Әлі есімде жаз болса болды әкем тете інімді қасына ертіп алып, Николайдан қалған көпірдің тұсына барып қамыс оратын.
Әке арманы
1,035
оқылды

Кешке діңкесі құрып әрең дегенде үйге жетіп құлайтын. Қара күзге дейін тірлігі – осы. Ажырық, жантақ орған кезде дәл бұлай қажымайды. Орылған шөптердің дегдуін күтіп, шөмеле-шөмеле етіп үйіп, теміржолшылардың ГАЗ-53-іне тиеп алып келіп, қораның үстіне қыздың жүгіндей етіп әдемілеп жинап қоятын. ГАЗ-53-ке де кезекке тұрады. Ауылдағы жалғыз жүк көлігі болған соң денесі алпамсадай шофердің дәурені жүріп тұр. Мінезі дүңкетпе шофердің келісе кетуі де екі­талай. Демалыс күн жақындай бастағанда ауылдағы ірі бастылар шофердің әуеніне төңкеріле бастайды. Шөп түсірген үйде сол күні кішігірім той – бауырсақ пісіріліп, ет асылып бір шишаны ортаға қойып алып, шоферді құдайдай күтеді. Ертесіне шофер түк болмағандай бүгілген қазық сияқты темірмен машинасын қолмен оталдырып, мені көрдің бе дегендей ауылды қақ жарып арылдатып өте шығады. Күнмен кеуіп тозығы жеткен машинаның шанағындағы тақтайлары машина орнынан қозғалған сайын бір сықырлап, бір сартылдап теміржошылардың зәресін алады. Ойдым-ойдым жерлерге келгенде «шықпа жаным, шықпа» деп отырған жұмысшылар бірде сол жаққа, бірде оң жаққа ауып, «ванька-станька» сияқты домалайтыны тағы бар. Бірде әкем орған қамыстарын машинамен алып келген күйі түсіруге асықпады. Бау-бау етіп буылған қамыстар сықиып тұр. Әшейінде денесі еңгезердей болғанмен дегбірсіз шофер де әкемнің қасында үн-түнсіз.

Уақ мал таптап жалтыратып айнадай еткен қораның алдына қойылған машина­ның көлеңкесіне жайбарақат малдас құ­рып жайғасып алыпты. Әкемнің көңіліне қарап отырған сияқты. Не керек сол күні тиелген қамыс түсірілмеді, үйде абыр-сабыр болып шофер күтілмеді. Кешке анашым әкемнің ең сүйікті асы сыркүріш жасапты. Сары майды шыжғырып тұрып тортасынан айырып, күріштің бетіне құйған кезде ауызыңнан дәмі кетпейтін ас. Әңгіме тамақты бабымен пісіруде ғой. Тамақ желініп, шәй ішіліп болған соң анам жәйлап әкемнен сыр тартты. «Неге қа­мысты түсіріп, машинаны босат­падың­дар?» дегені сол әкем кемсеңдеп қоя берді. Қолындағы насыбай шақшасының ты­ғынын бір ашып, бір жауып әлек. Сәлден соң:

«Отырабатқа көшіп келгелі іздеумен әлекпін, ешбір таба алмадым. Қамысты тиеп болып салқын жерде демалып алайын деп қисайып жатсам, көзім ілініп кетіпті. Анамның орамалын түсімде көріппін. Аспанда қалықтап ұшып жүр, ешбір ұстай алмадым. Өз даусымнан өзім шошып оянып кеттім. Енді іздеудің керегі жоқ деп түсімде аян берді», – деп өксіп қоя берді әкем. «Үлкен адамның жылағанын бірінші рет көруім. Анам біраз сырды білетін сияқты, сол салмақты күйінше «жаны жәннатта болсын!» деп бетін си­пады. Сәл үнсіздіктен соң әкем ақтарылып сөйлеп кетті:

«Сен не білесің? Бидің қызы болдың, әкең мен шешеңнің қасында шолжаңдап өстің, қуғын басталмай жатып қырғыз асып, тау ішіне жайғастыңдар. Әкең болса діндар адам. Қай жерге болса да көшімен бірге сыйып кетті. Керуен басы болды. Менің болса көрмегенім жоқ. Анамның түрі еміс-еміс қана есімде. Есімде қалғаны: «алшынннан шыққан Айша сұлу» деп атайтыны. Әкем Шоқтайдың бәйбішесі Күлшекүлден – Дүйсек, Айшадан мен және әпкем Назым дүниеге келіппіз. Әкеміздің ақылдылығы сондай, бәйбіше мен тоқалдың балаларын ауыстырып еміздірген екен. Не деген көрегенділік! «Нағыз еркек – бас ие» деген осы. Содан болар Күлшекүл анам мені өзінен шыққан Дүйсектен де бетер жақсы көретін.

Бабамның аты – Нұр, Нұрдан: Тұң­ғыш­бай, Тұңғышбайдан әкем Шоқтай тараған. Біздің әулеттің жаздық жайлауы Қаратаудың етегіндегі Күмістіде, қыстық жайлауы Саржазда еді. Бізді «Ешкілі бай­дың тұқымдары» деп атайтын. Қартаудың жота-жотасына жайлаған уақ малдардың, әсіресе ешкілердің санын ешкім білмейтін. Тұңғышбай атам ғана қаншауын сойып жедік деп, аса таяғына кертіп белгілеп отырған. Қаншаға көбейді, оны ешкім санамайтын. Жайбарақат заман еді, ұры-қары деген болмайтын. Күмістіге көшудің өзі бір тарих. Бірде Тұңғышбай атамның інісі Батыр, серілігі мол болған деседі, жорға мініп ел аралап жүргенде Күмістіде алтын құмға көзі түсіп, екі көзі бірдей ағып кетіпті. Алтын көздің нұрын алады деген бекер емес екен. Содан екі көзі бірдей көр­мей, түнек соқыр болып қалыпты. Бірте-бірте сол соқыр Батыр құмар ойнаудан алдына жан салмайтын құмаршы атаныпты. Екі көзін тарс жұмып алып есептегенде ешкім төтеп бере алмапты. Содан болар ауылдағылар Батыр келе жатыр дегеннен қыз-қырқын, әйел біт­кенді одан тығатын болған. Батыр қамыр илеп, нан жайып отырған әйелге, есіктен төрге қарап отырған әйел баласына тиіспейтін құмардың шартын сақтапты. Сол Батыр атамыз ағаларына алтын көргенін айтып жаздық жайлауды Күмістіге көшіртіпті. Ең алғашқы болып алтын өңдеуді бастаған да біздің әулет» деген кезінде еңсесі түсіп отырған әкем отырған орнынан бір қозғалып алғандай сезілді. «Одан кейін көресіні көрдік қой. «Көресіні көрмей көрге кір­мейсің» деген осы да. ...Сол бір зобалаң жылдары қазақ атаулыға қиын болды ғой. Әсіресе, бай атаулының бәріне қызылдар қырғиша тиді. «Іштен шыққан жау жаман» деген, көрмеген тауқыметіміз жоқ.

Жасым сол кезде шамасы көп болса бес-алтыда. «Байлардың малын тартып алып, өздерін итжеккенге айдап жібереді-мыс» деген әңгімені ести салысымен атамыз Тұңғышбай «қызғанғаным қызыл итке жем болмасын» деп бір түнде барлық мал біткенді ауылдағыларға жапа-тармағай таратып жіберді де, он шақты түйеге бар дүниені артып, қатын-қалаштарды арбаға отырғызып, жолға шығады. Таң ата біздің көшті шолақ белсенділер мен қызылдар қуып жетіп, Тұңғышбай атам мен әкемді аттарынан сүйреп түсіріп, алдарына салып айдап алып кетті. Жылап-сықтап қала бердік. Қалғандарымызда шаруасы болған жоқ, түйеге тиелген түйіншектерге де мән беріп ешкім қарамады. Алдымызда айдап бара жатқан мал болмаған соң, ең басты керегі ірі бастыларымыз – атам мен әкем болса керек.

Содан көштің басын Күлшекүл әжем басқарып келе жатты. Күніне екі-үш рет түстеніп демалып, тамақтанып әл жинап аламыз. Қанша күн жүргенімізді білмейміз, шойын жол бойындағы көпірден өтіп біраз жер жүріп түйелерді шөгердік. Әлденіп алған соң әжем ақнардағы жүкті ақтарып, ішіндегі аттың басындай қож-қож алтындарды ақ киізге орап, қыл арқанмен байлап, бірнеше үлкен-үлкен бума жасады. Әлгі бумалардың  қасына Дүйсек ағам екеумізді шақырып алып: «Мына жерді естеріңе сақтап алыңдар, әулеттің бар байлығы осы – ақ киізге ораулы. Осы маңға тереңдетіп көміп кетеміз, аман-есен елге оралсаңдар қажет болады» деп екеуміздің басымыздан сипады да, маған қарап: «Айналайын туған анаң Айшаның орамалын саған берейін. Қазір өзіңнің үлесіңді осы орамалға орап, ақ киізге бөлек орап салайық. Өз қолыңмен шиелеп байлашы, қыл арқан ешқашан шірімейді, бірақ алтын көшеді, осы орамалдан танып аларсың өз үлесіңді» деп басымнан сипап мейірленіп иіскеді. Малшыларымыз сол кезде адал екен. Тереңдетіп жерді қазып, ақ киізге оралған сом алтындарды әжем айтқан жерлерге көмуге көмектесті. Шойын жолдан алыс емес жерде бес-алты үйдің қарасы көрінген соң, соған бет алдық. Сол ауылда екі үш күн қонып, әжем бәрімен танысып алып­ты. Тағы да әжем Дүйсек ағам екеумізді жанына шақырып алып, «ақылдасатын нәрсе бар еді» деді. «Айналайындар, сендер біле бермейсіңдер, әлі қырғыз еліне жетуге біраз жол бар. Жолда қарақшы деген болады, қарақшылар алтын мен қызға өш болады. Назымды осы ауылда Нұғман деген жетім бала бар екен, кішкене болса да соған қосып кетсек, ризашы­лығымызды беріп, жасы он үшке толғанда некелеп қоса жатар» деп бетімізге қарады. Ол кезде Назымның жасы он бірге де толмаған. Дүйсек ағам жылап қоя берді, мен де қосылып жылап отырмын. Сонымен не керек, Назымға айтпастан түнделетіп Назымды белгісіз жанға тастап кете бардық. Тауқымет деген – осы. Азанда тұра салып бізді іздейтін болды ғой. Күйеуге береді дегенді түсініп тұрған мен жоқ, «қалдырып бара жатырмыз» деп жылаймын. Әжем қосылып жылайды ара­сында, «Көріңде өкіргір Сатыш!» дегенді қайталап айта береді. «Түбімізге жеткенде де өз ағайынымыз жетті ғой. Жолға шық­қанымызды Сатыш қана білетін еді, іле-шала жеткізіпті» деп сырын айтып қояды.

Содан арып-ашып қырғыздың еліне де жеттік-ау. Әжем жарықтық ат басындай алтындарды көміп кетті енді түгіміз жоқ шығар деп жүрсек, он шақты пар добалдай етіп құйған алтын үзеңгіні алып қалған екен. Былайша қараған адамға алтын деп те ойламайсың, қоспасы көп пе дерсің, үзеңгіні алтыннан соғады деген ешкімнің басына да кіріп шықпас. Аттың үзеңгісін түйеге де пайдаланып келіп­піз. Қырғыздың Қы­зыл­қия деген жеріне барып қоныстандық. Қи­нал­ған кезде үзеңгілерді бір-бірлеп өткізіп, тал­ғажу еттік. Ол жерде бір ауыл Қазақ­станнан ауып келген қазақтар екен. Сол жерде аналарыңа үй­лендім. Сталин дүниеден өткен соң Қазақстанға көшіп келдік. Онда да тура Назым әпкемді тастап кеткен, алтын­дары­мызды көмген шо­йын жолдың бойындағы Николайдан қалған темір көпірі бар ауылға көшіп келдік. Ауылдың аты Отыр­абат стансасы екен. Темір­жолға жұмысқа орналастым. Содан жаз болса болды, балалық шағымда түйе­лерім­ді шөгеріп ақкиізге ораған бабаларымның алтын мұрасын, анашымның иісі мұр­ным­ды жаратын ақ орамалын із­дей­мін. Алтын көшіп кетсе де анашымның ақ орамалы бір қа­мыс­қа оралып тұр ма екен деп іздей­мін» деп әкем көзінің жасын сығып алды.

Содан бері де отыз жылдан асып кетіп­ті. Әкем де, анам да мәңгілік мекеніне кетті. Он шақты жыл бұрын атаусыз кеткен аталарымызға арнап ас та бердік, киім де тараттық, бірақ әке арманы орындалмай қалды. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Тұңғышбай, Шоқтай аталарымызды іздеп жазбаған жерім жоқ. Ірі байлардың аттарын әдейілеп өзгертіп жіберген деген де сөздерді естідім. Көне жазуды оқитындармен де сөйлесіп көрдім. Пайымдап қарасам, сол жылдар шамасы ел ішінде сенімсіздік пен қорғансыздық көп болған 1920 жылдарға тура келеді. Филипп Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығы, Сталиннің «ұлы бетбұрыс» саясаты да кейін басталған. Құпия жағ­дайда мал-мүлікті тәркілеу басталмай жа­тып ұсталып кеткен, сол заманда-ақ алтын өндірісімен айналысып, бір ауылды асыраған, ешбір жазықсыз қуғынға ұшыраған бабаларымды іздеуден жалық­паймын. Ақылды әжелерімді мақтан тұтамын. Қазақтың бар зиялысын, бар шекпендісін жоюға бағытталған орыстану саясаты – барша қазақ үшін қасірет! Туған ата-бабалары хабар-ошарсыз кеткен мен үшін әке арманының орындалмағаны – тауқымет!

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы 

төрағасының орынбасары