Қауіпті дертке душар болған жандардың арасында жарық дүниеге жаңа келген нәрестелер мен жас аналар да бар. Ал осы өмір мен өлім арасында арпалысқа түсіп жатқандарға дер кезінде қан құйылмаса, адам өмірін арашалап қалу қиын.
Күретамыр іспеттес орталық
Технология мың жерден өзгеріп, медицина қарыштап дамып кетсе де, әлемде қанның орнын алмастыратын ешқандай препарат, дәрі-дәрмек, сұйықтық табылған жоқ. Ол дәріханадан сатып алатын қолжетімді дүние емес. Сондықтан ауырып жатқан науқасқа донорлық қан ауадай қажет. Тек қана дені сау донордың қаны ғана өмірден күдерін үзген жандарға үміт сыйлайтын, тіршілік үшін күреске түсуге күш беретін сиқырлы сұйықтық.
Астана қаласындағы Қан орталығы қан алу және оның компоненттерін дайындау бөлімінің дәрігері Зәуреш Әлменованың айтуынша, қан орталығы қаладағы барлық медициналық мекеменің күретамыры іспеттес. Өйткені оның қызметіне елордадағы барлық медициналық мекемеге қанды жедел әрі тұрақты түрде жеткізу кіреді.
«Біз үнемі «донор қажет» деп жүрген жерімізде жарнама жасап, шарқ ұрамыз. Себебі қан құятын аурулардың саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Соңғы кезде ересектер ғана емес, балалар арасында да онкологиялық, тұқым қуалайтын аурулар көптеп кездеседі. Одан бөлек, туабітті қан аурулары бар. Мысалы, кейбір балалардың гемофилия ауруында қандары ұйымайды. Олардың барлығына қан құю керек. Қазір жол-көлік оқиғалары мен түрлі жазатайым оқиғалар да жиілеп кетті. Жарақат алған адамдар көп қан жоғалтқан жағдайда да өмірді сақтап қалу үшін қан қажет. Соңғы уақытта босану бөлмесіндегі аналардың арасында түрлі асқынулардан кейін көп мөлшерде қан кетіп жатады. Ондай кезде де орталықтың қаны уақытында жеткізілу керек болады. Бүгінде қаламызда жоғары мамандандырылған ауруханалар өте көп. Оның ішінде дәрігерлер күн сайын ішкі ағзаларды ауыстыру мен дін жасушаларына ауыр оталар жасайды. Операциялардың барлығы қан құюмен байланысып отырады. Науқасқа бір ағзаны ауыстырғанда 10-12 донордың қаны құйылады. Ал олардың айықпас дерттен арылып, аяқтан тұрып кетуі үшін тек қана дені сау донордың қаны керек», – дейді орталық маманы.
Сол себептен де орталыққа қан тапсыруға келген әрбір донор – нағыз қаһарман.
«Өйткені орталыққа өзінің алтын уақытын қиып, өзі танымайтын адамның өміріне араша болу үшін қан береді. Дені сау донор бір келгенде 450 мл қан тапсырады. Оның берген қаны үш адамның өміріне араша бола алады. Біз 450 мл қаннан үш компонент аламыз», – дейді Зәуреш Елікбайқызы.
Күніне екі мың адам шақыртылады
Бүгінде орталықтың тұрақты әрі алғашқы донорлары да бар. Алайда қанның сақтау мерзімі шектеулі болғандықтан, донор санын анағұрлым арттыру аса маңызды. Мәселен, қанның қызыл түйіршіктерін сақтау – 42 күн болса, қан жасушаларының жарамдылық мерзімі 5-7 күн. Ал қанның сарысуы -30 градуста 3 жылға дейін сақтауға жарамды. «Қанның сақтау мерзімі шектеулі болғаннан кейін тұрақты түрде көп донор керек. Сол үшін біз үнемі жарнама жасап, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мәжбүрміз. Біздің жарнама тұрақты түрде жүру керек. Соңғы жылдары орталық жұмысын жандандыруда мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Былтырдың өзінде ғана Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен көшелер мен қоғамдық орындарда көрнекі жарнамалар ілінді. Аялдама мен алаңқайларда да тұрақты түрде жарнама көрсетілетін болды», – дейді маман.
Алайда оның өзі аздық етіп отырған көрінеді. Себебі, жарнаманы көрген дені сау донорлардың орталыққа келуге уақыты жоқ. Әсіресе, қан тапсыратын жастағы адамдардың барлығы жұмыстан сұрана бергісі келмейді екен. Мысалы, орталық мамандары күніне екі мың адамға қоңырау шалса, оның ішінде 5-10 пайызы ғана донор болады.
Әлгінде айтқандай, орталықтағы донорлық қан ғана емес, қанның құрамдас бөліктеріне де мұқтаж науқастар көп. Айталық, қанның қызыл түйіршіктері мен сарысуы қан ауруларының обыры, ақ қан, лейкоз, пластикалық анемиямен ауыратын науқастарға аса қажет. Кейбір адамдарда қан өндіруші органдар қан түйіршіктерін аз мөлшерде өндірсе, енді біреулерде қанды ұйытатын факторлар жетіспейді. Ондай жағдайда тұтас қанның өзі емес, сарысуы ем болады. Сол секілді асқазан, қалқанша безі, аутоиммундық аурулар, созылмалы пиелонефрит, ағзадағы түрлі паразит болған кезде де қан азайып кетеді. Мұндай жағдайда науқасқа қанның қызыл түйіршектері құйылады.
Дәл осы тромбоцит алу процесі адамның екі жарым сағатын ұрлайды. Сондықтан сүттен қаймақты айырғанға ұқсас тромбоцит алу процедурасына донор шақыру қиындық тудырады. «Тромбоцит алу – өте күрделі процесс. Алдымен донорды тіркеп, жалпы қан талдауын жасаймыз. Себебі науқастың өмірі қан түйіршіктерінің сапасына байланысты. Екіншіден, донордың өзінде де тромбоцит мөлшері азайып қалмау керек. Өзімізге қажетті тромбоциттерді алып, қанның қызыл түйіршіктері мен сарысуын донордың өзіне қайтып береміз. Сол себепті донорлардың дені бұл процедураға келгенді құп көрмейді. Дегенмен азаматтық сана-сезімі жоғары донорларымыз да өте көп. Туғаны да, досы да, не әріптесі, не көршісі емес, айдаладағы біреуге бір қоңырау шалғаннан келіп, екі жарым сағатын бөліп, қан тапсыратын донорлардың алдында басымызды иеміз», – дейді Зәуреш Әлменова.
Донор атану дәреже саналады
Астана қаласында 23 медициналық мекеме бар. Оның ішінде республикалық және қалалық, сондай-ақ 1-2 жекеменшік диагностикалық аурухана бар. Бүгінде қаладағы қан орталығы осы мекемедегі науқастардың барлығын 100 пайыз қанмен қамтамасыз етіп келеді. «Орталыққа өз еркімен қан тапсыратын донорлардың санын арттыру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Донорлар тек қана бізге келіп қан тапсырмайды, біз донорларға өзіміз баратын мүмкіндікті де қолға аламыз. Адамдардың уақытын жоғалтпау үшін арнайы құрылғылары бар, толығымен жабдықталған автобуспен кез келген мекеменің алдын ала келісімін алып, донор күнін өткіземіз. Мұндай күндері біз 70-80 донор табамыз. Ойын-сауық мекемелеріне де шығып 30-40 донор алып келеміз. Бірақ тапқан 150 донордың 20-25 пайызының қаны әртүрлі себептермен жарамсыз болады. Сол үшін бұрын бармаған мекемелерге де өтініш жазып, донор күнін өткізуге сұранып жатамыз. Өкінішке қарай, көп адамдар донорлықтың не екенін түсінбейді. Мысалы, шетелде әрбір азамат қан тапсырып, донор болуды өзінің парызы деп санайды», – дейді дәрігер.
Тәжірибелік алмасуға барған орталық маманын Сингапур халқының адамгершілік үлгісі қайран қалдырғанға ұқсайды. Оның айтуынша, бұл елдегі жастар қан тапсырғандарын мақтан тұтады екен. Донор атануды дәреже деп санайды. Мәселен, Сингапурде донорлық қан тапсырған адамның кеудесіне төсбелгі беріледі екен. «Қоғамдық орындарда жастар біздегідей қымбат көлігі мен зәулім үйін, соңғы үлгідегі телефонын көрсетіп емес, өздерінің донорлық төсбелгісін көрсетіп мақтанады. Ол адамның кеудесіндегі төсбелгіге қарап, басқалар оның неше рет қан тапсырғанын көре алады. «Мен 40 рет донор болдым», «50 адамның өмірін сақтап қалуға септігім тиді» деп айтуды дәреже санайды», – дейді ол.
Зәуреш Әлменова донор қан тапсырып өзгенің өмірін ғана емес, өз денсаулығы жайлы ақпарат алуға болатынын айтады. Өйткені ешқандай медициналық мекемеде тез арада адамның денсаулығындағы кінәратты анықтауға мүмкіндік жоқ. Ал орталықта донорға 5-10 минуттың ішінде қан арқылы берілетін 4 індетке тегін тексеріс жасалып, бірнеше аурудың деңгейі анықталады.
Дәрігердің айтуынша, қан жасушалары +20℃, +22℃ градуста сақталатын болғандықтан, қанның ішіндегі қоздырғыш көбейіп кетуі мүмкін. Сондықтан көбінесе тромбоцитті науқасқа қаннан алған бойда құйылған әлдеқайда тиімді. Ондай мүмкіндік болмағандықтан тромбоцит үнемі қозғалыста болу үшін қазір орталықта ғана емес, елордадағы барлық медициналық мекемеде тромбомиксер қолданысқа енгізілу керек. Себебі қанның клеткалары өліп қалмау үшін құрылғы үнемі қозғалыста болуы тиіс.
Теңдесі жоқ тың тәжірибе
Орталықтың қызметіне тек қана қан жинау және оны медициналық мекемелерге жеткізу кірмейді. Донорлық қан алудағы отандық медицинаның үлкен жетістігі – орталық жабық үлгідегі автоматтандырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы соңғы жаңа технология. Көптеген елдерде қанды екі кезеңдік скрингтен тексеру тәжірибесі қолға алынбаған. Ал бас қаладағы орталық мамандары қанды екі кезеңде тексеруден өткізеді. Екінші жетістік – тромбоцитті науқасқа құятын кезде түрлі вирустан тазартатын тың тәжірибе қолданысқа еніп отыр. Медицинадағы мұндай соңғы ғылыми тәжірибе Бельгия мен Швециядан кейін Қазақстанда, бізден кейін Францияда ғана іске асып отырғаны үлкен абырой екені анық.
«Бұл тәжірибе қауіпті вирустардың таралуына ғана емес, өлімге әкелетін асқынулардың алдын алады. Вирустардан тазарту процесі өте күрделі және қымбатқа түседі. Дегенмен мемлекетіміз халықтың денсаулығын көтеру үшін халықаралық стандартта жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, қанның құрамдас бөліктері қант диабетінің асқынған ауруларына ем. Мысалы, қант диабеті кезінде науқастың аяғында жазылмайтын жара пайда болады. Уақыт өте келе, инфекция түсіп, оның соңы науқастың аяғын кесуге алып келеді. Осы сусамыр ауруларына көмектесу үшін қаннан еритін факторларға бай плазманы айырып аламыз. Компонентті жараға енгізген кезде жараның аузы қас қағым сәтте жазылады және қант мөлшері азаяды. Бұрын мұндай плазма тек травматология мен косметологияда қолданылатын. Ал қазір дәрігерлер плазманы ашық жараға, буын ауруларына, артроз, артрит ауруларына да енгізіп жатыр. Бұл ғана емес, қанның плазмасы жасанды ұрықтандыруда да кеңінен қолданылып, жылдар бойы сәби сүйе алмай жүргендерге қуаныш сыйлап келеді», – дейді Зәуреш Елікбайқызы.
Орталық мамандары науқастарды инфекциялық және иммуногемотологиялық жағынан қауіпсіз қанмен қамтамасыз етудегі тәжірибемен тоқталмақ емес. Сол үшін қазір қан орталығының дәрігерлері ғылыми жұмысты да жандандырып келеді. Сөз соңында «Бізге келетін донор өз ісіне аса жауапкершілікпен қараған жөн» деді маман. Дені сау донор әрқашан салауатты өмір салтын ұстануды үйрену керек. Әйтпесе, донор болу – кез келген адамға бұйырмайтын бақ. Өзгенің өмірін ұзартып, басқаға бақыт сыйлауды азаматтық парыз деп білетіндер үшін бұл да бір үлкен абырой.
Жадыра МҮСІЛІМ