Орман өртіне дәрмен бар ма?

Қазір ел аумағында ор­ман өрті тым көбейіп бара жатыр. Күн күрт ысыған қа­­зіргідей уақытта жайқал­ған қалың нудың бір-ақ сәтте күлі көкке ұшуы бек мүмкін. Дәл бұлай жалғаса берсе, табиғаттың иен бай­­­лығынан көз жазып қалуы­­мыз да ғажап емес.

Елі­міздегі орман алқапта­рының басым бөлігі шығыс және солтүстік ай­мағында шоғырланған. Ор­ман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің соңғы ресми мәліметіне сенсек, 2022 жылғы 1 қаңтарда елдегі ор­манның жалпы қоры 13,6 миллион гектар алқапты құ­раған. Алайда осыдан кейін де болған алапат орман өрті мың­даған гектар жасыл желекті тұтастай күлге айналдырды. Өткен жылы ғана тұтас елді алаңдатқан Қостанайдағы аса ірі өрттің салдарынан Аман­қарағай, Әулиекөл аумағын­дағы қалың орманның 40 мың гектарға жуығы өртенген. Сон­дай-ақ қызыл жалын Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары­ның аумағында да мыңдаған гектар алқапты шарпып, шоқ-шоқ қарағай мен қайың ағаш­тарын жалмап кетті. 

Ақмола облысында биыл да орман өрті аса қатты жиілей түскен. Тек көктем шыққалы өңірде 20 орман, 31 дала және 23 қоқыс өрті тіркеліпті. Об­лыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, тілсіз жау өткен жылғы дәл осы мерзіммен салыстырғанда 16,7 пайызға төмендеген. Дегенмен орман өртінің саны керісінше азаймай тұр. 

Күні кеше ғана Зеренді ау­данына қарасты «Бұқпа» орман шаруашылығында болған ор­ман өрті облыс әкімінен бастап барлық төтенше жағдай мен ор­ман шаруашылығына қатыс­ты құзырлы органдарды аяғы­нан тік тұрғызды. Тілсіз жаудың салдарынан төтенше жағдай қызметкерлерінің жеке құрамы мен өрт сөндірудің арнайы техникалары жеткенше орман алқабының едәуір бөлігі өртке оранған. Төтенше жағдайлар департаменті мен Табиғи ре­сурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасы өт­кізген баспасөз брифингінде 6 гектардан астам орманның өртеніп кеткені расталды. Жұрт орман шаруашылығында небәрі 8 қызметкердің және әбден тозған бір көлік пен ескі екі трактор ғана бар екенін айтып шулап жүр.

Мамандар орман өртінің көбеюі мен олардың салда­рының ауыр болуын орман шаруашылықтарында білікті кадрлар мен қажетті техника­лардың, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігімен байланыс­тырады. Аталған мекемелердің өрт сөндіруге қажетті техника­лардың, мотопомпалар мен радиостансаларының болмауы тілсіз жаумен күресуде едәуір қиындық келтірген екен.

Өрттің дер кезінде ауыз­дықталмауына тиісті жабдық­тардың жетіспеуі себеп болға­нын облыстық Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасы бас­шылығы да мойындады. Бас­қарма мәліметінше, облыс­тағы орман шаруашылық­та­рындағы барлық техниканың жартысынан астамының тозы­ғы жеткен. Ақмола облысының 1 миллионға жуық гектарды алып жатқан орман шаруашы­лықтарында небәрі 514 адам­нан тұратын орман күзеті қызмет етеді. 

– Өрттің қауіпті кезеңі бас­талар бұрын орман шаруашы­лығы мекемелерінің дайын­дығын тексердік. Қазір 130 тонна жанармай қоры бар. Бірақ материалдық-техника­лық база жетілдіруді қажет етеді. 2021 жылы бюджет қор­жынынан 290 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, 23 техника сатып алынса, өткен жылы 300 миллион теңгеге 22 техника сатып алынған. Бас­қарма биыл да қажетті техника мен жабдықтарды алуға өтінім берген. Патрульдік кешен құны 18 миллион теңге тұрады. Қазір облыс аумағында 13 көлік бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Әлі де 5-6 өрт сөндіру машинасы қажет, – дейді басқарма басшысы Руслан Шохметов.

Басқарма басшысының мәліметінше, жыл басынан бері ғана облыс аумағында 11 орман өрті болып, салда­рынан 73,96 гектар орман ал­қабы өр­тенген. Жалпы шы­ғын көлемі 2,3 миллион теңгені құраған. 

Сондай-ақ ауыл­шаруа­шылық құрылымдарында өрт қауіпсіздігіне салдыр-салақ қарауы да тілсіз жаудың тұ­танып кетуіне көп жағдайда себепкер болған. 

«Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін көктемгі дала жұмысы басталмай тұрып ауыл ша­руашылығы құрылымдарының басшыларына мән-жайды тү­сіндірдік. Егістік алқаптарын­дағы ескі сабан мен даладағы қау шөпті өртеу кезінде жұ­мысқа жауапты адамдар та­ғайын­далуы керек. Су толты­рыл­ған көлік пен қажетті тех­ника, соқалы трактор, өзге де құрал-жабдықтар болуы шарт. Жұмыс аумағы 25 гектардан аспайтын телімдерге бөлінуі қажет еді. Қалдықтарды өртей­тін телімдер мен жасыл аймақ­тың арасы ауқымы 8 метр жыр­тылуы қажет. Жұмыс басталған кезде желдің ек-піні де есепке алы­нады. Жалынның тез та­ралуын болдырмау үшін қал­дық­тарды өртеу ық жағынан басталуы керек. Жұмыс біткен соң бықсып жатқан жерлерді анық­тап, әбден жанып біткен­ше үш сағаттай күзет қойылуы шарт, – дейді Көкшетау қа­лалық Төтенше жағдайлар бас-қармасының аға инженері Қайрат Базарбаев.

Облыстық құзырлы орган­дардың мәліметінше, өңірдегі заңсыз күл-қоқыстың да тым көбеюі өрт оқиғаларының жиі­леуіне себепкер болған. Тез тұ­танатын күл-қоқыстардың заң­сыз үйіле беруі орман ал­қап­тарында өрттің көбеюіне себепкер болған. Сондықтан жасыл желекті қорғауда тиісті шаралардың дұрыс жүргізілуін қамтамасыз ету үшін құзырлы органдардың жауапкершілік жүгін сезініп, тиісті қызмет­терін тез арада атқарғаны жөн секілді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы