Себебі бүгінде осы салада дүниежүзіндегі бәсеке бұрын-соңды болмаған дәрежеде күшейді, одан жеңілген кейбір ел қазірден дамуда кері кете бастады. Олардың кебін құшпау үшін Қазақстан пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Қытайдан мол инвестиция тарту талабы да осыдан туса керек.
Инвестиция тартудағы олқылық қандай?
Фрейзер институты түзетін Инвестициялық тартымдылық индексіне сәйкес, әлемдік жалпы рейтингте инвесторларға қызықты 84 елдің ішінен Қазақстан 56-орынға ие болды. Бір қарағанда, жаман емес. Бірақ жақсылығы да шамалы: әдетте қалталы, капиталды адамдар, институционалды инвесторлар негізінен тізімдегі алғашқы отыздықты айналсоқтайды. Яғни, тізім соңына қарай орналасқан мемлекетке салмақты тәуекелге бел буған аз шоғыры ғана жетеді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бұл рейтингте 2030 жылы 50-орынға көтерілуді жоспарлап отыр.
Фрейзер институты (The Fraser Institute) өз зерттеуінде Қазақстанның басты олқылығы құқықтық, заңнамалық жүйеде екенін атап көрсетті: сарапшылардың теріс бағаларының шамамен 77 пайызы соған қатысты. Ел экономикасына қаржысын салғысы келетіндерді үркітетін басқа да кінәраттар жетерлік. Олардың қатарында салық және еңбек саласындағы, сондай-ақ геологиялық деректер базасындағы кемшіліктер бар: үшеуі де 67 пайыздан артық теріс баға алды.
Сондықтан қолға алынған реформа аясында бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу жеңілдетілуде. Жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеудің күрделі рәсімдері оңайлатылады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жүргізу рәсімдерін автоматтандыру деңгейі жеткіліксіз, ол да түзетілуі тиіс. Демонополизация үрдісі өрістейді. Ашық және адал бәсекелестікке жағдай жасалуға, бюрократиялық кедергілер жойылуға тиіс. Осы және басқасына бағытталған заң жобаларының тұтас топтамасын дәл қазір бірнеше министрлік қатарынан әзірлеп жатыр.
Ал оған дейін Қазақстан Қытайдан ірі инвестиция тартуға бекінді. Биылғы 18 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Қытай инвесторларын ауыл шаруашылығы, мұнай мен газ өндіру, оларды өңдеу және тасымалдау, мұнай химиясы, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, металлургия, телекоммуникация, қаржы секторы, банк қызметі қызықтырады.
Мысалы, CNPC компаниясы Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру, Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу қабілетін күрт күшейту мәселеcін қарастырып жатыр.
Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанда жасыл энергетика саласындағы жобаларын жүзеге асырмақ. Нақтыласақ, Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын алып жел электр стансасын салуға, Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 Гкаллға жететін жылу стансасын іске қосуға ниетті.
Қытайлық CITIC Group энергетика, мұнай және мұнай химиясы салаларында қазақстандық әріптестерімен арада 5 коммерциялық құжатқа қол қойды. Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 миллиард доллардан асады. China Nonferrous Metal Mining тау-кен металлургиясы және шикізатты терең өңдеу салаларында жобаларын жүзеге асырмақ. Шығыс көршінің компаниясы KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салуды жоспарлады.
Ал қазақстандық бүкіл теміржол желісін Huawei цифрландырады. Тиісті аппараттар, жабдықтар және басқасы да Қытайдан жеткізіледі. Huawei Technologies пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол желісін цифрландыру және жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласты. Мұнымен шектелмей, Huawei қазақ еліндегі бүкіл кеңжолақты қолжетімді интернетті дамытуға қатысады. IT-технология бойынша қазақстандық мамандарды да ҚХР Huawei Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясы даярлайтын болды.
Жалпы алғанда, Қытай – Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Алда өзгелерді ысырып, көшбасшы орындардың біріне шығуы мүмкін. Бұған дейінгі онжылдықтарда одан келген инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты.
Қазақстанның басты инвесторы кімдер?
Республикамыздың №1 инвесторы Қытай емес, ұжымдық Еуропа болып отыр. 2022 жылы Еуропалық одақтан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 23 пайызға серпінді өсіп, 12,5 миллиард долларға жетті. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ендеше Қазақстан осы салада жалғыз Қытай еліне тәуелді болып қалмайды. Батыспен де арамыз жақсы.
Үкіметтің ресми дерегінше, елге тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) рекордтық көлемі тартылды. 2022 жыл қорытындысында Қазақстанға келген ТШИ жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрады. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен, яғни 23,8 миллиардтан 17,7 пайызға артық.
Дегенмен осының өзі он жыл бұрынғы ТШИ көлеміне жетпейді: 2012 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 28,9 миллиард доллардан асып еді. Сонымен бірге 17,7 пайыздық өсім пандемия жылдарында инвестициялық белсенділіктің қатты шектелуіне байланысты болды. Мысалы, еліміз 2020 жылы – небәрі 17 млрд 155 млн, ал 2021 жылы 23 млрд 803 млн доллар ТШИ тарта алды.
Бірақ Үкімет пен өңірлердің әкімдіктері алдына қойған міндеттің үдесінен шыға алды: 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасының орта жолдағы межесі 2022 жылы 24 млрд доллар инвестиция тартуды ғана қарастырады. Яғни, оның аралық нысаналы индикаторы 14,3%-ға асыра орындалды.
Сонымен, Қазақстанның басты инвесторлары кім? Өткен жыл қорытындысында республикаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша үш ел көш бастады, бұлар: Нидерланд – $8,33 млрд (1 жылғы өсім – 19,7%), АҚШ – $5,1 млрд (+81,9%) және Швейцария – $2,8 млрд (+2,4%).
Алайда шетелдік инвесторларды негізінен қазақ елінің шикізаты қызықтыратыны байқалады. Нәтижесінде, инвестициялар ең көп тартылған салалар арасында тау-кен өнеркәсібі ешкімге дес бермей, сол бойы алда келеді: 12,1 млрд доллар қаржы салынды және бір жыл ішінде оның көлемі бірден 25% өсті.
Екінші тұғырға өңдеу өнеркәсібі көтеріле алды: 5,6 млрд доллар, өсім 3%. Көтерме және бөлшек сауда саласына да 5,08 млрд доллар қаражат құйылды, бұл 2021 жылғыдан 36% көп. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке – $1,1 млрд (2,1 есе өсім), көлік және қоймалауға – $1,1 млрд (+14%), құрылысқа – $698 млн (-3%), қаржылық және сақтандыру қызметіне – $650 млн (-60%), электрмен жабдықтау және газ беруге 635,6 млн доллар салынды (2,8 есе артты).
Өңірлер арасында шетелдік капитал үшін тартымды 3 өңір анықталды. Көшбасшылар қатарында мұнайлы Атырау облысы, Алматы және Астана қаласы бар. Ал көш соңындағы Жамбыл облысында бар болғаны 62 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен.
Миллиард биігіне ту тіге алмаған өңірлердің басшыларына бұл тараптағы іс-қимылдарына қуатты қарқын мен тың тегеурін беруге тура келеді. Әйтпесе, инвестиция тарту әкімдердің қызметін бағалаудың және тиісті рейтинг түзудің басты бір көрсеткіші саналады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан тек Орталық Азиядағы емес, бүкіл ТМД кеңістігінде шетелдік инвестициялардың ағыны бойынша көшбасшыға айналды. Өйткені соғысқа ұрынып, оқшаулануға ұшыраған бірқатар одақтасынан айырмашылығы, Қазақстан халықаралық деңгейде өзара тиімді экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенді түрде қолдайды.
Осының арқасында еліміздің инвесторларының қатары жаңа елдермен толығуда. Осы дүйсенбіде Астанада өткен Қазақстан – Сингапур бизнес-форумының қорытындысы бойынша ел экономикасына жалпы құны 275 млн доллар қаржы құятын жобалар бекітілді. Сингапурлықтар Алматы облысында G4 City жаңа қаласын салуға қатысады. Сондай-ақ ҚТЖ мен PSA International бірлескен кәсіпорын құрып, Ресейді айналып өтетін Орта дәлізді бірге дамытады.
Елдос СЕНБАЙ
Елдар ҚАБА (коллаж)