«Аралтұз» АҚ-да 2001-2003 жылдары тарихында тұңғыш рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндіріске тұзды екінші байыту технологиясы енгізілген. Осы арқылы тұзды йодтау, жуу, кептіру жұмыстарын жаңа технология арқылы жүргізу жолға қойылды. Кәсіпорынға таяқ тастам жердегі Жақсықылыш кенті Арал ауданындағы қала типтес ірі елді мекен. Жақсықылыштықтардың көбі тұз өндіру кәсіпорнында еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.
Негізінен, кенттің инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге «Аралтұз» акционерлік қоғамы мұрындық болып жүр. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары іргелі өндіріс орнының жағдайы нашарлай түскен.
– «Аралтұз» акционерлік қоғамы – республикадағы өзіндік орны бар өндіріс ошағы. Өңірдің өркендеуіне де ықпалы зор екенін жоққа шығармаймыз. Алайда соңғы кездері кәсіпорындағы кейбір келеңсіздіктер жүйелі жұмыс жүргізуге кері әсерін тигізеді. Нақты айтқанда, бұған дейін екі ауысым бойынша еңбек етіп жүрген жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық жағдайы сын көтермейді. Соның ішінде ас ішуге арнайы жабдықталған бөлменің болмауы, Испан цехы деп аталатын цехтарда тұз шаңының өте көп мөлшерде болуы, технологиялық циклдің бұзылуы, өндірісте жұмысшы саны жетіспесе де, жұмыссыз жүргендерді келісімшартпен жұмысқа алу әдісіне көшуі көптің наразылығын туғызды. Бұл аз болғандай, енді соңғы 2-3 жылдан бері тұз қазудың технологиялық әдісі бұзылып келеді. Нақты айтқанда, тұзды экскаватормен қаза бастады, – деп мұңын жеткізді Жомарт Қартбаев.
Оның айтуынша, кенді экскаватормен қазу тұз қабатын әбден бүлдіріп, келешекте тұздың пісіп, жетілуіне жол бермейді. Сондықтан тұзды қазып алудың бұл әдісі орасан экологиялық зиян келтіреді. Өндірісте еңбек қауіпсіздігіне де баса мән берілмейтін көрінеді.
«Күні кешеге дейін осы кен орнында арнайы тұз қазу комбайны болатын. Соңғы үш жылдың көлемінде тұзды экскаватормен қазу әдетке айналды. Бұл жайында өткен жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкіміне, басқа да құзырлы мекемелерге хат жолдаған болатынмын.
Кент тұрғындарының негізгі табысы осы кен орнымен тығыз байланысты. Өндіріс орнының жұмысы тұраласа, халық ырзық-несібесінен айырылғалы тұр. Қазір экскаватор тұз көлінің төменгі қабатындағы астраханит элементіне дейін аршып алып жатыр. Бұл келешекте кен қорын мүлдем жойып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ кенді бұлай қазу тұздың сапасына да кері әсер ететіні дәлелденген. Бұған дейін арнайы комбайнмен белгілі мөлшерде қазуға рұқсат етілетін. Бүгінде экскаватормен қазу арқылы белгіленген ережелер сақталмай тұр деп ойлаймын. Соған орай болашағымызды да ойлап, құзырлы орындар тарапынан кен орнында орын алып отырған келеңсіздікке тосқауыл қойылса деген талабымыз бар», – деп кент тұрғыны Сағыныш Ниязов мұңын шақты.
Кент тұрғынының сөзіне сүйенсек, былтыр шағымы негізінде арнайы комиссия құрылып, мамандар өндіріс орнында тексеріс жүргізген көрінеді. Оған Украинадағы ғылыми орталық, жобалау орындарының мамандары арнайы келген. Соның нәтижесінде экскаватормен қазу бойынша ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Алайда бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар әлі де ақ-қарасы анықталса деген уәжін білдірді. Негізінен, тұз 20-30 жылда қар мен жаңбыр суынан, күннің қызуымен пісіп, жетіледі. Яғни, осы уақыт аралығында кристалдану процесі жүргізіледі. Экскаватормен қазу кен қорының түгесілуіне бірден-бір себеп болады деп топшылайды.
Жалпы, мұндай технология түрі Кеңес Одағы кезінде ашық көлде жұмыс істеген он-он беске жуық тұз мекемелерінің бірде-біреуінде қолданылмаған. Яғни, бұл ұйымдар экскаватормен қазуды құптамаған. Кент тұрғыны осылай деп пікірін білдірді.
Осындай келеңсіздіктерді алға тартқан тұрғындар былтыр арнайы комиссияның шешіміне көңілі толмайтынын, қайта зерделеу жұмыстарын жүргізген деген талап-тілегін жеткізді.
«Өткен жолы Арал қаласында өткен экономикалық форумда осы мәселені көтерген болатынмын. Бірер жылдан бері бұл өндіріс орны жекенің қолына берілгені айтылып жүр. Содан комбинаттың жағдайы нашарлай түскен. Халық ереуілге де шықты. Сол уақытта оқиға орнына өзім де екі мәрте бардым. Халықпен сөйлесіп, жағдайларымен таныстым. Сол кездері кентте Арал ауданы әкімінің орынбасарымен жүздесіп, кәсіпорынның қазіргі күйін, жұмысшылардың жағдайын жеткіздім. Соның ішінде жұмысшылардың тамақтанатын және суға шомылатын орындарының да жоқтығын мәселемізге арқау еттік. Тұзды қазып алу талаптары да сақталмай отырғаны айтылды. Алайда баяғы жартас, сол жартас», – дейді Арал қаласының тұрғыны Тортай Бейісов.
Екі жыл бұрын өндіріс орнының жұмысшылары ереуілге шығып, кәсіпорын басшылығынан айлықтарын өсіруді талап еткен болатын. Соның негізінде еңбекақыға 22 пайызға өскен екен.
Кәсіпорын басшылары кемшіліктер рет-ретімен шешімін табатынын, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
«Негізінен, кен орнын экскаватормен қазу жұмыстары жүргізіліп жатқаны жасырын емес. Алайда бұл тұрғыда ешқандай заңбұзушылық жоқ. Бәрі де заңды түрде құзырлы орындардың рұқсаты негізінде жүзеге асып жатыр. Ал жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық ахуалына келер болсақ, қиындықтар рет-ретімен шешіліп жатыр. Тамақтанатын, жуынатын орындары қамтылған. Кәсіпорынның арнайы моншасы жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта қосымша төрт контейнер алғызып, жұмысшылардың жуынуына мейлінше жағдай жасалатын болады. Мұндай кемшіліктерді рет-ретімен шешеміз. Ал өндіріс орнының жұмыс істеу барысына тоқталар болсам, нақты уақытта жұмысшылар ақылы еңбек демалысында. Жұмыс уақытша тоқтап тұр. Бүгінде кәсіпорында тек бір цех қана жұмыс істеп тұр. Оған себеп, өндірілген өнімнің өз мөлшерінде сатылмай тұруында болып тұр. Бұл жылда орын алатын қалыпты жағдай. Алдағы күндері жұмыс қайтадан толыққанды жүргізіледі», – деп түсіндірді бұл жайында «Аралтұз» АҚ директоры Алмат Бөлегенов.
Осылайша, кәсіпорын басшылығы көтерілген мәселелердің толықтай шешімін тауып, жүйелі жұмыс жүргізетініне сендіріп отыр. Ал жергілікті тұрғындар іргелі өндіріс орнын мемлекет меншігіне қайтарса, елдің берекесі қайта кірер еді дегенді алға тартады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы