Осыған орай жыл басында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жанданған болатын. Ал жоба өз жемісін беріп жатыр ма? Әлде «баяғы жартас – бір жартас» күйде ме? Үңіліп көрдік.
Ең әуелі статистикалық сандарды сөйлетсек, жоба 2024 жылға дейін жоспарланған. Бұған жергілікті бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлініп, бүгінге дейін оның 280 миллион теңгесі игеріліп отыр.
Негізі, жоба бес бағытты қамтиды. Оның бастысы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындардағы қылмысты азайту және жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу.
Жасыратыны жоқ, жоба шеңберінде қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қылмыс деңгейі 31,8 пайызға төмендеген. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 20,6 пайызға азайыпты. Алайда кәмелеттік жасқа толмағандардың қолымен жасалған қылмыс саны 19-ды құрап, бір деңгейде қалған. Аталғандармен қатар кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар және бопсалау артып отыр. Әрбір жасаған қылмысты қайталау да азаяр емес. Бұдан бөлек, демалыс орындарындағы қылмыстар саны 17 пайызға артыпты. Оның басым бөлігі – бұзақылық пен ұрлық.
Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаевтың айтуынша, қылмыстардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқан көрінеді.
– Кемшіліктерді ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар қайта қаралып, бірқатар бастамашылық іс-шаралар жүргізілуде.
Прокуратураның бастамасымен мамыр айында әкімдік, полиция, білім бөлімі, денсаулық сақтау ұйымдары және мектеп әкімшілігімен бірлесіп, айлық жүргізілуде. Айлық аясында қала әкімдігі арнайы топ құрып, 66 полиция бөлімінде, 129 мектепішілік есепте тұрған, 65 жайсыз және 573 сенімхатпен жүрген балалардың тұрмыстық жағдайы, түйткілді мәселелері зерделенуде.
Жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу, ерте жүктілікті болдырмау мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарымен мектептерде түсіндірме жұмыстары қолға алынды. Бопсалау фактілерін болдырмау және анықтау мақсатында оқушылар арасында сауалнама жүргізіліп жатыр, – дейді қала прокуроры.
Әрине, бар мәселе сауалнама жасап, зерделеумен шешіліп жатса құба-құп. Алайда жасөспірімдер арасында есірткіге әуестенушілердің артып кеткенін құқық саласы өкілдерінің өздері айтып отыр. Әсіресе, есірткі тасымалы, жаңа түрлерінің пайда болуы және синтетикалық есірткі саудасы ерекше екпін алған. Мәселен, жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымының 154 дерегі тіркеліп, 27 келі 72 грамм есірткі тәркіленген.
Тағы бір күрделі мәселе, Тараз қаласында төрт айда 12-14 жас аралығындағы 75 мектеп оқушысы үйінен қашып кеткен. Оның 44-і – қыз бала. Ал 16 жасқа толмағандардың арасында жыныстық қатынасқа түсу фактілері бірден 150 пайызға өскен. Мұндай сұмдық көрсеткішке қатысты құзырлы орган өкілдері тағы да өздеріне кір жуытпай, барлық мәселені ата-ананың жауапкершілігіне сырғытып тастады.
– Ата-ана балаларына бас-көз болуы керек. Жуырда қала сыртына шығып кеткен 16 жасқа толмаған қыз балаларға қатысты қылмыс тіркелді. Бұл – жасөспірім қыздардың қала сыртына өз еркімен барғаннан кейін болған қылмыс.
«Негізі, жасы 16-ға толмай жатып, отбасы құрамыз» деген жастар жыныстық қатынасқа барып жатыр. Биыл ғана екі жасөспірімнің ерте жүкті болып қалғаны анықталды. Олардың жүктілігі ауруханаға барғанда белгілі болды. Міне, осындай қылмыстардың алдын алу үшін қазір ата-аналармен жіті жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – дейді қала прокуроры.
Жалпы, мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа» атанып жатқан жасөспірімдер саны бойынша Жамбыл облысы алдыңғы қатарда. 2021 жылы тіпті бір жылда кәмелеттік жасқа толмаған 244 қыздың жүкті болып қалғаны айтылған еді. Ал былтыр 10 жасөспірімнің ерте жүктілігі мәлім болды. Енді міне, биыл жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас фактілері 150 пайызға өсіп отыр. Бұл әрине, санаға салмақ салатын сандар.
Жарайды, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуына ата-ананың жауапсыздығы себеп болып жатыр дейік. Алайда «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанына не деуге болады? Мәселен, былтыр қаңғыбас иттердің шабуылы салдарынан ауруханаларға 1892 адам жүгінсе, оның 842-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер екен. Биыл да теріс динамика сақталып, 629 тұрғынды ит қапқан болса, оның ішінде 241-і жасөспірім төртаяқты мақұлықтардың құрбанына айналған.
Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда қалада қылмыс артпаса, кемімегенін сандар айғақтап тұр. Бірен-саран бағыт бойынша ғана қылмыс санының төмендегеніне қарап, бәрі «жақсы» деуге болмайды. Сондықтан жауапты мамандар жұмыс нәтижесін «сұлу» статистикада ғана емес, іс жүзінде көрсетсе екен дейміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы