Жас әнші Ақан Серінің «Сырымбет», «Ләйлім Шырақ», Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Гәкку», Естайдың «Қорлан», «Сәулем-ай» сияқты танымал әндерді шырқап, домбыра, бас қобыз аспаптарында өнер көрсетті. Сондай-ақ қазақ тілінің мәселесін көтеретін «Қазақша» әнінің бейнебаяны көрсетілді.
Асқар Мұқият – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Шабыт-2017» XX халықаралық жастар фестивалінің бас жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.
«Шығармашылық кешіме екі ай дайындалдым. Биыл 29 жасқа толдым. 30 жас – жаңа белес. Соны ырымдап, концерттің атын «Асқар асу» деп қойдық. Кештің көңілімнен шықпаған тұстары болды, бәлкім дайындық аз болған шығар. Десе де, кез келген өнер адамының өзіне көңілі толатын кезі кемде-кем. Бұл үнемі өзіңді қамшылап, дамытуға мүмкіндік береді», – дейді әнші.
«Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әуезді әндер шырқалған концертте Перизат Тұрарова, Рухия Байдүкенова, Айзат Қарабек, Қайсар Мұхтар және басқа да дәстүрлі өнер иелері бой көрсетті.
Дамира СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті