Бұл мәселеге 2022 жылы назар аударылып, құмар ойындарға қарсы шаралар қабылдау қажеттігі және құмар ойындарының жарнамасына бақылауды күшейту ұсынылды.
Республикалық деңгейде бірнеше рет айтылған мәселе сайлау алдында да талқыланып, кейбір депутаттыққа үміткерлер мәселені шешуде өз нұсқаларын айтқан болатын. Мәселен, VII сайланған Мәжілістің екі депутаты Ләззат Рамазанова мен Екатерина Смышляева мәлімдеме жасады.
«Денсаулық сақтау министрлігі құмар ойындарға деген құштарлық нақты проблемаға әкеп соқтырса да, құмар ойындармен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу үшін ешқандай шара қолданбай отыр: қарыздар (қазақстандық ойыншы қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңге шегінде ауытқиды), ажырасулар (Қазақстандағы 10 жұптың 7-сі құмар ойындарға байланысты ажырасады), ауыр қылмыстар мен суицид оқиғалары (ойыншылар көбіне физикалық жазаға қауіп төндіреді) тыйылмай тұр. Сондай-ақ Қазақстанда қазірдің өзінде аталып жүрген 350 мыңға жуық құмар ойыншы бар болса да (олардың көпшілігі жасөспірімдер), заңнамада букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым салынбаған. Сондықтан мұндай компаниялар өз қызметтерін барлық жерде жарнамалауды жалғастыруда» делінген олардың Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісмендер құмар ойындарын тарату және жарнамалау саласындағы заңнаманың орындалуын бақылауды күшейтуді, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі қызметтің жұмыс жоспарында балалар мен жасөспірімдер арасында құмар ойындардың алдын алудың арнайы бағдарламаларын қарастыруды, медицина қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру шеңберінде ойынға тәуелділіктің алдын алу және емдеу жөніндегі бағытты көздеуді, балалар мен жастардың ойынға тәуелділігінің бар-жоғына, сондай-ақ олардың арасында осындай тәуелділікке ықтимал ұшырағандарды анықтауға тұрақты зерттеулер жүргізуді ұсынып отыр.
Үкімет депутаттарға берген жауабында: «Қазақстанда құмар ойындарға патологиялық тұрғыда көңілі ауатын адамдар үшін стационарлық жағдайда медициналық көмек көрсетудің стандарттары бар. Бірақ «ойынға тәуелділік» деген диагноз қою үшін кем дегенде 12 ай бойы адамды бақылау қажет», – дейді.
Депутат Ләззат Рамазанова 350 мың ойыншы деген дерек көзі қайдан алынғанын былай түсіндіреді. «Бұл құмар ойындармен айналысатын үкіметтік емес сектордың деректері. Яғни, деректер әлі де бейресми, ешкім растамаған, десе де ашық дереккөздерден алған. Бұл шаралар қабылдау үшін қойылатын талаптарды күшейтуде өте маңызды статистика деп санаймын», – дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы диспансерлік есепте құмар ойындарға патологиялық тұрғыда көңілі ауатын 8 пациент болған, оның ішінде кәмелетке толмағандар жоқ.
«Жасөспірімдер мен жастарды химиялық емес тәуелділікке тарту бойынша республикалық деңгейдегі соңғы ауқымды зерттеу 2012 жылы жүргізілді. Кейін олар халықтың жас топтары арасында да, тіпті ересектер арасында да өткізілген жоқ. Демек, елдегі ойынқұмарлыққа байланысты 350 мың ойыншы бар екені туралы және 10 ажырасудың 7-уі осыдан екендігі туралы нақты мәліметтер жоқ» делінген олар таратқан ақпаратта.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, Қазақстанда тәуелділіктің қандай түрлері басым екендігі туралы сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегу, алкоголь және есірткі бойынша нақты сандарды келтірді.
«Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда жастар арасында психоактивті заттарды тұтыну бойынша үш ұлттық зерттеу жүргізілді. Зерттеулер көрсеткендей, темекі өнімдерін пайдалану белгіленген жас топтары шегінде арта түскен және 25-34 жас аралығындағы жастар арасында максималды мәнге жетіп отыр (53,5%). Сауалнамаға жауап берген әрбір үшінші респондент кальян, буландырғыш немесе электронды темекіні ұзақ уақыт бойы қолданғанын айтқан, әрбір бесінші адам оларды соңғы айда қолданғанын растады» делінген денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында.
Бұл ретте елде тек 8 диспансерлік ойынқұмар тіркелгендігі әрине Қазақстанда құмар ойындарды ұнататындардың саны аз екенін білдірмейді. Сонымен қатар тек құмар ойыншылар ғана емес көптеген тәуелділер өз проблемаларын мойындамайды. Сол себепті олар өте аз анықталады. Екінші жағынан, Қазақстанда темекі, алкоголь және құмар ойындарға тыйым салынбаған. Яғни, мемлекет оларды әлеуметтік бақыланатын тұтыну нарықтары деп таниды және қоғам үшін жағымсыз салдары дәлелденген салаларын ғана үнемі зерттейді. Құмар ойындарға тәуелділік туралы нақты сипатты көріністің болмауы құмар ойындардың түрлерінің көптігінен және олардың кез келген тұтынушыға қол жетімділігіне байланысты болуы мүмкін. Бұл бір жағы салыстырмалы түрде гаджеттердің пайда болуынан да туындап отыр.
2022 жылғы сәуірде сол кездегі вице-премьер Ералы Тоғжанов Үкімет отырысында құмар ойындарға тәуелді адамдардың саны және азаматтардың онлайн-казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы деректер жоқ екенін айтты. Бірақ гэмблингпен күресте нақты шешімдер қабылдау керектігін тапсырды.
Жалпы ойынқұмарлыққа қарсы тек Қаржы мониторингі агенттігі ғана тиімді жұмыс істейді. Ол заңсыз ойын нысандарын жауып, оларды ашуға қатысқан адамдарды үнемі жауапкершілікке тартады.