Сырдың басты дақылы – күріш шаруашылығын өрістетіп, өндірісті жаңа сұрыптармен толықтырып отырған институттың ғылыми-зерттеу жолында жеткен жетістіктері де жетерлік. Алайда білікті ғалымдардың басын біріктірген мекеменің соңғы жылдары ахуалы күрт төмендеп кеткен.
Сыр өңіріндегі іргелі ғылым ордасының тоқырап тұрғаны соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Басқасын айтпағанда, ғылыми институттың бас ғимаратының тозығы жетіп, жөндеу көрмегеніне біраз жыл болды. Сапасы сыр берген ғимаратта жұмыс істеп жатқан ғалымдарға ешқандай жағдай жасалмай тұр. Соның салдарынан ғылыми орталық қызметкерлері мемлекеттен қолдау болмай, қаржылық тоқырауға ұшырап, өлместің күйін кешіп отырғанын айтып отыр.
Ең алғаш аталмыш мекеме 1933 жылы Бүкілодақтық Күріш тәжірибе стансасының қарамағындағы Қызылорда күріш тәжірибе егістігі болып құрылған. Содан бері атауын бірнеше мәрте өзгерткен ғылыми-зерттеу орталығы бүгінде іркіліссіз ізденістің нәтижесінде өміршең жобалар бойынша жұмыс жүргізіп, жемісті жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Дейтұрғанмен, ғылыми жаңалыққа ден қойып, жаңа сұрыптар дайындауға еңбек етіп жүрген ғалымдар қауымы қолдауға зәру.
«Қазір институттың ахуалы өте төмен. Биыл мекемеден 2023 жылғы базалық қаржыландыруды мүлде алып тастады. Жалпы, елімізде 13 ғылыми мекеме мемлекеттік қаржыландырудан қағылып отырғаны мәлім. Соның қатарында Күріш институты да бар. Қазір ғылыми орталық қызметкерлері 6 айға жуық уақыт бойына еңбекақысыз отыр. Тек қызметкерлердің айлықтары нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде ғана жүргізілуде. Бұл бағдарлама негізінде бізде 4 жоба бойынша жұмыс жүргізіледі. Яғни, белгіленген шарттарға сәйкес қосымша қызмет көрсетеміз. Аталмыш бағдарлама 2021-2023 жылдарға арналғанын ескерсек, биыл бұл жобалар негізіндегі жұмыстар да аяқталады. Соған орай қосымша табыс көзі тоқтап, еңбекақы төлеу мәселесі тіпті қиындай түспек», – дейді Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Жанар Жұмаділова.
Қаржы тапшылығының қолбайлау болғаны салдарынан биыл көктемгі егіс жұмыстарын да бастау қиынға соққан. Соған орай басқарма басшысы «Жан-арай» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жүргізуге шешім қабылдап, әупірімдеп жүріп, көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастырыпты. Сонымен қатар институттың өндіріс орнын да осы серіктестік қаржыландырып отырса керек. Бұл тұрғыда барлық қажетті техника мен жанар-жағармаймен қамтып келеді екен.
Қазір ғылыми орталықта селекциялық жұмыстар мүлде тоқтап тұр деп айтуға болады. Себебі ғалымдарға бірде-бір қолдау жоқ. Мәселен, мемлекет тарапынан жаңа сұрыптар дайындауға талап қойылады. Бұл жұмыстарға кемі 8-10 жылдай уақыт қажет. Ғалымдарға мемлекеттен қолдау болмағандықтан, ұзақ жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Институт басшылығы осылай деп мұңын шақты.
«Қазір ғалымдардың ғылыми жұмыстарымен айналысып, жаңа сұрыптар дайындауға мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, шаруашылықтар қажетті тұқымдарды жыл сайын сырттан тасымалдап жүр. Бұл да ғылыми институттың жұмысын жандандыруға кері әсерін тигізуде. Яғни, ғылыми орталықтың дайындаған тұқымына сұраныс болмайды деген сөз. Бүгінде өзіміз дайындаған әлемге әйгілі «Маржан» сорты сырттан жеткізілген жаңа сұрыптардың салдарынан ауруға шалдығып отыр. Бұл күріш сұрыбы 2006 жылдан бері «перекулез» деген індетке душар болды. Сондықтан оған деген сұраныс күрт төмендеді. Соған сәйкес, бүгінде «Сыр сұлуы» мен «Айсара» атты жаңа сұрыптарды әзірледік. Соның ішінде «Сыр сұлуы» сортын былтыр өз қаражатымыздың есебінен шаруашылықтарға енгіздік. Нәтижесінде, облыстың 40 пайызға жуығын осы күріш түрімен қамтамасыз еттік. Ал «Айсара» сұрыбының перспективасы өте жоғары деп айтуға болады. Бұл сұрыпты әзірге өзіміздің тұқым бағымызда көбейтіп жатырмыз», – дейді Жанар Шәдібекқызы.
Басқарма төрағасының орынбасары «Айсара» сортының өнімділігіне байланысты шаруашылықтардан үлкен сұраныс түсіп жатқанын алға тартады. Алайда бұл күріш сұрыбы әлі де өндіріске енгізілмегенін жеткізді. Ал қолданыстағы сорттарға деген сұранысты арттыру үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Бұл тұрғыда жыл сайын шаруашылықтарға күріш тұқымын жергілікті ғылыми институттан алу міндеттелсе деген уәжін білдіріп отыр. Соған орай жылма-жыл белгіленген мөлшерде тұқым дайындап, бірқатар қаржылық қиындықты еңсеруге бетбұрыс жасалар еді деген пікірде.
Материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін күйге жеткен ғылыми орталықта маман тапшылығы да сезіледі. Мекемеге жас мамандар келгенімен, ұзақ тұрақтамайды. Мұны қаржы тапшылығына байланысты еңбекақының уақытылы берілмеуімен байланыстырады.
Қаржы тапшылығының қолбайлау болғанына қарамастан, институт ғалымдары алдағы уақытта да жаңа сұрыптар шығаруға иек артып отыр. Қазірдің өзінде күріштен бөлек арпа дақылының жаңа сұрыптарын дайындауда. Ғалымдар жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуге ынталы. Алайда үлкен нарыққа шығуға мемлекеттен қолдау күтеді.
Жалпы, 90 жылдық тарихы бар ғылыми орталық Вьетнам мемлекетімен, Корей, Филиппин, Ресей елдерімен ішінара болса да, тығыз әріптестік байланыста жұмыс жүргізуде. Осылайша, алыс-жақын шетелдермен байланысты үзбей, мүмкіндігінше тәжірибе алмасып келеді.
Сондықтан институт тарапынан еліміздің ғылым саласын өркендетуге бетбұрыс жасалып, мекемені базалық қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешімін тапса деген талабын жеткізді. Қазіргі ахуал түзелсе, шетелдермен әріптестік байланысты бұдан әрі нығайтып, өміршең жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
Фото: qazaqstan.tv