Бұл дауға әлемнің ең үздік футболшылары-на берілетін «Алтын доп» себеп болған жоқ. Бірақ құнына қарап бұл доптың ол доптан айырмасы жоқ деп қалуыңыз да бек мүмкін.
Даудың басы – «Алтын доп»
744
оқылды

Сонымен, жа­қында Шымкент қаласындағы мектептердің бірі бір доп алу үшін оның құнын 232 мың теңгеге бағалапты деген сөз желдей есіп, оны әлеу­мет­тік желі қолданушылары бірер күн жан-жақты талқылаған.    

Алайда артынша жауапты мекемеден доп құны жазылған цифрдың арасына үтір қойылмай қалған, бағасы 23 мың болуы керек еді деген ресми жауап берілді. Әйтсе де, бұл жауап даудың соңғы нүктесін қоя алмады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Пре­венция басқармасының басшысы Алексей Колосков мониторинг жүргізудің арқасында бір мектептен 2 млн 200 мың теңге үнемдедік деп хабар­лады. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақса­тында жүргізілген мониторинг кезінде Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы мемлекет­тік сатып алу порта­лында баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге бағалап, сатып алуды жоспар­лаған. Құзырлы мекемеге департамент тарапынан жоспарды қайта қарау  туралы ұсыныс хат жолданды. Ұсыныс хаттың нәтижесінде қайта қаралып, белгі­ленген баға өз­гертілді. Осылайша, бюджеттің 2 млн 200 мың тең­гесін  үнемдедік», – деп атап өтті басқарма басшысы. 

Мәселені тарқатып айтар болсақ, әр жылдың басында кез келген мекеме мемлекеттік сатып алу порталына қажетті заттардың тізімін жариялайды. Оны мекеме басшысы бекітеді. Ал Антикор ондағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Жоғарыда айтып отырған қателік осы тұста су бетіне қалқып шыққан. Агенттік өкілдері «Біз қарамағанда баға осылай кете берер ме еді» деп отыр. Ал жоспарды түзіп, оны бекіткен мектеп басшылығы әлі сатып алу порталына ілінбеген, бар-жоғы жоспарда кеткен қате деп ақтал­ғысы келеді. 

«АМАNАТ» партиясы Шымкент қаласы фи­лиалы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес өңірдегі осы­нау салаларға қатысты кез келген даулы мәселені назарда ұстайды. Жақында аталған білім ордасының мәселесі кеңес отырысында қаралды. Үшінші мега­полис­тің «Асар» шағынауданында орналасқан №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры Арман Орын­беков мемлекеттік сатып алу порталында 2023 жылдың 24 қаңтарында жарияланған жылдық жос­парды әзірлеп, бекіту мәліметінде мектеп бухгал­териясы тарапынан қателік кеткенін атап өтті. «Онда 10 дана баскетбол добының әрқайсысы 232 149 теңгеден көрсетіліп кеткен. Алайда онда 23 214,9 деп жазылуы тиіс болған. Яғни, үтірдің қалып кетуі салдарынан осындай даулы мәселе туындады. Аталған мәселе бойынша наурыз айында сатып алынатын тауарлар тізімі қайта қара­лып, 10 дана баскетбол добы әрқайсысы 23 мың теңгеден болып өзгертілді. Қателік жіберген мектептің бас есепшісі Мирас Патшабайға сөгіс берілді. Тех­никалық қате кетті, дабыра ететіндей мәселе  емес», – деп атап өтті ол. Кеңес отырысына келген бас есепші де өзі жіберген қателігін мойындап, енді мұқият болаты­нын жеткізді. Қалай болғанда да бұл жағдайдың сатып алу порталына ілінбей тұрып оңды шешімін тапқаны дұрыс болды.

Дегенмен жиында осыған қатысты тағы бір мәселе белгілі болды. Мамандандырылған мектеп-гимна­зиясы жақында спорт тауарларын сатып алуға ар­налған конкурсты мемлекеттік сатып алу порталына жариялаған. Онда 25 мың теңгеден 10 дана волейбол добы (250 мың теңге), 23 200 теңгеден 10 дана баскетбол добы (232 мың теңге), 15 мың теңден 10 гандбол добы, 10 500 теңгеден 10 футбол добына және баскетбол шеңберіне қажет заттар үшін жалпы 829 642 теңгенің тауарын жеткізіп беру конкурсын жария­лайды. 29 мамыр күні тапсырысты орындауға қатысқан 31 үміткердің ішінен 829 мың теңгенің за-тын 380 мың теңгеге орындап беру үшін «ASKA-88» ЖШС жеңіп алады.   

Қызығы, сонда осынша дүниені бар-жоғы 380 мың теңгеге жеткізіп беретін болған. Дегенмен мектеп басшылығы мұндай бағаға сапалы спорт заттарын сатып алуға болатынына күмән келтірді. Тіпті, кеңес жиынына денешынықтыру пәні мұғалімі доптардың түрін алып келген. Онда 42 мың теңге тұратын сапалы доп пен ұтып алып, сатып алынып мектепке әкелінетін доп та көрсетілді. 

«Олар 2 айдан арыға жарамайды. 40-50 мың теңге тұратын мына допты 4-5 жыл ойнауға болады. Былтыр тендерден ұтып алып әкеп берген 20 мың теңгенің жобасындағы мына доптар ары кетсе 1 тоқсанға жарамды. Екеуінің түрі бірдей, ажырата алмайсыз. Тек қымбат сапалы доп­тың көшірмесін әкеліп берген. 8-10 мың теңгенің доптары көп болса 10 күнге ғана жа-райды. Тіпті, балалар да нашар доппен ойнағысы келмейді», – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі.

2850 бала білім алатын мектепте 3 спортзал бар екен. Кеңес мүшелері мұндай мәселелер барлық мектепте кездесетінін сөз етті. Сондықтан олар да 380 мың теңгеге осынша заттың сапалысы келетініне сенімсіздік танытты. Сол себепті мемлекеттік тап­сырыс берерде заттың техникалық ерекшелігін өте сауатты және мұқият жазу керектігін ескертті. Сондай-ақ бухгалтерияны жеке-жеке білім ошағына емес, Білім басқармасында орталықтандырылған есеп-қисап бөліміне жүктеу дұрыс деп санайтынын бір ауыздан қолдады. Мектеп директоры шаруа­шылық мәселелермен емес, білімнің сапасымен, балалардың қауіпсіздігімен, тәрбиесімен айналысуы тиіс деген қорытындыға келді. 

Шымкентте доптан туған даудың соңы кеңес мүшелерінің осындай шешімімен аяқталды. Бұл шешім қаншалықты орындалатыны әзірге белгісіз.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы