Қазақстан шетелдегі қазақтар арасында «Ата жолы» картасын тарататын болды. Бастапқыда Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Қазақ картасы» аталған ол жатжұрттағы барлық қазаққа емес, тек байларына және мықты мамандарына беріледі.
«Ата жолы» атамекенге бағыт сілтейді
1,612
оқылды

Бұл карта өз иесіне қандай жеңілдік пен игілік ұсынады? Сонда ауқатты немесе білікті емес қарапайым қандастар назардан тыс қала ма?

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық саясаттан жеріп, ішкі істерімен шектелген­дей. Салдарынан осыдан біраз бұрын Ре­сейдегі соңғы қазақ мектебінің жабылуына ешқандай реакция болмады. Шетелдегі, тіпті Түркиядағы қазақ жастарының көбі қа­зақ тілін білмейді, білгеннің өзінде ана тілінде күнделікті сөйлемейді. Демек, асси­миляция процесі аяқталуға таяды, яғни сырттағы қазақ этносы ұлттық қасиетінен, ерекшеліктерінен айырылып, жатқа тастай батып, судай сіңіп жатыр. 

Салдарынан, былтырғы қыркүйекте Ресейдегі ер-азаматтарды жаппай әскерге шақырту басталғанда, сондағы қалың қазақ іргедегі атажұртқа үдере көшпеді, Кремльдің бұйрығына мойынсұнып, Украинаны отар­лауға аттанды. Ресейлік оппозициялық журналистер мен блогерлер бұл парадокстың мәнісін білмек болып, сұхбат құрғанда, олармен тілдескен қазақтар Ресейді Отаны, ал оны кез келген жаудан қорғауды қастерлі борышы санайтынын мәлімдеп жатты. Масқарасы сол, 2021 жылғы бүкілресейлік халық санағы барысында тек 591 970 адам ғана өзінің ұлтын «қазақ» деп көрсеткен. Ал бұған дейін демографтарымыз Қазақ­стан­ның Ресейдегі елшілігінің дерегіне жүгініп, Ресейде жалпы саны 800 мыңнан 1,5 миллионға дейін қазақ тұрады деп айтатын. Өзге елдердегі қазақ диаспорасына қатысты да мәселе жеткілікті. 

«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы шетелдегі этникалық қазақтардың түйткілді мәселелері бастан асатынын жасырмады. Біріншіден, қазақтар негізінен шектес мемлекеттерде – Ресей мен Қытайда шоғырлана орналасқан. Ен­деше көрші елдердегі шекаралас облыс­тардың Қазақстанмен арадағы өңіраралық ынтымақтастығы әлеуетін толық пайда­ланған жөн. 

Екіншіден, мемлекеттік квота негізінде шетелде тұратын қандас жастарға бөлінетін гранттар тиімді игерілмей тұр. Сондықтан отандық жоғарғы оқу орындарына қабылдау тетігін өзгертіп, ҰБТ-ның орнына оларды стипендиялық бағдарлама арқылы оқуға қабылдау маңызды. 

Үшіншіден, қандас мәртебесін алу үшін шетелдік өзінің этникалық қазақ екенін рас­тауы шарт. Бұл да оларға қиындық ту­дырады. 

Төртіншіден, әлемнің 40-тан астам еліндегі 200-ге жуық қазақ этномәдени ұйымының белсенділігін арттыру, оларға қолдау көрсету қажет. Әйтпесе, олардың көбі кезінде салтанатты түрде ашылғанымен, ары қарай жұмысы қаңтарылып қалған. 

Бесіншіден, шетелдегі онсыз да аз қал­ған қазақ мектептерінің материалдық және оқулық базасын нығайту күн тәртібінде өткір тұр. Осы мақсатта оларға мемлекет­аралық келісім негізінде көмектесу жолдары пысықталады. 

Алтыншыдан, еліміздің тұрақты да­муына үлес қосуы үшін шетелдегі дарынды және табысты отандастарымызды отандық жобаларға тарту керек.

