Қазақстандағы медицина саласына ауқымды реформалар қажет – Дулат Әбілдин

DoctorDent стоматологиялық клиникалар желісінің кеңесшісі, 3D Dental компаниясының директоры Дулат Әбілдинмен сұхбат.

Жоғары сапалы стоматологиялық қызметтерге деген сұраныс жыл санап артып келеді. Осы ретте DoctorDent стоматологиялық клиникалар желісінің кеңесшісі, 3D Dental компаниясының директоры Дулат Әбілдинмен заманауи стоматология саласының мәселелері және оларды еңсеру мүмкіндіктері жайлы сұхбаттастық.

 

– Ең алдымен кәсібіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қашан, қалай бастадыңыз?

– Қазіргі таңда мен Doctor Dent стоматологиялық клиникалар желісінде Кеңесші қызметін атқарамын. Кәсібімізді 2004 жылы Астана қаласында 3 маманнан тұратын ұжыммен шағын кабинет ашып бастағанбыз. Содан бастап үздіксіз жұмыс істеп, клиникалар желісін дамытуға үлкен күш салдық. Ал қазір біздің клиникалар желісі 1 вип Razzak, 3 Doctor Dent және 1 балаларға арналған Doctor Dent Junior тіс емдеу емханаларын қамтиды. 

Командамыз жоғарғы сапалы тіс емдеу технологиялары мен әлемдік озық емдеу әдістерін қолдана отырып жұмыс істейді. 

Стоматология саласында жұмыс істеу үнемі оқып-үйренуді қажет етеді. Сондықтан өз саламызда алдыңғы қатардан көріну мақсатында жан-жақты даму жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Соның арқасында бүгінгідей жоғары дәрежеге жеттік. 

Мәслен, бірнеше жылдан бері алыс-жақыннан келіп жатқан шетелдік азаматтарды да қабылдап жатырмыз. Емделушілер көбіне көршілес елдерден, сондай-ақ Германия, Америка, Ұлыбритания сынды мемлекеттерден де келеді.

 

– Бүгінде маркетинг заңдылығына сәйкес әрбір ұйым нарықтағы бәсекелестерінен ерекшелене білуі қажет. Сіздің клиникаңыздың ерекшелігі неде?

– Біз әр пациентке жеке көңіл бөле отырып жоғары сапаға бағытталған қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар клиникамыздағы емдеу әдістері заманауи технологиялар мен ғылыми зерттеулер негізінде жүргізіледі. Нақтырақ айтсам, клиникалаларымызды бәсекеге қабілетті ететін өзіндік бірнеше ерекшелігіміз бар.

Біріншіден, бізде жоғары білікті және тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді. Оларға өз саласының үздігі атанып, стоматологиядағы заманауи жаңалықтардан үнемі хабардар болып отыруы үшін біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз. Мысалы, мамандарды АҚШ, Жапония, Германия, Швейцария, Корея, БАӘ, Израил сияқты дамыған мемлекетерге ұдайы оқуға жіберіп тұрамыз.

Екіншіден, біз әр пациентке жеке көңіл бөліп, сұраныстарына қарай жеке емдеу жоспарын құрастырамыз. Олардың ерекшеліктері мен бюджетін ескере отырып, емдеудің ең жақсы деген нұсқаларын ұсынуға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – әрбір пациенттің ризашылығын алып, сеніміне ие болу.

Үшіншіден, дамыған мемлекеттерден заманауи жабдықтар мен технологияларды жиі алдыртамыз. Емдеу процесінде жайлылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін үнемі заманауи стоматологиялық жабдықтарға инвестиция саламыз. 

Осыған орай 3D Dental компаниясы 2022 жылы басқа да тіс дәрігерлері диагностиканы сапалы жүргізіп, оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуі үшін Қазақстаннын 6 қаласында 11 цифрлық рентгенография, компьютерлік имплантацияны жоспарлау және 3D басып шығару сияқты озық технологияларды қолдана бастады. Олар: Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы, Атырау, Орал қалалары. Бұл жапондық 3D диагностика аппараты тіс дәрігерлерімен қатар құлақты емдейтін дәрігерлерге де нақты диагноз қоюға, емдеу процесін жеделтетуге мүмкіндік береді. 

 

 – Қазір стоматология саласындағы инновация қарқынды дамып, жаңа технологиялар көптеп қолданысқа еніп жатқанын өзіңіз де айттыңыз. Солардың ішінде қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

– Расында да стоматология саласында емдеу сапасы мен пациенттерге қолайлы жағдай жасайтын инновациялық технологиялар жыл санап қарқынды дамып келеді. Солардың ішіне біз 3D рентгенография, микроскоппен емдеу, седация, наркоз, 3D шейп сияқты озық технологияға қоса жоғары сапалы тіс рентгенографиясын алуға мүмкіндік беретін әдістер мен аппараттарды жиі қолданамыз. 

Имплантацияны компьютерлік жоспарлау әдісін де ерекше атап өтуге болады. Ол арқалы мамандар имплантациялау процесін нақты жоспарлай алады. Яғни, импланттың орналасу дәлдігін анықтауға, асқыну қаупін азайтуға және науқас үшін оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Тағы бір озық технология – ол лазерлік технология. Стоматологияда лазерлер түрлі процедуралар үшін қолданылады. Соның ішінде тіс жегіні емдеу, қызыл иек тінін алып тастау және тістерді ағарту жұмыстары үшін өте тиімді. Лазерлік терапия тістерге жұмсақ әсер ету, ауырсынуды азайту және емдеу процесін жылдамдату сияқты артықшылықтарымен ерекшеленеді.

Керамикалық қалпына келтіру процесінде қолданылатын CAD/CAM жүйелері (компьютерлік дизайн және компьютерлік өңдеу) де стоматология салсының үздік инновацияларының бірі.

Сонымен қатар эндодонтиялық никель-титан файлдарын қолдану әдісіне де атап өтуге болады. Ол тістің түбір өзектерін дұрыс емдеуге мүмкіндік береді. Икемділігінің арқасында күрделі арналарға оңай еніп, эндодонтиялық емдеу нәтижелерін жақсартуға әсер етеді.

Жоғарыда айтылғандар стоматология саласындағы үздік инновациялардың бір бөлігі ғана. Олар жыл санап жаңарып, жетіліп келеді. Біз де барынша қалыспай оларды игеріп, емдеу процесіне енгізіп, инновациялық жаңалықтарды тәжірибемен ұштастырып отыруға тырысамыз.

 

– Біздегі стоматологтарды оқыту сапасы жайлы не ойлайсыз? Өзіңіз мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде не нәрсеге мән бересіз?

– Стоматолог мамандарды дайындау және оқыту процесі жоғары білікті мамандарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан білім медициналық білім беру практикаға көбірек бағытталуы керек деп есептеймін. Сонда ғана түлектер нақты қиындықтар мен талаптарыға дайын болады. Еліміздегі жоғары оқу орындары қазір осыған бағытталып жұмыс жүргізіп жатыр деп сенемін.

Ал біз мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде бірнеше негізгі аспектілерге назар аударамыз.

Ең алдымен біз үміткерлердің жоғары білімі мен тиісті сертификаттарының болуын тексереміз. Маманның жоғары стоматологиялық білімімен қатар оның біліктілігін растайтын қажетті сертификаттаудан өтуі маңызды.

Екіншіден, үміткердің жұмыс тәжірибесіне үлкен мән береміз. Соның ішінде оның өткерген практикалық жұмыстарының ұзақтығы мен әртүрлілігіне назар аударамыз. Жұмыс тәжірибесі арқылы оның кәсіби деңгейін және күрделі стоматологиялық мәселелерді шешу қабілетін бағалауға болады.

Үшіншіден қосымша дағдылар мен құзыреттерінің болуы да аса маңызды. Біз барынша эндодонтия, хирургия және тағы да басқа стоматологияның түрлі озық дағдыларын меңгерген мамандарды таңдауға басымдық береміз. 

Сонымен қатар үміткердің оқу бітіргеннен кейін кәсіби даму жолын қалай жалғастыратынына да қызығушылық танытамыз. Конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына және басқа да білім беру іс-шараларына қатысу, кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіруге және дамытуға деген ұмтылысы жоғары болуы қажет.

Бұдан бөлек коммуникативті және тұлғааралық дағдыларын да есепке аламыз. Пациенттермен тиімді әрі сенімді қарым-қатынас орнату, олардың қажеттіліктеріне мұқият болу стоматолог жұмысының ажырамас бөліі. Сондықтан да емделушімен жақсы байланыс орната алатын, оларға процедураларды дұрыс түсіндіре алатын және емдеу кезінде оларға барынша жайлы қызмет көрсетуге ұмтылатын мамандарды жоғары бағалаймыз.

Сондай-ақ үміткердің этикалық принциптері мен кәсіби мінез-құлқы да жұмысқа алу кезінде ескеріледі. Маман өз жұмысында этика, құпиялылық және жауапкершіліктің жоғары стандарттарын сақтауы қажет. 

Біз мамандарды осы аталған факторлардың барлығына сүйене отырып таңдаймыз. Осылайша біздің құндылықтарымызға ортақтасатын, жоғары білікті және пациенттерімізге жоғары сапалы стоматологиялық қызмет көрсететін мамандар тобын құруға тырысамыз.

 

– Қазақстанда стоматологиялық құрал-жабдықтарды әзірлеу және өндіру саласында қандай мәселелер бар? Болашақта осы саладағы импортты отандық өнімге алмастыру қаншалықты мүмкін?

– Қазақстанда стоматологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіру саласында реттеуді қажет ететін проблемалар жеткілікті.

Біріншіден, шектеулі ресурстар мен инфрақұрылым мәселесі. Қазақстан стоматологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіру саласы бойынша жас мемлекет саналады. Сондықтан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізу үшін инфрақұрылым мен ресурстар шектеулі. Бұл жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту процесін тежейді.

Екіншіден, маман тапшылығы. Қазақстанда стоматологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндіру бойынша жоғары білікті мамандар жетіспейді. Білікті кадрлардың болмауы осы саланың дамуын бәсеңдетіп, отандық өнім өндіру мүмкіндіктерін шектейді.

Үшіншіден, қаржылық қолдау мәселесі. Стоматологиялық жабдықты әзірлеу және өндіру мол қаржыландыруды қажет етеді. 

Алайда, осы проблемаларға қарамастан, Қазақстанның стоматологиялық жабдықтарды өндіруге әлеуеті бар. Мемлекет пен бизнес-қоғамдастықтар отандық өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік қолдау әрі қарай қарқынды жалғасатын болса, осы салада жоғары нәтижеге жеткізуге болады.

 

– Сіздің ойыңызша еліміздегі стоматологиялық бизнес саласы мемлекет тарапынан қандай жетілдіру мен қолдауды қажет етеді?

– Ең алдымен тіс емдеу саласындағы туризмді дамыту қажет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан осы мәселені назарға алып, жетілдіруге үшін күш салуы керек. Мұндай жобаны жүзеге асыруда Қазақстанның әлеуеті зор. Соны пайдаланған жөн. Оны қазірден қолға алып, жүзеге асырмасақ басқа елдер, мәселен Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттер мүмкіндікті алып қояды. 

Сонымен қатар назар аударатын тағы бір мәселе – ол қажетті медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектерді тіркеу процесі. Тіс емдеу саласында ғана емес жалпы медицина саласында көптеген әлемдік елдер қолданатын дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтарды Қазақстанға әкеліп тіркеу адамдарға қиндық тудырады. Өйткені ол бір немесе бір жарым жыл уақыт алады. Ал бұл өте ұзақ мерзім. Дамыған мемлекеттерде қолданылып, дәлелденгендіктен неге оны тіркемей-ақ енгізбеске. Міне, осының салдарынан қазақстандықтар жақсы құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді қолдана алмай отыр. Онымен қоймай олардың  бағасы өте қымбат болып келеді. Ал қарапайым халықтың қалтасы оны көтере бермейді. Осы ретте оларға салынатын салықты азайтқан жөн. 

Халқымыз сапалы ем алып, елдегі медициналық туризм дамуы үшін сапа жоғары, ал баға қолжетімді болуы керек. Ал баға қымбат болмасын десек медиуциналық құрал-жабдықтардың тым құрығанда біраз бөлігін өзіміз өндіруіміз қажет. 

Мен өзім стоматологиялық туризм саласын дамытқым келеді. Алайда ол үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау қажет. Үлкен тіс емдеу емханасын салып, оған шетелдіктерді тартуға болады. Үкімет тарапынан көлемді пайызсыз несие, жер бөліп беру сынды қолдау көрсетілетін болса жүзеге асыруға болады. Бұл барлық саладағы кәсіпкерлерге, мысалы, тамақтандыру, қонақ үй, ішкі туризм қызметкерлері, транспорттық ұйымдар, дүкендер сынды саладағылар үшін ұтымды болмақ. Өз кезегінде мемлекет экономикасы үшін де пайдалы.

Сонымен қатар Қазақстандағы медицина саласына ауқымды реформалар қажет және оны қарқынды түрде жүргізген дұрыс. Мәселен, бізде әлі кеңес үкіметінен қалған хаттамалар мен ережелер бар. Бүгінде маңызын жоғалтқан өткен дәуір үлгілерінен арылып, заманауи стандарттарға бағытталуымыз керек. 

 

– Басқарушылық пен дәрігерлік қызметті қатар алып жүру қаншалықты қиын? Медицина саласы бойынша кәсіп жүргізудің қандай ерекшелгі бар?

– Бүгінде мен кәсіпкер ретінде ресурстарды тиімді басқаруды қамтамасыз ету, даму стратегиясын жасау, сапаны бақылау және басқару жүйелерін құру, сонымен қатар клиенттерді тартып, нарықта бәсекеге қабілетті ұсыныс жасау сынды жұмыстарды қатар атқарамын. Яғни, бизнесті жүргізу қаржы, маркетинг, персоналды басқару және стратегиялық жоспарлау дағдыларын қажет етеді.

Сонымен қатар пациенттердің денсаулығына қамқорлық жасау және жоғары сапалы емдеуді қамтамасыз ету де менің жұмысымның маңызды аспектілерінің бірі. Дегенмен, пациенттерге тиімді күтім жасау үшін клиниканың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және білікті мамандарды тарту және оларды ұстап тұруға жағдай жасау, сондай-ақ заманауи технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу жұмыстарын 

Кәсіпкерлік Дағдылар мен шешімдер маған дәрігерлер мен пациенттердің жұмысына қолайлы жағдай жасауға көмектеседі. Бұл сапалы жабдықты қамтамасыз етуді, кәсіби ортаны дамытуды, қызметкерлерді оқытуды және дамытуды, сондай-ақ қызметтерді үнемі жетілдіруді қамтиды.

Сондықтан да стоматология саласында табысты жұмыс істеу үшін кәсіпкерлік дағды маңыздырақ деп санаймын. Кәсіпорынның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызмет көрсету және пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауды үйлестіру өте күрделі жұмыс.