Бұрын құнарлы немесе мегаполис орталығындағы жер телімдері, ірі банк үлестері, ірі өндіріс кешендері, стратегиялық нысандардағы ғимараттар секілді эко­номиканың түрлі са­ласындағы «майлы шелпектің» көбін заңсыз ием­деніп келген. Бұл Ак­тивтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның жұ­мы­сы кезінде жария етіл­ді.
Қайтқан қаржыда қайыр бар
1,224
оқылды

Қазір осының барлығы дерлік мемлекет меншігіне қайтарылып жа­тыр. Деректерді қа­рап шықсаңыз, олигополия тобының «тәбетіне» таңдай қақпасқа ама­лың қалмайды. 

Миллиардтаған қаржы қайтарылды 

Былтыр маусым айында Мемлекет басшысы­ның Жарлығымен Бас прокурор төрағалық ететін Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғыр­лан­дыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ве­домствоаралық комиссиясы құрылды. Комиссияға елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару, сон­дай-ақ заңсыз жолмен келген экономикалық ре­сурстардың монополиялық (олигополиялық) шо­ғырлануын анықтау және оны мемлекет мен­шігіне өткізу жүктелді. 

Таяуда осы комиссияның кезекті оты­рысы өтіп, атқарылған жұмыстың бірер тұсы жөнінде қоғамға есеп берді. Актив­терді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, кейбір тұлғалар заңсыз шы­ғарған немесе жылыстатылған активтерін ерікті түрде қайтаруға кіріскен. Айталық, қылмыстық істердің фигуранттары жалпы сомасы 172 млрд теңгеге залалды өз еркі­мен өтеген. Сондай-ақ сотқа дейінгі тер­геп-тексеру қолға алынған соң бірқатар заңды және жеке тұлға 260 млрд теңге сомасындағы активтерін еркімен мемле­кетке өткізген. Атап айтқанда, Қ. Сатыбал­дыұлы «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8 пайызын, «Көлік сервис орталығы» АҚ акцияларының 100 пайызын және жалпы сомасы 204 млрд теңгенің басқа да активтерін қайтарған. Осы тұста ерікті түрде қайтарушының құқықтық жауап­кершілігі мәселесі әлі реттелмегенін айта кету керек. 

Бас прокурордың наразылығы бо­йынша Жоғарғы Сот олигополия субъек­тілерінің пайдасына бұрын негізсіз шығарылған 24 сот шешімінің күшін жойды. Магистралдық және кірме темір жолдар кері қайтарылып, жол жүру тарифтері төмендетілген. 

Құқықтық тетіктер нақтыланып жатыр

Былтыр қараша айының соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Онда Президент Үкіметке бірқатар мемлекеттік орган және ұйыммен бірлесіп 31 наурызға дейін заң жобасын әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізуді тапсырды. 

Үкімет әзірлеп жатқан құжат жобасына ведомствоаралық комиссияның да ұсы­ныстары берілген. 

«Әрине, комиссия активтерді қайтару туралы заң жобасына өз ұсыныстарын берді. Ол активтердің заңсыз екенін анықтаудан бастап қайтарылған активтерді тиісті мақсатына жұмсауға дейінгі әре­кеттерге қатысты. Ол – бір сөзбен айтқанда активтердің қайтуын тездететін, істі одан сайын жүйелейтін ұсыныстар», – дейді Зейін Әліпбек. 

Активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюда құқықтық қамта­масыз етудің жетіспеушілігі, арнайы нор­мативтік-құқықтық актілер болмауы секіл­ді қиындық әлі кездеспеген. Қолда­ныстағы барлық заңнамалық акті заңсыз­дықтарды жоюға жеткілікті. Активтер иесін анықтау да қиын емес екен. 

«Тек Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын құпияны ашуға қойылатын талаптар ескерілуі қажет. Сон­дай-ақ тергеу құпиясын және кінәсіздік презумпциясын ескеру қажет. Ел үшін стратегиялық маңызы бар жеке­леген кейстер бойынша жұмыс мемлекетке қарсы төрелік талқылау тәуекелдерін барынша азайту үшін құпия форматта жүргізілмек», – дейді З. Әліпбек. 

 

«Оралман» қаржы қайда жұмсалады?

Мемлекет басшысы 2022 жылы 26 қа­рашада өткен ұлықтау рәсімінде шетел асырылып кеткен қаржы елге қайтарылған соң азаматтардың игілігіне жұмсалатынын атап өткен еді. Мемлекет басшысының ай­туынша, барлық қаржы жоғары техно­логиялы өндіріс орындарын ашуға, мек­тептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылуы тиіс. Сонымен қатар Президенттің Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қай­тару жөніндегі шаралар туралы Жарлы­ғында қайтарылған заңсыз активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқа­ратын арнаулы мемлекеттік қор құруды міндеттеді. 

Аталмыш комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, активтер қазір қай сала немесе қай мекемеден жылыстатылды, сонда қайтарылып жатыр. 

«Мәселен, жекеменшік не ұлттық компанияның дүниесі арзанға бағаланған немесе жекешелендірілген болса мүлік сол мекемеге қайтарылады. Түрлі жеңілдікті қолдан жасаудың кесірінен бюджетке түспей қалған салық сол салық органда­рына қайтарылады. Комиссия барлығы заңсыз алынған және мақсатсыз жұмсалған 460 мың гектар жерді қайтарды. Ол тиісті жергілікті ауылдық, аудандық не қалалық аумақтарға, яғни мемлекет меншігіне қайтарылады», – дейді ол. 

Ресми өкілдің сөзіне сенсек, үй, көлік, бағалы заттардың жайы қазір талқыланып жатыр. Ал оны реттеу тетігі әзірленіп жатқан заң жобасында көзделеді. 

Сонымен қатар мемлекет меншігіне қайтарылған 460 мың гектардан астам жер олигополия субъектілеріне негізсіз бе­рілген. Олардың ішінде Ақмола облысында KazBeef ЖШС-на тиесілі 62 мың гектар жер телімі қайтарылған. Жайылым жер 5 жылдан астам тиісті мақсатта пайдала­нылмаған.

Алматы облысының Жамбыл ау­данын­дағы 445 гектар жер учаскесі Әлия Назарбаевамен үлестес компанияға сауда-саттықсыз, жерге орналастыру жо­ба­сын­сыз, жер комиссиясының қоры­тын­­ды­сынсыз заңсыз берілген. Бенефи­циары Болат Назарбаев болатын Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауданы 1 485 гектар жер учаскесі де қай­тарылды. Т.Құлы­баев­пен үлестес ком­панияларға берілген Алматы қа­ла­сындағы ҚазҰУ аумағындағы ауданы 0,8 гектар жер учас­кесі де кері қайтарылып алынды.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында мемлекетке 760 млрд теңгеден астам (шамамен 1,7 млрд АҚШ дол­лары) соманың активтері қайтарыл­ғаны мәлім етілді. Оның ішінде 575 млн доллар шетелдерден келген. Аталмыш сома өте үлкен. Айталық, биылғы бюджет түсімі шамамен 50 млрд доллар екенін ескерсек, 1,7 млрд доллардың бірнеше адам иелігінде болуының өзі ақылға сый­майды. Бұл – комиссия жұмысқа кіріс­кеннен бері қайтарылған активтер. Оф­шорда немесе банк жабық депозиттерінде жасырылған, дамыған елдердегі зәулім сарайлар мен компания үлесіне айналған қаражаттарды анықтау үшін қыруар еңбек қажет екені сөзсіз. 

Шетел асқан байлық таптыра ма? 

Комиссия активтерді қайтару мәселесі бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескеріп, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түруде. Түрлі сарап­шы қазақстандық тарапқа заңнаманы жетілдіру, активтерді қайтаруда халықа­ралық тергеп-тексеру жүргізуге көмек көрсетуде. Оның ішінде компаниялардың бенефициарлық меншік иесі мен жылжы­майтын мүлік иесін анықтау да қамтылады. Мысалы, Бас прокуратура Швейцариядағы Халықаралық активтерді қайтару орталығымен (ICAR) келісім жасасты. Сондай-ақ қазақстандық тарап ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы), Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі, Интерполдың қаржылық қыл­мыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі орталығы, Еуропа кеңе­сінің «Орталық Еуропадағы ашықтыққа және экономикалық қылмыстарға қарсы күреске жәрдемдесу» жобасының өкіл­дерімен кездесіп пікір алмасты. 

Халықаралық тәжірибеге сәйкес шетелдік юрисдикциядағы активтерді тәркілеуге ұзақ уақыт кетеді. Бастапқыда жымқыру фактісі немесе басқа да пре­дикаттық қылмыс анықталады, содан кейін жымқырылған қаражатты шетелге шығаруға және оған сатып алынған актив­терге төлем жасау үшін қаржы аударуға дейінгі бүкіл тізбек дәлелденуі тиіс. Ең алдымен заңсыз табыс анықталады, содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізі­леді, содан кейін материалдар сотқа жі­беріледі. Егер сот активтің пайда болуын заңсыз деп анықтап, оны тәркілеу туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана Бас прокуратура шет мемлекетке мүлікке тыйым салу немесе тәркілеу туралы сұрау салу құжатын жолдайды.

Қазір шетелдік құқық қорғау ор­гандарына жолданған 100-ден астам сұрату құжатының нәтижесінде 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салын­ған. Мысалы, Аустрияның құзыретті ор­гандары Бас прокуратураның Қ.Сатыбал­дыұлына қатысты қылмыстық іс бойынша Аустрия банкіндегі шоттардан тыйым салу, тәркілеу туралы сұранысын қанағаттан­дырды. Аустриялық әріптестер көмегімен бюджетке шамамен 82 млн АҚШ доллары қайтарылған. 

Сонымен қатар БАӘ Әділет министр­лігімен өзара іс-қимыл кезінде Дубай қаласындағы Қ.Сатыбалдыұлының активтеріне (БАӘ-дегі ақшалай қаражат және қымбат жылжымайтын мүлік) тыйым салынды. Бүгінде мемлекетке ша­мамен 700 мың АҚШ доллары қай­тарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқ­талмаған. 

Былтыр жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында «эконо­миканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет» деп мәлімдеген еді. Сондықтан әлеуметтік теңсіздік тудырып, мемлекеттің дамуына тежеу салатын осындай заңсыз «тетіктер» экономикадан толық аластатылып, оның «жемісін» татқанның барлығы жауапкершілікке тартылуы қажет.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