Ең бастысы, шеттегі қазақтардың төл этникалық бірегейлігін сақтап қалуына үлкен қауіп төнді. Қандастардың ұлттық болмысын сақтап қалу үшін олар өмір сүретін әрбір елде, әрбір қалада ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын мәдени шаралар қажет. Бірақ бірреттік шарамен шектелмей, тұрақты түрде оқу-ағарту және тәрбиелік курстарды ұйымдастыруға арнал­ған жобаларды көбейту керек. Оны ұйым­дастыру үшін қаржылық жағынан қамта­масыз ету маңызды. 

Мюнхенде тұратын қазақ Ұлан (Олан) Құрманбектің айтуынша, бұрынғы жылдары диаспора өкілдерін қазақ тіліне оқыту курс­тары болыпты. Оған толыққанды қатыс­қандардың өзі ана тілін меңгере алмаған. Себебі, біріншіден, білікті ұстаз, тәлімгерлер жоқ, екіншіден, тілдік орта жоқ. Қазақ­тар­дың басы қосыла бермейді. Қазақстан жағының ұйымдастыруымен өтетін, ірілі-ұсақтың шараларға жиналатындардың қарасы қалың емес. Салдарынан, қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлеспегендіктен, ана тілін ұмытып қалады. Әйтсе де, қазіргі кезде бейнеконференц байланыстың түр-түрі бар. Сол арқылы білікті тіл мамандарын Қа­зақстанда отырып, әлемнің кез келген еліндегі адамдар тобына қазақ тілін оқыту дәрістерін өткізе алар еді. Тек соны құнт­тайтын Үкімет болса.

Әлемде 5 миллион қазақ бар ма?

«Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың саны 5 миллионнан асады, яғни өз алдына жеке бір мемлекет бола­тындай қалың халық» деген ескі мәліметті жиі сөз етеміз. Алайда бұл санды растау үшін жаһандық санақ жүргізу мүмкін емес. 

Бір анығы, Қазақстан әлемдегі барлық қазақты тәуелсіз Қазақстанға жаппай жинау, түп көтере көшіріп алу ниетінен бас тартты. Бұл жаңа идеология 2017 жылдың 22–25 маусымында Астанадағы ЭКСПО-2017 көр­месі аясында Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында жарияланды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеп шыққан «Ата жолы» картасын беру қағидалары да осы мақсатқа қызмет етеді. Министрліктің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, қандастарға берілетін жаңа картаны жасау барысында ЕО, Түркия, Жапония, Корея, Ұлыбритания, АҚШ тәжірибелері зерделенген. Яғни, «Ата жолы» картасын «қазақтың грин картасы» деуге болады.

– Оның аясында шетелде тұратын этни­калық қазақтар өз азаматтығын жоғалт­пай, Қазақстанға келеді. Карта иегерлері 10 жыл­ға дейін тұрақты тұруға ықтиярхат (ПМЖ) арқылы елімізде тұрып, еңбек етіп, өзінің бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл этникалық қазақтардың елге келуіне, туған елімен қарым-қатынасын жақсартуына мүмкіндік. Болашақта шетелдегі қазақ азаматтары осы мүмкіндікті пайдаланып, елге келіп, бизнесін аша алады. Яғни, бұл үлкен бизнес кейстерінің иегерлеріне, мүмкіндіктері бар азаматтарға, білікті мамандарға елге келіп, қызмет атқаруы үшін қарастырылып отыр. Осы жерде жағдайын жасағаннан кейін ары қарай олар Қазақстан азаматтығын беру мүмкіндігі де қарасты­рылған, – деді Ілияс Испанов.

Басқаша айтқанда, «Ата жолы» картасы шетел азаматтарын республикада қазақ­стандықтар үшін қарастырылған барлық дерлік мүмкіндік пен құқықтарды пайдалана алады. Олар тек еліміздегі Президент, әкім, сонымен бірге Сенат, Мәжіліс және мәс­лихат сайлауында кандидат бола алмайды және дауыс беруге құқығы жоқ. Олар түрлі шеру мен митингілерге де қатыспауы шарт. Өйткені бұл құқықтар Қазақстан азамат­тарына ғана тиесілі.

