Даламдай дархан данышпан

Құнанбай әулеті қазақ тарихында қуғын-сүргінге ең көп ұшыраған үлкен әулеттің бірі. Соқыр саясаттың құрбаны болған Құнанбай перзенттерінің қатарында Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі айрықша аталады.

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – Құнанбай қажының Күнке деген бәйбі­ше­сінен туған, яғни Абайдың туған аға­сы. Алты жасында әкесі Құдайберді дүниеден өткен соң Шәкәрім атасы Құнанбайдың, кейіннен Абай ағасының тәрбиесінде   ержетті.  Абай Шәкәрімге жетімдік көрсетпей, талантты ақын, парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына ықпал етті. Кейіннен Шәкәрім: «Әкеміз­дің бір шешеден туған Ибраһим мырза есімді ағамызды қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша, һәм орыс­ша ғылымға жүйрік, һәм Ал­ланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітап­тарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылым­ның сәулесін сездім», – деп өзі­нің азаматтық көзқара­сының қалып­тасуын­дағы Абай рөлін айрықша тілге тиек етеді.

Шәкәрім атамыз араб, парсы, түрік, орыс тілдерін өте жетік білген. Абай Шәкәрімді Шығыс поэзиясының жау­һар­ларымен таныстырды.   

Жиырма жасқа толар-толмастан Шә­кәрім ел басқару жұмыстарына араласты. Атасы Құнанбайдың ықпалы­мен болыс болып сайланады. Болыстық қызметтің талабына сай Шәкәрім отбасын құруға  міндетті болады. Сөйтіп, ол  Мәуленмен үйленіп, шаңырақ кө­тереді. 1878 жыл­дың сәуірінде олардың тұңғыш ұлдары Ғафур дүниеге келеді. Болыстық қыз­метте Шәкәрімнің ден қойған ауқымды шаруасы өзімшіл, құлқынның қамын ойлайтын  екіжүзді бай-болыстарға ұнай қоймайды. 

Бұдан соң Абайдың нұсқауымен Шәкәрім Құдайбердіұлы дамылсыз ізденісте болып, жер көріп, ел аралады. Ол 1903 жылы қазақ даласындағы сол кездегі бірден-бір ғылыми-зерттеу орны болған Императорлық географиялық орыс қоғамының батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болып қабыл­данды. 1911 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тарихи еңбегінен автор  қазақ тарихын алғаш рет жазған қазақ ұлтының алғашқы өкілі ретінде мойындалды.

1904 жылы Абай  Құнанбайұлы өмірден өтер алдында бауыры Шәкә­рімге: «сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан» деп және Меккеге баруын тапсырады. Осылайша, Абай інісі Шәкәрімге үлкен үміт артып, өзі бір кезде көксеген арманын Шәкәрім арқы­лы жүзеге асырмаққа ниет қылады. «Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың, шығыс тіліне жетік болдың. Афин-Грек білімі Ыстамбұлда жиналған, содан табылады. Араб білімі Меккеде, бірақ меніңше, Меккеден гөрі Мединадан көбірек та­былуы керек және Мысырдағы Алек­сандр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орын­дарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қара­жатыңа жіберерлік пұлды өзім беремін. Осыған келіссең қолыңды әкел!», –  деп Абай шәкіртіне қол ұсынған. Енді Шәкәрім атамыздың өз естелігіне назар  аударайық: «Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сейлесіп, пікір алысып, керек кітаптарымды алдым. Ол кітап­тарды посылка етіп Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Ыстамбұлда тарих қорларын сақтайтын орындарда (архивтерде) болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы ойшылдарының еңбек­терін түгелдей алдым. Гомерден бастап, Грек халқының ойшыл-философ­тары­ның шығармаларын, Батыс философ­тарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушы­ларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды.

Бұл да Абайдың маған ақыл берген кеңесінің жемісі. Ыстамбұлдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып көп кажеттерімді таптым. Меди­наға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу суфиян сияқ­ты ғалымдардың шығармаларымен та­ны­­сып, кітаптарын алдым», – деп жа­зады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шын ұлтшылдық, шынайы мәдениет қайдан туады?» деген мақаласы 1918 жылы ж­а­рық көреді. Сондай-ақ  «Абай» жур­на­лы­ның  №3 санында Ш.Құдайберді­ұлының «Ұлтшылдық туралы» деген көлемі жарты-ақ беттік мақаласы жарық көреді. 

«Абай» журналының екінші нөмірін­де жарияланған ардақты Мәнен бауы­ры­мыздың «ұлтшылдық» деген мақала­сына бірауыз сөз айтқымыз келеді. Менің ұғуымша, ол кісі «ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылдық туады. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылдық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, калса өзімшілдіктен аса алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті ту­ғыз­са да, ақ жүрек тілекті туғыза алмай­ды; ақ жүрек дегеніміз «ұждан» (әммә жанға махббат, шапағат, ғаділет), қазақ­ша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиян­сыз жолмен табу –  ақ жүрек (ұж­дан) ісі. Оны істеп отырған кім бар?» – деп жауап қайтарады. Арада қаншама жылдар өтіп заман өзгергенде қазірдің өзінде мың сан қоғамдық проблема­лардың бәрін шешудің жалғыз жолы осы екеніне кім сенбейді? Шәкәрім атамыз­дың ойын дәрменсіз шалдың бос қиялы деп санайтын болсақ, әбден шатасқан, күн санап асқынып бара жатқан мәселе­лердің ішінде тұншығып қалмасымызға кім кепіл? Әлем мойын­даған данышпан Л.Толстой бүтін қиянат атаулыны жоюдың жалғыз-ақ жолы ақ жүрекке, бауырмалдылыққа жету деп түсінген.

Асыл ойды Шәкәрім Құдайбердіұлы да айтады:

Тәңір жол – ақ жүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақ жүректі ертерек

Ескер-дағы қыл әдет.

Бұл екі Ұлы рухты туысқан еткен де осы иман болған шығар. Тарихтан белгілісі сол, Л.Толстой мен Шәкәрім Құдайбердіұлы бір-бірімен хат жазысып отырған. Ол орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың еңбектерін аса жоғары бағалап, оны тіпті дүмше молдалардан көп жоғары қояды. Шәкәрім Құдай­берді­ұлының аса тақуа жан бол­ған­дығына оның барлық еңбектері дә­лел бола алады. Ақын шығармаларында дін бұзар дүмшелерді сынай отырып, дін арқылы, рухты тәрбиелеуге, имандылық пен адамгершілікке шакырады. Ұстаз ағасы Абай секілді «жүрек» мәселесі мен «кемелдікке жету» жолын насихаттайтын философиялық өлең-жырларын, қара сездерін жазады. Ахмет Ясауи «Хәл ілі­мін» жазса, Шәкәрім қажы «Ар ілімін» жазып, ұрпаққа өнегелі мұра сыйлады. Замана­лармен замандас таланттар Ясауи, Абай, Шәкәрім шығарма­лары­ның идеялық мазмұнында да күрделі са­бақтастық байқалады: дәуір шынды­ғын әлеумет мұңын жыр етіп, рухани құндылықтарды, адамгершілік мұрат­тарды бағдар тұтқан, ақиқат аңсарын іздеп, бүкіл адамзаттық биіктіктен ой толғаған сыршыл да сыншыл шығарма­шылық иелері сомдаған лири­калық кейіпкерлердің табиғаттық ұқсас­тық­тары мол. 

Ал 1916 жылғы патшаның әйгілі жарлығы шыққан соң  Шәкәрім Алаш қайраткерлерімен бірлесіп, халық ара­сын­дағы толқуды басу үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Негізі Шәкәрім Құдайбердіұлы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен Ұлт азаттық көтеріліске дейін байланысқан. 

1906 жылы І Мемлекеттік думаның сайлауына қазақтардан ұсынылған депутаттың ішінде Ә.Бөкейхановпен бірге Шығыс уәләиатынан «Еркін дала» партиясының мүшесі ретінде Ш.Құдай­бердіұлы болды.  І мемлекеттік думаның Семей қаласында маусымның басында өткен сайлауы сөйлеген сөзінде Шәкә­рім Құдайбердіұлы «бұл орынға лайықты Әлихан ғана» деп көпшіліктің Бөкей­ханов­қа дауыс беруін сұранады. Осы­лайша, қазақ даласынан І мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтарының атынан депутат болып Ә. Бөкейханов сайланады. Ал 1908 ж. қаңтардан бастап Бөкейханов түрмеге қамалғанда Шәкә­рім Құдайбердіұлы шағын топпен Алаш көсемін іздеп,  Орынборға барады. 

Патша үкіметі құлап, Кеңес одағы құрыла бастағанда  Шәкәрім  енді ел ты­­ныш өмір сүретін болды деп  үміттенді. Тіпті, сол кездегі саяси оқи­ғаларды «Бостандық таңы», «Бос­тан­дық туы жарқырап» атты  өлең­дерінде суреттейді. Бірақ Кеңес үкіметі де қазақ басындағы қайғыны жеңілдету­дің орнына әуре-сарсаңға салып қояды. Елді жаппай ұжым­дастыру басталған тұста Ш.Құдай­бердіұлы жалғыз өмір сүруді дұрыс деп шешіп, «Қарабұлақ» қыстауынан үй салдырады. Бұл қыстауға ұлдарынан бөлек санаулы адамдар ғана барып, амандасып тұрады. Шәкәрім өзінің «Саят қора» аталатын жырақтағы меке­ніне кетсе де, дұшпандары оған тыныш­тық  бермеді. Молдалар «дін бұ­зар» деп айып тағады. Бай-жуандар «ал­жыды» деген лақап таратты. Оны ауыл­дың бел­сен­дісі, ескішіл деп өсек­теді. 

Ш. Құдайбердіұлының көптеген еңбегі осы «Саят қорада» жазылып, өзі «Да­ла ғұламасы» атанады. Айдалада жалғыз күн кешсе де, үкіметтің қуда­лауы­­нан бір сәт құтыла алмайды. Үкі­мет жүн салығын өткізбегені үшін   1930 жылдың ақпанында тұңғыш ұлы Ға­фур­ды, сәл кейінірек екінші ұлы  Баязидті де түрмеге қамап, малдарын тәркілейді. Осылайша, бір-бірлеп бүтін әулеттен жалпы саны 33 адам қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. 2 ұлы түрмеде жауыздықпен өлтірілсе, олар­дан кейінгі ұлы Қабыш түрмеден қайтар жолда көз жұмды. Тағы бір ұлы Шәміл қала­да оқып жатқан қарындас­тары Қали­­ма мен Ғалияны іздеп жүріп өз отбасынан айы­рылып, соңында қайғы мен аштықтан қайтыс болады. Елді 1931 жылы атышу­лы аштық жайлап, ел қатты күйзеліске ұшырайды. Елден жырақтағы ағайын туыстарын паналағысы келген­дер­ге «Бандит» деген жала жабылып, милиция оларды табанда атып тастап не­месе түр­меге қамады. Тоз-тозы шы­ғып тарық­қан ел тағы да Шәкәрім қа­жы­­дан көмек сұ­рап келеді. Осы тұста Шыңғыстауға Қазақ­стан Үкіметін бас­қарып тұрған Елтай Ерназаров келіпті. Шәкәрім қа­жы ел өтінішімен барып, Ерназаровпен жолы­ғады. Сол тұс­тағы Үкімет басшы­сы­мен ұзақ сұх­бат­тасып шыққасын Шәкәрім Құдай­бер­ді атамыз ел-жұртты жинап, малынан айырылған қазақтың өлуден басқа ама­лы қалма­ғанын, Ерна­заров­тың халқы­ның бола­шағын ойлай­тын адам емес екенін жет­кізеді.

Бұл сөз дереу партияның шолақ белсен­ділерінің құлағына жетіп, Шәкә­рім Құдайбердіұлы да «Халық жауына» айналады. 1931 жылдың маусымында Шыңғыстау ауданына ОГПУ-дің басты­ғы болып Абзал Қарасартов келеді. Үкіметке шын берілген чекист бірден Шәкәрімді ұнатпайды. Басты себеп, Шәкәрім қажының ел сыйлар абыройы мен ақындығы болатын. Қарасартовтың ойынша НКДВ өкілі ең сыйлы, барлық ел-жұрт атын естісе қорқатын болуы керек. Сондай-ақ ол өзін шимай-шат­пақ өлең жазатын­дардың қатарына жатқызған. Демек, бұл тұрғыдан әрбір айт­қан сөзі ел аузында жүретін Шәкә­рімді басты жауы етуі заңдылық. 

Шәкәрім қажы дұшпан қолынан мерт болмас бұрын, өзінің көптеген қолжазбасын аманат етіп ұлы Зиятты Қы­тай өткізіп жібереді. Бұл кезең Шә­кә­рім Құдайбердіұлының өз басына да ОГПУ-дің қара бұлты үйіріліп жатқан кезі болатын. 

 Шыңғыстаулық толқыған жұрттың басшы азаматтары ақылдасуға Шәкәрім қажыға келіп қарауылды басып алып, ондағы Кеңес үкіметін құлататын­дықтарын айтады. Қажы оларға бұл үкіметтің әзірге тамыры тереңге тартқан үкімет екенін, қарауыл құлағанмен кеңес үкіметі құламаған соң, соңдарынан ерген халықтың қырғын табатынын айтып райларынан қайтулары керектігін бұйырады. Топ ішіндегі толқыған көптің бірі өз ұлы Зият та болатын.

Бұл оқиға қалай болса да ОГПУ-дің құлағына жетіп, теріс ниеттілерді тұтқындау басталады. Шыңғыстау бас­шы­лары көтерілістің басты ұйымдас­тыру­шысы Шәкәрім қажы екен деп дабылдатады. Бұл хабар «Саят қора­сында» саяқ жатқан Шәкәрімге де жете­ді. Осы кезде ОГПУ қолына түссе, қиын­дыққа тап боларын білген  атамыз амалсыз бой тасалап, көп адам бой жасыруға Қытайға қашуға мәжбүр болады. ОГПУ тобы халыққа да, ресми орындарға да көтерілісті «Шәкәрім көтерілісі» деп атап жатады. Осылайша, Шәкәрім атамыз «Шыңғыстаудың бір шалы Қытайға қашып  кетіп қаңғып өлді дегізбеймін» деп Қытайға кетуге мәжбүр болғандардың тобына, оларға еруден бас тартқанымен, шекарадан аман-есен қалай өтуге болатынын сызып, жазып береді. Ұлы Зиятпен, басқа туыстарымен де қоштасып, өзі ауданның ОГПУ-не, басқа да басшылығына кездесуге беттей­ді. Сол күні таңертеңгілік яғни 1931 жылдың 2 қазанында А.Қарасартовтың қасындағы қаныпезер башқұрт Сабыр Хамитовтың оң жамбастан, сосын қақ жүректен атқан оғынан шаһит өлімінен жан тапсырады. Мәйіті дереу құдық түбіне тасталды. Өзі із-түзсіз жоғал­ғандардың қатарына жатқызылады. 

Шәкәрім атамыздың сүйегі сол күйін­ше отыз жыл бойы тас құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана қуғын-сүр­гін­нен ақталып, түрмеде жазасын өтеп келген баласы Ахат әкесінің сүйегін қа­зып алып, Жидебайдағы Абай зираты­ның жанына жерледі. Шәкәрім атамыз­дың фотосының түп нұсқасының ұрпақ­қа жетуі де өзінше бір оқиға. Фотоны жеткізуші қажы атамыз келгеннен кейін оның барлық кітабын еріксіз отқа өрте­ген ОГПУ мекемесінің от жағушысы, өзі мылқау әрі сауатсыз Шәукен, шын есімі Оразғали деген адам екен. Шәукен бастықтарының бұйрығымен көп кітап қағаздарды өртеп отырып, ішінен қажы­ның суретін көріп таниды да, қолма-қол фотоны екі бүктеп қалтасына салып алады. Фотоны көп жыл ешкімге көрсет­пей сақтаған Шәукен қария 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойына келгенде М.Әуезовпен кездейсоқ танысып қала­ды. Бұл оқиғаны зерттеуші А.Омаров «Қарауыл» кентінің тұрғыны ардагер ақсақал Манатай Балтақайұлының өз аузынан жазып алған. Келесі жылы заң­ғар жазушының үйіне қонаққа барғанда ел өлдіге санап жүрген Шәкәрім қажы­ның ұлы Ахатқа кездеседі. Сан жылдан соң өз әкесінің фотосын қолына алған Ахат қария сол жерде өкіріп жылаған екен. Ал Шәкәрім атамыздың қолына бүркіт ұстап түскен фотосы ол кісінің 71 жасында Қарабұлақта түсіріліпті. Фото­ға түсірген сол кездегі КСРО құрамын­дағы бұратана халықтардың этникалық одағын зерттеу жұмысымен айналысқан Федор Артуров Фиельструп. Фотода «Охотник с беркутами, казахи, Семи­пала­тинский уезд 1927 г» деп жазылған екен. Нақты Шәкәрім қажы екенін Қазан қаласындағы мұрағатта сақталған Фиельструптың еңбектерін іздеп жүргенде қордағы материалдар ішінен осы фото «Шакарим кажи со своим бер­кутом» деген жазуымен табылған. Фото­да Шәкәрім қажының атақты «Мұзба­лақ» бүркітімен қоса, әйгілі «Қоңыр» аты да көрінеді. Бұл Қоңыр деген атты қажы Қытайға қашқан кенже ұлы Зият­қа мінгізіп жіберіпті. Бүркітті өлер ал­дын­да атамыз өз қолымен биік таудың басына шығып босатып жіберген.

А. Қарасартов Қытайға қашып кетсе де, Зияттың да артынан бір елі қалмай жүріп, ақыры оның да түбіне жетеді. Әкесіне тартқан асқан білімді әрі ақын болған Зият Қытай түрмесінде жатып зарын әнге қосып күңіреніпті.

Қытай елінде қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен, қазақ тілінде алғаш газет шығарушы­лардың бірі болған, енді бой көтеріп келе жаткан Зиятты А. Қарасартовтың жала жазбалары бойынша кейіннен Қазақстанға алдыртып, «Халық жауы» деп атып өлтірді.

Асылында, Шәкәрім қажы-Абай мек­тебінің ең танымал өкілі. Абай дәс­түрін, мәдениетін жаңа биікке көтерген, қазақ өлеңіне жаңа леп әкелген ойшыл ақын. 

XX ғасырдың басындағы зұлматта тағдырын өрт шалған, Алаш зиялылары­ның ішіндегі шоқтығы биік дара тұлға­ның зерттелер еңбегі, ашылар жаңа қыр­лары мен сырлары әлі де шексіз деп білемін.

Гүлмира СЕРІКБАЕВА

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін

құрбандары музейі директорының орынбасары