Физик-теоретик шетелдің беделді басылымдарында жарық көрген ғылыми мақалаларымен әлемдік ғылыми қауымдастықты мойындатып отыр. Қазақстанның іргелі ғылымын космология және астрофизика саласы бойынша әлемдік деңгейге көтерген ғалыммен тілдесіп, жетістіктері және өмір-толғамдары жөнінде білген едік.
– Рәтбай Қағазұлы сөз басында өмір жолыңызды, жетістіктер бастауы кезіндегі сәттерді оқырмандарымызға әңгімелеп берсеңіз?
– Мен 1954 жылы 1 ақпанда қазақтың сахарасы атанған Қызылқұм шөлінің төрінде, Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданындағы Қоңыраткөл деген ауылда дүниеге келдім. Әкем – Мырзақұл Қаражанов, анам – Қағаз Пәрменова ауыл шаруасындағы адамдар еді. Мектеп бітірген соң Қазақстанға келіп, ҚазҰУ-дың «Физика» факультетіне оқуға түстім. Кейін біржолата ғылымға ден қойып, 1981 жылы Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының ғылыми тәжірибе жинақтаушы ретінде, соңынан аспирант болып жұмыс 7 жыл істедім. Осында жүргенде ғылыми жетекшім Владимир Маханьков басшылығымен, әріптесім Октай Камалұлы Пашаевпен бірлесіп жазған алғашқы ғылыми мақала шведтің Physica Scripta деген журналында жарық көрді. Аспирантурамды аяқтаған соң, 1988 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде теориялық және математикалық физика мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Елге қайттым.
1991 жылы КСРО құлады. Ғылымды қаржыландыру, қолдау сап тыйылды десек болады. Мен істейтін ядролық орталықта ақша жоқ, айлық бере алмай қалды. Амалсыз «үй салып жатырмыз» деген сылтаумен алты ай ақысыз демалысқа жіберді. Оны тағы бір-екі жыл создырып келдік. Күнкөріс жасау керек, бала-шағаны асырау біздің мойында. Азын-аулақ сауда жасап, көшеде тұратын кемпірлердің қатарына қосылдым. Тірнектеп жүріп қор жинап, Абай көшесінің бойында адам көп жүретін жерден дүңгіршек аштым. Кейін көтерме базарда сауда-саттық жасап жағдайымыз түзелді. Алайда қомақты табыс тауып, кәсібім жүріп тұрса да ойымнан ғылым шықпады. Заман түзеліп келе жатыр, осыны ойлана келе ғылымға қайтып келу жөнінде шешім қабылдадым. Өзім істеген зерттеу институтына жұмысқа шықтым. Араға он үш жыл салып, 2001 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінде өзімнің тақырыбымды терең зерттеп, «Спиндік жүйелер және сызықтық емес физиканың көп өлшемді солитондық моделдерін зерттеудің дифференциалды-геометриялық тәсілдері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым.
Бірер жылдан соң Астанаға келіп жүріп, Еуразия ұлттық универсиетінде істейтін танысыма соғып едім. Оны сол сәтте ректор шақырып жатыр екен. «Асығыспын жолай сөйлеселік» деді. Өзі ішке қабылдауға кіріп кетті, мен кіреберісте оны күтіп отырмын. Бір кезде ол шығып «сізбен ректор сөйлескісі келеді» деді. Ректор Сәрсенғали Әбдіманапов бірден университетке шақырды, «ЖОО жанынан өзіңе институт ашамыз» деп уәде берді. Бұл күтпеген ұсыныс еді, өзім абдырап қалдым. Алматыға келген соң жарты жылдай ойланып, елордаға барамын деп шештім. Келген соң көп ұзамай 2006 жылы «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалып, сонда 16 жыл табан аудармастан жұмыс істедім. Осы жылдары біздің кафедрамыз ЕҰУ, Қазақстан, Орталық Азияда ғана емес, әлемге белгілі теориялық физика кафедрасына айналды.
– Бір сұхбатыңызда «Мырзақұлов шәкірттерінің арасында өзімнің балаларым да бар» деген екенсіз. Әулеттеріңізде физика мен математика мамандығын таңдаған 21 адам бар екен. Осыны тарқатып айтып берсеңіз?
– Жалпы қазақ ғылымын басқа елдердің ғылымынан да озық әрі тәуелсіз етуіміз керек. Негізінен өз күшімізге, өз ғалымдарымызға сүйенуіміз керек. Қазақтың осы ғасырдағы ұлттық кәсібі – ғылым, ғылымпаздық болуы тиіс деп айтып жүремін. Осы мақсатқа жету үшін көптеген шәкірт тәрбиеледім, ғылымға бағыт сілтеп, қолдау көрсеттім. Осындай үміт күткен дарынды шәкірттерімнің арасында өзімнің де балаларым бар. Жалпы балаларымның мамандық таңдауына араласып, шектеу жасамадым. Олар «жазушы, ақын, спортшы не кәсіпкер боламын» десе бетінен қақпадым. Алайда менің қолымнан келетіні, білетінім физика мен математика ғылымы. Сұрап келсе соны үйретемін. Кейін олар жоғарғы оқу орнын таңдағанда бірден физматқа барады. Содан соң аспирантура, докторантураны оқиды. Тағы бір айта кетерім, өзім университетте оқып жүргенде әке-шешеме басқа балаларының «бір-бір баласын оқытып шығамын» деп уәде берген едім. Сол тағы да бар. Құдай қосқан жұбайым да орта мектепті алтын медальға бітірген математик болып жолықты. Жалпы өз отбасымның екі мүшесі мектепті алтын медальмен, ал тағы екеуі «Алтын белгіге» бітірген. Біраз балам, аға не інімнің балалары да бар, әулетімізде барлығы 21 адам теориялық физика және математика ғылымын таңдады. Қазір оларды еліміздегі және шет елдегі ғылыми көпшілік «Мырзақұловтар әулеті» деп таниды. Осы жерде менің докторлық диссертация қорғағандағы банкетімде белгілі физик-теоретик, академик Мейірқан Әбдилдиннің «Негізі сенің бабаларыңда бір данышпан болған» деген сөзі есіме түсіп отыр.
– Сізді әлемге танытқан «Мырзақұлов теңдеулері» екені сөзсіз. Осы жаңалықты қарапайым оқырманға түсіндіріп бере кетсеңіз?
– Мен ғылымда физика-математиканың екі тарауымен айналыстым. Біріншісі – солитондар теориясы, екіншісі – астрофизика, гравитация, космология. Аспирантурада оқығанда ғылыми жетекшім солитондар теориясын зерттеу тақырыбы ретінде берді, соны зерттеп, кандидаттық диссертация қорғадым. Іргелі ғылымдардың жаңа бағытының бірі – солитондар теориясын елге алып келдім. Енді «Мырзақұлов теңдеулері» дегенге келсек. 1967 жылы 4 америкалық ғалым сызықтық емес теңдеулерді шешетін әдіс ойлап тауып, оның теориясын ұсынды. 1971-73 жылдары ол теорияны басқа теңдеулерге қолданып көріп, оның универсалды әдіс екеніне көз жетті. Сөйтіп, оны физикада және ғылымның басқа да түрлі салаларында қолдана бастады. Алайда сызықтық емес теңдеулер солардың әрқайсысын сипаттайды. Оның бір жері бар, бір тұсы жоқ, яғни әлі зерттелмеген. Мен осы ашық қалған, зерттелмеген жерлерін тауып, дәлелдеп толықтырдым. Табиғаттың күрделі де, тылсым физикалық құбылыстарын математика тілінде сипаттайтын теңдеулерім қазір «Мырзақұлов теңдеулері» деген атқа ие болды.
Енді екінші ғылыми бағытыма келсек, физиканы зерттей жүріп, басқа ғылымды да зерттеп, ой-өрісімді кеңейткім келді. Сол үшін астрофизика, гравитация, космологияны қолға алдым. Алайда бұл тақырыптармен елде айналысуға мұршам болмады. Өйткені экономикалық жағдай, өтпелі кезеңдегі тұрмыстың әлегі мазалай берді. Содан соң басқа елге, жерге кетіп толық ғылыммен айналысу керек деп шештім. Ақыры «Болашақтың» стипендиясын алып бір жылға АҚШ-тың Калифорния университетіне барып жұмыс істедім. Жатақхананың шағын бөлмесінде тұрдым. Космология саласында әлем ғалымдарының назарында жүрген Әлемнің үдемелі ұлғаю себептерін зерттеуге бар ынтамен кірістім. Соның нәтижесінде «Мырзақұловтың гравитациясы» дүниеге келді. Өз білімім, күш-қайратыма сеніп, көпшілік ғалымның тісі бата бермейтін Ғаламды және оның үдемелі даму себептерін гравитация теориясын дамыту арқылы зерттеуім European Physical Journal C халықаралық танымал ғылыми журналда (2011, v.71, N9, 1752) «Accelerating universe from F(T) gravities» тақырыбымен жарияланды. Осы тың жаңалыққа шетелдік ғалымдар мен беделді басылымдарда бірінен кейін бірі сілтеме жасай бастады. Сонымен қатар «Nearly Starobinsky inflation from modified gravity» және «Reconstruction of gravity: Rip cosmology, finite-time future singularities, and thermodynamics» атты мақалаларым Thomson Reuters компаниясының Essential Science Indicators ақпараттық ресурстар мәліметі бойынша 2005-2015 жылдардағы әлемдегі 1 пайыздан жоғары сілтемеге ие болған жұмыстардың құрамына енді. Қазақстандағы физика бойынша ең көп сілтемеге ие болған алты мақаланың үшеуі менің авторлығыммен шыққан.
– Биыл «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайыздық» рейтингісіне ендіңіз. Сонымен қатар ғылыми дерекқорлар мен халықаралық ғылыми журналдарда жариялану және сілтеме берілу бойынша озық екенсіз. Осы жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз...
– Физика-математика ғалымы ретінде «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайыздық» (World's Top 2% Scientists) рейтингісіне ендім. Оны өзім білмейтінмін. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» қоңырау шалып, өздері хабарлады. Аталмыш тізімді Стэнфорд университетінің сарапшылары былтыр күзде Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес құрастырады. Көп сілтеме жасалған ғалымдар қатарында аталып, Springer халықаралық басылымдар компаниясының үздік авторы атағын бірнеше жыл қатарынан алдым. Сонымен қатар физика және астрономиядан халықаралық Scopus сыйлықтарына ие болдым.
Жалпы Қазақстанда 23 мыңдай ғалым бар. 30 жыл бұрын оның саны 50 мыңнан асатын. Қиыншылық кезде жастар ғылымға аз келді, сақа ғалымдар басқа салаларға кетіп қалды, соның салдарынан қатарымыз екі есеге азайды. Ал батыста ғылым жақсы дамыған. Деңгейі бірдей екі ғалымды қалай салыстырады. Сол үшін өркениетті елдерде ғалымдардың жетістігін өлшейтін өлшемдер ойлап тапты. Соның бірі – Хирш индексі. Ол ғалымның ғылыми метрикасының көрсеткіші. Бұл индекс ғылыми мақалалар мен осы мақалаға жасалған сілтемелер негізінде ғалымның, ғылыми топтың, ғылыми ұйымның немесе бүкіл бір елдің ғылыми өнімділігінің сандық сипаттамасын көрсетеді. Ол ғалымның қаншалықты өнімді жұмыс істейтіндігін білдіреді. Қазақстан деңгейінде мен осы бағалаудан жетекші орындамын. Қазір Scopus-тағы Хирш индексім 47-ге тең. Импакт-факторлы жоғары рейтингілі журналдарда жариялану белсенділігі бойынша физика және математика саласында Қазақстан ғалымдарының ішінде бірінші орында тұрмын. Жалпы 400-ден астам ғылыми еңбектің авторымын. 300 мақалам шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланды.
– Біздің ғылымның жетістігі және жаңалықтары аз емес, алайда олардың өнеркәсіпте қолданылуы, экономикада айналысқа түсуі неліктен сирек?
– Ғылым үшке бөлінеді. Іргелі, қолданбалы және соңғысы қолданылуы бойынша. Мен іргелі, фундаментальды ғылым өкілімін. Менің түсінігімде, іргелі ғылым алдыңғы қатарда болуы қажет. Еуропа, Америка, Жапония секілді дамыған елдер іргелі ғылымның жағдайын жасап қойған. Ал олардың ашқан жаңалығы мен жетістігін өнеркәсіпте қолдану басқа ғалымдардың жұмысы. Іргелі ғылым дамымаған болса қолданбалы ғылым да өркендеп кетпейді. Өйткені өсімдік өзі жерсінген жеріне ғана өседі, ол екпесе, күтіп-баптамаса кез-келген жерге шыға бермейді емес пе? Экономикадағы қолданбалы ғылымның өсетін тұсы да іргелі ғылымға тікелей тәуелді. Қазақстанда ғылым осы жағынан пісіп жетілуі керек. Өйткені іргелі ғылым ойлап тапқанды қолданбалы ғылым айналысқа енгізеді. Мысалы 20-30 жыл бұрын ұялы телефон үлкен кірпіш секілді ауыр еді. Қазір іргелі ғылымдар соны зерттеп, ашқан жаңалықтары нәтижесінде ол қалтаға сыйып кететіндей кішірейді. Айталық бұрын есептеу орталығы үлкен ғимаратты түгел алып тұратын еді. 20-30 жылдан соң қолға алып жүруге жеңіл ноутбук секілді кішірейді. Сондықтан экономиканың дамуы, жетілуі үшін уақыт және жетілген іргелі ғылым болуы тиіс. Ал оны қолданбалы және қолдану ғылымының дайын өнімге айналдыруы көп уақытты қажет етпейді.
– Қазіргі физика ғылымның зерттелмей жатқан тұстары, ашылмаған жұмбақтары бар ма?
– Физиканың да шешілмеген мәселесі аз емес. Өзіме жақын біреуі туралы айтайын. Бірнеше жыл бұрын, әлемнің жаратылысы мен даму эволюциясын зерттеудегі басты бағыттың бірі саналатын астрономияның космология саласы бойынша үш ғалым Нобель сыйлығын алды. Олар ондаған жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тұңғыш рет әлемнің үдемелі түрде кеңіп бара жатқандығын ашты. Бізге осының жұмбақ тұсы «неге үдемелі түрде ұлғайып бара жатқандығы». Физика заңы бойынша объект үдемелі түрде қозғалып бара жатса оған әсер ететін күш бар. Сол қандай күш, соның табиғаты, теориясы, формасы белгісіз? Ғалымдар әртүрлі варианттар ұсынып жатыр. Қазіргі ғылымдағы жұмбағы шешілмеген нөмір бірінші проблема осы.
Ғалам млрд-таған жұлдыздан тұрады. Ғалымдар «осы ғаламшарларда, Жерден басқа планеталарда, тіршілік бар ма?» деген сауалға жауап таппай келеді. Оларда тіршілік болса формасы қандай? Биологиялық түр болса пішіні микроб деңгейінде ме, әлде бізден алып па? Интеллекті қай деңгейде? Өте дамыған тіршілік болатын болса біздің планетамызды, адамзатты құртып жіберуі әбден мүмкін ғой. Бұл қазіргі ғылымның алдында тұрған зерттейтін дүние. Ол адамзатты сақтап қалу үшін қажет. Күн деп аталатын жұлдыз алдағы 4 млрд жылдан соң сөнеді деген болжам, бағалау бар. Онан соң не болады? Күн сөнетін болса, адамзат Жерде тұрақтап қала алмайды. Адамзат басқа планеталарға болмаса галактикаларға көшетін жағдайды ғылым қазірден ойластыруы, зерделеуі тиіс...
– Құжатыңызда әкеңіздің атының орнына шешеңіздің атын жаздырып алғаныңыз жөнінде естідім. Осыны түсіндіріп берсеңіз?
– Атамның аты Қаражан. Дұрысы аты-жөнім «Қаражанов Рәтбай Мырзақұлұлы» деп жазылуы керек еді. Құжатымда «Рәтбай Мырзақұлов» деп жазылған. Тегімде көрсетілген Мырзақұлов әкемнің аты. Әкемнің аты бос тұр. Тегім ретінде солай жазылуы тиіс қой. Маған сельсовет «метірке» бергенде осылай толтырып жіберген. Әке-шешем шаруаның адамы, оны түзетіп жіберетін сауаты жоқ еді. Кішкене кезімде ауылдағылар «Қағазды көргің келсе Рәтбайды көр» деп айтатын. Түрім анама тартқан еді. Содан кішкентай кезімде «Қағазович» деп әзілдейтін. Есейгенде құжатымды ауыстырғанда әкемнің аты деген жерге анамның атын жаздырттым. Әкемнің аты фамилиям деген жерде онсызда тұр ғой. Осыны естіп Мұратбай деген ағам ұрысты. «Мынадай қазақта жоқ» еді ғой деп. Былай анамды да әкемді де тең жақсы көремін. Бала кезімізде «әке-шешемізді өскен кезімізде үлде мен бүлдеге орап қоямыз» деп армандайтынбыз. Алайда әкем 3 курс бітіргенде, шешем кандидаттық қорғап келген тұста дүниеден өтті. Олар үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Оқу деп ылғи сыртта жүргендіктен, бала ретінде әке-шешемнің еңбектерін ақтап, оларға қамқорлық, жақсылық істей алмадым. Іште бір өкініш қалды. Қартайса да, үйіңде әке-шешең тірі отырса одан асқан бақыт бар ма еді?!
Осы тұста бір жайтты айта кетейін. Перуза деген отбасымыздағы, яғни әке-шешемнің жалғыз қызы бар. Қазір жасы жетпіс төртке жақындады. Күйеуі қайтыс болды. Алматының маңында Шамалғанда жұпыны саяжайда тұрды. Қаладан тәуір үй алатын жағдайы болмады. Содан 2017 жылы желтоқсан айында Ақордада Мемлекет басшысының қолынан әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алдым. Сыйлықтың 18,6 млн теңгесі бар. Салығын ұстағанда қолымызға 17 млн-дай тиді. «Әке-шешеміздің бір тал қызы бар, соның жағдайы келмей жүр, соны уайымдайтын шығар» деп ойлап жүретінмін. Мемлекеттік сыйлықтың ақшасына сол әпкеме Астананың сол жағалауынан екі бөлмелі пәтер алып бердім. Қазір қолында бір ұлы-келінімен тұрып жатыр. Кішкене болса да, әке-шешемнің алдындағы парызымды орындағандай болып сезініп жүрмін...
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жәнібек АМАНГЕЛДІ