Сығанақтан сыр шертеді

Осыдан 1 жыл бұрын құрылған «Сығанақ тарихы» музейі ежелгі Сығанақ қаласының тарихынан сыр шертетін орынға айналып үлгерді. Қазір бұл кешен ежелгі қаланың мәдени, рухани бай мұрасын сақтаушы және рухани-идеологиялық қызмет атқарады.

«Сығанақ тарихы» музейін ашу идеясы маған 2014 жылы келді. Оны іске асыруға республикалық маңызы бар, мемлекет қорғауына алынған тарихи қалаға 2003 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситеті «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылым­дарының докторы, профессор С.Жолдас­баевтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізілуі мұрындық болады. Сондай-ақ ежелгі қала орнынан табылған жәдігерлерді халықтың назарына ұсыну мәселесі көтеріле бастады. Өйткені «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автокөлік жолын салу кезінде Сунақата елді мекені жанынан топырақты алынып, сол кезде табылған құнды жәдігерлеріміз қолды болып кетті. 

Ежелгі Сыр бойын жағалай орналасқан ірі қалалардың бірі – Сығанақ қаласының 1500 жылдық тарихы бар. Осынау қаланың тарихы мен мәдениетін елімізге таныту, кейінгі ұрпаққа насихаттап, тарихтан сыр шертер көне жәдігерлерімізді халық игі­лігіне ұсыну игі іс. Осы орайда ашық аспан астындағы мұражай жасау тарих үшін жасалған тың бастама болар деген оймен, жергілікті атқарушы әкімнен бастап, облыс әкімі, мәслихаттармен бірге минис­тр­лерге жазған хаттардағы мәселенің түйіні – Сығанақ қаласының жанынан «Сығанақ тарихы» музейін ашу болатын. 

 Әрине, музей ашу оңай шаруа емес. Бұл істе біз білікті мамандар мен қаржы­ның, ғимараттың, материалдық-техника­лық базаның тапшылығымен бетпе-бет келдік. Жаңа музейге жәдігерлер жинау да оңай болмады. 

Неге десеңіз, мұражай келушілері Сығанақ қаласының өткен тарихымен таныса келіп, бүгіннің өзекті сауалдарына жауап іздейді. «Сығанақ тарихы» музейінің бұдан былайғы дамуының заңдылықтарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне осылай­ша қарасақ, мұражай – өткен мен бола­шақты жалғастырушы түйін.

2016 жылдан «Сығанақ тарихы» музе­йін ашуды қолға алғанымда осынау игі бастаманы көтеріп, Жаңақорғанның сали­қалы азаматтарының қолдауына ие бол­дым. 2017 жылы 18 мамырда Жаңақорған орталығындағы Һисамиддин Сығанақи мешітінің астыңғы қабатында «Сығанақ тарихы» музейі ашылуы салтанаты өтті. Іле-шала «Сығанақ тарихы» музейін орна­ластыру туралы «ORDA Сығанақ» шипа­жайының басшысы Асқар Ибрагимовтен өте жақсы ұсыныс түсті. Ол кісі «Сығанақ тарихы» музейін «ORDA Сығанақ» шипа­жайының жоғарғы қабатындағы бос орынға орналастыру туралы ойын айтты. Міне, осының нәтижесінде халық игілігіне тарихтан сыр шертер көне жәдігерлер мен көмулі жатқан тарихымыздың құпиясын ашатын «Сығанақ тарихы» музейінің есігі былтыр 18 мамырда Халықаралық музей­лер күніне орай ашылды. 

 «ORDA Сығанақ» шипажайына ем-дом алушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Алыс-жақын шетелден және Қазақстаның барлық өңірінен келген демалушылар «Сығанақ тарихы» музейіне мойын бұрады. Олар тарихи мәліметтерді «Сығанақ тарихы» музейінен алады. Жек­сенбі күні арнайы Отырардағы Арыстан­баб, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауиге саяхат жасайтындар Сығанақ қаласындағы Һисамиддин Сунақ Атаға зиярат етіп келуін сұраушылар көп. 

Бүгінде аудандық және муниципалдық мұражайларға туристер қонақтары үлкен қызығушылық танытады. Бұл демалыс және мұражай саласында қызмет көрсету нарығының дамуына байланысты. Бәсеке­лестік ортада мұражайларға келушілермен жұмыс істеудің әдістерін түбегейлі қайта қарауға тура келеді. 

 «Сығанақ тарихы» музейінде қазақтың ұлы даласының үш хандығының астанасы болған Сығанақ қаласы туралы әлемнің барлық көне жазбасы мен картасында кезіктіруге болады. 

Музей сегіз бөлімнен құрылған. Әр бөлім көне Сығанаққа қатысты тарихи мәліметтер ұсынады. 

Оның бірінші бөлімі «Сығанақ хан­дығы» деген аталады. Онда осы тарихи ме­кенде құрылған хандықтардың тари­хына қатысты деректер қамтылған. 

ХІІ ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақ мемлекеттік бірлестігінің астанасы болды. ХІІІ ғасырда Джувейниде монғолдарға көрсеткен қарсылығы үшін қаланың 1220 жылы талқандауының суреттемесі бар. Ол Жошы әскерлерінің Сырдария бойымен төмен жылжи келе бір қаладан кейін бір қаланы алып отырған. Сығанақты 7 күн бойы шабуылдап, алып тұрғындарын түгелдей қырып салынған. Талқандал­ғаны­на қарамастан Сығанақ қайта салы­нып, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Гетум­ның жүрген жолы суреттемесінде де «Сг­нак» деп аталған.

Тарих үшін араб географтары Ибн Хордадбектің, Макдисидің, Ибн Хаукаль­дің, Ибн Рустенің, әл Максудидің еңбек­терінің маңызы айрықша зор.

Дешті-Қыпшақ мемлекетінің өркендеу кезеңі ХІ ғ. басынан – ХІІІ ғ. басына дейін ұласты. Сырдария өзенінің бойында Сыға­нақ, Құмкент, Жент сияқты өркениетті қалалар мәдениеті дамыды. Фазалаллах ибн Рузбихан Исфихани өзінің «Михман – намейн-Бұхар» («Бұхар қонағының жаз­ғандарынан») атты еңбегінде: «...Олардың қару-жарақтары көп болған, құдіреті күшті Құдай оларға жазғы және қысқы тұрақтар, малдарын асырау және суғару үшін бірде-бір тасы жоқ тегіс жер берген. Бұл беткей өзендер, гүлдер және қызғал­дақ­тармен көмкерілген және оны Дешті-Қыпшақ деп атайды» деген. Ал «Ақ Орда» хандығына қатысты «Сығанақ тарихы» музейінде мол мәліметтер қамтылған. Му­зейдің экс­понатында «Монғол шапқын­шылығынан кейін, ХІV ғасырдың басында ал­ғашқы Ақ Орда мемлекеті құрылған­дығы, Ақ Орда мемлекеті Жайықтан Ер­тіске дейінгі, Арал теңізінен бастап Сырда­рия­ның оң жаға­лауындағы Қара­тауға дейінгі аралықтарды қамтитындығы, Ақ Орда Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған ұрпақ­тары билей бастағандығы толықтай көз алдыңыздан өтеді.

Ал Эрзен хан тұсында Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілген­дігі жайындағы мәліметті сол кезде қала гүлдене түскендігі де осындағы экспо­нат­тан толық көруге болады. Сонымен қатар Сыр бойындағы қалалармен Сығанақтың өзара байланыс жасап отырғандығымен қоса, Эрзен ханның кейін осы Сығанақта қайтыс болып, осында жерленген.

Әлкей Марғұлан: «Эрзеннен кейін хан тағына оның ұлы Мүбәрәк хан (1320-1344) отырғандығы да қалыс қалмаған. Одан кейін хандық Орыс ханға (1361-1378) тиеді. Міне, сол «Ақ Орданың» астанасы болған, Сыр бойының мәдениетті, сәулетті де көрікті саудасы мен қолөнер кәсібі дамыған, он бес мұнаралы қорған, Ұлы Жі­бек керуен жолының бойында орналас­қан қалалардың бірі – Сығанақ шаһары» деп пікір білдіреді. 

Орыс хан билікке келген соң Ақ Орда­ның астанасы Сығанақ қаласына көші­рілді. Осы қалада Орыс хан соқтырған теңгелер осы кезден бастап белгілі болған. 1446 жылы дала билеушілерінің бірі – Мұстафа Әбілқайырға қарсы соғыс ашып, жеңілді. Осы жылы Әбілқайыр хан Сыр бойы мен Қаратау бөктеріндегі бірнеше қаланы (Созақ, Сығанақ, Аққорған, Өз­кент) басып алады.

 «Сығанақ тарихы» музейін аралай отырып, келушілер өз дәуірінде өркениет­ке ұмтылған халық жайлы мағұлмат алады. Мұнда сол замандағы үлкен білімнің ор­дасы болған. 

