Өмірінің соңғы сағаттарын күту парағында өткізіп жатқан ағзаға зәру науқастардың саны артып барады. Күн сайын бүйрек алмастыру бойынша ауыр оталарды жасап, бір мезетте екі адамның өмірі үшін күресетін трансплантологтардың уайымы да осы.
Мэлс Асықбаев: Күту парағы «соңғы аялдама» емес
2,100
оқылды

Себебі дәрігерлерді реципиент пен донордың аяқтан тұрып кетуі ғана емес, диализде жүрген науқастардың да ертеңгі күні алаңдатады. Ұлттық ғылыми онкология орталы­ғының Ағза транспланттау секторының аға ординаторы, хирург, трансплантолог дәрігер Мэлс Асықбаев «қоғамнан қолдау болса, донор мәселесі шешімін табар еді» деп отыр. 

– Мэлс Нұрсейітұлы, ішкі ағза­лардың донорлығы неге дамымай отыр? 

– Біздің қоғамда «донор» деген сөздің өзіне үрке қарайтындар бар. Сондықтан көптеген адамдар өлген туысының ағзасын беруге де рұқсат бермейді. Марқұм көзі тірі кезінде өзі рұқсат бергенімен, туған-туыс­тары оның шешіміне түбегейлі қарсылық танытады. Көбінесе діни наным-сенім тұрғысына байла­нысты туысының ағзасын алуға рұқсат бермейді. Алайда дінде ағза алмастыруға қарсылық жоқ. Ке­рісінше, асыл дінімізде де науқас­тың өмірін құтқаруға септігін ти­гізетін болса, ағза алмастыруға рұқсат береді. Себебі қайтыс болған донор бір емес, бірнеше адамға өмір сыйлап кетеді. Яғни, дінімізде де бір адамның өмірін құтқарған до­нор дүниежүзінің адамын құт­қар­ғанмен бірдей сауапқа ие болатын оң көзқарас бар. Өкінішке қарай, донорлыққа біздегі қоғамның көз­қарасы теріс болғандықтан, орган тапшылығы туындап тұр. Мысалы, қазір күту парағында тұрған 3 800-ге жуық адам органға мұқтаж. Бұл ор­ганға мұқтаж науқастардың то­лық саны емес. Бір ғана бүйрек транс­плантологиясына зәру нау­қас­тың санын біз ресми түрде 3 200-ден асады деп көрсетіп жүрміз. Бірақ оның барлығы диализде жүргендер. Ал оның сыртында диализге түс­пегендер мен уақытша күту пара­ғына тұрмағандарды қоссаңыз, он­да бүйрек ауыстыруға мұқтаж нау­қастардың саны 8 мыңға жуық­тап қалады.

– Басқа ағза мүшелеріне қара­ғанда бүйрекке мұқтаждар неге көп?

– Бүйрекке мұқтаж адамдардың статистикасы арқылы есептеп, тек осы аурудың көбейгенін нақты мы­сал етуге болмайды. Бізде бауырға зәру науқастар да көп. Бірақ оларда бүйрек ауруы секілді органға мұқ­таж науқастардың транспланта­циядан бөлек, баламалы жолы жоқ. Мәселен, бүйрек ауруларында ағза алмастыруға мұқтаж науқастар диализде де жүре алады. Алайда жасанды бүйрек жүргізудің кері әсері көп. Сондықтан науқастардың көбі ағза алмастыруға кетіп қалады. Себебі диализдің процедурасын көтере алмайды. Мәселен, диализде жүрген науқасты есепке алу оңай. Ал бауырға зәру науқастар өздерінің дәрігерлеріне ғана есепте тұрады. Әйтпегенде қазір бауырдың күту парағында тұрғандар да мыңға жуықтап қалады. Оның үстіне, ме­дицинадағы диагностика да­мыған сайын, бүйрек жетіспеушілігін анықтау оңай. Бұрын бүйрек жет­кіліксіздігін күні бұрын білмей, өмірден ерте кетіп жатқан науқастар көп болды. Дегенмен әлі де болса адамдар дәрігерге уақытында тек­серілуге бармайды. Егер бүйрек жетіспеушілігін бесінші дәрежесіне жеткізбей алдын ала емдесе, ағза­ның өміршеңдігін ұзартуға болады. Сол үшін кез келген адам кем де­генде жылына бір рет толықтай тексеруден өтуі тиіс. Себебі бүйрек жеткіліксіздігі білінбей келеді. Сондықтан артериялық қан қы­сымы көтерілгенін байқаған бойда дәрігердің қабылдауына баруға кеңес беремін. Кез келген дәрі­ха­налардың өзінде қан қысымын тексеріп отыруға болады. 

Өкінішке қарай, қазір бұл ауру жаңа туған балалар мен кәмелет жасқа толмағандар арасында да дендеп отыр. Балалар арасындағы бүйрек жеткіліксіздігінің себебі көп. Яғни, аутоиммунды аурулардан бөлек, туабіткен ақаулар бар. Мы­салы, зәр шығару жүйесінің туабітті ақаулары бүйрек жетіспеушілігіне алып келеді. Қазір бүйрек транс­плантологиясына мұқтаж 65 бала бар. 

– Басқа бүйрек салу адам ғұ­мырын қанша уақытқа дейін ұзартуға қауқарлы?

– Дұрыс айтасыз. Ағза науқас адаммен бірге дамыған орган емес. Бөгде зат болғаннан кейін транс­плантологияда бүйректі қабыл­дамай қоюы мүмкін. Сол үшін науқасқа алдымен иммуно­суп­ре­сивті дәрі-дәрмектер береміз. Ал­дымен науқастың иммунды жүйесін дәрі-дәрмектермен төмендетеміз. Бұл адамның иммундық жүйесі бө­тен органды танып қоймауы үшін қажет. Трансплантологиядан кейін олар толықтай дені сау адам болып табылады. Дәрілерді ағза ауыстыр­ған адамдардың барлығы өмір бойы ішіп жүруі керек. Өйткені орган әлгінде айтқандай, өзінікі емес. Бірақ ағза ауыстырудан кейін қа­лыпты адамдар секілді жұмысын ары қарай жалғастырып, ел қатарлы өмір сүріп кете алады. Ол мүмкіндігі шектеулі адам емес. Қажет болса спортпен шұғылданып, қалаған ісімен айналысуға толық мүмкіндігі бар. Мысалы, жыл сайын отадан өткен емделушілеріміздің арасында спорттық жарыстар ұйымдас­ты­рамыз. Ондай науқастардың ара­сында Қазақстанда ғана емес, дү­ниежүзілік деңгейдегі трансплан­тологиялық ойындарда жүлделі орын алып жүргендер де бар. 

Диализ процедурасын әр науқас әртүрлі басынан өткереді. Кейбір адамдар диализден соң өзін жақсы сезінсе, көптеген науқасымыз емдік шаралардан жағымсыз әсерді се­зінеді. Диализдегі науқастың ор­таша өмір сүру жасы 5-6 жыл ғана. Егер процедураны жақсы қабылдай алатын болса, он жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Мұндай науқастардың дені диализді көтере алмаған соң ағза алмастыруға кетіп жатады. 

– Тәжірибеңізде ота сәтті өтіп, белгілі бір уақыттан кейін бүйрегі сыр берген науқастар бар ма?

– Бар. Ондай болады. Біз си­қыршы емеспіз, бар болғаны оқы­ған-тоқығанымызды, көрген-біл­генімізді науқастың сауығып ке­туіне арнайтын дәрігерміз. Транс­плантологияда «бүйрек салдым, болды» деп қарау дұрыс емес. Ең маңыздысы – отадан кейінгі күтім. Толыққанды нәтижеге жету үшін науқас дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерді ұқыпты ішіп, уақы­тылы режиммен жүруі тиіс. Отадан кейінгі кезең көбінесе адамның жауапкершілігіне байланысты бо­лады. Дәрігердің кеңесін ұқыпты­лықпен орындаса, бүйректің өмір­шеңдігі ұзақ болады. Кейбір нау­қастар 3-4 жылдан соң ауырғанын ұмытып, бөгде адамның бүйрегіне жүрдім-бардым қарайды. Жағым­сыз әдеттерге әуестеніп кететін емделушілердегі бөтен бүйрегінің өміршеңдігін азайтуы заңдылық. Сол үшін біз өз тарапымыздан кө­бінесе жастарды қатаң бақылауға аламыз. Отадан кейін де оларды әр үш ай сайын шақырып, тексеруден өткізуге кеңес береміз. 

Трансплантологтың «бұрынғы науқасы» деген жоқ. Біз бүйрегін алмастырып берген әрбір емделу­шімен бірге өмір сүреміз. Мәселен, осы уақытқа дейін 500-ден аса ағза алмастырсам, оларға орган берген тағы 500 донорды қоссақ, 1000 ба­лам бар (күлді). Бірақ бүйректі бір ғана адам транспланттай алмайды. Бүйректің бір трансплантологиясын жасау үшін кем дегенде 30 адам қатысады. Ал бауырға кем дегенде 50 адам қатысады. Донордан бүй­ре­кті алып, реципиентке салу уа­қыты 5-7 сағатқа созылады. 

– Қазір адам жоғалу фактілері анықталса, «органын шетелге сатып жатыр екен» деген әңгімені жиі еститін болдық қой. Шынымен де кинодан көргендей, адамның органын шетел асыру мүмкін бе? 

– Бұл шындыққа жанасатын әңгіме дегеннен гөрі, үнді фильм­дерінде жұдырық жетпей жатып құлайтын, сосын ұрған кезде жүрегі ұшып барып ауруханада жатқан науқастың денесіне кіре салатын көріністі көп көретіндердің қиялы­нан туған дүние деп айтуға келеді. Әйтпегенде Қазақстанда транс­плантология тек қана мемлекеттік мекемелерде ғана жасалады. Оның өзінде арнайы орталықтарда ғана. Ағза алмастыру кезеңі бірнеше кезеңнен тұрады. Ота жасайтын хирургтен бұрын бірнеше медици­наның бейінді мамандары донор­дың ағза алмастыруға қарсы көр­сеткішін анықтайды. Олардың шы­ғарған қорытындысын орталық­тың медициналық комиссиясы қа­райды. Ота жасайтын орталық­тың шығарған шешімін заңгерлер мен құқық қорғау органдарынан құрал­ған этикалық комиссия қайта қарап, донор мен реципиенттің туыс­­қан­дығын тексереді. Заңна­мада реци­пиентке ағзасын беруге до­нор болу үшін туысқан болу ке­рек. Сондықтан интернет жүйесін­дегі «орган са­тамын» деген жар­на­маларды да алаяқтар салып отыр. Өйткені бө­тен адамды алып келген­нің өзінде комиссиядан өте алмайды. 

– Туысқанның барлығы донор бола ала ма? 

– Өте маңызды сұрақ қойдыңыз. Біз осы уақытқа дейін туыстық транс­плантацияда тек қана қан тобы сәйкес келетін болса ғана ағза алмастыратын едік. Алайда былтыр орталықта тұңғыш рет қан тобы сәйкес келмейтін трансплантация жасалды. Бұл отандық трансплан­тологияның жетістігі деп айтуға болады. Былтыр қыркүйек айында жасаған отамыз сәтті өткен соң, бір айдан кейін тағы бір науқасқа осын­дай жолмен жаңа орган сал­дық. Бұл қадамға не үшін бардық? Өйткені күту парағында тұрған науқастардың донорлары бар, бірақ көбісінің қан тобы сәйкес келмейді. Қан тобы сәйкес келмейтіндердің трансплантациясы иммуноло­гия­лық жағынан өте қиын ота. Яғни, организмнің бөтен бүйректі қабыл­дауы ауыр жүреді. Себебі қан тобы бөлек. Сол үшін мұндай ота көп мемлекеттерде жасала бермейді. ТМД елдерінің ішінде Беларусь, Ресей, Өзбекстанның өзінде енді бастады. Осы мемлекеттердің ара­сында қан тобы сәйкес келмейтін трансплантацияны Қазақстан бі­рінші болып жасап отыр. Бізден кейін былтыр Ресей де бастады. Былтыр 140 миллион халқы бар олар­дың көрсеткіші бойынша 7 нау­қасқа салса, біздің дәрігерлер 3 науқасқа осы жолмен ота жасады. Қазір үш науқасымыздың да жағ­дайы жақсы. Биыл да қан тобы сәйкес келмейтін ағза алмастыру отасын жасадық. Ол науқасымыз да қазір бөлімшеде жатыр. Бүйрек функциясының көрсеткіші жақса­рып келе жатыр. Донорды үйіне шығардық. 

Одан бөлек, ағза алмастыруға кедергі беретін сенсибили­за­ция­ланған науқастарымызға да транс­плантация жасадық. Бұл дегені­міз – науқастың организмінде лей­ко­цитарлық антиденелер көп болған кезде бөгде ағзаны дене қабылдамайды. Орталық хирургтері былтырдан бастап осындай имму­нология жағынан да күрделі отаны ұзақ лабораториялық зерттеулердің арқасында жасай алды. Әлі де зерт­теу жүргізіп жатқан бағытымыз бар. Алдағы уақытта жаңа тәжірибелерді жетілдіру үшін шетелдік әріптес­термен білім алмасып жатырмыз. Сондықтан отандық трансплан­тология дүниежүзілік деңгейге жетті деп толық айта аламыз.

– Реципиент пен донордың жас айырмашылығы сәйкес келуі маңыз­ды ма? 

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бізде кәмелет жасқа толмаған балалардан ағза алынбайды. Оған заңда рұқсат етілмеген. Тек 18 жас­тан асқан адамдар ғана донор бола алады. Сол үшін үлкен кісінің бүй­регі балаға салына береді. Бірақ мұндай отаны Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығында істейді. Ал шетелде баланың органы балаға салына береді. Олар мұны дұрыс деп есептейді. Өйткені Еуропада мәйіт­тік трансплантология жақсы да­мыған. Кішіден үлкенге ағза бе­ріл­се, онда екі бүйректі бірдей салады. 

– Біздің елде де марқұм болып жатсаң, органдарыңды алуға рұқсат  беретін келісім парағы бар емес пе?

– Мұны мәйіттік транспланто­логия деп айтады. Тірі кезінде до­нор болуға марқұм рұқсат бергенін алға тартып, ағзасын алуға қақымыз бар. Бірақ марқұмның туыстары бас-ми өлімі тіркелгеннен кейін донордан орган алуға рұқсат бер­мейді. Себебі олар донор туралы толыққанды ақпаратты білмейді және діни көзқарастағы адам көп. Мысалы, былтыр 4 мәйіттік транс­плантация жасалды. Соңғысы Шым­кент қаласында тіркелген. Ол кісінің туысқандары органды алуға рұқсат берді. Сөйтсек, марқұмның туған бауыры бүйрекке мұқтаж екен. Туысқандары науқастың до­норды жылдар бойы күтіп қиналып жатқанын білген. Сол марқұм бо­лып кеткен донордың екі бүйрегі, бауыры, жүрегі мен өкпесі қанша адамның өмірін құтқарып қалды. Сол үшін донор болуға деген теріс діни көзқарастың дұрыс еместігін халыққа жеткізу керек. Трансплан­тологияның ең үлкен мәселесі осы. Ағза алмастыруға жете алмай жы­лына 500-ге жуық адам көз жұмып жатыр. Егер мәйіттік трансплан­тация көбейсе, мұқтаж науқастар дені сау адамдардың қатарына қо­сылар еді. Амал жоқ, қазір донорға мұқтаж науқастар шетелге барып ағза алмастырып жатады. Халықтың сана-сезімін өзгертпей, трансп­лан­тология алға жылжымайды. Бізде қазір жүрек-қан тамырлары ауру­лары, кардиохирургия, онкологияға жіті көңіл бөлініп жатыр. Келесі кезеңде трансплантология болу керек. Егер ағза алмастыруға ай­тарлықтай көңіл бөлінбесе, ағзаға мұқтаж науқастар өмірден оза береді. Бүгінде мемлекет көр­сет­кішінің бірі трансплантологиясына қарап бағаланатын болды. Ағза алмастыруға жіті көңіл бөлген ел дүниежүзінде медицинасы дамыған мемлекет болып табылады. Бірақ ағзаны сатып алу-сатуға болмайды. 

– Орган сатуға заңмен рұқсат ететін елдер бар ма?

– Дүниежүзі бойынша Иранда ғана бар. Бірақ бұл елде «органымды берем, сен маған ақша бер» демейді. Барлығы мемлекеттің қатысуымен жүреді. Құзырлы органдардың қа­таң тексеруінен өтіп, мұқтаж нау­қасқа ағза тегін салынады. Бізге алдыңғы кезекте туыстық және мәйіттік трансплантологияны дамытуды қолға алған абзал.

– Мұқтаж адамның жақында­рын алдыңғы кезекте өз денсаулығы алаңдатып жатады ғой... 

– Ондай науқастар кездеседі. Туысқандары донор бола алады. Бірақ ағзасын бермейді. Себебі «бауырымның жағдайын кешіп қалмаймын ба деген» қорқыныш бар. Біз тек науқастың ғана жағ­дайын ойламаймыз. Бізге донордың да денсаулығы маңызды. Сондық­тан донор дені сау болып қалай келсе, солай жіберу керек. Отадан кейін реципиент пен донордың да күтініп жүруі кеңес етіледі. Күтін­бесе, екі бүйрегі бар адам да ауы­рады. Мысалы, бүйрек жетіспеу­ші­лігі өз денсаулығына жүрдім-бар­дым қараудан болады. Дәрігер донорға зиян тимегенін, орган са­лынған науқасы толыққанды са­уығып кетуін ғана ойлайды. Яғни, трансплантологтың мойнында екі адамның денсаулығы тұр.

– Елімізде туысқандық емес донорларға рұқсат берілмегендіктен науқастар шекара асып, қымбат ота жасатып келіп жатыр. Туысқандық емес донорлыққа көзқарасыңыз қалай? 

– Дүниежүзінде трансплан­то­логия туысқандық немесе туысқан­дық емес болып бөлінбейді. Бізде ғана бөлінеді. Әлемде трансплан­тология тірі донор немесе мәйіттік донор болып қана бөлінеді. Өйткені әлгінде айтқандай, сатып алу-сату болмау үшін. Мысалы, шетелде танымайтын адамға бүйрегін берем деп шешсе, арнайы құрылған ко­миссияның тексерісінен кейін дәрігерлер ота жасай береді. Олар­дың комиссиясы донор мен реци­пиенттің арасындағы сатып алу-сатудың бар-жоғын ғана тексереді. Бұл тәжірибе Еуропада, Кореяда, Түркияда да бар. Біздің комиссия туысқандықты тексереді. Егер бұл тәжірибені бізге де енгізуді қолдай­тын болсақ, ақшадан қиналған халық орган сатуды ақша табудың көзі деп санайды. Ақшадан қинал­ған халыққа орган сату оңай шешім секілді болып көрінуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен халықтың сана-сезімін өзгерту керек. Екін­шіден, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып барып шешім шығарған дұрыс. Оған дейін Қа­зақстанда туыстық емес донорлық­ты қарастырудың қажеті жоқ. Оған рұқсат етілсе, ертеңгі күні дәрігер кінәлі болады. Қаралаудан әбден қажыған дәрігер ертең халатын шешіп кетеді. Мамандығын ауыс­тырады, не шетелге кетеді. Сосын трансплантолог мамандардың тап­шылығы орын алады. Оның зарда­бын айналып келгенде, ағзаға мұқ­таж науқастар тартады. 

– Өз еркімен көмек бергісі ке­летін ар-ожданы ояу донорлар да бар шығар... 

– Бар. Бірақ олар өте аз. Мың­ның ішінде 4-5 адам болуы мүмкін. Қазір де хат жазатындар бар. Олар­дың шартын қабыл алсақ, сатып алу-сатудың көрігін қыздыруымыз мүмкін. 

– Мәйіт донорлығы дамыған елдер бар ма? 

– Біздің елде 100 пайыз туыстық трансплантология жасалады. Был­тыр елімізде 169 ота жасалса, соның жетеуі ғана мәйіттік трансплан­тология болды. Сондықтан 100 пайыз деп айтып отырмын. Себебі марқұмның туыстары рұқсат берме­гендіктен. Бұл – біздің қайғылы көрсеткіштеріміздің бірі. Заңның аясында марқұмнан рұқсатсыз орган ала береміз дейік. Бірақ біз рұқсатсыз орган алатын болсақ, донордың туыстары «әдейі өлтірді» деп арызданады. Сол үшін тағы айтамын, Үкімет халықтың санасын өзгертуге жұмыс істеу керек. Біздің блогерлер шетелге ота жасайтын адамдарға тегін қайырымдылық шарасына қатысып жатырмыз деп жатады ғой. Олар да осы елдің аза­маттарына шынайы жаны ашыса, елдегі халықтың санасын мәйіт до­норлығының дамуына жәрдем­десіп, халықты ақпараттандыруға жұмыс істесе деймін.

Біздің дәрігерлер де мықты. Бес саусақ бірдей емес. Шетелде де өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын дәрігерлер бар. Мысалы, Израиль, Корея, Түркия, Германия өз меди­ц­инасын көп жарнамалайды. Бірақ білімі жағынан олардың дәрігерлері бізден асып кеткен деу – әбестік. Ол жасайтын отаны мен де жа­саймын. Олардың артықшылығы, мықты сервисі ғана. Сол үшін отан­дық медициналық туризмді дамы­ту – алдыңғы кезекте атқарылуы тиіс шара. Мысалы, түріктердің шаш­таразына барсаңыз, сервисі мықты, жасап жатқан шаш қойысы бірдей. Асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Клиент тарту үшін сервисін жа­сайды. Керісінше, шетелдің күш­ті жарнамасына сеніп, асқындырып алып, бізге келіп емделіп жатқан науқастар бар. Былтырдың өзінде шетелде ағза алмастырып, асқы­нумен 7-8 науқас келді. Шетелдегі дәрігерге хабарласқан, олар кеңес беру үшін тағы да келу керек екенін, оның емі қыруар ақша тұратынын ашық айтқан. Ақшасы болса барып келер, ақшасы болмаса қайтеді? Кейбір науқастар отандық дәрі­герлерге сенімсіздік танытқанда­рына асқыну болғанда ғана өкініш білдіріп жатады. Оларды да соңында отандық дәрігер құтқарып жатыр. Шетелдің медициналық құрыл­ғылары мықты шығар, бірақ бізде де білімі мен тәжірибесі жағынан олар­дан асып түсетін білікті дә­рігерлер көп. Ал мен қарапайым дәрігермін. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