«Қоры мол ел – халқы тоқ ел» демекші, қай мемлекеттің де береке-бірлікте өмір кешкені – басты мүддесі. Әсіресе, қазыналы қариясын қажытпаған ел – дәу­лет­ті. Ал ол тапқанынан бұрын, қанша жинағы барымен, оның ішінде де оны қаншалықты сақтап, көбейте алғанымен байланысты.
Жинаудың бейнетіне көнген –  жинағының зейнетін көреді
6,048
оқылды

Еліміздегі мұндай міндет Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жүктелген. Ендеше 25 жыл та­рихын­да қазақстандық үлгі қалып­тастыра алған бұл қаржы инсти­туты­ның бүгінгі тынысы қандай? Бір сәт назар салып көрелікші... 

Тарихы терең, бәсіресі биік қаржы институты

Қариясы қамсыз өмір сүргенін қаламайтын мемлекет болмас, сірә! Тарихтан оның мысалын көптеп кездес­тіруге болады. Алғашқы деректерді адамзат өркениетінің бір биігі болған Рим империясының өмір салтынан көре аламыз. Біздің заманымызға дейін-ақ әскеріне зейнетақы тағайындап, осы қаржы институтының іргесін қалаған Гай Юлий Цезарь тарихтағы алғашқы қолбасшы ғана емес, мемлекет басшысы да еді. Ал Шығыс тарихында сонау VII ғасырда Әділетті халиф атанған Омар патша зейнетақы есебінде Исламның бес парызының бірі – зекет беруді таңдап алған. Бүгінгі сипатындағы зейнетақымен қамсыздандыру ХХ ғасырдың басында Еуропаның бірқатар елдерінде қалыптаса бастаған. Ал жалпыға бірдей зейнетақы түріндегі сақтандыру заң жүзінде тек 1913 жылы Швецияда рәсімделген екен.

Мыңдаған ғасырлар бойы түрлі эволюциялар мен реформаларды бастан өткерген зейнетақы қорының біздің заманымызға классикалық үлгідегі екі түрі жеткен. Олар – үйлестіруші және жинақтаушы қорлар. Бұл жерде мәселе екеуінің бірінің жақсы-жама­нында емес, халықтың демографиялық құрылымына, елдің ағымдағы эко­но­мика­лық даму деңгейі мен әлеуметтік саясатына қайсысының сәйкес келе­тіндігінде. Қазір әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі осы жүйелердің түрлі құрамдауыштарын араластыра қол­данады. Мәселен, 1998 жылы Қазақстан әлемдегі озық тәжірибелерді қолдана отырып, ортақ (таратушы) жүйеден жинақтаушы жүйеге көшудің арқасында өзінің төл үлгісін қалыптастыра алды. Бұл жинақтау тәсіліне негізделген үш деңгейлі зейнетақы жүйесі болатын. Енді міне, ширек ғасырға жетпейтін уақытта бұл тәсіл өзінің орнықтылығын, тиімділігін паш етіп, зейнетақысы қолына тиген миллиондаған адамның сеніміне ие болып отыр. Тек былтыр ғана қордан 1,18 триллион теңге тө­ленген екен.

Бүгінде қоғамда қорды қайтсек жақсарта түсеміз деген пікірталас қызу жүріп жатқанның өзінде БЖЗҚ әлемдік рейтингтің бел ортасында тастай бекіп орнығып тұр. Орнығып қана емес, жоғарылай түсуге бет бұруда. Аза­мат­тардың қор жұмысын талқылайтын да жөні бар: өйткені мұндағы қаржы жай ғана жинақ емес, олардың өз ақшалары. Жарналардың үш санатын қоса алғанда 12 миллион дана есепшотқа 15,67 триллион теңге шоғырланған. Таза инвестициялық кіріс 2014 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 1 мамырына дейінгі аралықта 7,4 триллион теңгені құраған. Осы ретте Бірыңғай жи­нақ-таушы зейнетақы қорының кіріс­тілігі биылғы мамыр айында 758,38% болып тұр. Бұл – жинақталған инфляция 710,74% болған кездегі көрсеткіш. Бұл тұста егер салымшының Қордан төлем алуға құқығы пайда болған сәттегі жеке жинағы бойынша кірісі жинақталған инфляция деңгейіне жетпей жатса, мемлекеттің көмекке келіп, айырма­шылықты өтеуге кепілдік беретінін де атай кеткен абзал.

Реформа – уақыт талабы

Дүниежүзілік банк пен Экономика­лық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның (ЭЫДҰ) сарапшылары аралас, көпдеңгейлі зейнетақы жүйелерінің анағұрлым тұрақты және теңгерімді екенін мойындап отыр. Өйткені осы аралас сипат халықтың қажеттіліктері мен мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, дұрыс шешім қабылдауға мүм­кіндік береді екен. Мұны Mercer CFA Institute деп аталатын жаһандық зейнет­ақы индексінен де көруге болады. Оның үздік ондығы (ТОP-10) аралас сипатқа ие зейнетақы жүйелерінен тұрады. Бірақ олардың жетеуінде жинақтаушылық сипат басым. Ал 2022 жылдың қоры­тын­дысы бойынша, үздік ондыққа Ислан­дия, Нидерланды, Да­ния, Израиль, Финляндия, Аустралия, Норвегия, Швеция, Сингапур және Ұлыбритания сияқты мемлекеттер енді.

Әрбір елдің, соның ішінде Қазақ­станның да зейнетақы жүйесіне тән үрдіс – экономика мен қоғам дамуының әртүрлі кезеңдерінде реформалардың жүргізіліп отыратыны. Себебі өзгермей қатып қалатын ахуал болмайды, уақыт талабына қарай әлеуметтік-экономика­лық сипаттағы өзгерістер жиі болып тұрады. Сондықтан жүйелер де бір орын­да тұрмайды: демографиялық жағдай өзгеріп, жаппай көші-қон, экономикалық дағдарыстар, жаһандық құбылу, жаңа технологияларға көшу деген секілді жәйттар үздіксіз реформа­лар жүргізуге мәжбүр етеді. Бұл тұста сақ­тандыру компаниялары мен актив­терді басқарушылар арасындағы әлемдік көшбасшы Allianz тобының 2023 жылғы зейнетақы жүйелері туралы жаңа есебі­нен осыған байланысты көптеген мы­сал­дарды көруге болады. Құжат 2023 жылдың нау­рызын­да шыққан соңғы қолжетімді ақпараттар негізінде дайындалған. «Халықтың қартайып бара жатқан жағдайындағы реформалар жасау» деген атауының өзінен-ақ оның әлемдегі көптеген елге тән негізгі түйткілдерге назар аудартып, зейнетақы жүйелерін жаңа жағдайларға бейімдеуге шақыра­тынын байқауға болады. Әлем бойынша 75 зейнетақы жүйесіне өзінің төл индексі – API-ді қолдана отырып талдау жүргізетін Allianz-дың бұл есебінде Қазақ­стан да бар.

Бел ортадан сәл биік

API индексі үш суб-индекстен тұрады. Оған негізгі демографиялық және фискалды жағдайларға талдау жасау, зейнетақы жүйесінің орнықты­лығы мен сайма-сайлығын анықтау кіреді. «7» балдық шәкіл бойынша барлығы 40 өлшем қарастырылған, мұндағы «1» ең үздік нәтиже дегенді білдіреді. Құжатқа қарап отырсақ, онда талданған барлық зейнетақы жүйесінің ортақ көрсеткіші 3,6 балды құраған екен. Ал Қазақстанда ол (API-2023) орта­шадан 0,1 балл жоғары. Бұл ретте мемлекеттің зейнетке шыққан әрбір адамның қолайлы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын мүмкіндігін көр­сететін зейнетақы жүйесінің молшылық көрсеткіші 3,3 балды құраған. Мұндай бағалау кезінде зейнетақы төлемдерінің деңгейі, зейнетақы жүйесімен қамту кө­лемі, қаржылық қызметтерге қол­жетімділік және егде жастағы жұмыс­шылардың еңбек нарығындағы интег­рация­сы зерделенген. Молшылық рейтингінде Дания мен Нидерланды 1,4 және 1,7 балмен көш бастап тұр.

