Қазақ ғылымының ақсүйегі, әдебиетінің абызы анығын айтып, әділ бағасын берген. Биылғы жылғы ЖОО-лардың бас рейтингінде қазақ білімінің қара шаңырағы тағы да көш бастап тұр!
Аспанмен амандасқан Алатауды жамбастап, оңтүстік астанамыз Алматының сұлу тәжіне айналған Альма-матеріміз талай буынның бұғанағын бекітіп, бұлшық етін білеулеп, сапалы мамандар даярлауда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемдегі беделді оқу орындарын қамтыған QS рейтингінде 150-орынды бағындырып отырған Орта Азиядағы бірден-бір оқу орны. Қазақстан 2010 жылдан Болон декларациясына қосылып, 47-ел болып мүшелікке өтсе, ҚазҰУ Еуропалық білім кеңістігі қоятын барлық талаптарды орындап келеді: оқытушы-профессорлық құрамы, материалдық-техникалық базасы, оқу кампустары, білім сапасын арттыру мақсатында шетелдік мамандарды тарту, халықаралық тәжірибе алмасу – бәрі-бәрі заман талабына сай жасалып, эталонды үлгіге айналды.
«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деп бекер айтылмаса керек. Білім ордасына Басқарма төрағасы – ректор болып Ж.Түймебаев келгелі екінші тынысы ашылып, тотықұстай түрлене бастады. Елдік масштабта ойлап, талай істердің басын қайырған шаруаға қылап, міндетіне жауапты азаматтың батыл қадамдары қуантады. 40 жылдан бері ғимараттар «косметикалық жөндеу» ғана көріп, ескіні жамап-жасқау ғана жүргізілсе, жаңа басшылық бәрін жаңартып-жаңғыртуға кірісті. Қолды болып кеткен жер телімдері сот тәртібімен қайтарылып, жақын болашақта универ аумағында құрылыстың екінші кезеңі басталады деп күтілуде. Ұстаздар мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мән беріліп, айлық жалақылары еселенді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Таяуда «Ел Арна» телеарнасының «Білім жолы» бағдарламасында қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай («Байтақ» саяси партиясының негізін қалуашы) ҚазҰУ-дың имиджіне нұқсан келтіретін дәлел-дәйексіз сөз айтып, лағып кетті. «Жасылдар партиясының» лидері сөз экологиясы түзелмей, ешқандай жоғымыз түгенделмесін ұмытпаса екен. Ауыл шалдары: «Саудың тамағын ішіп, жындының сөзін айтпа»,– деп отырытын. Ел алдында, көпшілік назарында жүрген «азаматтар» ҚР Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деген 274-бабы барын ұмытпағаны жөн.
Жасыратын несі бар, бізде еркетотай баласы үйде жатып, «ата-анасы оқитын» провинциялық псевдо-вуздар көп-ақ. Білімге бизнес ретінде қарап, дипломды «басып шығарумен» айналысатын шикібастар туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та талай рет айтты. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы креативті ойлай алатын, инновациялық жобаларды іске асыруға қабілетті жастардың қолында.
Алға, ҚазҰУ! Дербес елді білімдегі деңгейі көтереді!
Бекжан ӘШІРБАЕВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның
журналистикасы мен коммуникациясы
кафедрасының аға оқытушысы
Фото: Facebook/KazUU