Атырау облысы бойынша былтыр жалпы көлемі 167,7 мың гектар жер қайтарылған екен. Оның ішінде 15,4 мың гектары – егістік, 152,2 мың га –жайылымдық және 100 гектар – басқа мақсатта бөлінген учаске. «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мәлік Кариевтің айтуынша, халықтық жобаның басты мақсаты – ел игілігіне қызмет ету.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені болатын. Осы мақсатта, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына облыстық мәслихат депутаттары, жер қатынастары саласының сарапшылары, Кәсіпкерлер палатасының, құзырлы мемлекеттік органдардың, БАҚ-ның өкілдері және басқа да уәкілетті тұлағалар енді. Бүгінге дейін, партиялық жобаны іске асыру мақсатында «Жер аманаты» комиссиясы жұмысын түсіндіру және игерілмеген жерлерді қайтару бағытында Атырау қаласында, облысқа қарасты 7 ауданда бірнеше рет көшпелі кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жыл басынан бүгінге дейін барлығы 76 жер учаскесі қайтарылды. Жалпы көлемі – 21,7 мың гектарды құрайтын жер учаскесінің 40 гектары көлемі – егістік, 21,2 мың га көлемі – жайылымдық және 400 гектары көлемі – басқа мақсаттарға арналған жер телім. Жыл соңына дейін Атырау облысы бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр», – дейді ол.
Бір атап кетерлігі, Атырау облысының жер аумағы 11 миллион 863 мың гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы санатындағы жер учаскелерінің көлемі небары 3 миллион 57 мың гектар, яки 25,7 пайызды құрайды. Облыста жайылымдық жер мәселесі өзекті болғаны бұған дейін де жазылған болатын. Тіпті, Индер ауданында тұрғындар жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты митингке шыққан еді. Есбол, Өрлік ауылының тұрғындары мал жаятын жердің жылдан-жылға азайып бара жатқанына наразылық білдірді. Ал осыдан біраз бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылып отырғанын, қалған 64 пайызы бос жатқанын мәлімдеген еді. Мамандар малдың 80 пайызға жуығы өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген елді мекендер шегінде және оның айналасындағы өте тозған жайылымдық жерлерде жайылып жүргенін айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталатын 6,2 миллион мал басын жаю үшін 50 млн гектар жайылымдық жер қажет екен. Қаншама ғасырдан бері тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан қазақ халқы, соның ішінде, ауыл тұрғындары үшін жайылым мәселесінің қашан да өзекті екенін ескерсек, «Жер аманаты» жобасының мәні – осындай мәселелерді шешуге арналғанын түсінгеніміз дұрыс. Қазір «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы