Орал қаласындағы Ахмирова көшесінің жолы «Саудагер» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің күшімен жөнделді. Ама­наттықтар ша­мамен 10 млн теңге қа­ражат жинап, мер­дігерлерді жалдады. Ас­фальт бар бол­ғаны бір күн ішінде төселді.
Партияластар көшені жөндеді
631
оқылды

Жолдың нашарлығын айтып, жергілікті тұрғындар жылдар бойы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған еді. Алайда олардың проблемасын тек «AMANAT» партиясы құлақ асты.

«Осында тұрып жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет жол салынбады да, жөндеу де жүргізілмеді. Көктем мен күз маусымдарында балаларымыз да, көше тұрғындары да балшық кешіп жүреміз. Ал жазда шаң, есік-терезелерді ашу мүмкін емес. Бірнеше рет жергілікті ат­қарушы органдарға бардық, бірақ ешқандай өзгеріс болмады. «AMANAT» партиясына бар­ғаннан кейін ғана мәселе ше­шімін тауып, жол салынды. Партияға рақмет!», – деді Орал тұрғыны Райса Бақтыгереева.

Тұрғындардың өтініші қа­лалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаты Нұргүл Ашықоваға жетіп, ол бірден азаматтардың өзекті мәселесін шешуге атсалысқан.

«Мәселені шешу үшін көше тұрғындарының өтінішін қала әкімдігіне депутаттық сауал ретінде жеткіздім. Дегенмен жергілікті атқарушы органдағы­лар аталмыш көшенің жоспарға енгізілмеген айтты. Сондықтан Ахмиров көшесінде тұратын партия мүшелері – кәсіпкерлер тобы бірігіп, өз қаражатымызға асфальт төсеттік. Бұл қала­мыздың орталығы саналғаны­мен, соңғы 20 жылдан астам уақыттан бері ешқандай жөндеу көрмей, тоз-тозы шығып жатқан көшелердің бірі болатын. Осы­лайша, ауыз­біршілігі жарасқан кәсіпкерлерден құралған «AMANAT» партия­сы­ның «Сау­дагер» бастауыш партия ұйымы мүшелері бірігіп, халық үшін игілікті іс жасады», – деді де­путат.

Нұрлан ҚОСАЙ