Жол үстінде танысқан кейіпкерлеріміздің әңгімесіне құлақ түріп, алалия дертіне шалдыққандардың көп екенін байқадық. Есесіне, оларға ем-дом жасай алатын маман жетіспейді. Шымкент қаласындағы жекеменшік клиникалардың бірінде істейтін білікті маманға бір ай бұрын жазылу керек екен.
Немересі осы дертке шалдыққан төлебилік әжейді невропотолог: «немереңіз ерке» деп кері қайтарған. Кейуана бір жыл бойы дәрігердің айтқанына сеніп, уақытын өткізіп алғанына әлі күнге дейін өкінеді.
«Медбике болып жұмыс істейтін сіңлім үйге келіп мына баланың әрекеттері, қимылдауы ұнамай тұр, бұл басқаша ғой. «Ертерек ем алыңдар» деп жақсы дәрігердің қабылдауына жаздырды. Дәрігер бізге «Аутист болуы мүмкін» дегенді айтты. Мұндай ауыр сөзді есту оңай болған жоқ. Кейіннен ава-терапиясына жіберді. Оған айына 50 мың теңгеден төлеп, 4 ай бойы қатынадық. Мамандар баламен күніне 55 минут жұмыс істейді. Сәл болса да нәтиже бар», – дейді кейуана.
Иә, бұрынырақта тек толық естімейтін және толық сөйлемейтін тілінің мүкісі бар балаларды ғана білетінбіз. Қазір ақыл-есінде, жүріс-тұрысында, әрекет-қиымылында ептеп ерекшеліктері бар түрлі науқастағы бүлдіршіндерді жиі кезіктіретін болдық. Дәрігерлер «дені сау анадан дені сау бала туылады» деп жатады. Бірақ мамандар мұндай жағдайлар туа сала баланың қолына смартфон беріп қойып, өзі де сол телефонға кіріп кеткен ата-аналардың да кінәсінен болып жатқанын жоққа шығармайды. Тіпті, ата-ананың баласымен байланысының болмауынан баланың тілі телефондағы орыс немесе ағылшын тілінде шыққан жағдайды да көрдік.
Сайрам көмекші мектеп-интернат колледжінде тәрбиеленіп жүрген баланың ата-анасы – қазақ. Үйінде, айналасында ешкім де ағылшын тілінде сөйлемеген. Таңғаларлығы, бала ағылшынша судай. Тілі де ағылшынша шыққан. Интернаттағы 220 баланың 10-ында алалия диагнозы бар екен.
Дәрігерлер психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия тек алалия деген диагноз қоймайтынын айтады. Негізінен, алалия сал ауруына, аутизмге шалдыққан балаларда қосымша жүреді екен. Балада мұндай науқастың бар екенін 2 жастан бастап анықтауға болатын көрінеді. Оны бала ананың құрсағында жатқанда әртүрлі факторлардың әсер етуі, туып жатқанда бас мидың органикалық зақымдануы, туған соң инфекциялық аурудың асқынуы сияқты жағдайлармен байланыстырады.
«Ондай диагноздағы балаларды сөйлей алмайды деп толыққанды айтуға келмейді. Онымен жүйелі жұмыс жүргізсе жазылып кетуі мүмкін. Дефектолог, логопед, ата-ана осы үшеуі өздеріне тиесілі міндетті мүлтіксіз атқарғанда ғана жетістікке жетуге болады. Бала интернаттан кеткенде логопедтер тарапынан ата-анасына тапсырма беріледі. Соны да мұқият орындау керек. Алайда оған орталық мидың зақымдануынан болған деген диагноз қойылса, емдеу қиындау болады. Демек, мидың самай бөлігіндегі сөйлеу жүйесі зақымданған деген сөз. Алалия диагнозындағы балаларға топтық емес, жекелей бөлек сабақтар өтеді. Яғни, олармен логопедтер жеке-жеке жұмыс жүргізеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия алалия диагнозын жазбаған жағдайда логопедтер баланың дыбыс шығармайтынын, назар аудару ретінің төмендігінен байқайды. Балада дыбыс шығару әрекеті болмайды. Оларға түрлі дыбыс шығару әдістерін қолдану арқылы анықтаймыз», – дейді мектеп-интернат директоры Жадыра Таңатарова.
Бүгінде Шымкент қаласында аутқуы бар балаларға арналған оңалту орталықтары көбейген. Жекеменшік орталықтар да жұмыс істеп жатыр. Демек, сұраныс көп. Түркістан облыстық психологиялық-медициналық-педогогикалық кеңес беру орталығының директоры Гүлмира Жақсыбекқызы мұндай диагнозды балалардан интернаттарда нәтиже шығатынын айтады. Себебі арнайы мамандар таңнан кешке дейін сол баламен жекелей айналысады.
«Алалик балаларда міндетті түрде өзінің негізгі ауруы болады. Алалия қосымша жүреді. Бала атын шақырса қарамай мән бермесе, одан аутизм спекторының бұзылуы байқалып жатыр деп қорқу керек. Тез арада ем-шараларды қолдану қажет. Бұл жағдайлар 3 жасқа дейін-ақ байқалады», – дейді орталық директоры.
Ал облыстық балалар ауруханасы консультативтік-диагностикалық емханасында логопед болып жұмыс істейтін тәжірибелі маман Толғанай Ағыбаева дәл осыған ұқсас диагноздарымен күн сайын қабылдауына 15 шақты бала келетінін айтады. Аутизм, алалиядан бөлек, эпилепция дертіне шалдыққандар да көп екен.
«Алалияның өзі екіге бөлінеді. Орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан пайда болатын бұл науқастың моторлы түрінде балаларда назар аудару, көңіл қою, зер салу, ықыласпен қарау немесе бір нәрсені елеу және есінде сақтау сияқты жоғарғы психикалық функциясының даму деңгейінің төмен екендігі байқалады. Мұндай балалардың психикасы да өзгереді. Қатты агрессия болады. Балабақшаға барғанда түсініп айта алмаған соң ұрып тастайды. Көп ата-аналар ешнәрсе етпейді үйреніп кетеді деп жатады. Олай емес, бала 12 айда-ақ дауыс шығарып, 10 сөз айту керек. 2 жаста – 40 сөз. Жасына сай болмаса, дер кезінде дабыл қағып, емдеу шараларын жүргізу қажет. Ал сенсорлы алалик балалар өздеріне қарата айтылған сөздерді мүлде түсінбейді. Олар дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алмайды, яғни оларға айналасындағы құбылыстардың қимыл-қозғалыстарынан шығып жататын әртүрлі дыбыстардың барлығы да бірдей сияқты болып көрінеді. Бас миының сол жақ аймағы зақымданған. Бала қойылған сұраққа жауап берудің орнына басқа жақа кетіп қалады. Ал аутизм бала жақын адамдарын білмейді анасының өзін күнделікті тамақ беретін жан деп қабылдайды. Мысалы, бізге науқастар келгенде анасын шығарып жіберсек оны іздемейді. Олар адамның көзіне ешқашан қарамайды. Олар робот сияқты әрекет етеді», – деп науқастың түрлерін ажыратып берді Толғанай Сырғабайқызы.
Сонымен бірге дәрігер кейбір ата-ананың тілінің астын қырықсақ сөйлеп кетеді дейтін ойына қарсылығын білдірді. Тілдің астын тек бала еме алмай жатса ғана қырқуға болады. Созақ, Жетісай және Сайрам аудандарынан дамуы, сөйлеу қабілеті төмен балалардың жиі келетінін жеткізді.
– Егер бала 1 жасқа дейін сөйлемесе, дабыл қағу керек. Бала 3 жасқа дейін сөйлеп кетуі тиіс, – дейді маман тағы бірде: – Ұялы телефон баланы құртады. Кейде ата-аналар балаларын осы жерге әкеледі де қолдарына телефон бере салады. Ата-аналардың өздері балаға көңіл бөлмей, телефонмен әлек болып отырады. Үйде баланы дамытатын ойындар ойналуы тиіс. Алалик балалар орысша ағылшынша біледі деп жатады. Себебі оларға телевизор, смартфон тілі оңай, тілі солай шығады. Қалай болғанда да бала құрсақта кезінде әбден тексерілген дұрыс. Қан аздық, күйзеліс, экология бәрі әсер етеді.
Байқасаңыз, соңғы кездері жүйке жүйесінде ауытқушылығы, өзгерісі бар балалар көбейіп жатыр. Мұның барлығына қоршаған орта, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс жағдайлары әсер ететіндей. Әрине, ешкім бауыр еті баласын жамандыққа қимайды. Сондықтан бала құрсаққа біткеннен оның болашағына жоспарлы, жүйелі түрде жауапкершілікпен қарау керек деп білеміз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы