Олар – орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселесі, Ұлттық қордан балаларға төлем жасау жайы, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару және тағы да басқа заң жобалары. Депутаттық сауалдардың арқалаған жүгі де одан ауыр болмаса, жеңіл емес.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібіндегі 12 мәселенің ішінен депутаттардың ең көп шүйліккен заң жобасы – Ұлттық қордан балаларға төлем жасау жөнінде болды. Бірінші оқылымда талқыланып жатқандықтан болар, құжатты таныстырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапаққа сұрақ қойғандардың қатары көп болды. Сонымен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленген екен. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта, яки тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Тұрғын үйге жұмсалатын қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Ал білім алуда депутаттар баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелде оқу ақысын төлеуді шектемеу қажет деп пайымдайды. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады.
«Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралығындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде, яки 2,6% мөлшерінде айқындау жоспарлануда. Осы заң жобасы шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашыл тобы мемлекеттік органдармен бірлесіп, 6 кодекс пен 10 заңға толықтырулар мен өзгертулер әзірленді. 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Жобаның негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» заңда және Бюджет кодексінде айқындалған», – деді Үнзила Шапақ.
Одан өзге, осы күні мәжілісмендер орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ҰҚШҰ Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, Кәсіптік біліктілік, Онлайн платформалар және онлайн жарнама, Салық кодексі туралы сияқты заң жобаларын талқылады. Барлық заң жобасы да дауыс берулер қорытындысында одан әрі жұмысқа қабылданды.
Ал депутаттық сауалдар: отандық автокөлік тасымалдаушылар нарығын қорғау, ҚазҰАЗУ активтерін оқу орнына қайтару, Абай облысындағы орман өрті, алғашқы медициналдық-санитарлық көмек мекемелерінің проблемасы, «Атырау–Астрахан», «Қалбатау–Майқапшағай» автотрассалары, Павлодар облысы Ақсу қаласының жылу мәселелері, азаматтардың конституциялық құқын қорғаудағы Бас прокуратураның қарымы, колледждердің білім сапасы, Ұлттық банктің жылдық пайыз мөлшерлемесі, ұялы байланыс нарығын демонополизациялау және сапасының нашарлығы, су ресурстары, «орташа кіріс тұзағы», Қостанай мектеп кітапханашыларының ұжымдық үндеуі және тағы да басқа проблемаларға арналды. Сауалдардың көпшілігі Үкіметке, соның ішінде Премьер-Министрге, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына, Энергетика министрлігіне, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және Бас прокурорға жолданды.
«2001-2022 жылдар аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1 000 төсек-орындық 3 жатақханасы, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метр болатын 5 оқу-зертханалық корпусы, 700 шаршы метр көлемдегі әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен өзге де жылжымайтын мүлік объектілері, шамамен 5 гектар болатын университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері, Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы 12 гектар жер учаскелері қолды болып кеткен. Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақүй етіп қайта жабдықтаған, караоке, басқа да ойын-сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырған. Кейбір оқу корпустары бизнес орталықтарға айналған. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешім ректор Т.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр», – деді «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Ерлан Саиров. Депутат Бас прокуратурадан заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз етуді, 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтауды, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуді сұрап отыр.
Қара жамылған Семей жұртының қайғысын дер уақытында көтерген депутат, «AMANAT» партиясының белді мүшесі Нұртай Сабильянов болды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезде Абай облысында халықтың ортасында болып, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті және оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл кездесудің өте ауыр жағдайда өткенін барлығымыз көрдік. Президент Үкімет, уәкілетті министрліктер мен өңір әкімдігінің алдына міндеттер қойды, тиісті шешімдерді қабылдап, жағдайды толық бақылауға алды. Бас прокуратура қозғаған қылмыстық іс аясында жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілердің барлығы заң бойынша жауапқа тартылатыны айтылды. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Абай облысына барып, өрт сөндірушілермен және тұрғындармен кездесті, еріктілердің жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысты.
Шынын айту керек, жергілікті жерде болған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауал жолдаған болатын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар сапасыз орындалғанын қатаң сынға алды», – деді аманаттық депутат.