Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылы округінің тұрғындарына қаржылық сауаттылықты арттыру мақ­сатында «Қарызсыз қоғам» оқу семинары өтті. Пилоттық жоба аясындағы өткен оқыту семинарына 70-ке жуық ауыл тұрғыны қатысты.
Тұрғындар қаржылық сауатын арттыруда
1,133
оқылды

Қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай курсқа қатысушыларға қаражатты қалай жұмсау керектігі жайында толық ақпарат берді. Өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәсе­лелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажеттігі үйретілді.  

Оларға ел экономикасын арттыруда халықтың атқарар рөлі маңызды екені, сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қар­жылық сауаттылығын арттыру аса қажеттілік тудырып отырғаны түсіндірілді. Мамандар семинарға қатысушыларға қаржыны игеру, аса қажеттілік болмаса несиеге ұрына бермеу жайында  жан-жақты дәйекті деректермен, мысалдармен жеткізді. 

«AMANAT» партиясы Түр­кістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбеталиев қаржылық сауаттылық сабақта­рынан білімін арттырған ауыл тұрғындарына сертификат табыс етті. 

«Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік не­сиелері өтелмеген. Сонымен қа­тар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қар­жы ұйымдарының жоғары па­йыз­дық мөлшерлемелері, ең бас­тысы, қаржылық сауаттылық­тың төмендігі – жыл сайын ха­лық­тың қарызының өсуін арт­тырады. Тұрғындардың  қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін ке­шіктіріп отыр. Сол себепті қар­жылық сауаттылық бойынша алған білімдеріңіз өздеріңізге тиімді қызмет етсін», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы. 

Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының депу­таты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Баймахан Сүлейменов  білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта та ұрпаққа үлгі болар­лықтай сауат арттыруды  жалғас­тырып, қарызсыз қоғамды қа­лып­тастыру барысында айнала­сы­на үлгі болып, білгенін өзге­лер­мен бө­лісіп жүру қажеттігін атап өтті.

Қараша айына дейін жалға­сатын осынау жобаға кез келген тұрғын қатыса алады. «Қарызсыз қоғам»  оқу семинарына қатыс­қысы келетіндер тұрғылықты жер­де орналасқан «AMANAT» пар­тиясының аудандық филиа­лы­на хабарласып, тіркелуі қажет.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы