Жаз келгелі салқын тәтті сусын мен балмұздақтың саудасы жүре бастады. Соңғы күндері еліміздің солтүстігінде де сынап бағаны +40Co-қа бірақ жетті. Салқындаудың бір тәсілі саналатындықтан үлкеннің де, кішінің де қолынан пломбир, вафелді немесе эскимо балмұздағын көресіз.
Балмұздақ бизнесіне байыппен қарайық
1,372
оқылды

Оны дүкендегі тоңазытқыш сөресінен таңдайсыз, болмаса саябақта не көшеде сатылатын құйылмалы балмұздақтың дәмін татасыз. Ендеше оқырманға еліміздегі балмұздақ нарығының мәліметтері мен өнімді таңдаудағы басты талаптарды ұсынуды жөн көрдік. 

Экспорты мен импорты қатар дамиды

Ресейлік Streda Consulting компания­сының бас директоры Алексей Груздев ЕАЭО балмұздақ нарығының жалпы кө­лемі 580 мың тонна деп отыр. Соның 80 пайы­зы Ресейге тиесілі екен. Алайда бал­мұздақтың түр-түрі тұрса да, көрші елдің өні­мінің дәмін татқысы келетіндер әр ел­ден табылады. Яғни, өзара сауда-саттық жал­пы нарықтың 5 пайызы немесе 26 мың тонна шамасында. 

Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан мәліметке сенсек, биыл қаңтар-сәуір айы арасында елімізде 910,8 мың АҚШ доллары сомасының 234,2 тонна балмұздағы экс­портталған. Соңғы 3 жылда балмұздақ экспорты 4 832,3 мың доллар, яғни 1,2 мың тоннаға жеткен. Отандық балмұздақ көбіне Өзбекстанға экспортталған (2020 жылы – 221,6 тонна, сомасы 872,3 мың доллар, 2022 жылы – 400,7 тонна, сомасы 1 580,5 мың доллар). Сондай-ақ Моңғолияға, Әзер­байжанға, Түрікменстанға және Тә­жікстанға балмұздақ саудаланған. 

Елімізде шетелдік балмұздаққа да сұраныс жоғары. Айталық, Франциядан (2022 жылы – 168,7 тонна), Швейцариядан (77,2 тонна) және Түркиядан (911,5 тонна) балмұздақ көп әкелінеді, сондай-ақ им­порттаушылар қатарында Украина, Испания, Италия, Оңтүстік Корея және Бельгия бар.

Streda Consulting ЕАЭО елдері ара­сын­дағы ірі балмұздақ өндірушілердің был­тырғы жылғы ТОП-20 рейтингін жария­лады. Осы тізімге ену үшін компанияның шығарған өнімі жылына 7 мың тоннадан асу керек. Жиырмалықтың ішіне бір қазақстандық және үш беларусьтік ком­пания ілікті, қалғаны түгелге жуық ресейлік компаниялар. Алғашқы жиырмалықтың қатарында 8-орынға тұрақтаған «Шин-Лайн» компаниясы. Ол еліміздегі сұра­нысты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де балмұздағын шығарып келеді. Компанияның есебінде былтыр ішкі нарықтағы өсім 11 пайызға жеткені аталып өткен. Сыртқы нарықтағы үлесін екі еседей артқан. 

Осы рейтингіге ілікпеген ірі компа­ния­лар қатарында тағы қазақстандық 2 компания бар. Ол жылына 5 мың тонна өнім шығаратын «Балмұздақ» ЖШС мен 2,8 мың тонна балмұздақ шығарған Ice-master компаниясы. 

Алуан түрлі дәмі бар 

Адамдар дәмі әртүрлі балмұздақты жеп көргісі келеді. Сондықтан оған інжір, күн­жіт, қара немесе сары өрік, грек жаң­ғағы, бадам, шабдалы және тағы басқа дәндер қосылады. Бірқатар балмұздақ зауытында еңбек еткен, тәжірибелі сүт өнімдерінің инженер-технологы Бегжан Кәлем­шә­ріпқызының айтуынша, көпіршікті шарап-шампань қосылған балмұздақ бар екен. Сонымен қатар әр елдің өзіндік мәзіріне орай қосылатын заттардың да қатары өзгере береді. Мысалы, Африканың кейбір елдерінде ақуыз тапшылығына байланысты тағамдық ақуызды көбейту үшін жәндіктер, жыланқұрттар қосылады. Тұрғындардың сұра­нысына орай елдегі танымал тағам­дардың дәмі де балмұздақта қайталанады екен. Айталық, жапонның матча атты көк шайының дәмі бар балмұздақтар өтімді болып шықты. Тіпті, бір жылдары Шым­кент қаласында қымыз бен шұбат қосылған балмұздақ сатыла бастады. Оны әзірлеуші ұлттық тағамдарға деген сұранысты ес­керген. Жалпы, жылқы мен түйенің сүті адамның ағзасына пайдалы екені белгілі. Балмұздақтың дәмін татқандар қымыз бен шұбатты бірден айырған, сосын тұрақты келіп сатып алатын болған. Таяуда Бельгия­дағы сауда желілерінде танымал сыра қосылған балмұздақ сатыла бастады. Оның құрамындағы алкоголь 2,5 пайыз екен. Экзотика дәмінің қатарында маракуйи, арахис пастасы, үйеңкі шырыны, моччи деп аталатын күріш тоқашының дәмі, поп-корн, лимон секілдісі бар. 

Жақсы көңіл күй сыйлауы керек

Сүт өнімдерінің инженер-технологы Бегжан Кәлемшәріпқызының айтуынша, балмұздақ адамдарға жақсы көңіл күй сыйлайды. Тек өндіруші бекіткен рецепту­радағы заттар мен технология үдерістері қатаң сақталуы тиіс. Оның құрамындағы негізі заттар – сүт, құрғақ сүт, кілегей, сары май, тұрақтандырғыштар, дәм беруші заттар. Құрғақ заттар мен мен қанттың құрамы қоспада маңызды рөл атқарады. Осы өнімнің бәрі қосылған соң +85℃-қа дейінгі температурада пастерленеді. Одан соң гармондау жасалып, фрезерлеу, яғни көпіршіктендіру және мұздату процесі қатар жүргізіледі. Көпіршіктендіру 50 пайыздан жоғары болуы қажет, сапалы дәмі жақсыларында ол көрсеткіш 80-90 пайыздан асады. Яғни, көлемі екі есе үлкейеді. 

«Сақтау процесі және қажетті темпера­тура балмұздақ сапасында үлкен рөл атқарады. Ең қолайлы температура – -25 Co . Ол -18-10 Co-қа түссе, балмұздақ еріп, сырт­қы пішінін өзгертеді. Балмұз­дақтан құмның дәмі шығып кетуі мүмкін, тілді тіліп түсетін жарықшақ мұздар пайда болады», – дейді технолог. 

Балмұздақтың құрамындағы сүттің майлылығы 10 пайыздан кем болмауы керек. Өнімнің 9-12 пайызы – құрғақ сүт өнімдері (протеин мен казеин). Қант – 12-16 пайыз, стабилизатор мен эмульсия – 0,2-0,5 пайыз, қалған 55-64 пайызы су. 

Балмұздақтың құрамында адам ағ­засына пайдалы 20-ға жуық ақуыз, 25 түрлі май қышқылы, 30 түрлі минерал тұз, 20 түрлі дәрумен, сонымен қатар фосфор, магний, калий мен темір бар.

Бегжан Кәлемшәріпқызы кейбір өнім­нің сапасы күткен дәрежеде болмайтынын атап өтті. Сондықтан балмұздақтың сүт өнімдерінен жасалғанына көз жеткізу керек. Өйткені құрамы таза органикалық заттардан тұратын балмұздақтың бағасы сәйкесінше жоғары болады. Ал өсімдік тектес май қосылса, оның сапасы ана­ғұрлым төмен деген сөз, сондықтан ол басқа баламасынан арзан тұруы тиіс. Тұтынушы балмұздақ қаптамасындағы өнім құрамын оқып шыққаны абзал. Көбіне оны өте кішкене әріппен жазады. Кейбір өндіруші пальма майын қоса отырып оны «өсімдік тектес май» деп тұтынушының жаңылыстыруға тырысады. 

Мамандар, көшеде немесе саябақтарда құйылып сатылатын балмұздақтың сапа­сына, сақталу мерзімі секілді мәліметтері берілмейтінін айтады. Балмұздақтың сапа­сы қандай, оның құрамына қандай қос­палар қосылып әзірленіп жатқаны айтыл­майды. Ыдыстарды уақытылы тазалай ма, сүтті талапқа сай сақтап отыр ма, қара­пайым санитарлық нормалар қаншалықты сақталады деген сұрақтарға жауап жоқ. Санэпидемиолог мамандар шикі сүт пай­даланса, құймалы балмұздақтан «бру­целлез», «селлилез» жұқтырып алу қаупі жоғары деп отыр. 

Сондықтан мүмкіндігінше қаптамадағы балмұздақты сатып алған тиімді. Өйткені онда өнім құрамы мен сақталу мерзімі көрсетіледі. Ал мамандар «сыртындағы мәтіні анық емес, өндірушісі мен құрамы көрсетілмеген әрі құны төмен балмұздақты алмау керек» дейді. 

Ең басты есте тұтатын нәрсе, балмұз­дақтың орташа жарамдылық мерзімі алты ай. Артық салмақ мәселесіне мән беретін­дер балмұздақтың жоғары калориялы екенін естен шығармауы тиіс. 100 грамм бал­мұздақтың құрамында 250-500 килока­лория бар. Ал жалпы, кариес, атеросклероз, жүрек ауруы барларға балмұздақтың мүлде пайдасы жоқ. Қант диабетімен ауыратындар балмұздақтан алыс жүргені жөн. 

Танымал балмұздақ түрі өте көп. Ең көп сатылатын балмұздақ – «Шин-Лайн­ның» «Бомбасы» болса, Aiza ЖШС шы­ғаратын «Белый медведь» одан кейінгі орында. Ресейлік «Инмарконың» «Золотой стан­дарты» да жиі өтеді. Сондай-ақ «Бахрома», «Мишка на полюсе», «Көкшетау бал­мұздағы» да танымал. «Бәйтерек», «Астана» немесе «Балдырғанды» көпшілік жақсы сатып алады. 

Балмұздақ өндірушілердің айтуынша, елімізде мұздай шырын жазда көп өтеді. Оны қысы-жазы үйде жеу дәстүрі дамымай отыр. Қыста елімізде балмұздақ сұраныс күрт азайып кетеді екен. Өйткені көпшілік оны жазда серуен кезінде ғана дәмін тата­тын тәтті деп санайды. «Шин-Лайн» ком­паниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин бір сұхбатында қызық мәлімет келтіреді. Қазақстанда балмұздақ­тың 26 пайызы үйде тұтынылады екен. Оны әдейі барып сатып алған. Ал 72 пайызы серуенде жүргенде кездейсоқ сатып алын­ған. Оның айтуынша, табиғаты суық Скандинавияда балмұздақ Италия мен Франция, Испанияға қарағанда екі есе көп сатылады. Өйткені олар тәтті өнімді қысы-жазы үйінде теледидар көріп отырып немесе той дастарқанында жейді. Ал қалған үш елде жазда ғана көп жеу дәстүрге ай­налған. 

«Қазір маркетинг міндеті – оңтүстік нарықтарда өнімнің жаңа түрлерін әзірлеп, оны тұтынуды жаздан күзгі-қысқы маусым­ға дейін созу», – дейді ол. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда барлық күш-жігерді үйдегі сегментті дамытуға жұмсау қажет екен. 

Қысқасы, жазғы маусым, демалыстар кезеңі қызықты сәттер ғана емес, балмұздақ пен тәтті шырынның дәмімен есте қалуы тиіс. Сондықтан сапалы әрі пайдалы өнімді тұтыну үшін оның сапасы мен құрамына да назар аударуды естен шығармайық. 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)