Өрісті кеңейтуге жұмылады

Жайылым жердің тап­шылығы – қазір қай мін­берден болмасын жиі қоз­ғалатын тақырыптың бірі. Атакәсіпті серік еткен ауыл­дағы ағайынның бас ауруына айналған бұл мәселе рет-ре­тімен шешіліп жатқанымен, қиындықтар азаяр емес. Есесіне тұтас бір ауылды жікке бөлген жер дауы бой көрсете бастады.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында да жерге қатысты мәселе толастамай тұр. Облыс­тың әр аумағынан жайылымға талас­қан халықтың бас көтеруі сөзі­мізге дәлел. 

Бұған дейін облысқа қарас­ты Жаңақорған, Қармақшы және Сырдария аудандарында жерге таласқан халықтың жа­най­қайы елді шулатқан бола­тын. Жеке тұлғаның мүддесіне берілген жайылым жерді ел игі­лігіне қай­таруды сұраған бұ­қараның тала­бы жергілікті жұртшылықтың жадынан кете қоймады. 

Негізінен, «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен Қызылорда облысы бойынша 157 мың гектарды құрайтын 256 жер учаскесі мемлекет мен­шігіне қай­тарылды. Дей тұр­ған­мен, жайылым жерге қа­тысты мәселе ушыққан Сыр өңірінде жыл басы­нан бері атқарылған жұмыс­тың көлемі ау­қымды. Бұл жайын­да «АMANAT» партиясы жанын­дағы «Жер аманаты» республика­лық комиссия­сы­ның Сыр өңі­ріндегі Жалағаш, Сырдария аудандарында өткен көшпелі отырысында мәлім болды. 

Дерекке сәйкес, өткен жылы Жалағаш ауданында 8952,6 гектарды құрайтын 20 жер телімі, Сырдария ауданы бойынша 16631,1 гектар 25 жер учаскесі мем­лекет меншігіне қайтарыл­ған. Биылғы жоспарда 34 мың гектар жайылымды ел мүддесіне беру көзделіп отыр. 

Жалпы, биылға комиссия Қызылорда облысы бойынша 200 мың гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтаруды жоспар­лаған. Соның негізінде бүгінде жалпы көлемі 91,1 мың гектар болатын 109 жер учаскесі мем­лекетке қайтарылған. Нәти­жесінде, меже 45 пайызға орын­далыпты.

«Жер аманаты» республи­калық комиссиясы мүшелерінің Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылы мен Сырдария ауданы, Ақжарма елді мекені тұрғын­дарымен кезлесуінде осындай жайттар сөз болды. Кездесуде «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орын­­басары, Парламент Мә­жілісіндегі «АMANAT» пар­тиясы депутаттық фракция­сының мүшелері Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов, Ауыл шаруашылығы министр­лігі, Жер ресурстарын басқару ко­митеті төрағасының орынба­сары Айдос Абдрахманов ауыл халқы мен шаруа қожалық­та­рына жобаның жүзеге асы­ры­луы мен жұмысты тиімді ұйым­дастырудың жолдарын түсіндір­ді. Сонымен қатар Жер кодек­сіне және «Жайылым жерлер туралы» заңға еніп жатқан өз­герістер төңірегінде ақпарат берді.

«Жайылымдар туралы» заң­да өзгеріс өте көп. Мысалы, «қоғам­дық жайылымдар» деген ұғым ен­гізіп отырмыз. Яғни, пай­да­ланусыз, бос жатқан жайы­лым жерлерді ақпарат­тық базада «қоғамдық жайы­лым» деп ен­гіземіз. Бұл жерлер әкім­дік тара­пынан басқа біреу­лерге беріл­мейді. Бұдан бөлек, кон­курссыз жер беру мәселесін тоқ­татуға жұ­мыс істеп, керісін­ше конкурста сол ауылда кемін­де 5 жыл тұрған азаматтар мен кооперативтерге қосымша балл берілу мүмкіндігін күшейтіп жа­тырмыз және үлес­керлер үшін арнайы заң жобасын ұсы­нып отырмыз. Алдағы уақыт­та заң жобасының авторы ретінде осы бағытта үлкен жұмыстар ат­қаратын боламыз», – деді кез­десуде «Жер аманаты» респуб­ли­калық комиссиясы төрағ­а­сының орынбасары Бақытжан Базарбек. 

Ал Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Мұрат Әбенов Сыр өңірінде күріш егуде, түрлі мәселе ескерілмей қалатынын тілге тиек етті. Сондықтан жер­гі­лікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларды сараптап, жеке дара ұсыныс ретінде заң жоба­сына енгізу қажет екенін алға тартты. 

Кездесу барысында азамат­тар үлескерлердің дивидендтерін қайтару, шартты жерлерін жо­ғалтып алу, үлескерлер қатары­нан шығып қалу секілді өздерін тол­ған­дырған мәселелерді ор­таға салды.

Партияның Қызылорда об­лысы филиалы ғимаратында аза­­­маттарды шағымдары бо­йын­­ша қабылдаған комиссия мүше­лері көптеген мәселенің маңы­­зын ашып, ақыл-кеңес­терін берді. 

Бұдан өзге, партия алаңында конкурс арқылы жер алуда туын­­­дайтын кедергілер, мем­лекеттен субсидия алу мәселесі, саяжай­лық жерді нысаналы тұрғын үйге ауыстыру сияқты мәселелер кө­терілді. Сондай-ақ тұрғын үй салу және кәсіпкерлік мақсаттағы жерлердің пайда­лану мерзімін ұзарту, көлемін ұлғайту, үлестік жерді бөлудегі кемшіліктер жайында шағым­дарын жеткізді.

«Негізінен, азаматтардың басым бөлігінің мәселесі заңға келіп тіреледі. Сондықтан көп­теген заңның халыққа тиімді болуын қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта Жер кодексіне көптеген өзгеріс енгізілгелі отыр. Заңнамалық өзгерістер қабыл­­данса, біраз мәселе ше­шімін табатын болады», – деді Бақыт­жан Базарбек.

Қабылдауда комиссия мү­ше­лері барлық шағымды на­зарға алып, заңнамалық тұрғыда кеңес берді. Әрбір айтылған мә­селеге қатысты тиісті орган­дар­­мен жұ­мыс істейтінін жеткізді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы