Жақында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты еңбектің 6-7 томы көпшілікке таныстырылды. Біз Сенат депутаты Нұртөре Жүсіпке хабарласып, жинақта жарық көрген тың деректер жайлы сұрадық.
– Бұған дейін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған бес томдық жинақ жарық көрді. Оған тағы екі том қосылып отыр. Зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттарды жинау қиынға соқпады ма?
– Біздің қазақ үшін XX ғасыр сұмдық сұрапыл оқиғаларға толы болды. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Әсіресе, 1921 және 1931-1933 жылдар аумағын қамтыған ашаршылықтың зардабы айрықша болды. Халқымыздың тең жартысынан астамы қырылды, қалғаны кейін репрессияға ұшырады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. 2020 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастаманы көтерді, арнайы жарлық шығарды. Бүгінгі күні осы бастаманың аясында мемлекеттік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көптеген ақтаңдақ ашылып жатыр.
Соңғы екі жылдың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Сенат Төрағасының бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Ашаршылық тақырыбы кейінгі кездері ғана кеңінен зерттеле бастады. Кеңес кезінде бұл мүлдем жабық болды. Қазіргі таңда қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, ақиқат әлі толық ашыла қойған жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еттік.
Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңге саяси баға беру үшін әуелі терең зерттеулер жүргізіп, толық зерделеу қажет. Бұл үшін шаң басқан архивтерді мың қайтара ақтарып, кезінде «құпия», «аса құпия» деген құжаттарға қол жеткізу, оның бәрін ғылыми түрде жүйелеу – маңызды іс. Бұл жұмыстар білікті ғалымдардың қатысуынсыз атқарылмайтыны тағы белгілі. Сондықтан біз Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ғалымдарын іске тарттық. Тарихты тану, өткенді ұмытпау, терең зерделеу – ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық дүниетаным қалыптастыру ісінде айрықша мәні бар тірлік. Сондықтан алдағы уақытта Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғасады деп ойлаймын. Осы ретте жинақтың жарық көруіне атсалысқан ғалымдарға, архивтердегі мамандарға, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымына, Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіре кеткен артық емес. Марқұм Талас Омарбеков, Ерлан Сыдықов, Альбина Жанбосынова, Ерлан Сайлаубай секілді тарихшы ғалымдар атсалысты. Соның арқасында бұрын еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар жиналды. Бастапқыда екі том, сосын үш том сүбелі еңбек жарыққа шықты. Тақырып ауқымының кеңдігі мен тереңдігі сондай томдарға том қосылып жатыр. Бес томдықтан кейін де жұмыс тоқтамай, жалғасын тапты. Аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Сіздің сауалыңызға келсек, зобалаң жылдарға қатысты деректерді жинау, архив ақтару, құжаттарды електен өткізу және сұрыптау оңай тірлік емес. Осы орайда жинақты әзірлеу ісіне белсене атсалысқан тарихшы ғалымдарға айтар алғысымыз шексіз. Олардың күнмен, түнмен санаспай жасаған қажырлы еңбегінің нәтижесі көрініп жатыр. Өткен аптада осы екі томдықтың тұсаукесер рәсімі Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі КарЛАГ-та өткізілді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында қасіретті кезеңнің ізі қалған «ҚарЛАГ» музейіне арнайы барып, бабалар рухына тағзым еттік. Көпшілікке аталған жинақтың жаңа 6-7-томдарын таныстырдық. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Бұл жеті томдық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Сол себепті, Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді», – деді.
– Бұл кітаптарда еш жерде жарияланбаған, бұрын-соңды айтылмаған ақпарат бары рас па? Мысал келтіре кетсеңіз?
– Әрине, тарихтың әлі зерттелмеген беттері көп, әрі қарай бұл бағытта зерттеу жұмыстары жалғасады. Жеті томдыққа 1708 құжат енген. Кеше тұсауы кесілген 6-7-томда 294 тарихи құжат бар. Авторлардың айтуы бойынша, материалдардың 90,5 пайызы тұңғыш рет ғылыми айналымға түсіп отыр. Бұл деректер, өз кезегінде, ғалымдардың зерттеуі үшін ауқымды құжаттамалық база болатыны сөзсіз.
Деректер мен құжаттарды жинауға келсек, өздеріңіз білетіндей, деректерді жинау және өңдеу жұмыстары – көп уақытты қажет ететін процесс, сонымен қатар деректердің құпиялылығы мәселесін де ескеру қажет. Өйткені бүгінгі күнге дейін көптеген мәліметте құпиялылық белгісі бар. Сондықтан бұл деректерді алу ерекше тәсілді қажет етеді.
Қазіргі таңда 7 том жарық көрді. Бұл томдарда өткен ғасырдағы оқиғалар туралы көптеген ақпарат бар, атап айтқанда, қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыруға байланысты қайғылы оқиғалар сипатталған. Күштеп тәркілеу және байларды жою саясатының нақты салдары деректермен ашылады. Қазақ ауылдарындағы таптық шиеленіс пен наразылық көңіл-күйінің қандай болғанын көруге болады. Бұрын-соңды болмаған экономикалық катаклизмдердің, әлеуметтік-демографиялық сілкіністердің және қазақ даласындағы ауқымды ашаршылықтың бастауы болған ең терең аграрлық дағдарыс жөнінде толыққанды мәлімет бар.
– Жинақ деректі хроникалық туынды түрінде жарық көрді. Неге?
– Бірден ашып айтатын нәрсе: бұл жинақтарда болған оқиғаларға баға беру, сол кезеңдерге сырттай сипаттама жасау деген жоқ. Барлық құжаттар сол дәуірдегі ресми құжаттар төңірегінен туындайды. Жинақтағы барлық дерек жарлықтарға, қаулыларға, қарарларға, хаттамаларға, қорытындыларға, анықтамаларға, статистикаға, сондай-ақ болған оқиғаның объективті бейнесін беретін азаматтардың өтініштеріне негізделген.
– Тәуелсіз елдің ұрпақтары сол кезеңнің шындығына қаншалықты жете алды?
– 1932-1933 жылдары болған ашаршылыққа келер болсақ, ғалым Талас Омарбеков 2 миллион 300 мың адамның опат болғаны туралы жиі айтатын. Ол мұрағат құжаттары негізінде жалпы қырылған қазақтың санын 4 млн 836 мың деп тиянақтап берді. Кейбір тарихи деректерде, 1932 жылғы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бәрі, яғни 250 мыңға жуық өзге ұлт өкілі қырылған деген де деректер бар. Жас ұрпақ мұның бәрін білуі қажет. Тек біліп қана қоймай, мұндай құрбандықтың ұлт өсіміне келтірген залалы мен зардабын терең сезінуі қажет. Кезінде «Жас тұлпар» ұйымының жетекшісі болған Мұрат Әуезов: «1932 жылы миллиондаған қазақтар құрбан болды, олардың ішінде білімді азаматтар да кетті. Мұның бәрін, қазіргі біздің жастар білуге тиіс және есте сақтауы керек», деп әрдайым еске салып отыратын. Сол кісі айтқандай, Тәуелсіздік ұрпақтары өз тарихын, оның ішінде тарихи ақтаңдақтарды жақсы білуге тиіс.
Жинақтарда сол кездегі көптеген толық ақпарат, соның ішінде бұрын құпиялылық белгісі болған немесе жай ғана жарияланбаған мәліметтер бар. Кітаптар тарихи оқиғалар мен фактілермен нығайтылған. Сондай-ақ оларда аштықтың алғышарттары мен қайғылы салдары туралы ақпарат бар. Барлық құжаттар еліміздің орталық және облыстық мұрағаттарынан алынды. Басқа елдердің мұрағаттарынан алынған фактілер де енгізілді. Нәтижесінде, бұрын жабық болған бірқатар құжат көпшілікке қолжетімді болды.
– Жинақта күні бүгінге дейін талас тудыратын ашаршылықтан қырылған халықтың саны туралы да тың деректер келтіріліпті. Дегенмен сол кезеңде санақ жүргізген жауаптылардың түгелі дерлік ату жазасына кесілгені шын ба?
– Кеңес заманында демографиялық көрсеткіштер көбінесе жалпылама үгіт-насихат мақсатында қолданылғанын білесіз. Жинақта келтірілген мәліметтер тек сол кездегі материал мен статистикаға негізделген. Кеңестік режимнің, әсіресе 1932-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық кезеңінде, демографиялық статистиканы жинау, қалыптастыру жүйесі қатты бұзылған. Сондықтан бұл мәселе әлі де терең зерттеп, зерделеуді, сондай-ақ кезі келгенде тарихи бағалауды қажет етеді.
– Байлардың қудалауға ұшырап, жер аударылғандары жайлы да айтылады. Бұлардың арасында дәулеті жетпесе де, жазықсыз қудалауға ұшырағандары болып па?
– Тарихи деректерге сүйенсек, сол жылдары қоғамдағы әлеуметтік мәртебеге немесе жағдайға қарамастан, әрбір екінші адам қудалауға ұшыраған. Халыққа келтірілген залалды бағалау өте қиын, өйткені статистика әртүрлі. Алдында 10-15 жылқысы бар шағын дәулетті адамдар жаппай жазалау құрығына ілігіп кеткен. Мұның бәрін аталған жинақтардан таба аласыз. Негізінен келтірілген залал өте зор болды деп болжауға болады. Мән-жайды толығымен білу үшін тарихи деректерді әрі қарай мұқият зерттеу керек. Бұған бір мәселені қоса кеткім келеді. Кеңестік большевиктік билік бірінші кезекте елдің оқыған, көзі ашық адамдарын құртты. Репрессиялық машина алдымен діни сауаты бар адамдарды – имамдар, қожа, молдаларды турап тастады. Содан кейін қалың елдің аса ірі байларын, дәулетті адамдарын тағдыр тауқыметіне ұшыратты. Осыдан кейін барып қазақтың кілең саяси элитасын жалмады...
– Тарихтың ақтаңдақ беттері қаншалықты ашылды? Алдағы уақытта осы еңбектің жалғасы бола ма?
– Тарих – бұл өткенді, тарихи оқиғалардың өзгеруінің нақты фактілері мен заңдылықтарын, қоғамның эволюциясын және оның ішіндегі қарым-қатынастарды зерттейтін ғылым. Дәлірек айтсақ, тарих – бұл оқиғалар тізбегін, сипатталған фактілердің объективтілігін анықтау және оқиғалардың себептері туралы қорытынды жасау үшін өткен туралы барлық дереккөздерді зерттейтін құрал. Жарық көрген кітаптардағы барлық фактілер мен оқиғалар тек тарихи деректерге негізделген. Бұл кітаптарда архивтерде және жабық мекемелерде сақталатын мәліметтер көлемінің аз ғана бөлігі қамтылған. Осыған байланысты зерделеу бағытындағы жұмыстары әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН