Солтүстік Қазақстан облысында 900 мың гектардан астам жер пай­да­­­ланылмай бос жатыр. Ал ауыл тұр­ғындары мал жаярға жер таппай жар құлағы жастыққа тимей жүр. Есе­сіне 522 мың гектар жерге иелік ет­кендердің тігерге тұяғы жоқ.
Жер көп, жайылым жетіспейді
4,405
оқылды

Ал 395 мың гектар жердің жүктемесі 20 пайыз­дан да аз. Кейбір аудандар пай­даланылмай жатқан және заң­сыз берілген жерлерді қайтаруға асы­ғар емес. «AMANAT» партиясы Сол­түстік Қазақстан облыстық фи­лиа­лы жанындағы «Жер аманаты» ко­миссиясының отырысында осын­дай мәліметтер келтірілді. 

Солтүстік Қазақстан облысында жайы­­­­­­лым жер тапшылығы мәселесі кө­тері­ліп жүргелі бірнеше жылдың жүзі бол­­ды. Соның салдарынан қаншама ауыл­дық малын сойып сатуға да мәжбүр бол­ғаны жасырын емес. Тіпті, ірі шаруа­шы­лықтар да шатқаяқтап тұр: не шөп шауып, жемазық дайындайтын, не мал баға­тын алқабы жоқ. Солай бола тұра, Сол­­­түстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 7,2 миллион гектар, соның 2 миллионы жайы­лым жерлер.

«Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ веб-пор­талының мәліметінше, облыс бойын­ша 917,3 мың гектар жайылым жер пайда­ла­­­нылмай бос жатыр. Ал 522 мың гектар ал­қапта мал жоғы анықталған. 395,3 мың гек­тар жер толық пайдаланылмайды: жүк­темесі 20 пайыздан да кем. «Жер аманаты» ко­миссиясының отырысында осындай дерек­тер келтірген Солтүстік Қазақстан об­лыстық Жер ресурстарын басқару де­пар­таментінің басшысы Бақытжан Бекіш бұл мәліметтерді мұқият тексеру үшін ау­дан­дардағы жер қатынастары бөлімдері­не жіберілгенін жеткізді. Алайда оның ай­туынша, кейде бұл деректер расталмай қа­латыны да бар. 

Департамент басшысы кейбір аудан­дар­да пайдаланылмайтын және заңсыз беріл­ген жерлерді қайтару жұмысы ақсап тұр­ғанын жасырмады. Әсіресе, Ғабит Мү­сіре­пов атындағы және Шал ақын аудан­дарындағы қарқын өте баяу. Бұл екі аудан­да жоспар сәйкесінше 48 және 17,8 пайыз­ға ғана орындалған. Жалпы, биыл қаң­тар-сәуір айларында облыс бойынша 46 мың гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылуы тиіс болатын. Соның тек 44 мыңы ғана қайтарылыпты. Яғни, жоспар толық орындалмаған: 96,3 пайыз ғана. Жос­парды 13 ауданның тек жетеуі ғана то­лық орындапты. 

Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге бол­майды, жүргізілген жұмыс аз емес. Өт­кен кезеңде департамент 18,4 мың гек­тар алқапта 16 тексеріс жүргізіп, 11 олқы­лық анықтаған. Оның басым бөлігі бір тектес кемшілік: 17,4 мың гектар жайы­лым жерде мал басы жоқ. Осы заңбұзу­шы­лықтарды жою туралы 11 ұйғарым бері­ліп, Мемлекеттік кірістер комитетінің облыс­тық департаментіне жолданды. Енді өз жұмысында кемшілікке жол берген жер иелеріне 20 есеге ұлғайтылған салық мөл­шерлемесі қолданылмақ. Сондай-ақ 621 мың теңгеге 8 айыппұл салынып, соның 345 мың теңгесі өндіріліп алынған. 

Кейбір даулар сот арқылы шешіліп жа­тыр. Мәселен, заңды бұза отырып жал­ға берілген 14,3 мың гектар жер теліміне қа­­­­тысты келісімшартты бұзу үшін сотқа 30 шақты талап арыз түсірілген. 

Бұған қоса, облыс әкімдігінің Ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бас­қармасы даулап жүрген алқаптар же­тер­лік. Заңды бұза отырып жеке және заң­ды тұлғаларға берілген 27,5 мың гектар жайы­лымды елді мекендердің пайда­лануы­на қайтару үшін жергілікті атқару­шы орган сотқа жүзден астам талап арыз тү­сіріпті. Соның 15,5 мың гектарына қа­тыс­­ты іс оң шешімін тапқан. Тағы 50 талап арыз берілмек. Мұндай мәліметтерді бас­қар­ма басшысы Мейрам Меңдібаев кел­тірді. 

Жалпы, былтыр облыс бойынша пай­да­ланылмайтын және заңсыз берілген 304,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылып, жылдық жоспар 101,4 пайыз­ға орындалған. Қайтарылған жердің 23,5 мың гектары – егістік, 260,3 мыңы – жайы­лым жер. 

«Мемлекет меншігіне қайтарылған жер­лердің 40,3 мың гектары жайылым тап­шылығын азайту мақсатында ауылдық елді мекендерге берілді. 40,4 мың гектар жер пайдаланушыларға жалдау құқығын беру бойынша конкурстар арқылы ұсы­ныл­ды. 223,4 мың гектар – қордағы бо­сал­қы жерлер. Олар бойынша ауыл тұр­ғын­дарының малын жаю үшін ауылдық елді мекендерге беру бойынша жұмыс, яғ­ни жер-кадастрлық құжаттаманы ре­сім­деу жүргізілуде. Сондай-ақ конкурс өткізу ар­қылы жердің бір бөлігі ауыл шаруа­шы­лығы өндірісімен айналысқысы келе­тін­дер­ге берілетін болады», – деді Мейрам Жақ­сылықұлы.

Биылғы жоспар бойынша, Солтүстік Қа­зақ­стан облысында 330 мың гектар жер қай­тарылуы тиіс. Мемлекеттік орган­дар­дың басшылары жоспар орындалады деп уәде берді. Бұл жұмысқа құзырлы мем­ле­кет­тік органдар мен қоғамдық ұйымдар жұ­дырықтай жұмылды. Өңірлік «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Бо­лат Данияров өңірде жер мәселесі өте өт­кір тұрғанын, әрбір үшінші жер үлесіне қа­тысты қандай да бір қиындық бар еке­нін айтып, бұл ретте «бір жеңнен қол, бір ж­ағадан бас» шығарып, бірлесе жұмыс іс­теу керегін тағы бір еске салды. 

Бұл күні «Жер аманаты» комиссия­сы­ның қабылдауына жүгінген азаматтардың өтінішінен де өңірде жер дауы өткір тұрға­ны аңғарылды. Өтінішпен келушілердің мә­селесі де алуан түрлі. 

Мәселен, Қызылжар ауданы Чапаев ауы­лының тұрғындары жайылым жердің тап­шылығына шағымданса, Шаховское ауы­лында үлескерлер жер үлестері үшін «Крахмал Агро» ЖШС-ынан төле­ма­қы­сын ала алмай жүр. Ғ.Мүсірепов атындағы ау­дандағы Ялты ауылының және Шал ақын ауданы Балуан ауылының тұрғын­да­ры өздерінің келісімінсіз сатылып кет­кен жерлерін қайтаруды сұрайды. Кейбір аза­маттар заңнамалық тұрғыдан ақыл-кеңес пен құқықтық көмек сұрап келді.

Комиссияға жүгінген адамдардың бар­лығына заңгерлік және құқықтық кеңес және бағыт-бағдар берілді. Сотта қара­лып жатқан істер бойынша қандай өті­ніш жазу керегі түсіндірілді. Жүгіну­ші­лердің өтініштері шешу жолдарын қара­с­тыру үшін тиісті мекемелерге жіберілетін болды.  

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы