Мемлекет басшысы Солтүстік Қа­зақ­стан облысына жұмыс сапары­мен бар­ды. Сапар аясында Президент көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді.
Солтүстіктегі шаруалар егіске тас-түйін дайын
1,060
оқылды

Ауыл шаруашылығы алға басты

Аталған шаруашылық дәнді, майлы да-қылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылым жері бар. «Да­йындық Агро» директоры Біржан Шәймер­денов биыл гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейім­делгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.

Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Өңір бас­шысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егіс­тік алқаптарына минералды тыңайтқыш жет­кізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сай­лау, диқандарды жанар-жағармаймен қам­тамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жа­тыр. Биыл облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның ішінде 3,2 мил­лион гектарға – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға – майлы дақылдар, 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға – басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгіме­лесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастама­ларға да үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өн­діріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының ар­туына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда, 5 миллион теңгені құрайды. Бұл – республикалық орташа көр­сеткіштен әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді. 

Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қыз­метінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдірді. Жуыр­да Мәскеу қаласында ұйымның кезекті саммиті өтті. 

– Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стра­тегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сау­­да мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғарғы Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі ке­рек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жі­герімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасы­малдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшін­ші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиім­ді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тари­ф­тері қолжетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап ай­тамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интег­рациямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек. Идеология, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мә­дениет салаларындағы мәселелер, әрине, назар аударуды қажет етеді. Бірақ басқа да платформалар бар. Онда біз барлық тиісті елдермен табысты ынты­мақ­тастық орнатқанбыз. Сондықтан ЕАЭО, ең алды­мен, 2015 жылғы Шартта бекітілген міндетін орын­дай­ды деп сенеміз. Жақында Беларусь Республика­сы­ның президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интег­рациялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндет­те­мелерге адал болып қала береміз. Менің ойымша, осы кең Еуразиялық аймақтағы немесе үлкен Еура­зия­дағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойын­ша дамуға тиіс, оған біз бәріміз мүдделіміз. Нақты ортақ нарық құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың нәтиже­сінде Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашы­лығының дамуы тың қарқын алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркей­туге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты.

Сонымен қатар Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.

Жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіреді

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облы­сына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» ЖШС-ның қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмы­сымен танысты. Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіре алады. Құйылған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге. «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидия­лауға қаржы бөлінген.

Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» ком­паниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Жалпы аумағы 37,7 гектар болатын индустриялық кешенде бұған дейін халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік шығаратын бірнеше кәсіпорын ашылған. Қазір өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қам­тамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр. 

Президент елімізде «Қарапайым заттар эко­номика­сын» дамытуға және халық тұтынатын тауар­лар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.

Ғылымға көп көңіл бөлінеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Манаш Қо­зы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетіне ба­рып, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегия­сымен танысты.

Университетте 6 мыңнан астам студент оқиды. Жақында жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылған. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжіри­бе­лер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағ­дай жасалған. 

Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығы өнім­дерінің сапасын бағалаудың технологиялық мүм­кін­діктері таныстырылды. Сонымен қатар Президент ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына ар­нал­ған лабораторияны аралап көрді. Онда студенттер ГИС-технология арқылы жерді қашықтан зондтау де­­­ректеріне талдау жасауды үйренеді.

Бұдан бөлек, Президентке конфигурациясы күр­делі бөлшектер алу жөніндегі инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағдылар орталықтары көрсетілді.

Университет ректоры Ерлан Шұланов Мемлекет бас­шысына шетелдік жетекші университеттердің фи­лиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасының орындалу бары­сы жөнінде баяндады. Бүгінде М.Қозыбаев уни­вер­ситеті АҚШ-тағы Аризона университетімен бір­ле­сіп, қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды бастады.

Ректордың айтуынша, жоғары оқу орнының беделі оның профессорларына байланысты. Университет жас перспективті ғалымдарды белсенді тарту және кадрлық әлеуетті дамыту үшін белсенді жұмыс жүр­гі­зіп келеді. Университетке АҚШ-тың мықты техни­ка­лық жоғары оқу орны – Вандербильт университетінен доктор PhD Рустам Гатамов, Гонконг университетінен облыстың тумасы Алексей Маликов оралған.

Жыл сайын университетке бөлінетін грант саны ар­тып келеді және соңғы 5 жылда мектеп түлектерінің бас­қа жоғары оқу орындарына кетуі екі есе азайды. Бұ­дан бөлек, оқу орны жанынан 1 500 орындық 4 жа­тақ­хана салынып жатыр. Аталған жобаның жүзеге асы­рылуы жатақхана мәселесін толық шешуге мүм­кіндік береді.

Президент университет оқытушыларымен және сту­денттермен әңгімелесу барысында еліміздегі білім са­ласының сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті.

– Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Аталған мә­селелердің бәріне басымдық береміз. Себебі білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Жақында біз Ғылым академиясына реформа жүргіздік, өте танымал әрі практик ғалымды президент етіп тағайындадық. Ғылым жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткіздім. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын то­лық­тырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қо­сасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықаралық озық тә­жірибені енгізу және елімізде шетелдік оқу орын­дары­ның филиалдарын ашу қажет екеніне назар аударды.

– Біз жетекші университеттерді елімізде фи­лиал­дарын ашу үшін шақырып отырмыз. Мен Ресейдің техникалық университеттерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырдым. Алматыдағы ҚазҰУ-да физика-техника және Атырауда мұнай-газ салалары бойынша Ресей университеттерінің бөлімшелері ашылды. Жақында Сиань қаласында болдым. Ол жерде де Қытайдың техникалық бағыттағы жоғары оқу орындары өз филиалдарын елімізде ашуына мүдделі екенімізді айттым. Мұның бәрі бізге пайдалы. Өйткені білім халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Білімде шекара болмайды. Қарыштап дамып кеткен елдер бар. Артта қалып қойған, бірақ озық мемлекет­терді қуып жетуге талпынатын елдер де бар. Сондықтан бұл саланың перспективасы зор. Қазақстан білім саласын дамыту үшін алдыңғы қатарлы елдердің қа­тарына қосылады деп ойлаймын. Мен сіздерге үлкен үміт артамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел іші – өнер кеніші 

Мемлекет басшысы cондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, театр ғимаратын аралап көрді.

Осы шығармашылық ұжымда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан театр директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының ұжымы бертінге дейін «Энергетиктер сарайын» паналағанын, осы жылдар ішінде түрлі жанрда қойылымдар сахналап, халық­аралық, республикалық байқауларда жүлде алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшкен ұжым репертуарын жаңартуға, шетелдік және отандық өнер ұжымдарымен шығармашылық байланыс ор­натуға мүмкіндік алды.

Президент «Мағжан» пьесасынан үзінді тамаша­лап, театрды аралады. Содан кейін Қызылжар өлке­сінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсен­ділерімен әңгімелесті.

– Бірлігіміз – әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Сондықтан бәріміз халқымыздың, еліміздің өркендеуіне қызмет етуіміз керек. Баршаңызға бақ-береке тілеймін. Біз әрдайым бірге боламыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашы­ғындай сақтауымыз керек. Әрине, елімізде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сипаттағы мәселелер бар. Проблемасыз ел болмайды. Тіпті, ең дамыған, бақуат­ты елдерде де проблема бар. Егер елде тәртіп бол­са, заң қатаң сақталса, көздеген нәтижеге қол жет­­кіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қоғам белсенділерімен елдің дамуы және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ әде­биетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаев­тың 130 жыл­дығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтты.