Шығармашылық еркіндіктің де шегі болады

Киім ілгіштен басталып, қасиетті сахнаға дейін жалғасатын театр төңірегінде түйткіл көп. Әсіресе, театр репертуарының жаңармауы, жергілікті, жас драматургтердің назардан тыс қалуы, еңбегіне сай қаламақының төленбеуі секілді өнер жанашырларының өзегін өртейтін жайттар жеткілікті.

Оның кейбірі ашық айтылып, енді кей бөлігі театр төңірегінде жүргендердің арасында ғана сөз болып жатады. Белгілі театр сыншысы Амангелді Мұқанмен сұхбатымызда сахнаның арғы жағындағы мәселелер хақында әңгімелескен едік.

– Амангелді аға, «Отандық драматургия және театр өнері: диалог, үдеріс» тақыры­бында дөңгелек үстел өткен екен. Жалпы, драматургия, театр саласындағы өзекті мәселе жиындарда шешімін таба ма? Осы кезге дейін отандық театр өнері төңірегінде талай отырыс өткен секілді. Бізде алға жыл­жу бар ма, әлде кері кетіп барамыз ба?

– Иә, өткен дүйсенбіде біздің драма­тургия мен театр сынының мәселелерін көтерген дөңгелек үстелдегі мақсатымыз уақыт талабына сай отандық драматургия мен театр сынының өзекті мәселелеріне назар аударту болды. Заманауи драматур­гияны дамыту жолдары, драматург-автордың театрдағы орны мен құқықтарын анықтау, театр сыны мен жұмысына жүйелі көзқарас қалыптастыруы секілді өзекті мәселелерді осы саланың кәсіби мамандарымен тал­қылап, шешім қабылдау, ұсыныстар да­йындау болды. Әлеуметтік желіде нәтижесі талқыланып қашықтықтан қосылып тыңдаған театр мен драматургия төңіре­гіндегі қайраткерлердің осы саланың ушыққан мәселелеріне назар аударттық. Иә, бұл жиынның осы форматта өтуіне AIQYN газетінің айқара бетінде жариялан­ған белгілі қаламгер, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың көлемді мақаласы сеп болғанын баса айтқым келеді. Көтерілген мәселе, оны ушықтырмай дер кезінде шара қабылдау қоғам мен Үкімет арасындағы диалогтың бар екендігін көрсетеді. Сон­дықтан өзегі піскен жараның жарылуын күтпей алдын алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан дөңгелек үстелге Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың өзінің бас болып қатысқан қуантты. 

Расында, бұл мәселенің баяғыдан айтылып келе жатқаны, айта-айта жауыр болғаны да жасырын емес. Әрине, театр төңірегіндегі мәселелер жалғыз дөңгелек үстелмен шектемейді. Жағдайды реттеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуі керек деп ойлаймын.

Әр заманның өз құрқылтайы болатыны секілді өз заманында театрдың да, өз кө­рер­мені болады. Бүгінгі көрермен театрға бармаса, кассада билет сатылмаса, театр­дың қадірі кетіп, көркемдік деңгейі түскені жайлы дабыл қаға бастаймыз. Қазақ театры соңғы 20-30 жылда соның бәрін көрді. Залдағы көрерменнен сахнадағы әртіс­тердің көп болғанын көрдік. Бұл жағдай да сахнадағы әртіске кері әсер етеді. Ал қазір театрдың, драматургияның да бір орнында тұрмағанының куәгері болып отырмыз. Театрлардағы кей спектакльге билет жоқ. Электронды сатылымға түскен 500-600 билет қас қағым сәтте сатылып кетеді. Бұл әрине, көрерменнің театрға қайта орал­ғанын көрсетеді. Сәйкесінше, көрерменнің талғамы да өзгерген. Сондықтан театрға келген көрермендердің кейбірі «Біздің Әзекеңнің (Ә.Мәмбетов) қойылымдарына жетпейді, Ғабит Мүсіреповті оқи алмапты, Мұхтар Әуезовтің жанына да жоламаған» дегендей әрі-сәрі күймен қайтатындары бар. 

Дегенмен бұл заман жастардың заманы екенін мойындауымыз керек. Заман ағымына сай театрдың да бір орында тұрмайтыны белгілі. Сол себепті Әуезов пен Мүсірепов, секілді мүйізді қарағайдай драматургтердің туындыларын жаңа сахналық үлгіде көріп келеміз. 

– Соңғы жылдары театр десе, репертуар мәселесі жиі айтылады. Ұлттық театрларда жақсы пьесалар өз аяғымен келетін шығар, өңірлерде бұл тақырып әлі де өзекті. Өзі режиссер, өзі драматург, өзі актер – үштіктер неге көбейді?

– Театрдың негізгі азығы – драматургия. Бұл – аксиома. Сондықтан театр өнерінің киномен салыстыра келе жанды өнер екендігі қалай дәлелденсе, драматургия да осы театрдың ажырамастай бөлігі ретінде әлі де талай жылдар айтылатын, жалғасын табатын жанды құбылыс. Мәселе еліміздегі театрлардың басым бөлігінің мемлекет тарапынан қаржыландырылуында. Қазына қаржысы – халықтың қаржысы. Демек, көрерменнің ел мен жұрттың, мемлекет­шілдік пен ұлттық мүдде ескерілген, заман ағымына сай спектакльдерді талап етуге құқығы бар. Сонымен бірге бүгінгі жас көрерменнің көңілінен шығатын әсерлі, көркем, техникалық жағынан инновация­лық қойылымдардың болуын да қалайды. Репертуар мәселесі осынысымен өзекті. Тіпті, кеңестік дәуір бұл үдерісті саясилан­дырып та жіберді. «Репертуарлық саясат» деген сөз тіркесін қараңыз. Сол себепті театр мен оның репертуары күн тәртібінен түспейді. Қандай пьеса қойылса да «Оның көрерменге айтпағы не?» деген сұрақ тұрады. Театрдың негізі бізге жеткен дерек бойынша, бұдан 2500 жыл бұрын гүлденген көне грек театрында, ашық аспан астын­дағы 15-16 мың адамға шақталған амфи­театрлар қаланған. 

Әрине, кез келген автор өз пьесасының ұлттық театр сахнасында қойылғанын қалайды. Мен де драматург болсам, қойылымдарымның бас қаланың үлкен сахналарында қойылғанын армандауым мүмкін. Алайда драматургтердің туынды­ларының бәрі бірдей еліміздің бас театры­ның сахнасында қойыла бермейтіні де түсінікті. Десек те, жақсы пьеса жерде қал­майды. Тек театрлар, ондағы режиссер­лар жақсы жазылған пьеса авторымен жұмысты жолға қоя алса болғаны. Әрі автор мен театр арасындағы шығарма­шылық байланысқа да қолдау көрсетілгені керек. Театр репертуарындағы аударма, шетелдік авторлардың қойылым­дарының үлесін азайту, оның орнына отандық драматургтердің туындыларын көбейтудің тетігі қарастырылғаны жөн. Театр репертуарын жасауда еркіндікті тұсаулауға болмайды дегеннің өзінде басшылар жаңа авторлармен жұмыс жоспарын құрып, шеттеп қалған отандық драматургтерді тарта алса, бұл драматургияға жаңа серпін берер еді. 

Қазір өзіңіз айтқандай, өзі автор, өзі режиссер, өзі орындаушы болатын драматургтер көп. Мен бұл үрдісті режиссердің (театрдың) авторларға деген сенімсіздігімен байланыстырамын. «Пьеса ұнамайды, пьеса жоқ!» деген заржақ үнді айтып келе жатқалы қай заман? Жазғаны қойылмаған авторлар әбден шаршап күдерін үзеді. Театрда режиссерді билігі жүріп тұрған осындай сәтте спектакльді жазудан бастап, сахналауға дейінгі міндетті өз мойнына алуы заңдылық. Әрине, режиссер пьеса жазбасын, қоймасын деген ойдан аулақпыз. Режиссерлер де жазсын, қойсын, бірақ негізгі театр репертуарын жасайтын кәсіби драматургтердің шығармашылық еркіндігіне мүмкіндік берілсін. Жас авторлар театрға бір пьеса жазып, оны көркемдік кеңестен өткізу, қойдыру үшін жылдап қиналғанша бір киносценарий жазып мол ақша табуға болатынын көріп біліп отыр. Осыдан жаңа пьесаларды кәсіби оқып, талдап жетілдіру жолдарын көрсететін сарапшылардың еңбегі ескерусіз қалып жатыр. Театр мен драма теориясы мен практикасын жақсы меңгерген театр сыншылары жетіп арты­лады. Олар еңбегіне сай қаламақы алатын болса, автормен жұмыс істеп, шала пьеса­лар­ды жетілдіру жолдарын автормен тал­қы­лап, режиссерге ұсыну секілді жұмыс­тар­ды дөңгелетіп алып кетер еді. Бұл мәсе­лелер жүйелі, жоғары деңгейде жолға қойылмай қазіргі кемшіліктен құтыла алмаймыз. Негізінен, салалық министрлік жанынан жергілікті драматургтердің көр­кем­дік сапасының өсуін, сахнаға қойылу жолын реттейтін орталықтандырылған сараптама кеңесі жұмыс істеуі керек. Жазылған пьеса бірнеше мәрте сүзгіден өтіп барып, режиссердің қолына түссе, ол пьесаның бағы ашылатыны анық.

– Репертуарды қарасақ, бір пьесаны бірнеше театр қатар қойып жататын үрдіс бар. Бұның себебі неде? Классиканы қайта қою қажет те шығар, бірақ біз көрерменді жалықтырып алмаймыз ба?

–  Бұл да қазіргі драматургияда сапалы дүниелердің жетіспейтінін көрсетеді. Екіншіден, режиссерлерде ізденіс жоқ. Жазылған, аударылған пьесалар жетерлік. Аударылмағаны, қазақ сахнасына мүлдем қойылмағаны да бар. Соны оқып, сараптап қазақ көрермендеріне ұсынатын, бұрын қойылмаған пьесаларды іздеуде шабандық танытып жатырмыз. Осыдан барып театр репертуарының жиі қайталануы байқалады. Одан соң репер­туарды түзуде көрерменді көптеп тартатын, спек­такль­ге жұмсаған қаражат­ты қайтарып алуға мүмкін­дік беретін қойылымдарға басымдық беру бай­қала­ды.

Білетіндер әлемдік театрларда 50-ге тарта үздік классикалық пьеса бар екенін айтады. Сол әлем театрларының өзі әлгі пьесаларды плас­тинканы тыңдағандай айналдырып қоя береді. Әр режиссер кейбір қойылым­дардың өңін ай­нал­дырып, түрлі нұс­қада ұсынып жатады. Бұл үрдіс бізде де бар. Кез келген жаңа туындыны сахналау туралы шешім қабылдауда театр директоры жеті рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр. Өйткені жаңа спектакль қоюға көп уақыт пен қыруар шығын кетеді. Осыншама қаржы құйылып, күш-жігер жұмсалған спектакльге көрермен келмесе бар еңбектің зая кеткені. Жасыратыны жоқ көп жағдайда көрерменді жас автордан бұрын аты мәшһүр Шекспир, Чехов, Әуезов деген сынды авторлар тартады. 

– Қазір жекеменшік театрлардың қатары артты. Жеке театрларда қандай қойылымдар қойылып жатыр? Қадағалау бар ма?

– Біз кеңестік дәуірдегі цензура деген ұстанымнан кеткелі біраз уақыт болды. Театр өнері – ол ұжымдық өнер және көрермендер үшін жасалады. Сахнадан көрермен өзін, өзі өмір сүретін қоғамды айнадан көргендей болады. Ол жерде фальш, жалған ақпарат тарату немесе басқа бір қоғамға жат әрекетке үгіттеу си­рек кездеседі. 

Мұнда басты мәселе жеке театр ашқан азаматтардың қоғам алдындағы жауапкер­шілігі, қалыптасқан ұстанымдар мен тұрақтылыққа шабуылдамау, әрбір суреткердің өзінің ішкі қадағалауына байланысты. Сондықтан біздің қоғамда цензура қабылданбайды. Шығармашылық еркіндіктің де шегі болатынын кәсіби театрдан хабары бар әрбір маман жақсы түсінеді деген ойдамын.

– Сұлтанәлі Балғабаев бізге берген сұхбатында: «Ал қазір әр адам пьесасын театр­­ларды жағалап, өзі таратады. Болмаса сол театрлар қарайтын ресми жоғары орын­дардан сұрамшақтанып, көмек сұрайды» деген еді. Пьесасын апарса, театр басшы­лығы қабылдап ала бере ме? Әлде шығармаға қойылатын талаптар бар ма?

–  Кеңес үкіметі тұсында Мәдениет министрлігінде репертуарлы-редакциялық коллегия деген бөлім жұмыс істеді. Талай сүбелі спектакльдер сол ортада дүниеге келіп, талай талантты драматург осы жер­ден театрға ауызданып тарихта қалды. Бұл жұ­мыстың бәрі мемлекет тарапынан рет­телді. Ал тәуелсіздік жылдарындағы жағдай сіз айтқандай кеп киді. 2005 жылы болар, Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысында баяндама жасаған Сәкен Жүнісов өзінің замандас драма­тург­терін үйдің оң жағына отырған бойжеткен қызы бар әкеге теңеген екен. Сол әке әр үйге (театрға) барып қызын өткізудің (сатудың) амалында жүрген сорлы сұраншы әкені еске салады деген екен. Сұлтекең дұрыс, мәселені ішінен білгеннен соң айтады. 

Жалпы, авторда драматургия туралы түсінік, арнайы білім болмаса, пьесаның нобайы осы екен деп шимай-шатпағын театрға тықпалаған ағаларымызды талай көрдік. Театр алады, алмағанда қайда барады? Әлгі авторлар сөйтіп жүріп, жергілікті жердегі әкімнің де тілін тауып алады. Министрлік облыстық театрлардың тағдырын жергілікті жердің басшыларына басыбайлы сеніп тапсырып қойған. Солай екен деп олардың шығармашылығына және сапалы драматургиямен қамтамасыз етуді, ұлттық, мемлекеттік көзқарастағы сүбелі шығармалар қоюға жағдай жасауды назардан шет қалдыруға болмайды. Бір шаңырақ астында, бір сахнада кезектесіп жұмыс істейтін екі-үш шығармашылық ұжым бар. Олардың аптасына қоятын екі спектаклінің кестесін шырылдатып тұрып өзгертіп, оның орнына театрда түрлі жиындарды театрда өткізу қалыпты дүниеге айналып бара жатыр. Осыдан барып театрдың халыққа қызмет етуі, таза шығармашылықпен айналысу мүмкін­дігінен айырылғаны жанды ауыртады. Мәдениет саласында театрға деген көз­қарасты түбегейлі өзгертіп, жүйелі қайта құруларды қолға алатын кез келген секілді. Министрлік шығарманы қабылдауда да, оның көркемдік сапасы мен тұтастығына қойылатын талапты бірізділікке түсіруі, жүйелі жұмыс жасау механизмін қарастыру керек. 

– Қазір режиссерлер қатары жастармен толығып жатыр. Жастардың арасында кімдер айрықша көзге түсіп жүр? Фархад Молдағалиев, Елік Нұрсұлтан, Дәурен Серғазин, Жұлдызбек Жұманбай сияқты жастардың үлкен шоғыры келе бастады. Тіпті, алды бірнеше спектакль қойып үлгерді. Бұл режиссерлердің қойы­лы­мында жаңашылдық бар ма?

– Көзі қырағы мамандардың айтуынша, театрдың әрбір 10 жыл сайын өрге қарай көтеріліп немесе құлдырап, жаңарып отыруы заңдылық. Бұл ұрпақ алмасу, кешегі күнге жаңа буын, жаңа форматта ойлайтын жастардың келуі. Өзіңіз аттарын атаған жастар бүгінде сол өрлеу жолында, қарқынды еңбек етіп жатыр. Қазір рес­публикада сол жас режиссерлер қатарының ұзын-ырғасы 35-40-қа жетіп қалды. Алды біраз республикалық, халықаралық фести­вальдерде оза шауып, алқа тағып бүгінде театрлар оларды өздеріне қой­ылымға ша­қыру үшін кезекке тұратын жай байқалады. Демек, сұраныс болған жерде жаңашыл­дықтың ауылы да алыс емес. Олардың қойылымдары әртүрлі. Ұстанған бағыттары да, уақыт тынысын сезінуі де, көрерменнің талабын дөп басып таба білуі де, бастысы, жас болса да әрбір қойылым сайын айтар ойы анық, ұстанымы берік заманға сай қойылым жасауға ұмтылады. Қойылымға көрермен театрдан бос кетпей бір нәрсе ұғып кетеді. Ал Фархад Молдағалидің режис­сурасындағы «Құлагер» саун-драма үлгісінде қойылған спектаклі жақында Мәскеу қаласында «Алтын маска» театр фестиваліне қатысып, зор табыспен өнер көрсетті. Ақпарат алмасудың ықпалы болар сахнаға шығатын мәтіннің көркем туындыға айналуы, оны жіліктеп актер­лермен талдап жұмыс істеуде әрине тә­жірибенің аздығы сезіледі. Бірақ ұмтылыс, қайрат, жігер жеткілікті. 

– Астанадағы Қалибек Қуанышбаев театры Мәскеуден аттай қалап Гүлназ Бал­пейі­сованы шақырып еді. Ол қойған «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» көпшілік сынынан өтпей қалды. Жалпы, шетелден режиссер ша­қырғанымыз дұрыс па? Олар қазақ та­нымына қатысты дүниені қабылдай ала ма? 

– Иә, әртүрлі пікірлер болды. Соның ішінде біразы бұл қойылымды қабылдай алмай жатты. Бірақ мен бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Өзім бұл спектакльді үш мәрте қайталап көрдім және алғашқы тұсаукесерінен кейін-ақ пікірімді әлеумет­тік желіде жариялаған болатынмын. Әр спектакль сайын бұл ойым беки түсті. Қазақ театры жаңаша түлеп, қанаттанып жатқанда қан алмасып, жаңа режиссердің қолтаңбасымен сахнаға басқаша леп келді. Сахнадағы актерлер өздері ойнап жатқан шығармадағы оқиға желісі мен орнына, кейіпкерлер әрекетіне қозғау салар мақсат-мүдделерінің дұрыстығына және режиссер актерлерге сызып берген әрекет ету, өмір сүру дағдыларын ақтап шығады. Ал Гүлназ Балпейісова шетте жүрген өзіміздің талантты режиссер қарындасы­мыз және қазақ көрермендері әлі де бұл ре­жиссердің шығармашылығымен жа­қынырақ танысар деп ойлаймын. 

Жалпы, театр, өнер, шығармашылық кеңістігінде өз қазанында қайнаудан жаман нәрсе жоқ. Ондай сұрғылт, бір­сарын­ды жүрекке от, көзге ұшқын салмайтын кезеңдердің артта қалғанына қуанамын. Аға, орта буын режиссерлеріміз алып келген ұстанымды жастарымыз іліп алып әрі қарай жалғастырды. Тәжікстаннан Барзу Абдраззаков, қырғызстандық Нұрлан Асанбаев, Нұрлан Абдыкадыров, Ұлан­мырза Қарыпбаев, өзбекстандық Валихан Умаров, Балтық жағалауынан Йонис Вайткус, ресейлік Айрат Абушахманов, Сергей Левицкий т.б. қазақ театрының шығармашылық келбетіне, шеберлігін шыңдауға, көкжиегінің кеңеюіне ықпал етіп, жаңаша бояу қосты. Сонымен бірге Гүлназ Балпейісова, Рача Махатаев, Әлібек Өмірбекұлы секілді еліміздің театр кеңістігінде көрініп жүрген жас режиссер­лер де біздің театрдың түрленуіне сеп болуда. Сондықтан театрларымыз өз ісінің кәсіби шеберлерімен байланыста болуы – заман талабы. Шекара ашық, кедергі жоқ өзара барыс-келістің заманында томаға-тұйық отыру жараспайды. Оған бой алдырсақ тағы да орнымызды тұралап, іркіліске ұшырағанымыз болмақ.

– Драматургтерді шамдандыратын дүние – қаламақы мәселесі. Қаламақы болмаған соң жақсы шығарма да жазылмайтыны белгілі. Театрға қаржы соншалықты аз бөліне ме?

–«Кез келген елдің ұлттық драма­тур­гиясы өркендемей, оның театры ешқашан алға баспайды. Әлемдегі театрлардың бәрі ең алдымен өз драматургтерін ардақтайды; бірінші кезекте өздерінің ең үздік, көркемдік сапасы жоғары шығармаларын сахналайды» деген С.Балғабаевтың ойын қостаймын. Театрлардың репертуарлық саясаты да бірінші кезекте осы бағытта жүргізілуі керек. Театрға бөлінетін қаражат­тың қаламақыға жұмсалуы тиіс мөлшері азын-аулақ келісімшартпен төленіп жатса да нақтылы көлемі белгіленбеген, әркім өз білгенінше, патша көңілімен береді. Мысалы, Дулат Исабеков «Бөрте» пьесасы үшін театрдан 6 миллион теңге алса, тағы драматург А.Ашири өзінің театры сахна­лаған пьесасы үшін 350 мың алатын болды. Бірақ театр оны да үзіп-созып толық төлемеді. Ал аты мен заты таныс емес жас автордың қаламақысы жайлы айтудың өзі артық. Пьесаның көркемдік сапасын анықтайтын, бағалайтын қолда белгілі бір құжаттың болмауы театрдың директор­ларының тәбетін ашты, беруі де мүмкін, бермесе де өзі біледі. Әрине, оған автордың ақшасын сығымдап беріп, қалғанын басқа көп қажетіне жаратқан оңтайлы. Сондық­тан комедияның, драманың, трагедияның, тарихи драманың сапасына, көркемдік тұтастығына қарай бағалайтын бізде белгілі калкуляция болу керек және пьесаны қабылдайтын мекеме осыған сай автор­лармен жұмыс істеуі керек. 

– Театр сыншысы ретінде айтыңызшы, соңғы қойылған спектакльдердің ішінде қай шығарма көңіліңізден шықты? Несімен ұнады?

– Алдымен, «Алатау» дәстүрлі теа­тры­ның көркемдік жетекшісі Ж.Жұманбай қойған М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясын атар едім. Бұл – салт-дәстүр мен ұлттық ко­лорит мол, актерлік ойын, театр­алдық, дәстүрлі аспаптардың сүйе­ме­ліндегі заманауи музыкалық партитура, хор мен бидің, жекелен­ген мінездерін, топтардың жарқын коло­ритті характерлері жарқын көрініс тапқан өміршең спектакль. Жаныңды демал­дыратын жеңіл де ойлы күлкі, ирония бар.

Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының көркемдік жетекшісі Ұ.Қарыпбаев қойған – Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы. Халқы­мыздың тарихы, тағдыры ауыр сындарлы сәтке толы қиын кезеңдерін бір күнге сый­ғыз­ған жиынтық спектакль. Бұл спек­такльді халқымыз үшін қасіретке, тра­гедияға толы өткен ХХ ғасырмен қоштасу десем артық болмас. Сондай-ақ Қаллеки театрының Мәскеулік ре­жиссер Г.Бал­пейісова қойған Ғ.Мүсіре­повтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» траге­диясы дер едім. Неге? Трагедия театрдың бүгінгі заманауи режиссурасының қолда­нысында бар әдіс тәсілдермен классикалық мәтінді оқуында. Мұнда асықпай, эпикалық сабырмен алға жылжитын мәңгілік уақыт, заманауи тірі кейіпкерлер, сан түрлі мінездер жиынтығы және бастысы Баян мен Қозы секілді екі жастың қарабайыр, қадірі кеткен емес, шынайы сезімнен өрілген махаббат тарихы, әрбір образдың өзіндік дараланған мінез-құлқы мен көздеген мақсаты-мүдде­сін боямасыз көреміз. 

Қазақ ұлттық драматургия патша­лығында бәрі керемет болса, ауық-ауық қайта оралатындай біздің не шаруамыз бар еді? Демек, мәселе өзінің шешімін толық таппағандықтан театрдың да, драматургтің де, осы саланы зерттеп жазатын сыншының да өзекті тақырыбына айналды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС