің өлшемі емес шығар. Бірақ бір қазақ жазушысы Нобель алып жатса, тақиямызға тар келмес еді. Ал шығарма шын мәнінде Нобельге емес, оқырманға арнап жазылады.
– Постмодернизм деп едік. Бүгінгі бағыт-бағдар қандай болып кетті?
– Постмодернизмді біз дұрыс түсінбей қалған сияқтымыз. Қазақы кейіпкерді еуропаша киіндірген секілді әсер береді. Аузына салған диалогы да біз қолданбайтын сөздер. Тіпті, естіп көрмеген десе де болады. Сосын аз санды әдеби қауым болмаса, былайғы жұртпен, көп санды оқырмандармен арасы үзіліп қалды. Мұның ақыры «осы бізге әдебиет керек пе?» дегенге әкелді. Жаңа нәрсеге ұмтылу, сол үшін еңбектену жақсы қасиет. Алайда оған барар жолды дұрыс таңдау одан да маңызды дегім келеді.
– Әңгімелеріңізді оқып, сыни баға бергендер көп болды ма?
– Ең алдымен әдебиеттанушы, ақын қарындасым Ақерке Асан бірінші болып «Құралай тышқанның құмалағы»деген әңгімем туралы «Қазақ әдебиетіне» арнайы рецензия жазды. Әдеби ортадағы жиындарда жиі айтылып қап жүр. Әзірге басты сын жоғарыда өзіңіз тілге тиек етіп отырғандай, грамматикалық қателіктер туралы ғана. Құдай ғұмыр берсе, кейінгісін тағы көре жатармыз.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС