Сенаторлар саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарына арналған ескерткіш қабырғаға гүл шоғын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сенатор Нұртөре Жүсіп кешенге келушілермен әңгіме барысында 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі, миллиондаған адамның өмірін қиған жаппай саяси қуғын-сүргін мен жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні екенін атап өтті. Мыңдаған құрбанды еске алу үшін елімізде көптеген шара өтуде, мұражайларда көрмелер ашылды, мемориалдарға гүл қойылды, жаңа деректер жарияланды.
«Елімізде өткен ғасырдың 30-жылдарында болған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтан зардап шеккен миллиондаған қазақстандықтың есте сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз тарихының осы кезеңін зерделеу және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президенттің тапсырмасы бойынша Сенатта бірнеше жыл бұрын ақпарат жинау және ашаршылық кезеңінің деректі хроникасы жинағын шығару жұмыстары басталған болатын. Қоғам мен өскелең ұрпақтың бейбіт өмір сүрудің құндылығын түсіну және мұндай оқиғалардың қайталануына ешқашан жол бермеуі үшін осының бәрі аса маңызды», – деді Нұртөре Жүсіп.