Нұртөре Жүсіп: Зұлмат жылдар терең зерттеуді қажет етеді

Қазақ тарихында қанды әріппен жазылған ашаршылық жылдары күн өткен сайын зерттеу мен зерделеуді қажет етіп отыр. Себебі бүгінгі күннің ұрпағы өткенін тануы, тамырынан ажырамауы керек. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына орай, Сенат Төрағасының бастамасымен ақтаңдақ жылдарға қатысты тарихи құжаттарды жан-жақты зерттеу және талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жақында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты еңбектің 6-7 томы көпшілікке таныстырылды. Біз Сенат депутаты Нұртөре Жүсіпке хабарласып, жинақта жарық көрген тың деректер жайлы сұрадық. 

– Бұған дейін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан­дарына арналған бес томдық жинақ жарық көрді. Оған тағы екі том қосылып отыр. Зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжат­тарды жинау қиынға соқпады ма? 

– Біздің қазақ үшін XX ғасыр сұмдық сұрапыл оқиғаларға толы болды. ХХ ғасырдың 20-50 жыл­дарындағы саяси қуғын-сүргін зо­балаңы – халқымыздың тари­хындағы қасіретті кезең. Әсіресе, 1921 және 1931-1933 жылдар аумағын қамтыған ашаршы­лық­тың зардабы айрықша болды. Халқымыздың тең жартысынан астамы қырылды, қалғаны кейін репрессияға ұшырады.

Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін осы нәубеттің құрбан­дарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті ша­раларды жүзеге асыра бастады. 2020 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастаманы көтерді, арнайы жарлық шығарды. Бүгінгі күні осы бастаманың ая­сында мемлекеттік комиссия құ­рылып, тиісті жұмыстар жүр­гі­зілуде. Көптеген ақтаңдақ ашы­лып жатыр.

Соңғы екі жылдың ішінде Мемлекет басшысының тап­сыр­масына орай Сенат Төрағасының бастамасымен ашаршылық та­қырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Ашаршылық тақырыбы кейінгі кездері ғана кеңінен зерттеле бастады. Кеңес кезінде бұл мүлдем жабық болды. Қазіргі таңда қазақ халқының жартысына жуығы қы­рылған 1930-32 жылдардағы ашар­шылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жыл­дар­дағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, ақиқат әлі толық ашыла қойған жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толты­руды мақсат еттік.

Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңге саяси баға беру үшін әуелі терең зерттеулер жүргізіп, толық зерделеу қажет. Бұл үшін шаң басқан архивтерді мың қайтара ақтарып, кезінде «құпия», «аса құ­пия» деген құжаттарға қол жет­кізу, оның бәрін ғылыми түрде жүйелеу – маңызды іс. Бұл жұмыс­тар білікті ғалымдардың қаты­суынсыз атқарылмайтыны тағы белгілі. Сондықтан біз Л.Гумилев атын­дағы Еуразия университетінің ға­лымдарын іске тарттық. Та­рих­ты тану, өткенді ұмытпау, терең зерделеу – ұлттық сананы жаң­ғыртып, ұлттық дүниетаным қа­лыптастыру ісінде айрықша мәні бар тірлік. Сондықтан алдағы уақытта Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерт­теулер жалғасады деп ойлаймын. Осы ретте жинақтың жарық кө­руіне атсалысқан ғалымдарға, архивтердегі мамандарға, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымына, Мә­дениет және спорт министр­лігіне алғыс  білдіре кеткен артық емес. Марқұм Талас Омарбеков, Ерлан Сыдықов, Альбина Жанбосынова, Ерлан Сайлаубай секілді тарихшы ғалымдар атсалысты. Соның ар­қасында бұрын еш жерде жария­ланбаған бірегей құжаттар жи­налды. Бастапқыда екі том, сосын үш том сүбелі еңбек жарыққа шықты. Тақырып ауқымының кең­дігі мен тереңдігі сондай том­дарға том қосылып жатыр. Бес томдықтан кейін де жұмыс тоқ­тамай, жалғасын тапты. Аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Сіздің сауалыңызға келсек, зобалаң жылдарға қатысты де­ректерді жинау, архив ақтару, құжаттарды електен өткізу және сұрыптау оңай тірлік емес. Осы орайда жинақты әзірлеу ісіне белсене атсалысқан тарихшы ғалымдарға айтар алғысымыз шексіз. Олардың күнмен, түнмен санаспай жасаған қажырлы еңбегінің нәтижесі көрініп жатыр. Өткен аптада осы екі томдықтың тұсаукесер рәсімі Қарағанды об­лысы Долинка елді мекеніндегі КарЛАГ-та өткізілді. Саяси қу­ғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қар­саңында қасіретті кезеңнің ізі қалған «ҚарЛАГ» музейіне ар­найы барып, бабалар рухына тағзым еттік. Көпшілікке аталған жинақтың жаңа 6-7-томдарын таныстырдық. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Бұл жеті том­дық жинақ – Сенаттың ашар­шылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру­дың маңызы зор. Сол себепті, Се­нат­тың бастамасын тиісті мем­лекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді», – деді. 