 Халықтың материалдық һәм рухани байлығын көріп, біліп, зерделеймін деген адам­ның бас сұғар жері – мұражай. Мұражайлардың халық қазынасын сақтап қана қоймай, насихаттап, өткен ғасырлар мен бүгінгі күннің арасын жалғап, жас ұрпақтың өз тамырынан ажырап қалма­уына қызмет етіп отырғандығы белгілі. Осындай міндетті мойнына алып, өз ісін адал атқарып отырған мұражайлардың бірі «Сығанақ тарихы» музейі – Сыр өлкесінің тарихын, өңірдің өткен тарихын бойына жинаған қастерлі орталық. Мұражай қоры мен экспозициясында ортағасырлық Сығанақ қаласының басынан өткенін баяндайтын жәдігерлер жинақталып көрсетілген. Қазір мұнда мыңнан астам экспонат бар. «Сығанақ тарихы» музейін көріп тамашалаған адам Сығанақ қаласы­ның тарихын тереңірек біліп, жиһанкез, саяхатшы мен тарихшы ғалымдардың қолынан шыққан түрлі дәлелдер – тұжы­рымдарды оқып, көріп шығуға болады.

 «Сығанақ тарихы» бірнеше рет «Мұ­ражайға сыйға тарту» акциясын, этно­гра­фиялық экспедициялар ұйымдастырдық. Осындай іс-сапарларда ел арасында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері – құнды жәдігерлер өте көп екендігіне көз жеткіздік. Нақтылап айтар болсақ, «Сығанақ тарихы» музейінің ең құнды экспонаттарының қатарына көне қала Сығанақтан табылған құмыра, диір­мен, күбі, келісап, ат арбаның доңғалақ­тары, ою-өрнекті керамикалық жапсыр­малар, керамикадан жасалған ыдыс-та­бақ­тардың сынған заттары, қыз-келіншек­тердің алтын әшекей бұйымдары, жүзік, сырға, айна, теңгелер, т.б. жатады.

 «Сығанақ тарихы» музейінен осы кешеннің негізін қалаушы осы жолдар авторының «Хусам ад-Дин ас-Сығанақи» мүсіні, «Сығанақ қаласы», картинасы, «Хусам ад-Дин ас-Сығанақи» портреті және «Ортағасырлық Орда Сығанақ тарихы» фотосурет желісімен шыққан кі­табы, «Сунақ ата» мешіт медресенің макеті мен газет журналға шыққан мақалала­рымен таныса аласыз.

 Музей залдарына кіргенде өткенге үңілгендей боласыз. Зал бір уақытта көне тарих және мұрағатқа ұқсайды, экс­курсовод көне жәдігерлер, фотосуреттерді, көне керамикадан жасалған ыдыстардың сынықтарын, зергер бұйымдарды, теңге­лердің қолданғанын және т.б. деректермен таныстыратын болады.

Көне Сығанақ қалашығына саяхат­тасаңыз, ашық аспан астындағы Сығанақ қаласының мұражайы мен Сунақ Ата мешіт медресе, Сығанақ қаласының шы­ғыс қақпасы, орталық мешіт, археолог­тердің ашқан тұрғын үйлері және Эрзен ханның кесенесін көре аласыздар. Сыға­нақ қаласының маңында жерленген Сунақ Атаның 6-атасы Мәнсүр Мәлік кесенесі. Әбу Бәкір ас-Сыдықтың 16 ұрпағы болып келетін Һисамиддин Сығанақ Сунақ ата (1132-1199) жылдары Сығанақ (Сунақ) қа­ла­сында өмір сүрген. Ол халықты иман­дылыққа, білімге, ғы­лым­ға шақырған. Бала оқытып, сауаттарын ашқан. Ұлы ғұлама ғалым болған. Отырар қаласындағы кітапхананы басқарған Һисамиддин Сығанақи Сунақ Ата ғұлама ғалымның атақты діни шығармалары «Нихая» мен «Хидая» кітаптарын осы қала­да жазған. Һисамиддин Сунақ Ата кесенесіне зиярат жасауға келгендердің қарасы көбеюде.

Тарихи артефактілерге бай Сығанақ қаласы шығыс пен батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды рөл атқарды.

 Бүгінде Сығанақ қаласы тарихи мәні жоғары орындардың бірі саналады.

 

 «ORDA Сығанақ» шипажайына келген әрбір ем алушы ежелгі қаланың тарихымен танысуға құштарлық танытуының өзі үлкен жетістік. Арнайы ат басын бұрып келетін саяхатшыларымыз бен жасөспірім шәкірт­тер практикалық сабақтарына келетіндері бар. Бір жылда 6000-нан аса адам «Сығанақ тарихы» музейін тамашалады. Бұл үлкен жетістікті айта кетпеске болмас. Алдағы уа­қытта Сығанақ қалашығынан «Сығанақ тарихы» музейі ашылса, нұр үстіне нұр бо­лар еді.

Рысбек АСҚАРҰЛЫ, 

 «Сығанақ тарихы» музейінің 

негізін қалаушы