Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мысырда Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шара даңқты билеушінің 800 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Салтанатты жиын барысында Палата Спикерімен бірге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, дін өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Мысырдың мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін тілге тиек етті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өтуде. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата Спикері екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты. Сондай-ақ екі халық арасындағы мәдени-рухани байланыстың аясын кеңейту жолында белсенділігімен танылған Мысырдың басқа да бірқатар дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық пен сенімге негізделген дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтті. Сонымен қатар өзара ынтымақтастықтың нығаюына, бірінші кезекте, екі елдің мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі байланысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.
«Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Мысыр Араб Республикасымен байланыс жаңа деңгейде дамыды. Осы жылдар ішінде өзара ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі салада ауқымды жұмыс атқарылды. Әсіресе, мәдени-рухани бағытта бірқатар бірлескен жобаны сәтті іске асырдық. Соның жарқын бір мысалы, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетін айтуға болады. Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі де осындай бірлескен жұмыстың игі нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси мешіттің жөнделуіне ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұл орын біздің халықтарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде тараптар конфессияаралық диалогті дамытудың маңызды мәселелері мен перспективаларын талқылады. Палата Спикері Қазақстан мен Әл-Азһарды ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан қарым-қатынас пен әлемде бейбітшілікті дәріптеу жолындағы ортақ идеялар байланыстыратынын айтты. Осы ретте шейх Ахмед ат-Тайеб былтыр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне белсенді қатысқанын атап өткен жөн.
«Әл-Азһар әлемнің рухани дамуында маңызды рөл атқарады. Сіз бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған жаһандық деңгейдегі бастамаларға белсенді қатысып келесіз. Осы ретте Қазақстан дінаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуыңыз біз үшін үлкен қолдау болды. Аталған Форумның қорытындысы бойынша, Декларация қабылданғаны белгілі. Бүгінде сол Құжаттағы идеяларды іске асырып, дәріптеу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы екі елдің тығыз байланысындағы маңызды бағыттардың тағы бірі теологиялық білім екенін тілге тиек етті. Бұл ретте қазақстандық дінтанушылардың ұзақ жылдар бойы Әл-Азһар университетінде білім алып, өз біліктіліктерін арттырып келе жатқанын айтқан абзал.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разекпен де кездесті. Кездесуде ол Мысыр Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта біздің ел көпжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сенат Спикері өзара ынтымақтастықты арттыру жолында парламентаралық байланыстың рөлі маңызды екенін айтты.
«Соңғы жылдарда біздің елдеріміздің мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан мен Мысыр арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Осы орайда парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігі болып саналады. Біз Парламенттеріміздегі достық топтарының жұмысын жандандыруға мүдделіміз. Осы ретте біздің депутаттарымыздың маңызды мәселелерге қатысты халықаралық ұйымдар алаңындағы ұстанымдары көбіне сәйкес келіп жататынын атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, сұхбат кезінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде демократиялық үдерістерді нығайту үшін кешенді және жүйелі жаңғыртулар жүргізіліп жатқанын айтты.