«AMANAT» мүшелері Абай облысындағы қайғылы оқиғаның алғашқы сағатынан-ақ жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, партияның өңірлік филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Мұнда жалпы сомасы 10 миллион теңгеге бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік өнімдері жеткізілді. Оқиға орнында Астана қаласынан, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 250-ден астам волонтер қолғабыс етіп жатыр. Олар гуманитарлық көмек жинау пунктіне жеткізілген заттарды қабылдап, оны Талица, Успенка және Каштак елді мекендеріндегі зардап шеккен тұрғындарға таратады. Бұған қоса, волонтерлер тобы өрт сөндірушілерге арнап ыстық тамақ ұйымдастыруда. Еріктілер кеше Өскемен қаласынан келіп жеткен гуманитарлық көмекті үйлестіруге атсалысты. Сонымен қатар төтенше жағдай орын алған жерге еліміздің өзге аймақтарынан тағы 300-ден астам волонтер келеді деп күтілуде.
Абай облысының мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекеновтің бастамасымен «Семей орманы» орман шаруашылығының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек ретінде «Қазмырыш» АҚ 1 млн теңгеден бөледі.
Шығыс Қазақстан облысындағы партиялықтар да шет қалмай, 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл – жеке бас гигиена заттары, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер.
Өрт болған өңірге аманаттық депутаттар да аттанған болатын. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Нұртай Сабильянов, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай, Самат Нұртаза әуелі Семей қаласында өрттен зардап шеккен Талица ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың қал-жағдайын білді. Эвакуацияланған ауыл тұрғындары Семей қаласының медициналық колледж жатақханасына орналастырылған болатын.
Одан соң Талица ауылындағы өрт сөндірушілермен жүздесу кезінде халық қалаулылары осы сала қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын, еңбек жағдайын және әлеуметтік қамсыздандыруды жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады. Олар құтқарушыларды өрт сөндіру техникасының тапшылығы мен тозығы жетуі мәселесі партияның ерекше бақылауына алынып, жақын арада тиісті шешімін табатынына сендірді.
Абай облысындағы өртті сөндіру жедел штабының мәліметінше, төтенше жағдайға арнайы өрт сөндіру техникасы, тракторлар мен басқа да қажетті құралдар жұмылдырылған. Өрт маңында мамандардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Өртті сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған. Полиция қызметкерлері де осы төрт ауылды қоршап, мародерлерден, ұры-қарыдан халықтың мүлкін сақтауда.
«Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының бір топ депутаттарымен бірге эвакуация пункттерінде болдық. Эвакуацияланған тұрғындармен әңгімелесіп, хал жағдайларын білдік. Абай облысында 800 адамға дейін сыйымдылығы бар 9 эвакуациялық пункт дайындалды. Озерки ауылдық округінің Каштак, Половинки, Тепкаши және Талица ауылдарының 50 тұрғынын, оның 13-і бала, Қалматаев атындағы жоғары медициналық және М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждері қабылдады. Эвакуациялық пункттер келушілердің уақытша тұруы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етті. Осы пункттердің әрқайсысында ыстық тамақпен қамтамасыз ету және бірінші кезекте қажетті заттарды беру ұйымдастырылған. Халықты жедел эвакуациялау үшін 10 автобус жіберілді. Қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж барлық адамдарды қабылдау үшін қосымша эвакуациялық пункттер ұйымдастырылады», – деді Абай облыстық мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов.
Ал облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Эльзира Жүнісова балалар орналастырылған эвакуациялау пункттеріне барып, оларға жасалған жағдайды тексерді. Абай облысы аумағында 51 бала эвакуацияланды. Оның 13-і Семей қаласындағы екі жатақханаға орналастырылды. Яғни, 8 бала Д.Қалматаев атындағы медициналық колледжде, 5 бала М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде жайғастырылды.
Нұрлан ҚОСАЙ