«Қазақстанның зейнетақы жүйесінің API-2023 индексі – 3,5 балл. Осылайша, ол 75 елдің ішінде 34-ші орынға орнығып, ТМД бойынша көршілерінен, сондай-ақ Испания, Чили, Сингапур сынды тағы да басқа елдерден озық тұр. Бұл нәтижелер Қазақстанның зейнетақы жүйесі индексте ұсынылған басқа ел-­дермен салыстырғанда орташа деңгей­де және зейнетақы төлемдері салыс­тырмалы түрде тұрақты әрі жеткілікті еке­нін білдіреді», – дейді Allianz сарапшылары біздің елге баға бере оты­рып.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ширек ғасыр ғана толған Қазақстан үшін бұл өте лайықты көрсеткіш, дегенмен одан да әрі өсу мүмкіндігі зор. Allianz сарапшылары жалпы ахуалды сипаттай келе, өткен жылдармен салыс­тырғанда зейнетақы жүйелеріндегі жағ­дай сәл ғана болса да жақсарғанын атап өтіп отыр.

«Зейнетақы реформаларын жүргізу қажеттілігі туындап отырғанына қара­мас­тан, тек аз ғана ел жағдайын едәуір жақсарта алды. Құжатта Дания, Швеция және Нидерланды мемлекеттері жалпы ұпайы 3-тен төмен балмен индекстің жоғарғы жағында тұр. Өйткені олардың зейнетақы жүйелерінде өмір, сүру ұзақ­ты­ғының өзгеруіне сәйкес зейнетке шығу жасына түзетулер енгізу қарас­тырыл­ған, бұдан бөлек бұл елдерде кә­сі­би және жеке капиталдан тұратын зейнетақы құрамдауыштары мықты дамыған», – делінген есеп құжаттама­сында.

Аталған субиндекс жүйенің төлем деңгейі, зейнеткерлікке шыққан кездегі табысты алмастыру коэ­ффи­циенті сынды санаттарды да көрсетеді. Халықаралық еңбек ұйымының ұсы­ныс­тарына сәйкес, бірінші деңгейдегі зейнетақыларды алмастыру коэф­фи­циенті орташа жалақының 40-60%-ын құрау керек. Әлемде ЭЫДҰ-ның өлшемдері бойынша бұл көрсеткіш біркелкі емес: Бразилияда алмастыру коэффициенті 89%, бұл – ең жомарт зейнетақы жүйелерінің бірі. Ал Африка мен Оңтүстік Американың бірқатар елінде ең кедей зейнеткерлер тұрады. Олар 15% деңгейіндегі жиынтық алмастыру коэффициентімен өмір сүріп жатыр. Германияда, АҚШ-та және Жапонияда зейнетақыны алмастыру деңгейі 30%-дан 40%-ға дейін өзгеріп тұрады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш зейнетақының ортақ құрамдауышын ескере отырып, қазір шамамен 52%-ды құрайды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері, азаматтардың зей­нет­ақыларының кіріс деңгейін ұзақмерзімді перспективада сақтап қана қоймай, арттыра түсу үшін де олардың жинақтарын көбейте түсу маңызды екенін айтады. Бұл жерде әңгіме ерікті зейнетақы жинақтарын ашуды насихат­тап, кең қолданысқа енгізу, жұмыс беру­шілердің міндетті зейнетақы жарна­ларын арттыру, мемлекеттік бюджеттен берілетін жиынтық зейнетақының базалық құрамдауыш­тарын дамыту сияқты өнімдер туралы болып отыр. Қазір осы және басқа да мәселелер тал­қылану үстінде, соның ішінде БЖЗҚ-ның актуарий мамандары мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен де есеп-қисаптар жүргі­зілуде.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылып, жұмыс істей баста­ғанына салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт өте қоймағанына қарамастан, оның үздіксіз дамуы мен жаңғыртылуы, тәжірибесі, соның ішінде ортақ құрам­дауыштан жинақтаушы құрамдауышқа бейімделе отырып, біркелкі түрде ауысуы әлем елдері арасында сәтті деп танылып, терең зерделенуде. БЖЗҚ-ның соңғы жылдары алған сәйкестік сертификаттары еліміздің зейнетақы жүйесіндегі негізгі институттың халық­аралық деңгейде мойындалып отырған тұрақты деңгейін нақтылай түседі. Қор­дың кәсібилігін 2022 жылы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдас­тығы Құрмет грамотасымен атап өткен болатын. Бұл марапат Қорға «2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясын іске асырғаны үшін: тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, за­манауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқы­лы жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту аясын кеңейту ісіндегі табыстары үшін» берілді.

Кезекті сын-қатер: жеделдеген демография сағаты

Десе де, әлем елдерінің қандай үлгідегі болмасын зейнетақы жүйелері бұған дейінгі реттеу тетіктері мен өзге­рістерге бейімделу әдістері іс жүзінде қауқарсыз болып отырған жаңа сын-қа­терлерге ұшырауда. Сондықтан жаңаша әрекет ету құралдары мен ықпал ету тетіктерін іздеу өзекті мәселеге айналып отыр. Өз есе­бінде Allianz бұл мәселені «Демо­графиялық сағатқа қарсы рефор­ма» деп атады. Ондағы мәліметтер бо­йын­ша, 2050 жылға қарай әлемде егде жастағы­лар­дың экономикаға салатын ауыртпа­лығы бүгінгі 15,1%-дан 26,3%-ға дейін өседі екен. Естеріңізде болса, 2019 жылы ол «бар болғаны» 25,3%-ға дейін ғана өседі деп болжанған болатын. Бір сөзбен айтқанда, әлемде зейнеткерлерді қамтамасыз ету мүмкін­діктері тұрғысын-дағы теріс тренд айтар­лықтай жеделдеп келеді.

«Қоғам өзінің қартайған халқына қанша ақша жұмсауға дайын?» деген мәселе, саяси сипаттан бұрын техника­лық сипатқа ие бола түсуде. Өйткені мемлекеттердің қарияларға төлейтін жәр­демақы шығындары көбейіп, кері­сінше дағдарыс салдарынан бюджеттері қысқару үстінде. Ендігі жерде «Қартай-ған халқы үшін қай ел қаражат жұмсай алады?» деген мәселе өткір тұрмақ», – деп дабыл қағады Allianz.

Бүгінде бірқатар елдер бейнелеп айтқанда, «сағат тілін кері бұрауға» әрекет етіп, зейнет жасын өсіруге талап­тануда. Оған кәсіби орта мен сарап­шылар қауымдастығы түсіністікпен қарағанымен, қарапайым азаматтар қатты наразы. Бұл түп-төркіні әлеуметтік сипатқа ие зейнетақы қоры сынды қаржы институттарының қиын жағдайда тұрғанын айғақтай түседі. «Кейбір елдердің мұндай әрекеттерді «өмір жасының ұзаруымен байланысты» етіп көрсетуге тырысуы да осы тектес ахуал­дың шынайы бейнесін бермейді», – дейді мамандар.

Алдын алған ұтады

Халықтың қартайып бара жатқан­ы сынды жалпы әлемдік тренд Қазақ­станға да әсер етіп отырғандықтан, отандық заң шығарушылар, қаржы­герлер, қоғам өкілдері  еліміз үшін әзірге өзекті болмаса да, осынау мәселені шешудің алгоритмдерін іздеп, қызу талқылау қамында. БЖЗҚ жақында жүргізілген зерттеуінде; «халықтың өсуімен елдегі егде жастағы адамдар саны да тұрақты түрде өсіп отырады: 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2050 жылға қарай қазіргі 12%-дан 18,5%-ға дейін өседі деп болжануда; ал 65 және одан жоғары жастағы адам­дардың үлес салмағы қазіргі 7,8%-дан 13,1%-ға дейін артпақ» делінген.

– Тұтастай алғанда, актуарий маман­дар жүргізген зерттеулер бізге өмір сүру ұзақтығының қаншалықты артуы мүмкін екенін, ұзақмерзімді перспек­тивада туудың төмендеуі мен халық құрылымындағы қарт адамдар үлесінің өсуі қаншалықты мүмкін екенін бол­жауға мүмкіндік береді. Осы үдерістерді ескере отырып, біз 2040-2050 жылдары байқалатын демографиялық өзгеріс­терге дайындалып жатырмыз. Демог­рафия­лық сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан өзінің зейнетақы жүйесін уақытылы бейімдеп, оның орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, белсенді еңбек ету кезеңі аяқталған өз азаматтарына лайықты зейнетақы алу үшін жағдай жасауы тиіс, – дейді  «БЖЗҚ»  АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Осыған сәйкес, Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі саласын­дағы негізгі институты ретінде 2022-2026 жылдарға арналған жаңа стратегия­лық мақсаттарын бекітті. Енді қор ең үздік әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, әрбір қатысушыға зейнетақы қызметтерін көрсетуде және комму­никация жасауда дербестендірілген тәсілге назар аударғалы отыр. «Әр адам – дербес болмыс, сондықтан да қызмет көрсетудің жаппай сипатынан бой тартып, тікелей жеке адамға қызмет көрсету тәсіліне көшу көзделуде», – дейді БЖЗҚ мамандары.

Нәтижесінде, бұл әр адамның есеп­шотындағы қаржыны молайта түсуге мақсат қоятын жеке жинақтау жоспарын жасап шығуға мүмкіндік бермек. Осы тұста салымшылар мен алушыларға цифрлық технологиялардың көмегіне жүгінуге бар жағдай жасалатын болады. Әр салымшыға қор өнімдерінің желісі ұсынылып, соның ішінде басқарушы инвестициялық компания­ларға да өз жинақтарының жартысына дейін инвес­ти­ция­лау мүмкіндіктерін пайдалануға көмек көрсетілмек. Одан бөлек, жұрт­шы­лықпен және БЖЗҚ-ның қарсы серіктестерімен тиімді өзара іс-қимыл жасау, Қазақстанның жинақ­таушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және заң­наманы орындау тұрғысында маңызды міндеттерді жүзеге асыру қарастырылуда. 

Allianz сарапшыларының Қазақстан­ның экономикалық моделі үшін қолай­лы болуы мүмкін деп ұсынып отырған ұсыныстары да көңілге қонады. Олар зейнетақы жүйесі салымшы зейнетке шығар алдында да онымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек деп санайды.  

«Бұл ұсыныс толық емес жұмыс күніне және заңмен белгіленген зейнет жасына жеткеннен кейін де зейнетке шығуды кейінге қалдырған кезде жаңа (қосымша) зейнетақы құқықтарын алуға рұқсат беруге қатысты. Одан басқа 60 жастан асқан жұмысшылар үшін әлеуметтік қамсыздандыру жарна­ларының төмен мөлшерлемелері де, 60 жас­тан асқан жұмыссыздарды/қызмет­ші­лерді жалдау кезінде жалақыға уақыт­ша субсидиялар қосу ұсыныстарын да қамтиды», – дейді сарапшылар.

Осы айтылғандарды бір сөзбен тү-йіндесек, сақтау мен кө­бейтудің бейнетіне көнген – жинағы­ның зейнетін көреді. 25 жыл та­рихын­да қазақстандық үлгі қалып­тастыра алған бұл қаржы инсти­туты­ның бүгінгі тынысы осыны түбегейлі дәлелдеп отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ

Фото: gov.kz