Жаратылыс жұмбағында «тағдыр» деген бір тылсым бар. Адам баласы тағдыр тәлкегіне, тағдыр жазуына шүбәсіз сенетіні тағы рас. Танысының, жақынының, не өзінің басынан қандай да бір қиындықтар өтіп жатса, «тағдырдың пешенеге жазуы да» деп болжамды байламын да жасайды.
Үйден шығып оралмаған
1,227
оқылды

Бір сөзбен айтқанда, тағдыр адам өмірінде рөлі бар беймәлім бір құбылыс. Ал тағдыр тәлкегіне түскен жандардың басынан өткен оқиғаларын естігенде еріксіз бас шайқайсың. Санаң сан саққа кетіп, тағдыр жазуының салмағын сезінесің. Міне, сондай тағдырлы таланттың бірі – саз өнерінің саңлағы Садыхан Әубәкіров. Жамбылдық өнер иесі бір күнде із-түзсіз жоғалып кетіп, бүгінгі күнге дейін табылмай отыр. 

Садыхан Әубәкіров 1936 жылы 24 ақ­панда дүниеге келген. Алайда оның өмір жолы мен өнері хақында ақпарат өте аз. Тіпті, интернетте терсең де, Садыхан Әубәкіров туралы дерек таба алмайсың. Бейне бір адам өмірден өшіріліп кеткендей. Сондықтан біз Садыхан Әубәкіровтің көзін көрген, таныған, ол туралы зерттеу жүргізген адамдардың әңгімесіне сүйене отырып, жұмбақ жағдайда жоғалып, осы күнге дейін табылмаған талант жайында білуге тырыстық. 

 – 1970 жылы облыс орталығы Жам­был қаласындағы (қазіргі Тараз) Химиктер сарайында пролетариаттың ұлы көсемі В.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мектеп оқушылары көркемөнер­паздарының байқауы өтіп жатты. Хи­миктер сарайында өткен осы байқауда Садыхан Әубәкіровтің есімін бірінші рет естідім. Сарысу ауданының өнерпаздары концерт қойып жатқан. Сахнада ұлт ас­паптар оркестрі күй орындаған. Құрман­ғазының «Ақбай» күйі. Осы шығарманы қазылар алқасы мүшелерінің бірі қайта орындатты. Сонда маңайымдағы үлкен кісілердің «Садыхан ғой, Садыхан Әубәкіров» дегенін құлағым шалып қалды. Сол жолы ол кісінің саз өнеріне деген ерекше көзқарасын байқадым. 

Осы оқиғадан кейін университетті бітіріп келіп, Жамбыл аудандық газетінде қызмет атқарып жүргенімде ол туралы ел құлағын елең еткізген хабар естідім. «Композитор Садыхан Әубәкіров белгісіз жағдайда жоғалып кетіпті» деп ел шулады. Қазір саралап отырсам, 1984 жылдың шілде айы екен, – дейді кейінгі жылдары Садыхан Әубәкіров туралы зерттеу жүргізіп жүрген жазушы Болат Жаппарұлы. 

Зерттеушінің тағы бір сөзіне сүйенсек, Садыхан сазгер бұрынғылар «культ­просвет» атап кеткен Жамбыл мәдени-ағарту учи­лищесінде ұстаздық қызмет ат­қарыпты. Алматы қаласындағы Құрман­ғазы атындағы Қазақ мемлекеттік кон­сер­ваториясын 1957 жылы ұлт аспаптары факультеті домбыра класы бойынша бітіргеннен кейін дирижерлік мамандығын жетілдіру үшін тағы да үш жыл оқуға қалады. 

Садыханның студент кезінде шығарған «Жеңеше» әні оны өнерсүйер қауымға танытып, қошеметіне бөлейді. 

«Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясының студенті Әубәкіров Садыханның «Жеңеше» әні (сөзі Т.Мол­дағалиевтікі) заманауи халықтық әзіл өлеңдер үлгісінде жазылған. Әуезді және тесситура жөнінен ыңғайлы. Музыканың сапасы жағынан жоғары көркем деңгейде. Әуені мәтін мазмұнына толық сәйкес.

Жоғарыда айтылғандар негізінде С.Әубәкіровтің «Жеңеше» әні радиохабар­лар мен әуесқой композиторлар шығарма­ларынан берілетін концерт бағдарлама­ларына ұсынуға толық лайық», – деп сол кезде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Л.Хамиди пікір білдірген. Ол кезде Садыхан шамамен 21 жаста болған. Осы қырынан келгенде оны тума талант деп бағалауға нақ болады. 

 «Биік мінбеде тұрған орта бойлы, ақ­сары жігіт қолындағы жіңішке сиқырлы таяқшасын сілтеп қалғанда оркестрден үн төгіліп қоя берген. Бірде ерік бермей ек­піндеген, бірде баяу күңіренген сол құ­діретті үн, әсерлі әуен жалғыз таяқшаның айдауында. Жұрт оркестрдің сол сарынды әуенін «бір шыбықпен айдаған» жігітке дән риза. Бұл Химиктердің мәдениет са­райы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Садыхан Әубәкіров еді», – деп жазады естелігінде Әулиеата өнері өлкесінің қадірлі қариясы Яхия Шынәсілов.

Садыхан Әубәкіров туралы оның жары, бауырлары, балалары, әріптестері мен шәкірттері айтқан естеліктер 2015 жылы «Өміріне өрлеу берген өнер» атты жинақ болып шыққан. Бұл еңбек сазгердің туғанына 80 жыл толуына орай басылған. 

Жазушы Болат Жаппарұлының ай­туынша, Садыхан Әубәкіровтің өнерпаз, тамаша талант, ұлағатты ұстаз болуымен қатар ерекше еңбекқор, шебер ұйымдас­тырушы, өзін өнерге арнаған адам болған. Ол Жамбыл мәдени-ағарту училищесіндегі ұстаздық қызметімен қоса, Химиктер мә­дениет сарайында ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

– Садыханның «Өрлеу» күйі – өл­мейтін еңбек. Мен мұндай ойға «Өрлеу» күйін бірнеше рет тыңдағаннан кейін келдім. Әлемде бір-ақ шығармасымен есі­мі ел есінде қалған сазгерлер бар. Мысалы, поляк ұлтының өкілі Огнинскийдің атағы «Полонез» атты шығармасымен шыққан. Дәл сондай Садыханның «Өрлеу» күйі – бірегей шығарма.

Іздену арқылы білгенім, Садыхан Әубәкіровтің «Балдырған» атты тағы бір күйі бар. Бірақ ол «Өрлеу» күйіндей та­нымал болмаған.

Сазгердің онға жуық әні де бар екен. Әндерінің ішінде ақын Жақсылық Сәтібеков сөзін жазған «Жамбыл қызыл­ша­шыларының вальсі» туындысы кеңестік кезеңнің ұранына айналған. Өлең сөздері еңбек адамына ерекше шабыт берсе, ән әуені көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

Садыхан Әубәкіровтің әндерінің көбі жергілікті ақындардың сөздеріне жа­зылған. Олардың арасында Жақсылық Сәтібеков, Әдібай Табылдиев, Күлән Шілдебаева, Шона Смаханұлы, Тынышбай Рахимов сынды өлең өлкесінің өкілдері бар. Осылайша, Садыхан Әубәкіров талантты тұлғалардың өнерлерін өрістетуге өзіндік үлесін қосқан, – дейді Болат Жаппарұлы.

Сазгер Садыханның шәкірт тәрбиелеп, талай талантты түлеткенін жары Мария Каюмқызының естелігінен де ұғынуға болады. 

«Біздің үйге шәкірттері Әбдімомын Желдібаев, Садық Құнанбаев, Бағдат Шәйкенов, Қарауылбек Қазиевтер жиі келіп, өз үйіне келгендей жатып кетіп жүре­тін. Алтынбек Қоразбаев та Сады­ханның шәкірті», – деп жазады сазгердің жары естелігінде. 

– Біздің әулеттен ағамнан кейін өнер жолына мен түскенмін. Ағам ерекше талантты еді ғой. Біздің маңдайымызға сыймай кетті. Өте әсершіл, адамға сенгіш, ақкөңіл еді. Із-түзсіз жоғалып кетуіне сол мінезі де себепші болды ма, кім білсін? – дейді Садыханның немере інісі, мәдениет қайраткері, Сарысу ауданындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы саз мектебін бірнеше жыл басқарған Мұрат Әубәкіров.

Иә, тума талант Садыхан Әубәкіров бел­гісіз жағдайда жоғалып кетті. Алға­шында ағайын-туыстары, жақын жана­шырлары, кейін құқық қорғау органдары іздестіріп таппады.

– Садыхан Әубәкіров үйден шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Көзін көргендердің айтуынша, өнер адамы бол­ғаннан кейін апталап үйде болмайтын кездері де болған екен. Алайда осы жолы ұзақ уақыт өтсе де, оралмаған. Туыстары сұрастырып таппағаннан кейін құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген. Алайда олар да таппаған. 

Арагідік кейбіреулер Садыханның қой бағып жүргенін көргенін айтыпты. Сон­дай-ақ «Жезқазған жерінде жүр» деген де ақпар түскен. Алайда бұлардың бірде-біреуі дәлелін таппаған. 

Мен Садыхан кезінде жұмыс істеген, қазір аты мен заты өзгерген училищеге де барып, ол туралы деректер сұрадым. Алай­да сазгер туралы онда да бір құжат қал­мапты, – дейді жазушы Болат Жаппарұлы. 

Садыхан Әубәкіровтің туыстары үмітін үзбей, оны талай жыл сарыла күтсе де, тума талант сол бойы оралмады. Алайда жо­ғалғанына он жыл өткеннен кейін жа­қындарының басын қосып, еске алу асын берген. Осылайша сазгердің отбасы тағ­дырдың жазуына көнген. 

Бір қырынан қарасаң, адам айтса нан­ғысыз оқиға. Оған қоса, із-түзсіз жоғалған адам туралы 40 жылдың бедерінде бірде-бір хабардың болмағаны таңғалдырады. Заңдық жағынан келсек, адамның жо­ғалғанына 25 жыл өтсе, онда қылмыс құрамы жойылады. Алайда егер қандай да бір ақпарат табылып жатса, істі қайта қарау мүмкіндігі бар екен. 

Әлбетте, біздікі заң органдары кезінде тиісті іздестіру шараларын жүргізбеді деген сөз емес. Сазгер Садыхан Әубәкіров­тің өнері мен шығармашылығы хақында кейінгі ұрпақ білсе деген ниет. Жазушы Болат Жаппарұлының айтынша, біз осы тума талантқа тиісті деңгейде құрмет көрсете алмай келеді екенбіз. 

– Анда-санда жақындарының, көзін көргендердің ол туралы сөз арасында айтып қоятынын есептемегенде, Садыхан Әубәкіровтей талант иесі, өнерпаз, сазгер, ұтқыр ұйымдастырушы, ұлттық өнердің насихаттаушысы, арда азамат, ақкөңіл адам мына өмірде болмағандай. Еске алып жатқан ешкім жоқ. 

Адам қай қоғамда өмір сүрмесін, елге сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Сады­хан Әубәкіров еңбек еткен жылдарында мемлекеттік награда «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, одақтық деңгейдегі төсбелгілермен және дипломдармен марапатталған. Соның бәрі де ұлттық өнерді ұлықтаудағы жетістіктері үшін берілген. 

Садыхан Әубәкіров беймәлім жағдайда із-түзсіз жоғалып кеткенімен, оның артын­да мұрасы – шығармалары қалды. Алайда сазгер шығармалары дәріптеліп жатқан жоқ. Егер Садыхан Әубәкіровтің туын­дылары насихатталып, түрлі байқау мен іс-шара ұйымдастырылса, одан ұт­пасақ, ұтылмасымыз анық. Әрі бұл ұлттық өнерді дамытуға бар саналы ғұмырын арнаған тұлғаға көрсетілген құрмет болар еді.

Одан бөлек, Тараз қаласындағы Ы.Дү­кенұлы атындағы мәдениет үйінің ал­дындағы аллеяға облыс, қала мәдениеті мен өнерін дамытуға өзіндік үлесін қосқан бір топ қайраткердің есімі ойып жа­зылған мәрмәр тақтатас белгілер қойыл­ған. Алайда кезінде 20 жылдай осы Мә­дениет үйінде жұмыс істеп, ұлттық ас­пап­тар оркестрін құрып, оған жетекшілік еткен Садыхан Әубәкіровке осы жерден бір тақтатас бұйырмағаны өкінішті. Атал­ған белгі тақтатастарды орнатуды ұйым­дастырушылар Әубәкіровті қалай ғана ұмытып кетті? «Өзі жоқтың, көзі жоқ» деді ме? Мәдениет саласының мамандары осы олқылықтың орнын толтырады деп сене­мін, – дейді Болат Жаппарұлы. 

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ даналығы. Әрине, Садыхан Әубәкіровтің өлі, әлде тірісі беймәлім. Алайда оның туындылары мен есімі ұрпақ жадында жаңғырып тұруы керек. Ол үшін, әрине тума талантты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа танытуға мәдениет саласының мамандары жанашырлық танытқаны жөн. Осыны жауапты тұлғалар назардан тыс қалдырмайды деген сенім мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы