Құмар ойынның жарнамасы жер жарады

Ішкі істер министрі елі­мізде 2019 жылмен салыс­тырғанда былтыр құмар ойын­дар мен бәс тігу қызметтерінің көлемі 40 есеге өскенін мәлім­деді.

Айтуынша, соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана халықтың құмар ойындарға жұмсаған шығыны 100 млрд теңгеден асыпты. 

Негізі, қазір құмар ойындардың жарнамалары кез келген он­лайн плат­формада қолжетімді. Оның соңы нарықтың осы түрі елімізде кеңінен қанат жайып, лудомания дертіне шалдыққан адамдардың қатарын өсіріп отыр. 

Ойынқұмар оқушы көп

Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл бол­маған соң елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмар ойынға тәуел­ділердің қатарын жыл сайын толықтырып келеді. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елімізде қазір 700 мың оқушы құ­мар ойын ойнайтынын айтады. Мәселен, елімізде казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымына қарасақ, үш жыл бұрын құмар ойындардың айналымы 89 млрд теңге болса, былтыр 500 миллиард теңгеге жет­кен. Елдегі букмекерлік кеңселер мен казинолардың біркүндік қар­жылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жетсе, ал жылдық қаржы­лық айналымы 1 триллион теңгені құрайды. Бұл сөзге дәлел сол, биыл казинолар мен букмекерлік кең­селердің жылдық қаржылық ай­налымы жыл басынан бері 1 трил­лион теңгеден асқан. Ал осындай құмар ойынға қызыққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетсе, емінің өзіне айына 600 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Қарап отыр­саңыз, құмар ойындардың көрігін қыздырып отырғандар қаншама адамның өміріне балта шауып, өмір­мен қош айтысуына себеп бо­лып отыр. Депутаттың сөзінше, биыл онлайн құмар ойынды жар­на­малаған 1 783 интернет ресурс бұ­ғатталған. Одан бөлек, бір қазақ­стан­дықтың букмекерлік кеңселер мен казинолар алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңгені құрапты. 

Қарыздан көз ашпайтын адам­ның кез келген уақытта қылмысқа ба­рып, өз-өзіне қол салмауына ке­­­піл­­дік жоқ. Себебі ойынқұмарлық – пси­хологиялық ауру. Тәуелділік­ке ұшыраған адамдар көп жағдайда өз әрекетіне есеп бере алмайды. Бұл де­ге­ніңіз, мұндай адамдар қоғамға қауіпті. 

Психолог Санжар Тұрсынметов ойынқұмарлық та нашақорлық пен ішімдікке құмарлық секілді тәуел­діліктің бір түрі екенін тілге тиек етті.

«Америкалық ғалымдар ойын­құмарлықты зерттеп көрген кезде оны үш топқа бөледі. Біріншісі – ойынқұмарлық та клиптомания, пиромания секілді аурудың бір түрі. Мысалы, клиптоманиямен ауыратын адамдар жүрген жерінде бір нәрсе ұрламаса тұра алмайды. Ол зат оған керек пе, керек емес пе, пайдасына асыру үшін алып жатыр ма, оны ойламайды. Тек үптеп кетуді ғана ойлап тұрады. Пирома­ния деген де сондай. Бір нәрсені өртеп жіберіп, содан ләззат алатын адамдар. Сол ойынқұмарлық та психикалық бұзылыс. Екіншісі – өзінің әс-әрекетіне жауап бере алмау. Бір адамдар жұмысқа бара жатқанда есікті жаптым ба, жап­падым ба деп ойлайды. Барып бір көріп келген соң есікті жапқанына көз жеткізу қалыпты дүние. Ал екі рет қарап келіп, сәлден кейін қайтадан соны бірнеше рет ойлау бұзылысқа жатады. Ойынқұмар­лықты ғалымдар дәл сондай бұзы­лысқа жатқызады. Мұндай адамдар ойынды ойламаса, тұра алмайды. Үшіншісі, психологиялық тәуел­ділік», – дейді маман. 

Психологтердің өзі лудомания­дан емделген адамның толықтай сауыққанына 100 пайыз кепілдік бермейді. Өйткені құмар ойынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Психолог Балабек Сақтағановтың сөзіне сенсек, емделушілердің көбі бір рет ойнап көрген соң ары қарай ойынды тоқтата алатынына өз-өзіне сенімді болғандар. Алайда алғашқы жарнамадан кейін өз әрекетіне есеп бере алмай, соңында несие алып, ұрлыққа түсіп, ой­наймын деп от басады екен. Пси­хологтің көмегіне жүгі­не­тін­дердің дені 18-29 жас ара­лығындағы нау­қастар болса, оның ішінде 16-17 жастан бастап құмар ойынға құмартқандар жиі кезде­седі. Өйткені Қазақстандағы құмар ойындардың нарығына бақылау кемшін. Тіпті, біздің елде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ой­науға шектеу қойылмаған. Ал әлем­дік тәжірибеде бәс тігуге бел­гілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мәселен, экономикасы көш ілгері кеткен Ұлыбританияның өзінде 25 жастан бастап қана бәс тігуге рұқсат береді. Психологтің пайымынша, бұл жаста адамның физиологиялық және психология­лық тұрғыда дамуы толық жетілген болып есептеледі. 

