Жаз мезгілінде қала мен дала ерекше құлпыра түседі. Бұл жерде еңбек адамдарының елеулі үлесі бар. Қала көшелеріне көктемде егіл­ген тал мен гүл осы уақытта сән береді.
Жасыл желек жайқалып өссе...
1,518
оқылды

Дегенмен осы әдемілікті бұзушылар да жоқ емес. Еңбекті елемейтін кімдер? 

Ұрлық та азаяр емес

Мамыр айының ортасынан бастап Қарағандыда гүл егу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 800 мыңға жуық гүл отыр­ғызу жоспарланған. Қаланың орта­лық көшелеріндегі гүлзарлар өсімдіктерге толып, айналма жолдар да көгалданды­рыла бастады. Дегенмен күнделікті егіл­ген гүлді тұрғындар тарапынан ұрлау, таптау және иттерін қыдырту деректері тіркелген.

Соның бірі – қаладағы гүлзарлар мен гүл құмыраларынан 300-ге жуық гүлді жұлып алған жосықсыз азаматтардың үстінен Қарағанды қаласы әкімдігінің ша­ғымы. «Сөз жоқ! Гүл отырғызу бастал­ғаннан бері гүлзарлар мен құмыралардан 300-ге жуық гүл жұлынды! Мұнымен ай­налысатындарға бір сұрақ –  неге?!» деген үндеу қала әкімдігінің арнайы парақ­шасында пайда болды. 

Осыған ұқсас жағдайлар жыл сайын болып тұратыны қынжылтады.

Ал ұрланған гүл орнына саябақтар бөлімінің мамандары жаңа гүлдер отыр­ғызуға ғана үлгереді. 

Бұған дейін қарағандылықтар Н.Назар­баев даңғылында жақында егіл­ген гүлдердің солып қалғанын айтып ша­ғы­м­­данған болатын. Сондай-ақ гүлзар­­лардағы гүлдер тым сирек отырғы­зылады. Қалалық мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы көгалдандыру жұмыстары жақсы бола бермейтінін, бірақ жұмысшылар талпыныс жасап жатқанын айтады. Суару күн сайын түнде жүргізіледі, кейбір жерлерде автоматты суарылады. Қандай да бір себептермен гүлдер тамыр алмайтын жерлер транс­план­­та­цияланады. Өсімдіктер тек сумен ғана емес, сонымен қатар тыңайт­қыш­тармен де суарылады.

«Азаматтардан сәл шыдамдылық пен сенім сұраймыз», – деп түйіндеді ведомство. 

Көгалдандыру жалғасуда

Көгалдандыру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Дегенмен қала тұрғын­дарынан да шағымдар жиі айтылуда.

Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов «сын – шын» дейді. 

– Қаланы көріктендіру үшін қаланың айналма жолдарына тал мен гүл отырғы­зыл­ғалы жатыр, – дейді Қарағанды қала­сының әкімі Мейрам Қожухов.

Сонымен қатар Терешкова көшесі «Орбита» шағын ауданы 7-ші трасса – Волгодонская және Назарбаев даңғылы бойындағы Қазыбек би ескерткіші бо­йын­дағы айналма жолдарда аласа ағаш­тар мен бұталар пайда болады. Өсімдік ­тердің көлемі аз болады, – деп нақтылады әкім. 

Аласа болуы өсімдіктер жүргізушілерге  кедергі жасамауы үшін екендігі айтылды.

Теміртауда жай қалай?

Теміртау қаласына жасыл белдеу құрамыз деген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмыстарын жалғастыруда. Бұл мақсатқа 700 миллион теңге қаржы бөлген. Қазір мамандар былтыр отырғыз­ған ағаштарды жаппай тексеріп, мони­торинг жүргізуде.

 Биыл да қала сыртына біраз көшет егілуде. Теміртаудың экологиялық ахуа­лын жақсарту үшін былтыр қала маңына 100 мың түп ағаш егілген болатын. Топы­рақ­тың құрамын, жергілікті климатты мұқият зерттеген ғалымдардың кеңесі бойынша шетен, терек, шаған және алма ағаштары таңдалып алынған. 

Бұлар арқаның аязына шыдамды келеді, әрі қара күздің соңына дейін жасыл күйін ұстап тұрады екен. Қазір мамандар қыстан шыққан көшеттерді жаппай тексеріп жатыр. 

–  Өте биік болып өскендері бар. Жас талдарды жел сындырып кетпес үшін шамалы кестік. Енді былтыр еккен ағаш­тардың қаншалықты жерсінгенін тексеріп шығамыз. Қажет болған жағдайда айыр­бастаймыз, – дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Гүлнар Стамқұлова. 

Орман шаруашылығы институтының мамандары жүргізген мониторинг бары­сында былтырғы көктемде егілген көшет­тердің шамамен 25 проценті қурап қалға­ны анықталған. Енді мердігерлер қыс­қамерзімде бұл ағаштарды айырбастап, басқасын екпек. Сондай-ақ жерсінген талдарға да күтім жасалады. «Барлық учас­кеде бірдей жұмыстар атқарылады. Көшеттердің түбіне қосымша қара топырақ саламыз, тамырына су жақсы бару үшін    қопсытамыз. Компания биыл қала сыртына да 500 мың көшет отыр­ғызуды жоспарлап отыр. Ол үшін 700 мил­лион теңге қаржы бөлген», – дейді Гүлнар Стамқұлова. Компания жасыл желек жайқалып өсу үшін тамшылатып суару технологиясын қолданбақшы.

Қала көшелеріндегі көшеттерге көңіл толады. Дегенмен сол әдемілікті сақтау қолымызда екендігін ұмытпасақ екен...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы