Депутаттардың алдында тиісті комитет өкілдері мен Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Одан бөлек, Сыртқы істер, Әділет, Энергетика және цифрлық даму вице-министрлері депутаттардың сұрағына жауап берді.
Мәжілісмендер қарауына ұсынылған мәселелер: «Прокуратура туралы», «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы», «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы», «Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау туралы», «Түркия Республикасының Үкіметімен арадағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы» және «Сұйытылған газ айналымын реттеу туралы» заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде болды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша екінші оқылымда қорытынды жасалды. Бұл заң жобасы сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік реттеуді енгізуге, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізу кезінде бағаларды мемлекеттік реттеу тәртібін өзгертуге, сондай-ақ жекелеген ұғымдарды нақтылауға және айқындауға бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.
Былтыр Мемлекет басшысы газ саласын сапалы қайта жүктеуді тапсырған болатын. Соған сәйкес, Парламент депутаттары бұл заң жобасын сұйытылған мұнай газының айналымын реттеудің құқықтық негіздерін өзгерту мақсатында әзірлеп отыр. Сұйытылған газ – шектеулі ресурс. Бір жағынан, газ тапшылығы өндіріс көлемінің төмендігімен байланысты. Бағаны үнемі шектеу зауыттардың жұмысын тиімсіз етеді. Екінші жағынан, газ нарығы өте жабық, жосықсыз делдалдық және көлеңкелі экспорт бар.
«Бұл мәселені шешудің екі нұсқасы бар. Біріншісі – барлық бағаларды реттеуді болдырмау. Ресурстың құны нарықтық болады, бірнеше есе өседі. Бірақ жоғары бағамен өндіріс пен импорттың өсуіне байланысты тапшылық жойылады. Тағы бір жол – тапшы тауардың айналымын ашық басқару. Төмен баға сақталады, тапшылық нарық пен тарату жүйесінің ашықтығы есебінен азаяды. Сұйытылған газ нарығын реттеудің нарықтық және әлеуметтік моделі арасында екіншісі – әлеуметтік модель таңдалды. Азаматтарымыз үшін сұйытылған газдың қолжетімділігі – заң жобасының басты міндеті. Бұл заң жобасы – тапшы ресурстарды басқару процестерін автоматтандырудан тұратын оның кезеңдерінің бірі. Бұл – саланың толық ашықтығын қамтамасыз ете алатын заманауи технологияларды енгізу және адами факторды азайту. Бұдан басқа, заң жобасында энергетика саласындағы уәкілетті органға сұйытылған газға өндірістен бөлшек саудаға дейінгі баға белгілеу әдіснамасын айқындау құқығын беру көзделген», – деді депутат Екатерина Смышляева.
Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы Мәжіліс қарауына қабылданды. 2022 жылғы 10 мамырда Анкарада жасалған Келісімді ратификациялаудың мақсаты – тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік бойынша мәліметтермен электрондық нысанда алмасу арқылы кедендік бақылау жүргізудің тиімділігін арттыру және мерзімдерін қысқарту. Келісімді қарау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырысы және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілген. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасына оң қорытындылар берді.
Күн тәртібіндегі 8 мәселе толықтай қаралып, депутаттардың дауыс беруімен қабылданғаннан кейін мәжілісмендер депутаттық сауалдарын оқуға көшті. Олардың көпшілігі Үкімет басшысына, оның орынбасарларына және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне жолданып, субсидия, отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдау, теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғалары, СТ-KZ сертификаты, Солтүстік Арал теңізі, интернет, Қаныш Сәтбаев атындағы канал тақырыбына арналды.
«Өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидия 50 пайызға ғана төленген, инвестициялық субсидиялар 30-40 пайыз төленді. Алынған қарыздар бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай. Биыл бөлінген тауарлық субсидиялар өткен жылғы борышты өтеуге жұмсалып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, инвестициялық субсидиялар және екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз. Өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес, 6 пайыздың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін 17-20 пайыз төлеуге мәжбүр етеді. Бұл онсыз да титықтап отырған шаруашылықтарға «жығылған үстіне жұдырық» болып отыр», – деді «AMANAT» партиясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, биыл астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы байқалған. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінген. Бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектеп отыр. Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жарым есе көп болған, майлы дақылдар қоры 22 пайызға өскен. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өсірілген егіннің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз, яғни ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге жеткілікті қаражат жоқ.
«AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы отандық аграрлық секторды қолдау үшін келесі шұғыл шаралар қабылдау қажет деп санайды. Біріншіден, 2022 жылға арналған субсидиялар барлық түрі бойынша барлық борыштарды қысқа мерзім ішінде төлеу қажет. 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Екіншіден, биыл субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет. Үшіншіден, Форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту керек. Төртіншіден, ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін Тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлеміндегі бидайды интервенциялық сатып алуы қажет. Бесіншіден, күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын алып тастау керек, бұл жыл сайын шілде-тамыз айларына келетін шикізат өңдеудің бәсеңдеуі кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Өз кезегінде отандық кәсіпкерлерді қолдау туралы мәселе көтерген «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытқожа Ізмұхамбетов: «Тұрғын үй салу және жөндеу жұмыстарына тендерлер сол жобадағы құрылысты толық (под ключ) тапсыруға негізделіп жарияланады. Осы орайда құрылыс жобасын жеңіп алған мердігердің конкурстық ұсынысында құрылыс материалдарының (жабын плитасы, кірпіш, цемент, түрлі тұрбалар, есік, терезелер, тағы басқалары) өзінен шығатын не шықпайтыны, сонымен қоса, қандай материалды сырттан алатыны және құнын қалай, қашан өтейтіні мердігердің тендерге ұсынысында көрсетіліп, тендер шешімінде ескерілсе дұрыс болар еді. Өйткені көп жағдайда құрылысқа қажетті тауарды өндіруші компания, тиесілі қаржысын алу үшін мердігердің құрылыс жобасын толық бітіруін күтуге мәжбүр. Бұл кейде жылдарға созылуы мүмкін. Нәтижесінде, құрылыс материалын шығаратын компания банк алдындағы берешегін өтегенше ұзақ, қосымша шығынға батады. Мұндай жағдай отандық құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға үлкен қауіп төндіріп, нарықтан ығыстыруы мүмкін. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алу заңының шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде және жаңадан қабылданатын Құрылыс кодексінде осы жайлар ескерілсе деймін», – деді.
Сондай-ақ аманаттық депутаттарды Арал теңізінің проблемасы алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Нәтижесінде, судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды. 2020-2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен. Теңіздің тартылуы салдарынан 3000-ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қаупі бар. Теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алайда теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді.
Осыдан соң депутат Нартай Сәрсенғалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге интернет сапасы туралы сауал жолдаса, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері атынан депутат Еділ Жаңбыршин Қаныш Сәтбаев атындағы каналда қалыптасқан ахуалға назар аудартты. Депутат Қ.Әлішев ауыл шаруашылығы саласындағы келеңсіздіктерді сөз етті.
Нұрлан ҚОСАЙ