Инвестициялық тартымдылық жөнінен Қазақстан 2030 жылы жаһандық елулікке енуді жоспарлап отыр. Бірақ жайына қалған «дамыған елдердің отыздығына» кіру мақсаты сияқты республика бұл мұратына да жете алмауы мүмкін.
Инвестор берекелі елге үйір

Себебі бүгінде осы салада дүниежүзіндегі бәсеке бұрын-соңды болмаған дәрежеде күшейді, одан жеңілген кейбір ел қазірден дамуда кері кете бастады. Олардың кебін құшпау үшін Қазақстан пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Қытайдан мол инвестиция тарту талабы да осыдан туса керек.

Инвестиция тартудағы олқылық қандай?

Фрейзер институты түзетін Инвестициялық тартымдылық индексіне сәйкес, әлемдік жал­пы рейтингте инвесторларға қызықты 84 елдің ішінен Қазақстан 56-орынға ие болды. Бір қара­ғанда, жаман емес. Бірақ жақсылығы да ша­малы: әдетте қалталы, капиталды адамдар, ин­с­титуционалды инвесторлар негізінен тізім­дегі алғашқы отыздықты айналсоқтайды. Яғни, тізім соңына қарай орналасқан мемлекетке  сал­мақты тәуекелге бел буған аз шоғыры ғана жетеді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бұл рей­тингте 2030 жылы 50-орынға көтерілуді жос­парлап отыр. 

Фрейзер институты (The Fraser Institute) өз зерттеуінде Қазақстанның басты олқылығы құқықтық, заңнамалық жүйе­де екенін атап көрсетті: сарапшылардың те­ріс бағаларының шамамен 77 пайызы соған қатысты. Ел экономикасына қар­жысын салғысы келетіндерді үркітетін басқа да кінәраттар жетерлік. Олардың қа­тарында салық және еңбек саласында­ғы, сондай-ақ геологиялық деректер база­сындағы кемшіліктер бар: үшеуі де 67 пайыздан артық теріс баға алды. 

Сондықтан қолға алынған реформа аясында бірнеше бағытта жұмыс жүр­гізіледі. Оның ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу жеңілдетілуде. Жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеудің күрделі рәсімдері оңайла­ты­лады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету және мем­лекеттік ақпараттық ресурс­тарды жүр­гізу рәсімдерін автоматтандыру деңгейі жеткіліксіз, ол да түзетілуі тиіс. Демонопо­ли­зация үрдісі өрістейді. Ашық және адал бәсекелестікке жағдай жа­салуға, бюро­кра­тиялық кедергілер жойылу­ға тиіс. Осы және басқасына ба­ғыт­талған заң жобала­ры­ның тұтас топ­тамасын дәл қазір бірнеше министрлік қатарынан әзірлеп жатыр. 

Ал оған дейін Қазақстан Қытайдан ірі инвестиция тартуға бекінді. Биылғы 18 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында құны 22 мил­лиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Қытай инвесторларын ауыл шаруашы­лығы, мұнай мен газ өндіру, оларды өңдеу және тасымалдау, мұнай химиясы, энер­гетика, жаңартылатын энергия көздері, металлургия, телеком­муникация, қаржы секторы, банк қыз­меті қызықтырады. 

Мысалы, CNPC компаниясы Шым­кент мұнай өңдеу зауытының өн­дірістік қуатын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру, Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу қабіле­тін күрт күшейту мәселеcін қарастырып жатыр.

Қытайдың ірі энергетикалық ком­па­нияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанда жасыл энергетика саласындағы жобала­рын жүзеге асырмақ. Нақтыласақ, Жам­был облысында қуаты 1 ГВт болатын алып жел электр стансасын салуға, Қа­зақстанның оңтүстігінде қуаты 200 Гкаллға жететін жылу стансасын іске қо­суға ниетті.

Қытайлық CITIC Group энергетика, мұнай және мұнай химиясы салаларында қазақстандық әріптестерімен арада 5 коммерциялық құжатқа қол қойды. Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 мил­лиард доллардан асады. China Nonferrous Metal Mining тау-кен металлургиясы және ши­кізатты терең өңдеу салаларында жобала­рын жүзеге асырмақ. Шығыс көршінің компаниясы KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салуды жос­парлады.

Ал қазақстандық бүкіл теміржол же­лісін Huawei цифрландырады. Тиісті аппараттар, жабдықтар және басқасы да Қытайдан жеткізіледі. Huawei Technologies пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясы теміржол желісін цифр­лан­дыру және жаңа технологияларды пай­далану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласты. Мұнымен шек­телмей, Huawei қазақ еліндегі бүкіл кең­жолақты қолже­тімді интернетті дамытуға қатысады. IT-тех­нология бойынша қазақ­стандық ма­ман­дарды да ҚХР Huawei Ақ­параттық-коммуни­кациялық техноло­гиялар акаде­миясы даярлайтын болды. 

