Алматы қаласына соңғы болып қосылған Алатау ауданының бой көтергеніне де 15 жылдың жүзі бо­лыпты. Десе де, осы уақыт ара­лығында мегаполистің сол­түстік-батыс бөлігінде орналасқан аудан­ның көп мәселесі шешілмеді. Оның ішінде жол мәселесі де бар.
Күйі қашқан көшелер
876
оқылды

Досаевтың орындалмаған уәдесі

Жол мәселесінің сын көтер­мейтіндігі аудан тұрғындарын әбден мезі еткен. Бұл туралы аудан құрылған 15 жыл ішінде оны басқаруға келген әкімнің бә­ріне айтуын­дай-ақ айтылды. Бірақ тақ­тайдай болып жөнделген жол жоқ. Соңғы рет шаһардың қазіргі басшысы Ерболат Досаев сәуір айында аудан тұрғындарымен кездесуге келген кезінде де осы мәселе көтерілген. 

 «Алатау ауданындағы «Өжет» шағын­ауданында тұрамын. Өзімнің ауданымды және көрші «Қарасу» шағын ауданын өте жақсы білемін. Өйткені осы жақта жиі жүремін. Бізде жолдар өте нашар. Әсіресе, жолдағы кәріз жүйелеріне темір қақпақ қойылған тұстары әбден қазылып кеткен. Көліктер соны айналып өтемін деп қауіпті жағдаймен жиі бетпе-бет келіп жатады», – деді қала тұрғын­дарының бірі.

Ал қала әкімі Ерболат Асқарбекұлы тұрғындарды аудандағы 60 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін айтып қуантып қойды.

 «Алатау ауданын­дағы 60 көшеде орта­ша жөндеу жұмыс­тарын жүргіземіз. Жол бұрын болма­ған жерлерге төселеді. Жол бойындағы темір қақпақтар баяғы техно­логия­мен салынып, бұзылған. Биыл олар­ды қалқы­малы қақпақтармен ауыс­тыра­мыз. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 10 мың темір қақпақ сатып аламыз. Мау­сым-шілде айла­рында қаладағы ең өзекті мәселелерді шешуге тапсырма бер­дім. Тиіс­ті қаражат бөлінді», – деді әкім.

Алайда біз тілдескен аудан тұрғындары қала әкімі айтқан жұмыстардың ешқай­сысы да жүргізілмегенін айтып қынжылды. 

 «Қала әкімі келгенде жанына қосылып келген аудан әкімі де «Мамыр айында жоспардағы 60 көшеге жөндеу жұмыста-рын бастаймыз» деп кеткен. Алайда мамыр бітіп, маусым келді әлі күнге дейін шөптің басы сынбады. Көшелер мен қазылып кеткен кәріз құдықтарының маңайы сол күйі жатыр», – дейді «Өжет» шағын ауда­ны­ның Қайрат есімді тұрғыны. 

«Шетсіз қаланың» шарапатынан шет қалды 

Алматының осындай жаңа ауданының мәселесін шешу үшін осыдан үш жылдай бұрын «Шетсіз қала» бағдарламасы қабыл­данған болатын. Бағдарламаға Алматы қаласында жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық ауданында өмір сүру сапасын арттыру міндеті жүктелген. Бұл міндетке жету жолында Алматыны көп­орта­лықты дамыту, қоғамдық көліктің да­мыған жүйесі және аудандардың бай­ланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің сапасын жақсарту баста­ма­лары жүзеге асырылуы керек болған. 

Бағдарламаға сәйкес, аталған аудан­дар­дағы инженерлік-коммуникация жүйе­лерін тарту жұмысы толықтай 2025 жыл­ға дейін аяқтау керек болатын. Аталған бағдарламада көрсетілген уақытқа да бар-жоғы бір жарым жылдан сәл ғана артық уақыт қалды. Бірақ Алатау ауданындағы инженерлік-коммуникация жүйелерінің жайы бесенеден белгілі. Соған қарағанда бұл ауданның тұрғындары үшін «Шетсіз қала» бағдарламасынан еш қайыр болайын деп тұрған жоқ секілді. 

2040 жылы бәрі жақсы бола ма?

Орталықтан алыстау орналасқан осын­дай аудандардың мәселесі Президенттің де назарынан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы былтыр қараша айында Алма-тыға жасаған сапарында мега­полис­тегі шеткері аудандардың дамуы тым кен­же қалып отырғанын сынға алған болатын. Мәселені шешу үшін қала басшылығына нақты тапсырма да берген еді. Президент аталған аудандарда әлеуметтік нысан­дардың жетіспеушілігі өз алдына мұндағы көлік және инженерлік инфрақұрылым-ның да сын көтермейтінін айтқан. 

«Қала – бәріне ортақ. Сондықтан қаланың игіліктері де барлық тұрғынға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шет­тегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Алайда одан бері 8 айға жуық уақыт өтсе де аудандағы «сүрленген» мәселелер шешіліп кеткені шамалы. Аудан тұрғын­дары ойқы-шойқы жолдарға күрделі жөн­деуді былай қойғанда, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін талап етеді.

 Біз Президенттің орталық және шет­кері аудандар арасындағы теңсіздікті жою бойынша тапсырмасының қалай орында­лып жатқанын білмек болып қала әкімді­гіне жүгінген едік. Дегенмен әкімдік жақын­да қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, Алматының барлық тұрғынына заманауи, қо­лайлы және гүлденген ортада өмір сүру­ге мүмкіндік берілетін айтып, екі­ұшты­ жауап берді. Әкімдіктегілердің айтуын­ша, дәл осы жоспарда Президент сын тезіне алған барлық кемшілік пен оларды түзеу­дің жолы қарастырылған екен. 

Бұл ресми жауаптан ұққанымыз, Ала­тау ауданының тұрғындарына тақ-тайдай тегіс жолмен жүру үшін 2040 жылға дейін күту керек секілді.

Алайда Президенттің өзі қадап айтқан мәселені тез арада шешуді қолға алмаса Алматы атқамінерлеріне сын болмақ. Әйтпесе, бір қаланың екі ауданында екі түрлі жағдайдан халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсірері анық. 

Нұрболат АДЫРБЕК, 

Алматы қаласы

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)