Астанада мектеп оқушы­лары арасындағы шахмат ойындарының бірінші іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Тартысты өткен командалық турнирді ұйымдастыруға Астана қаласы әкімдігі ұйытқы болды.
Тартысты өткен турнир
686
оқылды

Биыл 1 мамырда елордада Ха­лықаралық шахмат федерация­сының президенті Аркадий Двор­кович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасында алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы шартқа салтанатты түрде қол қой­ған болатын. Мұндай чемпионат әлемде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл жолғы жарыстың қатысушы­ла­ры шахмат клубтары мен сек­цияларының тәрбиеленушілері емес, қарапайым мектеп оқушы­лары мен шахмат әуесқойлары екенін ерекше айтып өту керек.

Жарыс екі кезеңде өтеді. Іріктеу жарыстарының бірінші кезеңі чемпионатқа қатысушы елдердің өз аумағында өтсе, тур­нирдің екінші кезеңі тамыз айын­да біздің елде ұйымдастырылмақ. Әлемдік додаға дүниежүзінің 50 елінен жас шахматшылар келеді деген жоспар бар. «Астанада аяқ­талған әлем чемпионаты қазақ­стан­дықтардың осы спорт түріне деген үлкен ықыласын көрсетті. Біздің шахматшылардың ашық кубоктағы жеңістері, Қазақстан әйелдер құрамасының жоғары нәтижелері қазақстандық шах­маттың жоғары деңгейге жеткенін тағы да дәлелдеді. Оқушылар ара­сындағы алдағы жарыстар жас спортшылар үшін маңызды бәсе­келестік тәжірибе алуға, Қазақ­стан­­нан және басқа елдерден мық­ты қарсыластармен ойнауға та­маша мүмкіндік. Бұл қазақ­стан­дық шахматтың дамуына қуат­ты серпін беретініне сенім­дімін және бізде осы тамаша спорт түрінен жаңа жұлдыздардың жануына септігін тигізері сөзсіз», – дейді Тимур Турлов. 

Әлемдік деңгейде қабыл­дан­ған шешімге сәйкес, біздің елде де бәсекеге іріктеудің алғашқы кезеңі облыс орталықтары мен қалаларда қызу тартыс­пен бас­талды. Іріктеу кезеңінен өткен жас шахматшыларды енді 26-29 мамыр аралығында болатын республика чемпионаты күтеді. Сондай-ақ маңызды жарыстың жоғары деңгейде ұйымдасты­рылуын Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» ФК ғылыми-практика­лық орталығы мен «Астана қаласы шахмат федерациясы» ҚБ бір­лесіп шешіпті. Ұлттық ғылыми орталықтың директоры Нұрлан Ескендірұлы турнир өтетін алаңға қаладағы №73 физика-техника­лық мектебінің акт залын берсе, қалалық шахмат федерациясы мектеп қабырғасына ең жаңа шахмат құралдарын – сағат пен шахматты, шахмат үстелдерін және жоғары білікті төрешілер бригадасын ұсынған. 

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, 12 жасқа дейінгі турнирге 138 адамның ішінде 20 қыз, 18 жасқа дейінгі командалық жарыс­та 12 қыз қатысқан. Сондай-ақ тур­нирдің тағы бір ерекшелігі сол, қыздар ұлдармен тең дәрежеде ойнай алады. Яғни, жасөспірімдер мен қыздардың тақталары бө­лінбейді.

 Қалалық федерацияның ат­қарушы директоры, шахматтан халықаралық спорт шебері және Халықаралық шахмат федерация­сының төрешісі Дана Сағым­бекқызы турнирдің бас төрешісі болды. Сонымен, 140 адам қа­тысқан 12 жасқа дейінгі турнирде 30 команда бақ сынап, 1-орынды №72 мектеп-лицейі, 2-орынды №79 мектеп лицейі, 3-орынды Республикалық физика-мате­матика мектебінің командалары иеленді. Ал 18 жасқа дейінгі тур­нирде 112 адам қатысты. 28 ко­манда арасынан РФММ коман­дасы жеңіске жетсе, екінші орын­да №72 мектеп-лицейі еншіледі, үшінші орын НЗМ-і командасы­ның қанжығасына байланды.

Ж.МҮСІЛІМ