Жалпы алғанда, Қытай – Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвес­торлардың ондығына кіреді. Алда өзгелерді ысырып, көшбасшы орындар­дың біріне шығуы мүмкін. Бұған дейінгі онжылдық­тарда одан келген инвес­тицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты.

Қазақстанның басты инвесторы кімдер?

Республикамыздың №1 инвесторы Қытай емес, ұжымдық Еуропа болып отыр. 2022 жылы Еуропалық одақтан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 23 пайызға серпінді өсіп, 12,5 миллиард долларға жетті. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ендеше Қазақстан осы салада жалғыз Қытай еліне тәуелді болып қал­майды. Батыспен де арамыз жақсы.

Үкіметтің ресми дерегінше, елге тіке­лей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) рекордтық көлемі тартылды. 2022 жыл қорытындысында Қазақстанға келген ТШИ жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрады. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен, яғни 23,8 миллиардтан 17,7 пайызға артық. 

Дегенмен осының өзі он жыл бұ­рынғы ТШИ көлеміне жетпейді: 2012 жылы ті­келей шетелдік инвестициялар­дың көлемі 28,9 миллиард доллардан асып еді. Сонымен бірге 17,7 пайыздық өсім панде­мия жылдарында инвести­циялық белсен­діліктің қатты шектелуіне байланысты болды. Мысалы, еліміз 2020 жылы – небәрі 17 млрд 155 млн, ал 2021 жылы 23 млрд 803 млн доллар ТШИ тарта алды. 

Бірақ Үкімет пен өңірлердің әкім­діктері алдына қойған міндеттің үде­сінен шыға алды: 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырым­дама­сының орта жолдағы межесі 2022 жылы 24 млрд доллар инвестиция тартуды ғана қарас­тырады. Яғни, оның аралық ныса­налы индикаторы 14,3%-ға асыра орындалды.

Сонымен, Қазақстанның басты ин­весторлары кім? Өткен жыл қорытын­дысында республикаға тартылған инвес­тициялар көлемі бойынша үш ел көш бастады, бұлар: Нидерланд – $8,33 млрд (1 жылғы өсім – 19,7%), АҚШ – $5,1 млрд (+81,9%) және Швейцария – $2,8 млрд (+2,4%).  

Алайда шетелдік инвесторларды не­гізінен қазақ елінің шикізаты қы­зықты­ратыны байқалады. Нәтижесінде, инвес­тициялар ең көп тартылған салалар арасында тау-кен өнеркәсібі ешкімге дес бермей, сол бойы алда келеді: 12,1 млрд доллар қаржы салынды және бір жыл ішінде оның көлемі бірден 25% өсті.

Екінші тұғырға өңдеу өнеркәсібі көтеріле алды: 5,6 млрд доллар, өсім 3%. Көтерме және бөлшек сауда саласына да 5,08 млрд доллар қаражат құйылды, бұл 2021 жылғыдан 36% көп. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке – $1,1 млрд (2,1 есе өсім), көлік және қоймалауға – $1,1 млрд (+14%), құрылысқа – $698 млн (-3%), қаржылық және сақтандыру қызметіне – $650 млн (-60%), электрмен жабдықтау және газ беруге 635,6 млн доллар салынды (2,8 есе артты).

Өңірлер арасында шетелдік капитал үшін тартымды 3 өңір анықталды. Көш­басшылар қатарында мұнайлы Атырау облысы, Алматы және Астана қаласы бар. Ал көш соңындағы Жамбыл облысында бар болғаны 62 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен.

Миллиард биігіне ту тіге алмаған өңірлердің басшыларына бұл тараптағы іс-қимылдарына қуатты қарқын мен тың тегеурін беруге тура келеді. Әйтпесе, инвестиция тарту әкімдердің қызметін бағалаудың және тиісті рейтинг түзудің басты бір көрсеткіші саналады. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан тек Орталық Азиядағы емес, бүкіл ТМД кеңістігінде шетелдік инвестициялардың ағыны бойынша көшбасшыға айналды. Өйткені соғысқа ұрынып, оқшаулануға ұшыраған бірқатар одақтасынан айыр­машылығы, Қазақстан халықаралық деңгейде өзара тиімді экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенді түрде қолдайды. 

Осының арқасында еліміздің инвес­торларының қатары жаңа елдермен толығуда. Осы дүйсенбіде Астанада өткен Қазақстан – Сингапур бизнес-форумы­ның қорытындысы бойынша ел эко­но­микасына жалпы құны 275 млн доллар қаржы құятын жобалар бекітілді. Син­гапурлықтар Алматы облысында G4 City жаңа қаласын салуға қатысады. Сондай-ақ ҚТЖ мен PSA International бірлескен кәсіпорын құрып, Ресейді айналып өте­тін Орта дәлізді бірге дамытады.

Елдос СЕНБАЙ

Елдар ҚАБА (коллаж)