Дегенмен бұл ауқымды шара созылып кетті. Қазір осы мәселе бойынша кеншілер қаласында күнде жиын...
Жер үйлерде жылжу болғанымен...
Жақында өңірде арнайы бағдарлама қолға алынды. Қалағандар «Тұрғын үйді жаңғырту орталығы» арқылы 5 жылға пайызсыз несие ала алады.
Бұл баспана жайлы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты:
«Біздің алдымызда өңірді газдандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту міндеті тұр. Бірақ қаржылық шығындарға байланысты орталық газға қосылу барлығына бірдей қолжетімді емес екенін түсінемін. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бізде бірреттік төлем – 300 мың теңге. Ал осы санатқа жатпайтындар үшін арнайы бағдарлама әзірледік. Қарағанды облысының тұрғын үйді жаңғырту орталығы арқылы сіз орталық газға қосылу үшін 5 жылға пайызсыз несие ала аласыз. Биыл бұл бағдарламаны 300-ге жуық үй пайдалана алады. Келер жылдан бастап қатысушылар санын 500 үйге жеткіземіз. Бұл бағдарламаны пайдалану үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясынан техникалық шарттарды алып, одан кейін Тұрғын үйді жаңғырту орталығына жүгіну керек», – деді облыс басшысы.
Алғашқылардың бірі болып осы бағдарламаны пайдаланған Қарағанды қаласының тұрғыны Сәния Нығматуллина болса бағдарлама игілігін көргенін айтты:
– Біздің Речная көшесіне газ қыстың алдында әкелінді. Көктемге қалдыруды жөн көрдік. Дәл осы кезде керемет мүмкіндік туды. Бағдарлама туралы әлеуметтік желіден оқып, бірден «ҚазТрансГаз Аймаққа» техникалық шарттарды алу үшін бардым. Сома 749 мың теңгені құрады. Бөліп төлеу 5 жылға, ай сайынғы төлем – 12 500 теңге, – деді қала тұрғыны.
Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев та бұл жоба туралы:
– Әрине, бұл – жақсы қадам. Адамдарға бірден көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сапалы жұмыстарды жүргізуге мемлекет кепілдік береді. Біз бағдарламаның операторымыз. Бұл – республикадағы пилоттық жоба. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Несие рәсімдеу барынша жеңілдетілді. Барлығы тұрғындардың ширақтығына байланысты. Барлық құжат болған жағдайда жұмыстарды толықтай өткізуді рәсімдеу шамамен 10 күнді алады, – дейді.
Облыс орталығының тұрғын үйлерін газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгінде бұл қызмет 4 мыңнан астам абонентке қолжетімді, олардың төрттен бір бөлігі техникалық шарттарды алды. 808 газға қосылған.
Желі құрылысы да жалғасуда. Биыл үшінші кезең аяқталуы тиіс, бұл тағы 2 057 тұрғын үйді газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Әрине, бәрі бірден бола салмасы анық. Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев қаланы газдандыру 2019 жылы басталғанын, жоба төрт кезеңнен және 16 іске қосу кешенінен тұратынын айтты.
...«ЖЭО» асығар емес
Жақында газдандыру мәселесі туралы өткен жиында Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Сабырғали Ыдырысовқа экология тақырыбында сұрақ қойды. Қала басшысының «Қаладағы жылу электр орталығының отынның басқа түріне ауыстырудың теориялық мүмкіндігі бар ма?» деген сауалына Сабырғали Ыдырысов қазір жаңа қазандық салу жоспарланып отырғанын, компания басшылығы оны Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Энергетика министрлігімен бірлесе отырып газға көшіру мүмкіндігін қарастырылғанымен, бірақ одан бас тартылғанын айтты.
– Біздің станса үшін жақын арада да газға көшу қарастырылмаған. Жаңа қазандық пен турбина міндетті түрде көмірмен жанатын болады, – деді Сабырғали Ыдырысов.
«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры 2027-2028 жылдары газ құбыры ЖЭО-1-де ғана пайда болатынын, бұл стансаларды газға көшіру мәселесі әлі күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
Мейрам Қожухов «ЖЭО-ны газға көшіру тұтынушылар үшін тарифті өзгерте ме?» деген сұрағына Сабырғали Ыдырысов «газ бағасы қымбат, ал ең арзан отын – көмір» деп жауап берді.
Бас директор сонымен қатар автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол әрбір турбинаға орнатылуы тиіс және мониторда эмиссия көрсеткіштерін онлайн режимде көрсететінін айтты.
Одан кейін күл үйіндісі тақырыбы қозғалды. Мейрам Қожухов алдағы 10 жылда күл төгетін жер бар деді. Осыған қарамастан отынның басқа түрлеріне көшу мәселесін қарастыру қажет.
Сабырғали Ыдырысов көмірді пештерде толығымен жағу мүмкін емес, көмірдің 40 пайызы күлге айналады деп жауап берді.
Иә, көмірді жаққанда ауаға түтін тарап, жұрттың мазасын ғана алмай, қыста ақ қар қарайып жатқанына да көз жеткізіп жүрміз. Жел тұрса, көмір қалдығы күл де жақын жатқан ауылдарды көміп тастары хақ. Осы жағы да айтылды.
– Кем дегенде 1,5 миллион тонна күлді күл үйіндісіне тастауға мәжбүрміз. Сұрақ көп. Күлді неге қолдануға болмайды? Өткен жылы жол салушыларға 50 мың тонна күл бердік. Бірақ күлдің бүкіл көлемін жоқ қылу немесе біреуге беру мүмкін емес. Болашақта біраз перспектива болады деп ойлаймын, – деп жауап берді бас директор.
Әрине, газдандыру жалғасады. Сондықтан халыққа әлі біраз уақыт түтінге тұншыға тұруға тура келері анық...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)