Осыған орай студенттік жатақханалар салу бойынша арнайы жобалық кеңсе ашылды. Жобалық кеңсе жатақханалар салу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды, студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Жобалық кеңсенің ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау сөз сөйледі. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек әкімдік тарапынан жатақхана құрылысына қажетті жер учаскелері бөлініп, әкімшілік мәселелер бойынша көмек көрсететінін жеткізді.
«Елордаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қалада 15 жоғары оқу орны бар, онда 67 мыңға жуық студент оқиды. Олардың бір бөлігі бұл қаладан емес. Жауапты министрлікпен бірлесіп инфрақұрылымды құру бойынша жұмыс жүргіземіз. Бұл жұмыс инвесторларды да, жоғары оқу орындарын да жұмылдыра отырып жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан жер учаскелері мен әкімшілік мәселелер бойынша көмек көрсетеміз», – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Инвесторлар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және бірқатар ЖОО арасында студенттік жатақханалар салу бойынша ынтымақтастық орнату туралы меморандумдар жасады.
Жанел ҚҰТТЫБАЙ