«25 жасқа дейінгі жастарға кез келген нәрсе қызық. Олар өмірдің оңы мен терісін толық бағамдап үлгермеген жаста болғандықтан, жастықтың буымен шалыс басуға бейім болады. Яғни, өз әрекетін толық тежей алмайды. Жалпы, кез келген жастағы ойынқұмарлармен жұмыс істеу өте қиын және өте ұзақ. Олармен терең әрі үздіксіз жұ­мыс істеу керек. Қауіптің бетін қайтарғанымызбен, емделуші кез келген уақытта сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қайтадан ойынға салынып кетуі мүмкін», – дейді психолог Балабек Сақтағанов. Яғни, бұрынғы ортаның шетін кездейсоқ көрудің өзі бұрынғы құмарлықты өршітіп жібереді. Өйткені әлгінде айтқандай, біздің елде құмар ойындарға қарсы күрес жүріп жатқаны шамалы. Жарнама жасауға кедергі жоқ, кез келген спорттық ойындарда букмекерлік кеңселердің өкілдері келушілердің құрығына іліндіріп, шырмауықша арбап алады. Бұл науқастардың ойынқұмарлықтан арылуына мүм­кіндік бермейді. 

Құқықтық тетік күшіне енсе...

Былтыр елдегі суицид жасаған 3 676 адамның әрбір бесіншісі құмар ойындарға тәуелді. Депутат Руслан Берденовтің айтуынша, қазір 7 казино мен 30 букмекерлік компанияның ғана лицензиясы бар. Басқа онлайн интернет кази­нолар мен түрлі ақшалай ұтыс бе­ретін онлайн ойындар ресми тір­келмеген көрінеді. Тіпті, соңғы уақытта олардың қатары артпаса, кемитін түрі байқалмайды. 

«Букмекерлік кеңселер осы күн­ге дейін адамдарды құмар ойын­­дарға тартып, агрессивті жар­намалық науқан жүргізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіріп отыр. Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыла­майды. Керісінше, букмекерлердің барлық спортқа, спорттық іс-ша­раларға демеушілік жасайтынын байқауға болады. Мұны құзырлы орындар олардың салық төлеуімен байланыстырады», – дейді депутат. 

Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитетінің дерек­теріне сәйкес, былтыр ойын биз­несін ұйымдастырушылардың салық аударымдары 109 миллиард теңгені құрапты. Бұл ретте бір адам­ға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсала­тын шығындар 140 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сондықтан Руслан Берденов құмар ойындарға қарсы күресті күшейту қажет еке­нін жеткізді. «Біріншіден, заңна­малық деңгейде барлық ақпараттық алаңда, оның ішінде БАҚ-та, сырт­қы жарнама, билбордтарда да осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салу керек. Екін­ші­ден, интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет контентті шектеу бойынша ең озық жүйе­лердің бірі ретінде Қытайдың тә­жірибесін зерделеу маңызды. Үшіншіден, банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шот­тарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу қажет», – дейді ол. 

Бүгінде ешкім людомания мә­селесімен айналыспайды. Ішкі істер министрінің сөзінше, салық органдары тек салық төлеуге мүд­делі, жергілікті атқарушы орган­дарға бюджетке түсетін түсімдер маңызды, ал кәсіпкерлерді табыс көзі ғана қызықтырады. Ал «Ойын бизнесі туралы» заңымыз мемле­кет­тің құмар ойындардың заңды­лығын реттеуді ғана міндеттеуді өз мойны­на алады. Бұл бойынша мемлекеттен жасырып заңсыз құ­мар ойындарын салуға рұқсат жоқ. Есесіне заңды жол­мен ашып, ашық­тан-ашық жар­нама жасауына кедергі келтірмейді. 

Алайда букмекерлік кеңселерді жағалап, бәс тігетіндердің көбі жастар. Және олардың әлеуметтік статусы да әртүрлі. Себебі букме­кер­лік кеңселердегі бәс тігу қол­жетімді бағадан басталады. 

Бүгінде онлайнда отырып-ақ түрлі букмекерлік кеңсеге ұтыс қоюға болады екен. Ашық жарнама мен мұндай қолжетімділік адам психологиясына әсер етері сөзсіз. Өмірден жолын таппай жүрген адамдардың да жарнамаға елітіп, ертеңіне балта шабары анық. Олай болса елдегі казино мен букмекер­лік кеңселерді, ойын автоматтары мен жеңімпазы жоқ ойын түрлеріне жарнама жасауға тоқтау салып, спорттық жарыстарға демеушілік көрсетуге тыйым салған жөн. 

Жадыра МҮСІЛІМ