– Бұл кітаптарда еш жерде жарияланбаған, бұрын-соңды ай­тылмаған ақпарат бары рас па? Мысал келтіре кетсеңіз? 

– Әрине, тарихтың әлі зерт­телмеген беттері көп, әрі қарай бұл бағытта зерттеу жұмыстары жалғасады. Жеті томдыққа 1708 құжат енген. Кеше тұсауы кесілген 6-7-томда 294 тарихи құжат бар. Авторлардың айтуы бойынша, материалдардың 90,5 пайызы тұңғыш рет ғылыми айналымға түсіп отыр. Бұл деректер, өз ке­зегінде, ғалымдардың зерттеуі үшін ауқымды құжаттамалық база болатыны сөзсіз.

Деректер мен құжаттарды жинауға келсек, өздеріңіз біле­тіндей, деректерді жинау және өңдеу жұмыстары – көп уақытты қажет ететін процесс, сонымен қатар деректердің құпиялылығы мәселесін де ескеру қажет. Өйт­кені бүгінгі күнге дейін көптеген мәліметте құпиялылық белгісі бар. Сондықтан бұл деректерді алу ерекше тәсілді қажет етеді.

Қазіргі таңда 7 том жарық көр­ді. Бұл томдарда өткен ғасырдағы оқиғалар туралы көптеген ақпарат бар, атап айтқанда, қазақ ауыл­дарын күштеп ұжымдастыруға байланысты қайғылы оқиғалар сипатталған. Күштеп  тәркілеу және байларды жою саясатының нақты салдары деректермен ашы­лады. Қазақ ауылдарындағы тап­тық шиеленіс пен наразылық көңіл-күйінің қандай болғанын көруге болады. Бұрын-соңды бол­маған экономикалық катак­лизм­дердің, әлеуметтік-демогра­фия­лық сілкіністердің және қазақ да­ласындағы ауқымды ашар­шылықтың бастауы болған ең терең аграрлық дағдарыс жөнінде толыққанды мәлімет бар.

– Жинақ деректі хроникалық туынды түрінде жарық көрді. Неге?

– Бірден ашып айтатын нәрсе: бұл жинақтарда болған оқиғаларға баға беру, сол кезеңдерге сырттай сипаттама жасау деген жоқ. Бар­лық құжаттар сол дәуірдегі ресми құжаттар төңірегінен туындайды. Жинақтағы барлық дерек жар­лықтарға, қаулыларға, қарарларға, хаттамаларға, қорытындыларға, анықтамаларға, статистикаға, сондай-ақ болған оқиғаның объек­тивті бейнесін беретін аза­маттардың өтініштеріне негіз­делген. 

– Тәуелсіз елдің ұрпақтары сол кезеңнің шындығына қаншалық­ты жете алды?

– 1932-1933 жылдары болған ашаршылыққа келер болсақ, ға­лым Талас Омарбеков 2 миллион 300 мың адамның опат болғаны туралы жиі айтатын. Ол мұрағат құжаттары негізінде жалпы қы­рылған қазақтың санын 4 млн 836 мың деп тиянақтап берді. Кейбір тарихи деректерде, 1932 жылғы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, Қазақстанда тұратын ұлт өкіл­дерінің бәрі, яғни 250 мыңға жуық өзге ұлт өкілі қырылған деген де деректер бар. Жас ұрпақ мұның бәрін білуі қажет. Тек біліп қана қоймай, мұндай құрбандықтың ұлт өсіміне келтірген залалы мен зардабын терең сезінуі қажет. Кезінде «Жас тұлпар» ұйымының жетекшісі болған Мұрат Әуезов: «1932 жылы миллиондаған қа­зақтар құрбан болды, олардың ішінде білімді азаматтар да кетті. Мұның бәрін, қазіргі біздің жас­тар білуге тиіс және есте сақтауы керек», деп әр­да­йым еске салып оты­ратын. Сол кісі айтқан­дай, Тә­уелсіздік ұр­пақтары өз тари­хын, оның ішінде тарихи ақтаң­дақ­тарды жақсы білуге тиіс.

Жинақтарда сол кез­дегі көп­теген толық ақ­парат, со­ның ішінде бұ­рын құ­пиялылық белгісі болған немесе жай ғана жария­лан­баған мәлі­меттер бар. Кітаптар тарихи оқи­ғалар мен фактілермен нығай­тыл­ған. Сондай-ақ оларда аштықтың ал­ғышарттары мен қайғылы сал­дары ту­ралы ақпарат бар. Бар­лық құжаттар елі­міздің орталық және облыстық мұра­ғаттарынан алын­ды. Басқа елдердің мұрағат­та­рынан алынған фактілер де ен­гізілді. Нәти­же­сінде, бұрын жа­бық болған бір­қатар құжат көпшілікке қол­жетімді болды.

– Жинақта күні бүгінге дейін талас тудыратын ашаршылықтан қырылған халықтың саны туралы да тың деректер келтіріліпті. Де­генмен сол кезеңде санақ жүргізген жауаптылардың түгелі дерлік ату жазасына кесілгені шын ба?

– Кеңес заманында демо­гра­фиялық көрсеткіштер көбінесе жалпылама үгіт-насихат мақ­сатында қолданылғанын білесіз. Жинақта келтірілген мәліметтер тек сол кездегі материал мен ста­тистикаға негізделген. Кеңестік режимнің, әсіресе 1932-1933 жыл­дардағы күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық кезеңінде, де­мографиялық статистиканы жи­нау, қалыптастыру жүйесі қатты бұзылған. Сондықтан бұл мәселе әлі де терең зерттеп, зерделеуді, сондай-ақ кезі келгенде тарихи бағалауды қажет етеді. 

– Байлардың қудалауға ұшы­рап, жер аударылғандары жайлы да айтылады. Бұлардың арасында дәулеті жетпесе де, жазықсыз қу­да­лауға ұшырағандары болып па?

– Тарихи деректерге сүйенсек, сол жылдары қоғамдағы әлеу­меттік мәртебеге немесе жағдайға қарамастан, әрбір екінші адам қудалауға ұшыраған. Халыққа келтірілген залалды бағалау өте қиын, өйткені статистика әртүрлі. Алдында 10-15 жылқысы бар ша­ғын дәулетті адамдар жаппай жазалау құрығына ілігіп кеткен. Мұның бәрін аталған жинақтар­дан таба аласыз. Негізінен келті­ріл­ген залал өте зор болды деп бол­жауға болады. Мән-жайды то­лығымен білу үшін тарихи де­ректерді әрі қарай мұқият зерттеу керек. Бұған бір мәселені қоса кет­кім келеді. Кеңестік бол­ьше­виктік билік бірінші кезекте елдің оқыған, көзі ашық адамдарын құрт­ты. Репрессиялық машина ал­дымен діни сауаты бар адам­дарды – имамдар, қожа, молда­лар­ды турап тастады. Содан кейін қалың елдің аса ірі байларын, дәулетті адамдарын тағдыр тау­қы­метіне ұшыратты. Осыдан кейін барып қазақтың кілең саяси эли­тасын жалмады...

– Тарихтың ақтаңдақ беттері қаншалықты ашылды? Алдағы уақытта осы еңбектің жалғасы бола ма? 

– Тарих – бұл өткенді, тарихи оқиғалардың өзгеруінің нақты фактілері мен заңдылықтарын, қоғамның эволюциясын және оның ішіндегі қарым-қатынас­тарды зерттейтін ғылым. Дәлірек айтсақ, тарих – бұл оқиғалар тіз­бегін, сипатталған фактілердің объективтілігін анықтау және оқи­ғалардың себептері туралы қорытынды жасау үшін өткен туралы барлық дереккөздерді зерт­тейтін құрал. Жарық көрген кітаптардағы барлық фактілер мен оқиғалар тек тарихи дерек­терге негізделген. Бұл кітаптарда архивтерде және жабық меке­мелерде сақталатын мәліметтер кө­лемінің аз ғана бөлігі қамтыл­ған. Осыған байланысты зерде­леу ба­ғытындағы жұмыстары әрі қа­рай жалғасын табады деп ой­лаймын. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН