Паскаль Сон – бүгінде елімізге белгілі италиялық музыкант.
Сон Паскаль: Маған шыбыт сыйлайтын мекен - Қазақстан
1,003
оқылды

Паскаль Сон инди-рок стилінде Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап танылған еді. Оның «Жаным сол» синглы мен бейне таспасы Қазнеттегі кавер-нұсқа бойынша рекорд орнатқан. Осы күні оның әндерінен қазақтың дәстүрлі аспаптары үні естіліп, қазақша шырқалатын әні көбейген. Музыканттан соның сырын білмек болдық...

– Паскаль, «көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші, соңғы кездері көрінбей кеттіңіз? Оған не себеп болды? Шығармашылығыңызда қандай да бір жаңалықтар бар ма?

– Қазақстанда болмағаныма үш жыл өтіпті. Мұны ең әуелі пандемия салдары деуге болады. Себебі айналамыз негативке толып, адам өлімі көбейіп, ахуал қиындай түсті ғой. Осының бәрі ішкі жандүниеме әсер еткені соншалық, шығармашылығымда үзіліс алдым. Оның үстіне, туризмге байланысты жеке жобамды бастаған едім. Содан табиғаты мен климаты қолайлы жақта болуды жөн көрдік. Елде карантин басталысымен келіншегім екеуміз Мароккоға кеттік. Ол кезде екеуміз әлі үйленбегенбіз. Ол жақта екі жарым ай тұрып, кейін Италияға бет алдық. Сол жақта некемізді қидық. Артынан Дубайда біраз уақыт тұрдық. 

Мәселен, кейбір әншілер депрессияға ұшырап, көңілі болмаған сәттерде ән жазуға бейім. Ал менде керісінше, эйфорияны сезініп, тынысып ашылып, бақытқа бөленгенде ғана ән жазамын. Сондықтан жаңа бір леппен өнерге қайта оралуға толық дайынмын. Өзгелер секілді Колизейге немесе басқа да керемет архитектуралық ғимаратқа, табиғатқа сүйсінуден шабыттанбаймын. Шабытты қарым-қатынастан аламын. Яғни, жұрттың бір-біріне немесе маған деген қарым-қатынастан шабаттанамын. Қазақстанның мен үшін орны бөлек, маған шабыт сыйлайтын бірден-бір мекен. 

– Ал Қазақстанға қашан келдіңіз? Шығармашылықпен айналысу ойыңызда бар ма?

– Елге оралуға тағы бір себеп – Қазақстаннан жаңа жоба ұсынылды. Сөйтіп Қазақстанға келісімен қыста жазған бірнеше әнімді шығардым. Әзірге осы жақтамын, іске асырар жоспарым да көп. Өз басым, бір елде ұзақ уақытқа тұрақтай алмаймын. Әйеліме де саяхаттаған ұнайды. Өзге елдерде тұрып көргіміз келеді. Мысалы, Дубайдан кейін Балиде болып, елге қысты өткізіп келдік. Өзімізге Бали ұнады. Тұруға қолайлы, ауа райы жылы жер екен. Сол себепті де саяхаттан бас тарта алмаймын. Әзірге Италия мен Қазақстанның арасында өмір сүріп жатырмыз. Италияда да үйім бар дегені болмаса, уақытымның көбін осында өтуде. 

– Репертуарыңызда өзіндік сарыны, әуені бар әдемі әніңіз көп. Дегенмен кез келген өнер адамының шығармашылығында жанына жақын, өзіне ұнайтын әні болады.  Әндеріңіздің ішінде қайсысы жаныңызға жақын? 

– Мынау жақсы, мынау жаман деп бөліп жара алмайды екенсің. Тіпті, бейтарап пікір беру қиын. Әрбір шығармамның өз орны бар. Бірақ жақында ғана «Жаным ұйықта» деген қазақша ән жаздым. Мұны бесік жыры ретінде қызыма арнадым. Әдемі ән, өзіме қатты ұнады. Енді бүкіл музыкалық платформаларға жүктелмек.

 Сонымен қатар «Цунами между нами» деген әннің орны ерекше. Біріншіден, орыс тілінде әнді алғаш орындауым. Негізі орысша таза, акцентсіз, еркін сөйлемегендіктен өзімді ыңғайсыз сезінемін. Сондықтан орыс тілінде әнді де көп орындай бермеймін. Бірақ осы жолы өзімді сынап көргім келді. Нәтижесі, жаман емес секілді. Музыкалық тұрғыдан күрделі саналатын ән көптеген үйлесімді алгоритмнен тұрады. Оркестрлік аранжировкасын да өзім жаздым. Сондай-ақ бұл ән – Dana Tunes деген Америкада тұратын талантты қазақ қызымен жасалған дуэт. Ең бастысы – осы әнді жазудың өзінен ләззат алып, жаным рахаттанды. Сол үшін де сүйікті әндерімнің бірі деуге болады. 

– Қызыңызға арнап ән жазыпсыз. Әке болу қалай екен? Сезіміңізді қалай сипаттар едіңіз? Өмірге деген көзқарасыңыз өзгерді ме? 

– Әке болу – ең керемет сезім. Қызым дүниеге келгенде шетелде едік. Бала қарасып, көмектесіндей ағайын-туған да алыста болды. Баламен менің де айналысуыма тура келді. Мүмкін көпшілікке бұл күйбең-тірліктің қамы, қарапайым дүние болуы мүмкін. Бірақ өміріңнің мәніне айналған жанды «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» өсіргің келеді екен. Күніге қылық шығарып, бізді баурап, шексіз бақытқа бөледі. 

Жоғарыда айтып кеткенімдей, «Жаным, ұйықта» әні  менің ғана емес, барша балаға арналады. Балаларды қорғап қана қоймай, қауіпсіз орта құруға тырысуымыз керек. Себебі бізге кіршіксіз махаббатты, шынайлықты үйрететін – осы балапандар. Жалпы сәбилі болған күннен бойыңды күш-қуатын кернейтін секілді. «Балалы үй – базар» деп бекер айталмаған екен.

– Келіншегіңіз – қазақ қызы. Онымен қалай таныстыңыз? Сізді несімен баурап алды?

– Бұл әлемде ең сұлу да, көрікті келіншек – менің әйелім. Есімі – Айсана. Шымкенттің тумасы, бірақ Алматыда өскен. Екеуміз алғаш Алматыдағы танымал кафенің бірінде танысқанбыз. Бірақ ол кезде оның жігіті болатын, менің де басым бос емес еді. Арада біраз уақыт өткенде тағы кездесіп қалдық. Ол кезде екеуіміздің де басымыз бос. Сөйтіп, қосылдық, үйлі-баранды болдық. Негізі оған дейін дос болып, 3 жылдай араласып, бір-бірімізді тани түскенбіз. Уақыт өте оның дәл мен қалаған жан екенін түсіндім.  

– Жақында Астанада жеке ән кешіңіз өтеді екен. Тыңдарманыңызға не дайындадыңыз? 

– 28 мамырда Астана қаласында жеке ән кешімді өтетіні, рас. Ал маусымда Алматыда өткізбекпін. Өзім де бұл концертті ұзақ күттім. Өйткені концертте әндеріңді ғана орындап қоймайсың. Әр әннің шығу тарихы бар. Оның әрбірі сенің өміріңмен, жандүниеңмен байланысты. Сол себепті әр әннің шығуын, оның жазылуына не түрткі болуын айтып, көрерменге бөліскім келді. Басты ерекшелігі – концертте кавер әндер мүлде болмайды. Тек өз әндерімді тыныш ортада, жаныма жақын жандарға орындаймын. Арасында барабаншы досым Маркпен өнер көрсетеміз. Екеуіміздің жұмыс істеп келе жатқанымызға 9 жылдан асты. Келіңіздер, көріңіздер! 

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... Жаңа ән жинақ шығарып, біз білмей қалып жүрмейік...

– Негізі ән жинақ, яғни альбом шығару күрделі жұмыс. Шыны керек, қазір ондай дүние трендте емес. Бүгінде бәрі TikTok-пен тығыз байланысты секілді. Сондықтан көбі сингл, яғни жеке ән жазғанды құп көреді. 5-6 жаңа әнім бар, шығу сәтін күтуде. Әйтпесе, бұған дейін үш альбомым шыққан. 

Шығармашылықты жоғары бағалайтын қазақстандық «Өзен» лейблімен,  инди стилінде жұмыс істеп жатырмын. Өзім де сол стилді ұнайды, бірақ менікі көбіне инди-поп бағыты. Мысалы, «Жаным сол», «Сүйемін» әндерім инди-поп стилінде жазылған. Инди – ағылшынның independent сөзінен шыққан. Ол – үлкен коммерция заңдылығына бағынбайтын еркін әуен дегенді білдіреді. Нақтырақ айтсақ, инди дегеніміз – өзің қалаған және жақсы көретін нәрсені істеу. Жүрегінде шынайлығы ба, ойы еркін адам ғана шынайы музыкаға ғашық бола алады. Бұл менің – өмірлік философиям және сенімім. Бәріне уақыт төреші. Жаңа әндер  де, альбом да шығуы мүмкін. Елге оралып, енді шығармашылығыма толыққанды көңіл бөлмекпін.