Жиынға Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті өкілдері және Алматы қаласының мәслихат депутаты қатысты. Күн тәртібіне сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері қойылып, ол бойынша салалық органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.
«Бүгінгі көтеріп отырған мәселе – қоғам дамуы үшін өте өзекті. Сол себепті де, Президенттің кезектен тыс сайлауынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, онда Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы одан арғы күрес бойынша іс-шараларды қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ оған дейінгі өз Жолдауында Мемлекет басшысы әлеуметтік, экономикалық мәселелерге тоқталып, бірқатар бастама көтерді. Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруды, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту формасына өтуді тапсырды», – дейді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Зәуреш Өмірбаева.
2022 жылды және 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшелері 29 іс-шара өткізді, оның ішінде 17 семинар мен 12 дөңгелек үстел. Сонымен қатар аймақтың партиялық бақылау органдары БАҚ пен әлеуметтік желілерде тұрғындардың көтерген қызу мәселелерін тұрақты түрде қарастырып келеді. Партияның аймақтық және аумақтық филиалдары 30-ға жуық резонанстық мәселені қарады, оның ішінде 13-і оң шешімін тапты, 17-сі түсіндірілді.
Нұрлан ҚОСАЙ