Айтпақшы, егер қазақ картасының ие­гері Қазақстандағы құрылысты күштеп өз­гертуге бағытталған немесе оның тәуел­сіздігіне қарсы әрекетке барса, Қазақстан аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса, ұлтаралық, конфессияаралық және діни араздықты қоздырса, шерулерге қатысса, халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасын бұзып, жауапқа тартылса, картасынан айырылады. 

Керек кадрға қолдау бар

Қағида жобасында айтылғандай, «Ата жолы» картасы – халықтың көші-қон мә­селелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бизнес-көшіп келушілерге не этникалық қазақтар қатарынан талап етілген кәсіптері бар адамдарға он жылға дейінгі мерзімге, бірақ азаматтығы бар ел паспортының қолданылу мерзімінен аспай­тын мерзімге берілетін, белгіленген ны­сандағы құжат болады.

Министрліктің түсіндіруінше, «Ата жолы» картасын алу үшін шетелдегі қазақта біріншіден, Қазақстан азаматтығы болмауы тиіс. Қандас мәртебесі болса да карта бе­рілмейді. Екіншіден, ол – қазақ ұлтына жататынын растайтын құжат әкелуі шарт.

Әлгінде айтылғандай, қазақ картасы барлық қазаққа емес, тек Қазақстанға пай­дасы бар қазақтарға ғана беріледі екен. Тиі­сінше, министрліктің мәліметінше, «Ата жолы» картасын алу үшін этникалық қазақтар мынадай талаптарға сай болуы тиіс: біріншіден, Президенттің 2005 жылғы 6 маусымдағы Жарлығына сәйкес, Қазақ­стан азаматтығына қабылдаудың оңай­латылған тәртібі белгіленетін мамандықтың бірінің иесі болуы керек. Екіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес, сұранысқа ие кәсіптердің бірін меңгеруі талап етіледі. Немесе бизнесмен болуы, оның өзі тұрақты тұратын және азаматтығы бар елде тіркелген, жұмыс істеп тұрған бизнесі болуы қажет. 

Министрлік бұл қадамның жоғары бі­лікті маман немесе өзі мекен еткен елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтардың ата­мекенімен байланысын нығайту үшін жасалғанын мәлімдеді. 

Сырттағы қазақтың осы мәртебені алуға көңілі құласа, онда «Ата жолы» картасын беру туралы өтінішін екі жолмен ұсына ала­ды. Атап айтқанда, не «Құтты мекен» ақ­параттық жүйесінің ұялы қосымшасы ар­қы­лы онлайн, немесе Қазақстанның шетел­дердегі елшілігі арқылы өтініш бере алады. Бірақ дайын болған картаны алу үшін Қазақстанға келуі тиіс. Өйткені картаны беру талабы бойынша ол не өз мамандығы бойынша Қазақстанда жұмысқа орналасуға, немесе елімізде төл бизнесін ашуға, инвес­тиция құюға міндетті. 

Дегенмен «Құтты мекен» (Migration.enbek.kz) ақпараттық жүйесі әзірге жұмыс істеп тұрған жоқ. Ол enbek.kz электрондық еңбек биржасының кіші жүйесі болады. 

«Ата жолы» картасы иегерінің 16 жасқа толмаған отбасы мүшелері де соның құ­қықтарын пайдалана алады. Одан ересектері қазақстандық консулға «Ата жолы» карта­сын беру туралы жазбаша өтініш енгізуі қа­жет. Карта иесі онжылдық қолданыс мер­зімі аяқталғанға кем дегенде 3 ай қал­ғанда, оның мерзімін ұзарту туралы өтініш жазуы тиіс. 

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы мамырдағы жағдай бойынша атажұртқа 6 144 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Тұтастай алғанда, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 112,6 мың қазақ оралған. Күн тәртібінде тұрған басымдық – шетелдегі қазақ диас­порасын жан-жақты қолдау және арасын­дағы үздіктерін, дарындыларын, білік­тілерін Қазақстанға көшуге ынталандыру болмақ.

Елдос СЕНБАЙ