Өңір басшысының мәліметіне сәйкес, есептік кезеңде облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 900 млрд теңгеден асқан. Ал бюджет қазынасына құйылған инвестициялық қаражат көлемі 266 млрд теңгені құрады. Ауқымы жағынан ірі екі жобаға 2 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды.
Тіршілік нәрінен тапшылық болмайды
Сондай-ақ облыс әкімі өңірде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы іркіліссіз істер өңір экономикасының даму динамикасының қарқын алуына сеп болғанын сөз етті.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында 20 жоба іске асырылған, қалған 33 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Аймаққа тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 286,8 млрд теңгені құрайды. Өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Маңғыстауда ауызсу тапшылығын жою үшін бірқатар шаралар қабылданды. 2025 жылға дейін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін жалпы қуаттылығы тәулігіне 200 мың текше метрге жуық жеті жобаны іске асыру жоспарланған. Мәселен, «Қаражанбас» кен орнында қуаттылығы тәулігіне 17 мың текше метрді құрайтын су тұшыту зауыты іске қосылды. Бұған дейін кәсіпорын «Астрахань–Маңғыш-лақ» құбырынан су алатын. Нәтижесінде, «Астрахань–Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауызсу Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарына беріледі. Су тапшылығын жою мақсатында «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту арқылы тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. 2022 жылдың жазғы маусымында қуаттылығы 5 мың текше метр тұшыту қондырғысы пайдалануға берілді. Ал қалған жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.
«Сонымен қатар Ақтауда жеке инвестордың есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мың текше метр су алу жоспарланған. Мемлекет басшысы алға қойған 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау жөніндегі міндеті бүгінде толық орындалды. Нәтижесінде, елді мекендерде халықтың ауызсуға қолжетімділігі 96 пайыздан 100 пайызға дейін жетті», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі өңірде газбен жабдықтау жұмыстарының да өз деңгейінде жалғасып жатқанын айтты. Биыл Каспий энергетикалық хабының «Жаңаөзен–Ақтау» магистралдық газ құбырын салу жобасы аяқталады. Ол Ақтаудың жаңа шағынаудандарын газбен жабдықтау үшін қажет. Бұдан басқа, 2023 жылдың басында Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу–Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Нысан 2023 жылдың соңында іске қосылады.
Өңірдің денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер байқалған. Мысалы, 2022 жылы жеке инвестициялар есебінен Жаңаөзенде 175 төсектік көпбейінді аурухана салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ заманауи жабдықтармен жабдықталған 100 төсектік онкологиялық орталық іске қосылған.
– Медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстауда алты жеке ұйым ашылды. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Мұнайлы ауданында 150 төсектік орталық аудандық аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді Маңғыстау әкімі.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылады. Облыстық бюджеттен 352 бірлік медициналық техниканы сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлінген. Облыстың кешенді жоспары шеңберінде республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел жәрдем стансасы үшін бес реанимобиль сатып алынған. Осылайша, бүгінде емдеу мекемелерін жарақтандыру көрсеткіші 93 пайызды құрап отыр.
Медицина саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін шешу үшін 2022 жылы облыс әкімінің 157 гранты бөлінген.
Өңірде халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Нұрлан Ноғаев 2022 жылы өңірде 21 мың 548 жаңа жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар өңірдің ірі мұнай өндіруші кәсіпорындары мен олардың мердігер ұйымдарына 1 741 жергілікті тұрғын жұмысқа орналастырылған.
Туризмге түрен салады
Екі жыл бұрын Маңғыстау облысына шетелден және ел өңірлерінен 310 мыңнан астам турист келген. Өңірде туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 11,5 млрд теңгені құраған. Маңғыстауда туристік секторды дамытудың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен ұшақтар халықаралық және ішкі бағыттар бойынша 24 бағытта аптасына 110 әуе рейсін, оның ішінде алыс және жақын шетелдерге 16 бағытта 45 әуе рейсін жасайды.
Мәселен, курорттық аймақтарды дамыту аясында 2022 жылы жергілікті инвесторлар 4 жобаны іске асырған. Нәтижесінде, 1,1 млрд теңгеден астам инвестиция тарта отырып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны құрылған. Олардың қатарында «Нефтемаш» КЗ» «Сартас» келушілер орталығы, «Фламинго курорты» («Фламинго» ЖШС), Глампинг Teniz Village (Techno west ltd ЖШС), AURA демалыс базасы («Алека» ЖШС) бар.
– Биыл 6 инвестициялық жобаны іске асыру әрі 210 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 100 млрд теңгеге бағаланған. Бұл жобалардың барлығы өңір экономикасын дамыту үшін оң мультипликативті әсер етеді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Инженерлік желіні жаңғырту ел игілігі үшін
Ақтауда 2026 жылға дейін 900 шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылады. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағынауданын 5 аймаққа бөле отырып, 919 шақырымға созылатын инженерлік желіні алмастыру, су, кәріз жүйесі мен жылу құбырларын жаңғырту жоспарланған. Бүгінде 19 жобаны қаржыландыру мәселелері қарастырылып жатыр. 1 кезең бойынша жобаның жалпы құны 20,4 млрд теңгеге бағаланған. Оның ішінде су құбыры бойынша 6 жоба, кәріз құбыры бойынша 6 жоба, кәріз тазарту стансалары бойынша 6 жоба және жылумен жабдықтау желілері бойынша 1 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
– Биыл Ақтау қаласының 3а, 3б шағынаудандарында және аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту басталды, жалпы ұзындығы 10,2 шақырым инженерлік желілер жаңғыртылады. Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, мердігер анықталды. Қалған шағынаудандарды жаңарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады, – деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Агроөнеркәсіп өркендеу өзегіне айналмақ
Ауыл шаруашылығын ел эконо-микасының драйверіне айналдыру да маңызды міндет. Биыл ауыл шаруашылығының шағын және орта кәсіпкерлерін, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытуға 818 млн теңге, егіншілікті дамытуға 43,6 млн теңге, инвестициялық субсидиялауға 720,4 млн теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 350 млн теңге бөлінген. Мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 2021 жылы 127 млн теңгені бөлінсе, 2023 жылы бұл қаражат 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.
Жалпы, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 2019-2021 жылдары агроөнеркәсіптік кешеннің 1 005 субъектісіне 2,33 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген.
– Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» деп аталатын ауыл азаматтарына несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жоспарланып жатыр. Жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және олардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді деген үміттемін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы