Аллергиямен ауыратындар көбіне тез ренжігіш және жалғыздықтан қорқады – психолог-психосомат Майра Бауыржанқызы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ХХІ ғасырды «аллергия ғасыры» деп жариялады.

Тағатсыздана күткен жаз мезгілі келгенде біреулер ойластырған жоспарларын жүзеге асыра бастайды. Енді бірі – маусымдық аллергиясымен күреседі. Жыл сайын бір уақытта пайда болатын аллергияны жеңіл қабылдайтындар да бар, бірақ дәрігерді дос, дәрі-дәрмекті  SOS қылатындар артып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы ақпараты бойынша, қазақстандықтардың 25-35%-ы өсімдіктердің гүлдену кезеңіне сәйкес келетін аллергиялық ринит пен астманың белгілеріне тап болады.

– Әдетте аурудың орташа ауырлығында ұйқы бұзылады. Ринит белгілері адамға жұмыста, оқуда немесе спортпен шұғылдану кезінде өз міндеттерін толық орындауға кедергі келтіреді. Аллергиялық риниттің ауыр белгілерінде өмір сапасасы нашарлайды, яғни жоғарыда аталған белгілер күнделікті белсенділікке айтарлықтай әсер етеді. Аллергияның ауыр түріне шалдыққан науқас жөтеліп, тыныс алуы қиындайды, – деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.

Ересек адамның маусымдық аллергияға шалдығуының себебі неде? Бұл дерттен емделуге бола ма? Тән ауруының себебі жан ауруы болуы мүмкін бе?

Маусымдық аллергия – ағзаның өсімдіктердің гүлденуіне және шаң-тозаңға жауапты реакциясы. Ғылыми түрде бұл ауру «поллиноз» деп аталады. Кейде маусымдық дертті ЖРВИ-мен шатастырып жатады. Аллерголог маман Самал Мұратбекқызының айтуынша, мұрыннын бітелуі, жөтел, түшкіру, мұрыннан бөліндінің ағуы, көзден жас ағу сияқты симптомдар аллергия мен ЖРВИ-ға тән. Бірақ айырмашылығы да аз емес екен.

– Өсімдік тозаңы – маусымдық аллергияның аллергендері. Бұл аллергендерді аэроаллергендер деп атайды. Олар жел арқылы еркін таралып, тіпті ол аймақтан алыс тұратын пациентте де аллергиялық ринит, конъюнктивитті туғызады. Маусымдық аллергияға көздің, құлақтың ішкі аймағының, тіпті таңдайдың қышуы, көздің қызаруы тән. Сонымен қатар маусымдық аллергия кезінде тамақтың ауруы, әлсіздік, қызудың жоғарылауы сияқты ЖРВИ-ға тән белгілер болмайды. Жалпы, қан анализін қарайтын болсақ, аллергия кезінде эозинофилдер, ЖРВИ кезінде лимфоциттер жоғарылайды. Симптоматиканың ұзақтығына қарап ажыратсақ та болады. ЖРВИ ұзақтығы екі аптаға жуық созылса, ал аллергияның ұзақтағы өсімдіктің тозаңдану мерзіміне байланысты бір айдан ұзақ уақытқа созылады, – дейді тәжірибелі маман.

Маусымдық аллергиясы бар ересектердің көбі бұл дерт балаларына да беріледі деп ойлайды. Алайда аллергияның өзі тұқым қуаламайды екен.

– Аллергия емес, аллергияға бейімділік тұқым қуалайды. Егер баланың анасында немесе әкесінде маусымдық аллергия болса, балада аллергияның пайда болу ықтималдығы 30-40 % құрайды. Ал егер ата-анасының екеуінде де аллергия болса, онда 70 % құрайды, – деп атап өтті Самал Мұратбекқызы.

Аллергиядан құтылудың ең тиімді жолы – салауатты өмір салты екенін аллерголог маман да жоққа шығармайды.

– Егер генетикалық тұрғыдан аллергияға бейімділік болса, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Яғни, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану, стреспен жұмыс, қимыл-қозғалыс, сапалы ұйқы. Сонымен қатар асқазан-ішек жолы патологияларын емдеу, әсіресе паразиттерден құтылу, созылмалы қабыну ошағын жою.

 

Маусымдық аллергияның 2 түрлі емі бар:

1. Симптоматикалық ем аурудың өршуі кезінде жүргізіледі. Пациенттің жағдайын жақсарту үшін дәрігер антигистаминді дәрілер, антилейкотриенді препараттар, тұзды ерітінді спрейлерді тағайындайды.

2. Аллерген спецификалық иммунотерапия (АСИТ) қыста,  яғни ауада өсімдік тозаңы жоқ кезде жүргізіледі. Бұл емнің мақсаты проблеманы туғызып тұрған аллергенді тауып, оны өте аз концентрацияда ағзаға енгізіп, иммундық жүйені жаттықтыру. Нәтижесінде, аллергияның симптомдары басыла бастайды. Аллерговакцинация (АСИТ) –  шынайы аллергиядан құтқаратын эффективті ем.

 

Ал психолог-психосомат Майра Бауыржанқызы кез келген аллергияның психосоматикалық себебі бар екеніне сенімді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ХХІ ғасырды «аллергия ғасыры» деп жариялады. Жыл сайын балалар мен ересектер арасында бұл аурумен ауыратындардың саны артып жатыр. Бұл процесте психологияның атқаратын қызметі қандай?

– Біздегі аурулардың 70%-ы өзіміздің ойымыздан, өмірге, адамдарға, кейбір жағдайларға деген реніш қате ойдан басталады. Ал қалған 30%-ы сыртқы фактордың әсерінен. Бала кезден қабылдаған қате шешім мен жағымсыз сезімдермен жұмыс істеп, денедегі блок пен аурулардың түпкі себебін қарастырып емдейтін «психосоматика» деген сала бар. Бір сөзбен айтқанда, ой мен дененің байланысы, түпсанада сақталған қате бағдарламамен жұмыс істеу. Бұл аурудың психосоматикасын зерттей отырып, аллергиялық реакцияның нақты қашаннан басталғанын анықтап, аллергия пайда болмай тұрып, бұл адамның ішкі халі қандай болғанын қарастыру керек. Сол арқылы нақты себебін тауып түбімен біржола жоюға болады.

Майра Бауыржанқызы адамның мінез-құлқы мен өміріндегі қиындықтарды аллергияның басты себептеріне жатқызады.

– Аллергиямен ауыратындар көбіне тез ренжігіш, күдіктенгіш, мазасыз және эмоционалды болады. Аллергиядан зардап шегетін адамдар өздеріне қатысты сынға ауыр қарайды, көбіне оларда қорқыныш пен тіпті фобия басым. Олар басқалардың пікіріне тәуелді, жалғыздықтан қорқады және көпшіліктің назарында болуды ұнатпайды. Аллергиямен ауыратын науқас кішкентай қиындықтан үлкен проблема тудыруға бейім.

Жыл сайын маусымдық аллергияға шалдығатын жандар түрлі дәрілердің көмегіне жүгінеді. Қаражатыңызға қарай қымбаты да, қолжетімдісі де артып жатыр. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін айтады психолог.

– Препараттар аллергияның сыртқы көріністерін уақытша баса алады, бірақ әсері тым қысқа болады. Аллергиядан толық айығу үшін, осы мәселенің түбіне сүңгуіңіз керек. Яғни, проблема сіздің түпсана деңгейінде бала кезден қабылдап, қалыптастырып алған жағымсыз сезім, қате шешіміңізде тұрады. Өзіңіздің ойыңыз бен құндылықтарыңызды толығымен өзгертіңіз, өмірге деген көзқарасыңызды қайта қарап, өзіңізді бағалай бастаңыз. Дүниетанымыңызды өзгертіңіз. Өзіңізге және өз күшіңізге сеніңіз, – дейді Майра Бауыржанқызы.

Шаң-тозаң медицина тұрғысынан аллергияның негізгі себебі екені анықталды. Мұның да психологиялық түсініктемесі бар екен.

– Иммунитетіңіздің шаң-тозаңды, иісті қабылдай алмауы бір адамды қабылдай алмауыңыздан шығады. Өміріңізде кімді көргіңіз келмейді, кімді жақтырмайсыз – ойланып көріңіз. Адамдарды қабылдауды үйреніп, ішкі қорғаныс механизмін қойсаңыз, психологиялық жағынан да иммунитет мықты болады. Аллергия көп ұзамай кетеді, – деп атап өтті психосоматолог маман.

Тәжірибелі маман Майра Бауыржанқызы аллергияны дәрі-дәрмексіз емдеуге болатынына сенімді.

– Аллергияны емдеудің бірден-бір жеңіл әрі қауіпсіз түрі – психосоматикалық терапиялар. Психосоматолог маманмен жұмыс істеу арқылы толық айығуға болады. Терапия алдында пациентпен сөйлесіп, жеке талдау жасалады. Мысалы, менде бір пациент болды, беті қолы қызарып, кейде аллергиясы өршіп кетеді. Бұл жағдай жұмыста есеп өткізгенде, қобалжығанда немесе көпшіліктің алдына шығып сөйлегенде, ашуланғанда пайда болады екен. Терапияға баласына ашуланғанда, беті-қолы қызарып қайталанған ситуациясымен келді. Терапия барысында бала кезіндегі бір оқиғасы шықты. Сол кезде алғаш қабылдап алған қате жағымсыз эмоцияларымен жұмыс істедік. Бір ғана терапиядан соң аллергиясы толық кетпесе де, басылғанын, жиі қайталанбайтынын айтады. Аллегрияның психосоматикасымен толық емделу үшін 3-4 терапия алған дұрыс. Маған келген пациенттер ашу, реніш немесе ұнатпай тұрған адамдарымен қарым-қатынасын реттеу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Ашуланғанда сабыр сақтауды үйрену қажет. Сонымен қатар салауатты өмір салты да маңызды. Ол үшін нутрицолог мамандардың көмегі артық болмайды.

Асемай Талғатқызы МАКУОВА

Фото: Сергей Савостьянов / ТАСС